(«Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар?» атты ақындар айтысынан туған ой)
Жақында «Алтын қыран» қайырымдылық қорының демеушілігімен «Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар?» атты ақындар айтысы болып өтті. Бұл сайыстың басты ерекшелігі кезінде халқымыздың ұмытылып бара жатқан өнерін жандандырып, оны жаңа биік тұғырға қондырған жыр қырандарының қанат қомдап, ел алдына домбыра ұстап қайта шыққандығы еді. Айтыс ақтангерлері сахнаны сағынса, халық та аттары аңызға айналғандай жыр жүйріктерімен қауышар сәтті тағатсыздана күткені анық-ты.
(«Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар?» атты ақындар айтысынан туған ой)
Жақында «Алтын қыран» қайырымдылық қорының демеушілігімен «Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар?» атты ақындар айтысы болып өтті. Бұл сайыстың басты ерекшелігі кезінде халқымыздың ұмытылып бара жатқан өнерін жандандырып, оны жаңа биік тұғырға қондырған жыр қырандарының қанат қомдап, ел алдына домбыра ұстап қайта шыққандығы еді. Айтыс ақтангерлері сахнаны сағынса, халық та аттары аңызға айналғандай жыр жүйріктерімен қауышар сәтті тағатсыздана күткені анық-ты.
Әсері мол, жаныңды жадыратар жақсы шаралардан кейін қазақ көзайым болдым, көңілім орнына түсті деп жатады. Ел мақтанышына айналған ақындармен қайта қауышып, біз де көзайым болдық десем артық айтқандық емес.
Ал, енді алғашқы толқын – айтыс ақындарының ерекшеліктері неде деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Олар жоғарыда айтқанымыздай, қырық жыл көлемінде ұмыт бола бастаған ұлттық өнеріміздің ақберен жанры – айтысты қайта тірілтіп, ортамызға оралтуға қомақты үлес қосты. Бұл бастаманың басты қиындығы – олардың қолында тек аттары ғана белгілі бұрынғы айтыскерлердің бейнетаспа түгілі үнтаспасы да жоқ еді. Олар айтысты жандандырып қана қоймай, оны өткірлігі, көркемдігі жағынан жаңа биікке көтерді. Жүрсін Ермановтың кіріспе сөзінде айтылғандай, айтыстың бәйгесі үшін айтысқан жоқ, осы жауынгер жанрдың алдындағы абзал парыздарын абыроймен ақтауды ойлады.
Ол кезде айтыстың беделі қаншалықты биік болғандығын, аға ұрпақ өкілдері, біз жақсы білеміз. Ауылды жерлерде теледидардан айтыс көрсетілетін күні тойға адам жиналмай, амалсыз кейінге қалдырылғандығына талай рет куә болғанбыз. Сол жылдары өмірге келген сәбилерге ақтангер айтыскерлердің есімдері берілетіні де есімізде. Көрерменінің жүрегін жаулап, көңілінен шыққан ақынның дауысын айнытпай салып, айтқан сөзін өзгертпей, жаттап алып, мақтанышпен айтып жүрген талай ауыл баласын да көзімізбен көрдік.
Енді сол кездегі айтысты халық неге соншалықты жақсы көреді деген мәселеге келейік. Ол кезде айтыс үстінде ақындар ұлттық, елдік мәселелерді батыл көтеретін. Олар шын мәнінде халықтың жырын жырлап, мұңын мұңдады. Кезінде көптің көңілінен шығатын мәселелер көтерілгенде көпшіліктің орындарынан тұрып кеткендігіне немесе сахнаға жүгіріп шыққанына, айтыс қанша ұзаққа созылса да халық тарап кетуге асықпай, далада дәліз жасап тұра қалып, ақындарға құрмет көрсеткендеріне куә болдық. Айтыс түн ортасы ауа аяқталса да, ертесіне жергілікті газетте бір сөзі де қысқармай жарияланатын. Тағы бір жақсылығы – айтыста айтылған сындардан жедел қорытынды шығарылып жататын. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне Тайқазанның қайта оралуы, Ермактың ескерткішінің құлатылуы, көптеген жер, көше аттарының өзгертілуі осының нәтижесі.
Тағы бір бөліп айта кететін жай, олар сахнаға шыққанда халық бұрынғы сал, серілер тіріліп келгендей әсерде болатын. Олардың әрқайсысының мақамы, сөз саптасы, киім киісі, сахнада өзін өзі ұстауы бір-біріне мүлдем ұқсамайтын. Алғаш дауыстары естілгеннен кімнің кім екенін жүз адамның ішінен бірден ажыратып алу ешқандай қиындық туғызбайтын. Әселханның салмақты сөздері, жарасымды әзілдері тыңдармандар жүрегіне жол тауып жататын. Әселхан қатыспаған айтыстарда оның орны ойсырап тұратын. Әсия болса әр сөзін нық шегедей қадап айтып, жорғасынан жаңылмайтын. Ол сонымен қатар соңғы жылдары жаңа қырымен танылып, жеке ән кештерін де өткізіп жүр.
Мен Торғай облысында көп жылдар көлемінде еңбек еттім. Сонда Қонысбай бастаған айтыскерлердің әр қадамына жанашырлықпен көз тастап жүретінмін. Облыс басшылары олардың киім киістеріне де ерекше маңыз беріп, басындағы бөркінен бастап аяқтарындағы кебістеріне дейін арнайы тапсырыспен тіктіретін. Қателеспесем, айтыста алғаш бөркіне үкі қадаған да, сақал қойып шыққан да Қонысбай болатын. Соңынан ерген Жадыра Құтжанова, Игілік Бейсенбаев, Отар Нұрманғалиев, Бүркіт Бекетов, Қабден Байқосыновтар әлі күнге дейін ел есінде. Солардың ізін басқан Айбек Қалиевтың өзі бұл күндері шәкірт тәрбиелеп жүр.
Қонысбай – өзі ақын, өзі композитор, өзі әнші, сан түрлі өнер иесі. Оның әр жерде табан астында тауып айтқан әдемі әзілдері «Қонысбайдың қалжыңдары» деген атпен жеке жинақ та болып шықты.
Өзімнің туған өлкем – Жетісу жері болғандықтан Айтақын Бұлғақов, Ханша Дүкенова, Жандарбек Бегімбетовтерді айтысқа алғаш араласқаннан бастап жақсы білемін. Тіпті осы азаматтардың ақындық өнердегі өзіндік орындарын табуына барлық жағынан қамқорлық жасап, нағыз жанашырлық таныта білген марқұм Нәби Құмарбекұлы Сәрпеков екенін біреу білсе, біреу білмес. Ал, енді Айтақынның баласы Жандарбектің де бәйге бермей топ жарып жүруі қазіргі айтыстағы жарасымды құбылыс болып саналады.
Айтыс көшінде Шорабек Айдаровтың да ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар. Ол: «А-ға-йын!» деп үнін соза бастағанда-ақ көпшілік күлкіге көміле бастайды. Қай кезде де сүйкімді кейпінен танбайтын Абаш Кәкенов – керемет әнші, «сары тентек» атанған Қуаныш Мақсұтовтың елге еркелеуі де өте жарасымды. Қыршаңқы тілі, өткір қалжыңымен айтыстың шырайын кіргізіп жүретін Есенғұл Жақыпбековтің де орны бөлек. Міне, алғашқы айтыстың тұлпарларын халықтың сағынатын себебінің де төркіні осында жатса керек.
Біз бүгінгі айтыскер іні-қарындастарымыздың өнеріне шек келтірмейміз. Өкінішке орай, олар алдыңғы толқын – аға-әпкелері секілді өзіндік бет-бейнелерінің қалыптасуына жете мән бере бермейтіні байқалады. Өйткені қазір барлық ер ақындар бір мақаммен, барлық қыз ақындар да бір мақаммен айтатындай болып көрінеді. Тіпті бір-біріне қарсылас болып отырған екі ақынның ортақ мақамнан шыға алмай қалатын кездері жиі кездеседі. Сондықтан олардың олқы түсіп жатқан тұстарын «қаңтарулы тұлпарлардың» шеберлігі есебінен толықтыратын кез жеткен еді. Қазір Мәдениет министрлігінің басшылығына ұлттық намысы бар азаматтардың келіп жатқаны көңіл қуантады. Сол секілді Мемлекеттік хатшымыздың да айтыстың аяғынан тұрып кетуіне сіңірген еңбегі ерекше. Ендеше, жас айтыскерлерді тәрбиелейтін мектеп не орталық ашылып, бұрынғы айтыскерлердің бай тәжірибелері ұлттық өнеріміздің игілігіне айналса құба-құп емес пе?
Бұл орайда жоғарыда аттары аталған аға буын өкілдері қазіргі жас ақындардың сөз сайыстарына талдау жасап, өз ойларымен бөлісіп, бағыт-бағдар берсе, нұр үстіне нұр болмас па? Сонда айтыскерлер «Тарысы піскеннің тауығы болмай», бастарын биік ұстап, айтыстың сапасы артып, көркемдік деңгейі көтеріле түсетіні сөзсіз.
Аға буын айтыскер ақындардың тартымды туындыларын жинақтап, кітап шығарса да артық болмас еді. Ондағы айтылған терең ойлы теңеулер, ел мен жердің келешегі үшін айтылған сын-пікірлер мен жат әрекеттерден арылуға себеп болған өткір сөздер әлі де болса кәдеге жарары сөзсіз.
Айтыстың шын жанкүйерлерінің «Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар?» сайысын ұйымдастырушыларға алғысы шексіз. Тек осы бір реттік шара болып қалмаса екен, осы кештен туындайтын ой-пікірлердің жүзеге асуына мән берілсе екен деген ойдамыз.
Сонымен қатар бүгінгі күні әрқайсысы бірнеше шәкірт тәрбиелеп, жауынгер жанрдың жұлдызы жануына атсалысып жүрген айтыс ардагерлеріне тиісті құрмет-қошемет көрсетуді де естен шығармағанымыз жөн. Жер-жерде олардың шығармашылық кештерін ұйымдастырып, халықпен жүздесіп тұруына жағдай туғызып тұрсақ, бұдан тек қазақтың өнері ғана ұтады.
Реті келгенде айта кетейін, аты аңызға айналған ғұлама Мұстафа Кемал Ататүрік өнер адамдарына ел құрметін «біздің бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті президент те бола аламыз, бірақ ешқайсымыз өнер адамы бола алмаймыз. Осылай болғандықтан да өнер адамы біздің емес, біз өнер адамының қолынан сүйеміз» деген қанатты сөзімен білдірген.
Ал өнердің ішінде айтыстың орны ерекше екендігіне дау жоқ. Айтыс – халық қазынасы. Ендеше ұлт боп ұйып, ел болып еңсе жазу жолында осы ұлы өнеріміздің жүгі салмақты екенін сезініп, оны жаңа биіктерге көтере берейік.
Рамазан СӘРПЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
АСТАНА.