• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Шілде, 2012

Сарайшық сыры

860 рет
көрсетілді

Сарайшық сыры

Тарихтың сарғайған беттері

«Дүние шіркін тегермеш, айналып алдыңнан келмес дейсің бе!» дейтін үлкендер. Тарих дөң­ге­легі қанша айналса да Жаратушы­ның жұмылмас жанарынан сырт қалар оқиға болар деймісіз?!

Мамай қанша жерден Жәнібек ханның баласы Бердібектің күйеу баласы болса да Шыңғысханның тікелей ұрпағы еместігінен хандық билікке жетпегені, ал осы билеушінің көзі тірісінде Литва князьдерімен одақтас­қаны да мәлім. 1380 жылы Мамай баласы Мансұр-Қият кейбір деректерде Мансұр-Хасан Днепр бойында Глинитца қаласының негізін салып, оның билеушілері Глинский князьдері деп аталады. Осы Глинский әулетінің қы­зы Елена Глинская орыстың Ұлы князі Василий III-ге ұзатылып, бұл некеден әйгілі Қаһарлы Иванның дүние­ге келгені тарихтан белгілі.

 

Тарихтың сарғайған беттері

«Дүние шіркін тегермеш, айналып алдыңнан келмес дейсің бе!» дейтін үлкендер. Тарих дөң­ге­легі қанша айналса да Жаратушы­ның жұмылмас жанарынан сырт қалар оқиға болар деймісіз?!

Мамай қанша жерден Жәнібек ханның баласы Бердібектің күйеу баласы болса да Шыңғысханның тікелей ұрпағы еместігінен хандық билікке жетпегені, ал осы билеушінің көзі тірісінде Литва князьдерімен одақтас­қаны да мәлім. 1380 жылы Мамай баласы Мансұр-Қият кейбір деректерде Мансұр-Хасан Днепр бойында Глинитца қаласының негізін салып, оның билеушілері Глинский князьдері деп аталады. Осы Глинский әулетінің қы­зы Елена Глинская орыстың Ұлы князі Василий III-ге ұзатылып, бұл некеден әйгілі Қаһарлы Иванның дүние­ге келгені тарихтан белгілі.

1580 жылы Иван жиен Сарайшық­қа келіп, оны қиратып, Ұлы Жібек Жолының тармағындағы гүл жайнаған қаланы жермен жексен етеді. Даланың жиендері турасындағы әңгімеге алда тағы да оралармыз, әзірге Сарай­шық­та мәңгілік тыныс тапқан жеті ханның бірі Жүсіп хан ұрпақтарына қатысты тарихты қозғап көрейік.

Ұлы билеуші Шыңғысхан дүние салғаннан кейін Алтын Орданың басына қонған бағы ұшып, бұрынғы алып империя әлденешеге бөлінгенде туған орданың бірі Ноғай Ордасы болатын. Олар Еділ мен Ертіс арасында, Каспий мен Арал теңіздерінен Сібірге дейінгі аралықты мекен етеді. Орда­ның орталығы Жайық өзені сағасын­­дағы Сарайшық қаласы болып, рулық құрамы маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, қаңлы, кеңгерес, алшын, тама сияқты түркі тайпаларынан тұрған бұл ордаға Едіге би мен оның ұрпақтары билік етеді. Бірақ ел іштен ірісе, ұлтанды жұрттың бөлінуі ары қарай жалғаса бермей ме. Ақырында сол алауыздықты тиімді пайдаланған орыс патшасы Еділге келіп қол салған. Ағайындылар бірімен бірі алысып, ақыры Жүніс ханды інісі Исмайыл өлтіріп тынады. Ол аздай оның ұлд­а­ры Елмырза мен Ыбырайымды 1565 жылы орыс патшасына адалдығымыз­дың кепілі боласыңдар деп аманатқа жібереді. Ал осы Жүсіп ханның қызы Сүйінбике соның алдында, 1520 жылы Қазан ханы Еналыға ұзатылған еді. Бұл татар халқының тарихындағы бас­қыншылыққа қарсы күресте аты аңыз­­­ға айналған атақты «Сүйінбике мұна­­­расы» салынатын Сүйінбике ханым.

Ресей патшалығына алғаш аманат ретінде келген Жүсіп әулеті осы елдің тарихында белгілі орын алатын князь Юсуповтар әулетінің негізін салады.

Алғашында Жүсіп балалары орыс патшасына қызмет еткенімен өздері­нің салт-дәстүрлерін ұстап, мұсылман қыздарына үйленіп, діндерін таза сақ­тайды. Алайда, бірде Жүсіп немересі Абдул мырза өз иелігіне берілген Рома­нов қыстағында патриарх Иоаким әке­й­ді қонақ етеді. Орыстардың діни рәсім бойынша ет өнімдерін жеуге тый­ым салынатын уақыты болса керек. Иоаким әкейге дастарқанға қойылған балық керемет ұнап, үй иесінен тағам­ның қандай балықтан жасалғанын сұрайды. Сонда Абдул мырза отырып: «Менің аспазым керемет шебер, тіпті қаздың етінен балық жасайды», дейді. Дінбасы ашуға булығып: «Сен маған ет жегізіп күнәға батырдың», деп қатты ренжіп, шапанын сілкіп шығып кетеді. Бұл оқиға патша Федор Алексеевичке жетіп, қаһарына мінген ол Абдул мырзаны бар байлығынан айырады. Қатты қамыққан Жүсіп не­ме­ресі үш күн ойланып барып: «Қой, Ресейде шоқынбасаң, өзіңе де, ұрпа­ғыңа да қиын екен», деп правос­ла­виені қабыл­­дап, Дмитрий Сюеушович Юсупов болып шыға келеді.

Дінін өзгертіп, азан шақырылған атын өзгертіп, ұйқыға кеткен Дмитрий таңертең тұрғанда түнде өзіне елестің келіп дауыстап: «Сен дініңнен бездің, енді сенің ұрпағыңның әр бұтағында тек бір ғана ер бала болады, ал екеу болса, онда 26 жастан аспайды», дегенін естігенін айтады. Артынша Сүйеуішұлы Дмитрий князь қызы Татьяна Федоровнаға үйленеді. Осы некеден Григорий есімді жалғыз ұл туады. Григорийден де жалғыз Петр дүниеге келеді. Петрден де жалғыз Борис туып, ол кейін Мәскеу губернаторы болады. Борис баласы Николай Эрмитаждың ең алғашқы директоры, Италиядағы патша өкілі, Кремль экспедициясы мен Қарулар палатасын басқарып, Мәскеу түбіндегі «Мәскеу Версалі» атанған Архангельское име­ниесін салдырып, негізінен Петербургте тұрып, көз жұмғанында оның да артында жалғыз ұл Николай қалған болатын. Ал осы Николай Жүсіп ұрпа­ғының еркек кіндікті соңғысы еді. Алай­да, Ресей тағына Жүсіпхан ұрпа­ғы еткен адал еңбекті ұмытпаған ақ патша Николайдың жалғыз қызы Зинаиданы Кутузовтың шөпшегі, прусс королінің немересі, орыс графы Феликс Сумароков-Эльстонға ұзатыл­ға­нында графқа Юсупов фамилиясын қатар алып жүруге әмір етіп, бұдан былай осы әулеттің тұңғыш ұлы осы фамилияны иеленетінін айтады.

Бұл некеден Николай және Феликс атты екі ұл дүниеге келіп, елдің бәрі баяғы қарғыс күшін жойды-ау деп қуанып жүргенде, 26 жасқа толайын деп тұрған Николай күйеуі бар әйелді жақсы көріп қалады. Оны біліп қалған күйеуі князь Юсуповты дуэльге шақы­рып, Николай 26-ға толуына шамалы күн қалғанда көз жұмады. Енді Юсупов тегі кіші ұл Феликске ауысады.

Феликс Юсупов, граф Сумароков-Эльстон Николай II-шінің апасы Ирина Александровнаға үйленіп, патша отбасымен туысады. Ал осы Феликс Юсупов, қайнағасы Ұлы князь Дмитрий Павлович және Владимир Пуришкевич үшеуі тақ мұрагерінің гемофилия ауруына байланысты көмек көрсетіп, аяғында мемлекетті басқару ісіне араласқан шала сауатты Григорий Распутин ісіне тосқауыл қоямыз деп оны өлтірмек болады. Распутин өз өлімін алдын ала болжап: «Егер мен династия өкілдері қолынан ажал құш­сам, мен өлген соң династия құриды», деген. 1916 жылдың 30 желтоқсанын­да жоғарыда аты аталған үшеу Рас­пу­тинді өлтіреді. Одан кейінгі оқиға жал­пыға мәлім. Тарих дөңгелегі, тағ­дыр дөңгелегі бір сәтте шыр айналып, дүние астаң-кестең болған.

Осылайша Сарайшықты даланың жиені Қаһарлы Иван құлатса, Жүсіп патшаның жиені Феликс Юсупов жанама түрде болса да патша тағының опырыла құлауына атсалысты. (Юсуповтар әулетінен қазір де еркек кін­дікті азамат жоқ.)

Сарайшық жайындағы алғашқы жазба деректерді қалдырған араб саяхатшысы Ибн Батута болыпты. Шаһар жөнінде ол: «Біз ат жегкен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжук қаласына жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын үл­кен, терең, ағысы қатты өзеннің жаға­сын­дағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдадтан кейін­гі ек­­інші жүзбелі көпір осында екен» деп 1334 жылғы саяхатының жазбасында келтір­­­ген дейді. Ал Сарайшықтың кар­таға тү­сірілуі ағылшын көпесі Энтони Джен­­­кинсонның 1558-1560 жылдары Орта Азияға жасаған сапары барысында жүзеге асырылған. «Бетімізді оңтүс­тік-шығысқа беріп жүріп отырып, Жа­йық деген Каспий теңізіне құятын бастауын Сібірден алатын үлкен өзеннің жаға­сымен жүрдік. Осы өзеннің бойымен жоғарыға бір күн жүргенде орыс патшасымен достас Исмаил мырзаның билігіндегі Сарай­шық атты қалаға келдік», деп жазып, картаға түсіреді.

Қалаға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары оның негізінің Шың­ғысханның немересі Батудан бұ­рын қаланғанынан да дәйек береді. Сарайшық жайындағы деректерді іздес­тірушінің бірі Ж.Ғизатов орта ғасырлық кезеңде үш жарым ғасырдай өмір сүрген тарихи қаланың үш түрлі мемлекет кезінде өмір сүріп, оның бас­ты ордасы болғанына тоқталады. Олар: ХІІІ-ХІV ғасырларда дәуірлеген Алтын Орда мемлекеті, ХV-ХVІ ғасырларда дәуірлеген Ноғай Ордасы және ХVІ ғасырдың бас кезінде осы қаланы астана еткен Қазақ хандығы десе, республика Ғылым академия­сы­ның 1950 жылы Батыс Қазақстанға жүр­гізген археологиялық экспедиция­сы­ның қорытындысы негізінде белгілі археологтар С.П. Толстов пен Г.И. Пацевич: «Сарайшық XI ғасырдағы араб тарихшылары еңбектерінде аталатын, орта ғасырда өмір сүрген Саксин қаласының орнында бой көтеріп, жаңа атауға ие болған қала. Саксин X-XI ғасырларда Хорезм тұтқындарының көмегімен сауда жолының бойына салынған еді», дейді де Сарайшықтың өмір сүру дәуірін шартты түрде үш кезеңге бөледі: 1.X-XI ғасырларда қа­ла іргесінің қаланып бой көтеруі. 2.XIII-XIV ғасырларда Алтын Орда өмір сүрген кезеңдегі Еуропаны, Орта Азия, Қазақстанда, моңғолдар және Қытаймен жалғастырған ірі сауда ор­талығы болуы, яғни қаланың гүл­деніп, өркендеу дәуірі еді дейді. Қалай дегенде де қаланың даму тарихының түр­лі кезеңдерді бастан кешкені хақ.

1580 жылы жазда Ноғай Ордасы­ның астанасы Сарайшыққа орыс казактары тұтқиылдан шабуыл жасайды. «Атаманы же Митя Бритоус, Иван Юрьев, Иван Кольцо и Барбоша спустились к Каспийскому морю, где ходили в морские походы «за зипунами», т.е. грабить купцов и послов заха­живали в Яик, где объектом их частых нападений стали ногайские улусы».

Ноғай бекзадасы Орыс (бұл да орыс тарихындағы князь Урусовтар династиясының негізін қалаушы) қа­ла­ны қорғай алмай, тастап қашып, Сарайшықтың халқын қырып, қазына іздеген казактар молаларды тонайды. Ол туралы Н.М.Карамзин былай дей­ді: «Даже столицу Ногайскую, город Сарайчик, не оставили там камня на кам­не и вышли с знатною добычей, рас­копав сами могилы, обнажив мертвых». Сарайшықты Жайық казакта­ры­ның осы тонауынан соң, қала қайта бұ­рынғы дәрежесіне көтеріле алмайды.

 

Сарайшықтың шырақшысы

Көнеден тербеп сыр шертер, Жа­йықтың жағасында, өзен суына тұнған шежіресі шайылып жатқан шаһар орнының топырағын басып тұрып, жәдігерлерді бойына сыйдырған сары даланың қанша жұмбағы әлі де ашылмай жатыр-ау деп толқисың. Өн бо­йыңды бабалар тарихын құрметтеген ерекше сезім билейді. Осы ойыңмен Атыраудан шығып Сарайшыққа дейін­гі жолда тербеліп, қасиетті топыраққа табаның тигенде мына жерлерді хал­қымыздың талай марқасқа перзенттері басты-ау, егер топырақ пен мына өзенге, табиғатқа тіл бітсе қандай тарих, қандай сыр шертілер еді дейсің?!

Махамбет ауданындағы “Хан Ордалы Сарайшық” мұражай-қорығы­ның директоры Молдаш Бердімұратов аға Атыраудан Сарайшыққа жеткенге дейін көкейде болған сан түрлі ой мен сауалдарға жауап тауып беретін көшелі, жер тарихын жадына жаттап, қаттап киелі жерге деген құрметіңді еселей түсетін жан екен. Қасиетті орынның шырақшысындай Молдаш ағаны әңгімеге тарттық.

– Келіп тұрған жеріңізді «Сарай­шық» елді мекені деп атайды. Ал Сарайшық қазақ даласындағы ең киелі орындардың бірі болып саналады. Бұл жерге кезінде қазақтың үш жүзі толықтай мойындаған 12 әулие жерленген. Кезінде Сарайшықта 100-ден астам хан хандық құрған. Мына 17 метр биіктікте қойылып отырған ес­керт­кіш сол хандардың рухына кейінгі ұрпақ тағзым етсін деген ойдан туған. Осында жеті ханның сүйегі, бір хан­ның басы жатыр. Сол себептен мұнда Мөңке темір (1266-1282 ж.ж), Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312 ж.ж.), Жәнібек (1343-1353 ж.ж.), Әмір Оқас (14…-1447 ж.ж), Қасым хан (1511-1518 ж.ж), Шейх Мамай (1549-1554 ж.ж), Жүсіп хандарға (1549-1554 ж.ж) арналып 7 құлпытас қойылған. Алдыңғы үш хан Алтын Орданың хандары, яғни Шың­ғысханның Жошыдан тараған бұтағы­нан, ал көрсетілген жылдары хандық дәуір сүрген кезеңдері.

Сарайшыққа 1334 жылы келген Ибн Батута содан кейін жазылған «Өмірлік саяхат» атты кітабында өзі­нің жер-жиһанды аралағанын, сонда Са­райшық қаласының Бағдадтан ке­йінгі үлкен қала екенін жазып, мұн­да­ғы кө­пірді, хан сарайын, мешіт пен көптеген қонақүйлерді көргенін жазады. «Бірақ мен оларға таңданбадым, ал мені таң қалдырғаны, мұнда су әр­бір үйге өзі барады екен», дейді. Өйт­кені Сарай­шықта су құбырлары бол­ған. Қаланың орнына қазба жұ­мыс­тарын жүргізгенде 1999 жылы 45 бөл­мелі қонақүйдің екінші қабаты қазыл­д­ы, ал келер жылы бірінші қабатын қаз­ғанда оның қасы­нан ХІІІ ғасырда­ғы монша табылды. Табанына қазіргі кафель тәрізді тас төселген, бояулары сол қалпындағы кә­різдік жолдары мен кәдімгідей септигі де бар болып шықты.

ХVІІ ғасырдың аяғында батыс өңір­де қатты су тасқыны болып, Жа­йық­тың арнасы бұзылуына байланыс­ты қаланың 6/5 бөлігі судың астында қалған. Сарайшықты 1937 жылы ал­ғаш қазған Н.Арзютов деген орыс ғалымы, ал 1950 жылы мұнда Ә.Мар­ғұ­лан экспедициямен келеді. Кейінірек З.Самашев та қазба жұмыстарын жү­р­гізді. Арзютов қазба жұмыстарын жүр­гізгенде қаланың 100 бен 80 метрдей бөлігінің судың астында қалға­нын жазады. Оның үстіне жылда көк­темде су тасыған сайын 5-10 метрдейі құлап, кертіліп жатыр. Бұл жайында Үкімет алдына мәселе қойылып, қазір жағаны бекіту мәселесінің шаруасы қарас­ты­рылды. Егер оңынан жүр­гізіліп кетсе, ашық аспан астындағы мұражай ісін қолға алмақпыз.

Мынау 1996 жылдан бергі табыл­ған артефактілер. Ал бұған дейінгі­лері бізде жоқ, Саратов музейіндегі Сарайшықтан қазылып алынған жәді­герлерді сұратып едік, жоқ, ол кезін­дегі одақтың қаражатына қазылып алынған дүниелер, қайтара алмаймыз деп жуықтатпады,– деді Молдаш аға.

Сарайшықтың тарихи қабатында жатып, бүгінгі күнге жетіп, көз алды­мызға өткен мыңжылдықты елестеткен жәдігерлер шынында да таңға­ларлық. Нумизматикалық түрлі теңге­лер­мен қатар Сарайшық тұрғындары­ның күнделікті өмірлерінде пайдалан­ған қыштан жасалған бұйымдар (құ­ман, шығыр, құмыралар, көзелер, шырақтар, түбектер, кесе) өсімдіктер мен зооморфты өрнектер және түрлі араб әріпімен жазылған бедерлі бұйымдар, сонымен бірге, Трапезунд және Қырым амфораларының бөл­шек­тері, Қытай фарфорынан жасалған табақ, әйелдердің әшекей заттары, бала бесікте жатқанда пайдаланылатын шүмек, асықтар, тіпті екі ортасына ауа қалдырылған сол кездің термостары –сфера конустар дейсіз бе, толып жат­қан экспонаттар қала мәдениетінің қандай деңгейге өскенін, оның сол кездегі астаналық мәртебеге лайық озық қала болғанын танытқандай.

Молдаш ағаның Сарайшыққа қа­тыс­ты айтар әңгімелерінің де ұшы-қиыры жоқтай. Жеті ханға орнатылған құлпытастардың қасына қашан қура­ғаны белгісіз үлкен ағаш қойылып­ты. Оның кейуананың еті жоқ тарамыс сау­сақтарындай жалаңаш бұтақтары­на ке­лушілер ақтық байлап кеткенін кө­­ріп сырын сұрадық.

– 1935 жылдан бері Сарайшық тү­­бінде осы Атырау өңірін алмамен қам­тыған 70-80 гектар жерде бақ болатын. Же­кешелендіру тұсында дұрыс ие табылмай бақ жайына қалды да қурады. Осы кешенді салудың жұ­мы­сымен Маң­ғыстауға бара жатқанда жолда Түр­кі­мен­­­станнан көшіп келген Төлеп­берген деген ақса­­қал­мен Бейнеуге дейін бірге бар­дым. Жол үстін­де әлгі қария:

– Шырағым, қасиетті бір орман өсіріпсіңдер, соның рахатын көріп­сің­дер, бірақ сол орманды жа­­­зықсыздан-жазықсыз өздерің құр­тып­­­сыңдар, ха­лық игілігін көрген заттың киесі болады, соның есесін иесі сендерден алып отыр. Сол жердегі ең ескі ағашты қа­зып алып, жұрт зиярат ететін жерле­ріңе апарып егесіңдер. Сонда жергі­лік­ті жердегі өзіне-өзі қол салу тыйылады, ал әйтпесе ол тағы да 7 жылға созылады, – деді. Ол ағашты мен қалай табамын, – дегенде оның белгісі болады деді Төлепберген қарт. Сол белгі бойынша осы ағашты қалай әкеліп қойдық, солай асылып өлу тыйылды, – деген ағадан ол белгі қалай берілгенін айтып беруді сұрадық.

– 1999 жылы осы кешенді салу ісі бітті. Елбасы келеді деп күтіп жүрміз. Алдында сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовке Төлеп­бер­ген ақсақалмен кездескенімді әңгіме­леп берген соң архивті ақтарып біраз іздестіріп көріп едік, бірақ ең көне ағаштың қайсы екенін таба алмадық. Ағаш табылмаған соң көңіл-күйім түсіп жүр едім, бірде ауылдың бір баласы келіп: «Ата, сізге мені апам жіберді. Сіз бір ағаш іздеп жүр дейді. Мен күнде ескі баққа барып, қой жаямын, 3 күн болды бір ағаштың түбінен қояндар шығып, қойыммен бірге жайылады. Ал иттерім қоянды көре салысымен қашып кетеді», деді. Қайталап сұрап: «Қалай дейсің, қоян қаша ма, ит қаша ма?» дедім. «Жоқ, ата, иттер қашады, ал қояндар тіпті қорықпай­ды», деді. Содан балаға мені сол ағашқа алып бар дедім. Барсақ, ағаш­тың түбінде қоян емес, аю кіретіндей үл­кен апан тұр. Е, балам, мына апаннан қоян емес, қасқыр шыққан ғой, иттер соны көріп қашқан ғой десем, жоқ, ата мен кеткенде бұл жерде еш­қан­дай апан болған жоқ дейді. Бір ға­жабы, жаңадан қазылғандай болып суланып тұрған апанның жиегінде бір уыс топырақ жоқ. Баладан: «Сен бәл­кім қателесіп тұрған боларсың, басқа ағаш емес пе?» десем, бала: «Жоқ, міне белгі ретінде байлап кеткен орамалым», – дейді. Шынында да ағашта орамал байлаулы тұр. Салып ұрып ауылға келіп, көпті көрген қадірлі ақ­сақа­лы­мыз Шайдоллаға бардым. Сонда ол кісі: «Ее, алдымен сенің өзің сы­на­лып­сың ғой. Қайтер екен, көрін­ген ағашты апарып отырғызып қояр ма екен деген ғой. Сен бүгін емес, бір малыңды сойып, бата жасап, ертең ал», деді. Қария айтқандай жасап, ер­те­ңіне ағашқа барсақ, кешегі апанның ізі де жоқ. Содан бері ағаш осы жерде тұр. Елбасы осы әңгімеден хабардар болса керек, Сарайшыққа келгенде жинал­ған халықтан кешірім сұрап, алдымен осы ағаштың басына келді.

Молдаш аға жоғарыда айтылған қо­нақүйді қазғанда 7 метрдей терең­дік­тен шыққан құмыра мен кесені де әде­мі әңгімелейді. «Құмыраның қа­сиеті – таң­ер­теңгі бояуы бір бөлек, түс­тегі түрі бір басқа, кешке мүлде басқа реңкте. Құ­былмалы құмыраның бүйірінде: «Бұ­ған адамның көз жасы құйыл­ма­сын», деген арабша жазу бар. Дүние жүзі бойынша мұндай құмыра екеу ғана, соның бірі Сарайшықтан табылып отыр. Ал ке­се­нің қасиеті сонда, ішіне біреу аярлық­пен лас нәрсе салып жіберсе, кесенің түсі сол сәтте өзгеріп сала береді», дей­ді. Расында, Сарай­шық қышының құ­пиясы мол тәрізді. Молдаш аға шетелдерге кон­ференц­ия­ларға барғанда апаратын қыш ыдысты алып көрсетті. Оның құ­пиясы сол, ұстап тұрып, бір парақ қа­ғаз құрлы салмағының жоқ­тығы қай­ран қалдырады. Сенің ұғы­мың­да әб­ден қалыптасқан қыш ыдыс­тың ауыр­лығы тас-талқан болады. Қолыңа қыш емес, қағаз ұстағандайсың.

Молдаш ағамен әңгімеден кейін: «Қасиетті топырағына талай тарихты қаттаған көне Сарайшықты зерттеуде ел болып, мемлекет болып қолға алатын көп жұмыстар жатыр-ау. Жанында 1-2 көмекшісі бар 75 жастағы қа­рия­ның мойнына ауыр жүкті арқа­ла­тып, шырылдатып қойған елдікке жа­рас­­­­пай­ды-ау. Сарайшық тарихын ке­шен­ді түр­де зерттеп, ашық аспан ас­тындағы ел тарихын сөйлетер музей салсақ», деген әдемі ой маза бермей-ақ қойды

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы,

Махамбет ауданы.