Бір қап балық
2000 жылы Алматыдан Атырауға қоныс аударған Илья Жақанов жаңа жерге тез үйренді. Алдында ғана талантты актер, сүйікті баласы Данияр қайтыс болып, көңілі құлазып жүрген-ді. Әдебиет жанашыры, үлкен жүректі азамат Иманғали Тасмағамбетов бірнеше өнер және мәдениет қайраткерінің Атырауға көшіп келуіне жағдай жасаған еді. Солардың қатарында композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақанов та бар болатын.
Атырауға келген соң Ілекеңнің екінші тынысы ашылып, көптен ойда жүрген шығармаларын жаза бастады. Алматыдай емес, ауасы таза, шағын қала, шынында жұмыс істеуге қолайлы еді. Жұртшылықтың шынайы пейілден туған ықыласы да қатты әсер етті. Көңілі көтерілді, шабытына шабыт қосылды. Көптен ойында жүрген, жүрегін ұйытқан туындылары ақ қағазға ағыл-тегіл төгілді.
2000 жылы Алматыдан Атырауға қоныс аударған Илья Жақанов жаңа жерге тез үйренді. Алдында ғана талантты актер, сүйікті баласы Данияр қайтыс болып, көңілі құлазып жүрген-ді. Әдебиет жанашыры, үлкен жүректі азамат Иманғали Тасмағамбетов бірнеше өнер және мәдениет қайраткерінің Атырауға көшіп келуіне жағдай жасаған еді. Солардың қатарында композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақанов та бар болатын.
Атырауға келген соң Ілекеңнің екінші тынысы ашылып, көптен ойда жүрген шығармаларын жаза бастады. Алматыдай емес, ауасы таза, шағын қала, шынында жұмыс істеуге қолайлы еді. Жұртшылықтың шынайы пейілден туған ықыласы да қатты әсер етті. Көңілі көтерілді, шабытына шабыт қосылды. Көптен ойында жүрген, жүрегін ұйытқан туындылары ақ қағазға ағыл-тегіл төгілді.
Атыраудың қақ ортасынан жайлы пәтер алған Ілекең көршілерімен танысып, бір-бірлерін қонаққа шақырысып, араласып кетті.
Іргелес көршілері ақын Хамит Ерғалиевтің туысы Дүйсенбектің сүйегі тама, келіннің есімі Ақлима. Бұлар жергілікті атыраулықтар. Аслан деген ұлдары Ілекеңді көрген жерде сәлемдесіп, жақын тартып жүреді. Аслан кейде өзеннен аулаған балығынан Ілекең үйіне әкеп тастайды.
Екі отбасының арасында осылайша жақсы қарым-қатынас орнады.
Қыркүйек айы ортадан ауып, күн салқындай бастаған. Бір күні Ақлима келін келді де:
– Біздің Аслан балық аулайтын ау сатып алыпты. Өзенге шығып, балық аулап демалып қайтайық, – деді әдеттегі ақжарқын қалпымен ізет білдіре.
Көршілер жеміс-жидек, жеңіл-желпі ас-суларын алып, Жайық өзенінің жағасына келді.
Ілекеңнің қасында жеңгеміз Тиышкүл. Немерелері Әйгерім онда кішкентай. Дүйсенбек жылдамдатып өзенге ау құрып, айналасы жарты сағаттың ішінде оншақты балық ұстады. Оған Ілекеңдер қуанып, Тиышкүл жеңгей мен Ақлима екеуі балық тазалап, табаға қуыра бастады.
Айнала керемет! Жайықтың әдемі иірімі! Үлкен айдын! Композитордың жүрегі елжіреп, жан сарайы рахат сезімге бөленді. Олай қарайды, былай қарайды. Ойына әсем саз оралады, шырқап ән айтқысы келеді. Аспанда баяу жылжыған ақша бұлттар. Сонау биікте құйқылжыта сайрайды тинәмдай бозторғай.
Күн тып-тынық. Маужыраған сарша тамыз.
– Ғажа-ап! – деді композитор толқып.
Жайықтың беті толған қайықшы. Композитор санай-санай, санына жете алмады. Кемі елу қайықшы жүр-ау!
Басындағы қалпағын көзіне түсіре киіп, Жайық өзенін жағалап асықпай келе жатқан. Қармақ салып, балық аулап отырған ақсары жігіт композитордан көз алмай, қарап тұрды-тұрды да:
– Аға, бас киіміңізді шешіңізші, – деді. Өтініп тұр.
Илья қалпағын шешті.
Қайықшы тағы қолқа салды:
– Ана жардан бері түсіңіз. Құлап қалмаңыз. Былай, былайырақ… жүріңіз…
Композитор таң-тамаша. Қайықшы жігіттің айтқанын істеді.
Келесі сәтте әлгі жігіт жолдастарының аттарын атап, дауыстап шақыра бастады. Әп-сәтте бес-алты жігіт ескектерін есіп, жетіп-жетіп келді. Ақсары жігіт келгендерге қарап:
– Алдарыңда тұрған атақты «Еділ-Жайықтың» авторы – Илья Жақанов. О-ой! «Еділ-Жайық» гимн ғой!.. Гимн!.. Кеше ғана Ілағамды телевизордан көрдім. Әңгімесін тыңдадым. Құдайға шүкір, арамызда жүр. Бұл кісімен бірге Алматыдан келгендердің бәрі алатынын алып, салатынын салып, кетіп қалғанын білесіңдер… Ал Илья ағамыз әлі осында… Жігіттер, жағдай былай. Басқа балықтың керегі жоқ. Тек судактан, жағаға қарай лақтырыңдар.
Қайықтағылар балықтарын жағаға топылдата лақтырып, үйіп тастады.
– Әй, інішек! Өзіміз де аулап жатырмыз. Пейіліңе рахмет, айналайын! Қазір ғана оншақты балық ұстадық. Мынаның бәрін қайтем? – деді Ілекең.
– Аға, бұл сіздің несібеңіз! Біздің құрметіміз! Аман жүріңіз ортамызда! Деніңіз сау болсын!..
Қайықшы жігіттер қайықтарын бұрып кетіп қалды.
Аслан жағадағы балықтарды жинады. Тура бір қап шықты.
Сол күні Ілекеңдер Жайықтың жағасында жақсылап дем алды. Балалар асыр салып мәре-сәре ойнады.
Кешқұрым Илья ағалар Атырауға, үйлеріне келді. Бір қап балықты көршілеріне таратып берді.
«Үкімет тастап кеткен кісі…»
Бір күні үйге қонақтар келетін болды да, Илья аға мен Тиышкүл жеңгей «Көктем» базарына жеміс-жидек, оны-мұны алуға барды. Ілекең:
– Мен отыра берейін, сен өзің барып кел, – деді әйеліне.
– Таңертеңнен қозғалмай жазу жаздың. Далаға шығып, бой жазып, жұртқа қарасаңшы былай…
– Жүргізбейді әйелдер «ағалап»… Отыра тұрайын…
Тиышкүл жеңгемізден сөз қалған ба:
– Несі бар танып, амандасып жатса! Жақсы емес пе қайта! – дейді Ілекеңді әңгімеге жетелеп.
– Машинада отыра тұрайын. Өзің барып кел. Көп кешікпе. Дала күйіп тұр. Машинаның іші одан да ыстық, – деді Илья.
– Жылдам келем, ыстықтасаң көлеңкеге барып тұр, – деген жеңгеміз базарға жөнеле берді.
Шынында, композиторды көрген сатушы әйелдер сәлемдесіп, қал-жағдайын сұрап, тұрып алатыны бар. Елдің өзіне назар аударып, әңгімеге тартқанынан ыңғайсызданған Ілекең машина ішінде қалды.
… «Қазір келемін» деген жеңгеміз жуық арада орала қоймады. Илья аға тысқа шығып, анандай жердегі дүкеннің көлеңкесіне барып тұрды. Көзінде қара көзілдірік. Үстінде қысқа жең жейде. Басында ақ қалпақ. Жақындап келмесе, бөтен адамдар танымайтындай киінген.
Бес-он метрдей жерде, жүздері ыстықтан тотыққан ақ жаулықты әйелдер сауда жасап отыр. Сатқандары ұсақ-түйек, кәкір-шүкір заттар.
Бір кезде композитордың құлағы елең етті. Мәссаған! Қайда танымағандары. Екі-үш әйелдің бастары түйісіп, күбір-сыбырға көшіпті.
– Білесіңдер ме, ана кісіні? – деді орта жастардағы әйел қасындағыларға сыбырлап.
– Кімді айтып тұрсың? – Ар жағындағы толық әйел көршісіне қарады.
– Ақырын сөйлеңдер, – дейді сөзге араласқан үшінші әйел де дауысын көтермей.
– Илья Жақанов емес пе?
– Ана жылы, бір топ әнші-күйшілермен бірге Алматыдан бізге қоныс аударған композитор…
– Е-е, сөйдемейсің бе бағанадан… Үкімет әкеп тастап кеткен Жақанов қой…
– Кім танымайды ол кісіні…
– Әне-е, әйелі келе жатыр… Естіп қалмасын, ұят болады…
Сатушы әйелдердің сыбырлап айтқан әңгімесін естіген Ілекең жымиып, машинасына беттеді.
Бұлбұл әуезі
Илья ағаның Алматыдан 37 шақырым жерде, Сумов саяжайында бақшасы бар еді. Германияға көшкен немістен сатып алған саяжайдың жақсы күтімде болғаны көрінеді. Жеміс ағаштары агрономиялық талапқа сай отырғызылған. Көлеңкелері саялы. Топырағы құнарлы, арамшөптен таза. Суы да мөп-мөлдір. Электр жарығы да ұқыптылықпен тартылған. Петро есімді көршісі болды. Өзі ұшқыш, жасы Илья ағамен шамалас. Бірақ қолының сумақайлығы бар. Бұрындары, Кеңес Одағы кезінде ұрлық жасағаны үшін бес-алты жыл түрмеге де отырып шыққан. Дәйім шаршап және кейіп жүреді. Қабағы бір ашылмайды. Семіз әйелі қан қысымымен ауырады. Балалары қараспайды. Петро өзін де, әйелін де, балаларын да аса жақсы көрмейді. Көрінгенмен айқайласып, жанжалдасып жүргені. Петро көршісі керегін ала берсін деп, Ілекең саяжайдағы үйдің есігін әдейі бекітпейді.
Көршісінің діңі жуан жұпаргүл ағашы бар. Бұтақтары жан-жаққа тарбиып қалың өскендіктен, жерге дейін салбырап жатады.
– Мынау ағашты кішкене сиретпейсің бе? – деді бірде Илья.
– Сиреткім келмейді…
– Неге?
– Онда сандуғаштың ұясы бар. Бұтақтарын сиретсем, ұясы бұзылады. Тыңдап көріңізші! Бұлбұлдың сайрағаны ғажап! Сол үшін ағашқа қолым көтерілмейді. Аяймын… Мен әр кезде бұлбұлдың әсем үнін ұйып тыңдаймын! Тыңдап жатып айрықша дем аламын!.. Әсем әуенді естуден еш жалыққан емеспін!..
Ілекең ол кезде Қазақ радиосының музыка редакциясында жұмыс істейтін. «Легенда» деген магнитофоны бар. Дауысты таза жазады. Радиода хабарларды көркемдік жағынан күшейту үшін, табиғаттың неше түрлі құбылыстарын: үндерін, дыбыстарын, тасыр-тұсыр керемет әуендерін, судың сылдырын, бұлттардың күркіреп, найзағай ойнауын, құстардың ән салуын қосады. Композитор осындай әуендерге үнемі құлақ түріп жүретін. Бір күні саяжайда отырса, жұпаргүл ағашындағы бұлбұл сайрады дейсіз! Композитор бірден магнитофонға жазды. Мына қызыққа қараңыз! Сандуғаш сайрап отыр. Бірақ қай жерде отырғаны белгісіз. Өзі көрінбейді.
– Петроны мазасыз дейміз! Ұсақ дейміз! Апыр-ай, ә?! Адам баласын түсінбейді екенбіз! Оның жүрегі қандай нәзік!.. – деп ойлады Ілекең.
Осы оқиғадан соң Илья Жақанов көршісіне деген көзқарасын өзгертті…
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы.
Астана.