Менің елім – Қазақстан! Қандай мәртебелі, кеудеңде мақтаныш пен өрелік отын лаулатар қасиетті ұғым. Бүгінде Қазақ елі жер-жаһанға татулық пен берекенің, бейбітшіліктің ордасы ретінде танылды. Ал мұндай зор мәртебеге ие болу жолында ата-бабаларымыз жан аямай күресіп, Ұлы даланы кейінгі ұрпағына ұлы мұра етіп қалдырды.
Еуразия кеңістігінде орналасқан Қазақстан бүгінде Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен, әлемнің қандай елімен болсын экономикалық-саяси серіктес ретінде өзінің орнын мығымдап, қандай жағдайда да терезесін тең ұстай алатын дәрежеге жетті.
Еліміздің келешегі жолында іске асып жатқан әлеуметтік-экономикалық бағдарлар Ұлы даланы әлі де жаңа қырынан, зор жетістіктер үдесінен танытатындығына сенім зор.
Осы тұста мына бір тарихи дерек көңілге оралады. «Абылай хан дүниеден озар алдында Бұқар жыраумен қоштасып: – Қанша жыл өмір сүріп, жасағанымнан не пайда, қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ, бұл – бір. Ақбозаттың құнын ер құнына теңегенім жоқ, екі.
Мылтығымның құнын екі ердің құны дегізгенім жоқ, ұста мен етікшінің құнын жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұным үш. Осы үш арманым бойымда кетті», деген екен. Абылай ханның осы үш арманының ар жағында үлкен тұжырым жатыр. Бұл оның қазақтың басын біріктірсем, яғни «Мәңгілік ел» етсем дегенін, ел болашағын тереңнен ойлағанын білдіреді емес пе?.. Бабаларымыздың өткен жолына зер салып қарап отырсақ, сонау өткен заманда арман болған тәуелсіз ел, Мәңгілік ел болу бүгінде Президенттің алға қойған игі бастамаларында жарқын көрініс беріп отыр. Президент атап өткеніндей, «Мәңгілік ел» – Қазақ елінің ұлттық идеясы.
Осы жолда еліміздің алдағы жарқын болашағын айқындап берген «Қазақстан-2050» стратегиялық бас құжаты білім, денсаулық, экономика, т.б. салалардағы алар асуларымыздың бағдаршамы іспетті. Алдымызда әлемнің озық 30 мемлекетінің қатарына қосылу міндеті тұр. «Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бірлікпен толығады» деген халқымыздың даналығын еске алатын болсақ, «Ұлы даланың жеті қырын» ел алдында нақтылап айтып берген Мемлекет басшысының алдында әлі де халқын биіктерге жетелейтін ұлы мұрат жатыр. «Қуана білгенге – құт қонады, бағалай білгенге – бақ қонады» дейді халық тәмсілі. Қазақстан бүгінде қыдыр дарып, бақ қонған, ырыс жайлаған елге айналды!
Түсіне білген адамға Тәуелсіздік – асыл ұғым, ұлы мұрат. Тәуелсіздік – халықтың бақыты. Президент атап өткеніндей, еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, Қазақ мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!
Ұлы дала – қазақтың мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, көптеген ұлт өкілдерін өзінің бауырына басып, бейбіт өмір кешіп отырған салиқалы саясаты бар дара мемлекет.
Ұлы дала мұраттары ұлттық рухымызды бекемдеп қана қоймай, ұлттық дәстүрімізбен, дінімізбен, тілімізбен, рухани байлығымыздың қуаттылығымен жаһандану дәуірінде өз биігіне бастайды. 2025 жылға дейін латын қарпіне көшеміз деген мақсат-міндеттеріміз рухани кемелденіп, ұлттық рухымыздың асқақтауына ықпал ететін маңызды қадам. Мемлекеттің өркениетті шешімі қазақ ұлтының ұлттық санасын бекемдеп, әлем халықтарымен рухани көкжиегін кеңейтіп, ғасырлар қойнауында жатқан әрі ғасырдан-ғасырға жалғасын табатын мол мұрамызды паш етуге бастайды.
Ұлы дала ұрпағын ұлы мұраттарға жетелейтін ұлттық мүдде. Олай болса, Мемлекет басшысы алға қойып отырған Ұлы даланың маңызды мақсаттарына қадам басқан кезеңде ұрпағымыздың кемел келешегі жолында ұлттық мүддені басты ұстаным ете отырып аянбай еңбек етуге тиіспіз.
Арғымақ атқа қамшы салғандай, ендігі кезекте сөзден іске көшетін, биік асуларға жететін сәт туды. Іргесі мығым, бейбіт қазақ даласы Елбасының көрегенді саясатының арқасында әлі де биік межелерге жететіндігіне сенім мол.
Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ,
медицина ғылымдарының докторы, Денсаулық сақтау ісінің үздігі