Әр ұжымда ерекше бір адамдар болады. Олар сонда тұтқалы қызметатқарып, ұжымның сипатына қарай үлкен бір шаруаны жапырыптастамағанмен, ондағы барша жұрттың назарында жүреді. Ұжым жайындасөз болса, олардың аттары ауызға ілінеді. Олар аталмаса, ұжымныңкелбеті кемшін соққандай көрінеді. Газетімізде 60-90-шы жылдарда еңбекеткен Тәжібай Битаев ағамыз сондай азамат еді. Уақытын нақтылапотырғанымыз – Тәкең университетті бітірген соң, 1962 жылы осында келдіде, зейнеткерлікке шыққан 1993 жылға дейін осы жерде отыз жылдан асатапжылмай еңбек етті.
Әр ұжымда ерекше бір адамдар болады. Олар сонда тұтқалы қызметатқарып, ұжымның сипатына қарай үлкен бір шаруаны жапырыптастамағанмен, ондағы барша жұрттың назарында жүреді. Ұжым жайындасөз болса, олардың аттары ауызға ілінеді. Олар аталмаса, ұжымныңкелбеті кемшін соққандай көрінеді. Газетімізде 60-90-шы жылдарда еңбекеткен Тәжібай Битаев ағамыз сондай азамат еді. Уақытын нақтылапотырғанымыз – Тәкең университетті бітірген соң, 1962 жылы осында келдіде, зейнеткерлікке шыққан 1993 жылға дейін осы жерде отыз жылдан асатапжылмай еңбек етті.
Осы отыз жылдан аса уақытта ол талай басшымен қызметтес болды. Бәріне жұмысы жақты демейік, бірақ, ешқайсысы да Тәжібай ағамыздан құтылғысы келген жоқ. Бәрі де Тәкеңнің осы ұжымның қадірлісі екенін білді.
Университетті бітіре салып келсе де, бұған дейін ол біраз өмірді көріп, азамат болып қалыптасып келген еді. Өмірді көрді дегенде, Тәжібай жастайынан жетім қалды. Әпкесі Әміркүл мен жездесі Ұбайданың қолында еркін өсіп, туысқанның мейірімі қандай болатынын да жете сезінген. Оның өмірінің осы сәтіне тоқталып отырғанымыз – оның шығармашылық қабілеті сол жасөспірім шағында-ақ аңғарылып, ауылдың той-томалағында көзге түсіп, «ақын бала» дегенге жақындап барып, «айтқыш бала» атанған.
Мұндай қабілет оны Мақтаарал аудандық «Социалистік еңбек» газетіне алып барған. Бәлкім, кадрлардың тапшылығынан шығар, 9 сыныпты бітірген Тәжібай, кейбір университетті бітіргендердің қолы жете бермейтін аудандық газеттің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды. Онда үш жыл жұмыс істеп, мектепті бітірмесе болмайтынын аңғарған ол қайтадан оныншы сыныптың партасына отырды. Бұл кезде ол КОКП мүшесі болатын. Оқушы-коммунист. Аттестат алған соң, өзін бір жыл күткен аудандық газеттің жауапты хатшылығына қайта оралған.
Бірақ ол мұнда көп отыра алмады. Сол заманда жасы жеткен азаматтың әскери борышын өтеуі – парыз. Тәкең оны, қалай екенін кім білген, екі жылға жеткізбей өтеп шықты да, қайта ауданға оралды. Оралғанда, оған ауданның құдіретті мекемесі, аупартком құда түсіп, өзіне нұсқаушы етті. Бұл жұмысқа енді еті үйрене бастағанда, аудан басшысы жаңа қызметкерін өзіне шақырды: «Нұсқаушылыққа адам табылады-ау, ал газетке жауапты хатшылыққа адам табылмай отыр, не істейміз?» – деді. Емеурінді түсінген партия солдаты: «Барамыз», – деді.
Осы мамандықты қалаған соң, оның оқуын оқу керектігін Тәжібай анық аңғарды. Аңғарды да, Алматыға аттанды. Жұмыс өтілі, тәжірибе жетерлік, әскерге барып келген, партбилет қалтада – Қазақ университетіне, оның журналистика бөліміне алшаң басып түскен сияқты. Тәкеңнің осы университеттегі оқуы, өмірі де ерекше. Ол жайында бірге оқығандар, бүгінде белгілі қаламгерлер, белгілі ғалымдар жыр ғып айтады. Сірә, ол үздік оқи қоймаған. Топтың старостасы беделін пайдаланып, ұстаздармен тіл табысу арқасында қажетті бағаларды өзі ғана алып қоймай, басқаларға да көмектескен. «Битаевтың коммунизмін» біраз жұрт біледі. Сірә, деканат та, ұстаздар да білсе керек. Ол кезде «үшке» стипендия бермейді. Ал стипендиясыз біраз студенттің оқуға мұршасы жоқ. Сонда староста Тәжібай топтағы студенттердің стипендиясын бір ортаға салып, оны топтағының барлығына теңдей бөліп беруге курстастарын көндірген екен. «Тәжібайдың арқасында оқу бітіргенбіз» деген сөзді талайдың аузынан естігенбіз. Сондай сөзді биыл марқұм болған белгілі журналист, әдебиетші, композитор, көп жылдар аудандық газеттің редакторы болған Абай елінің белгілі азаматы Мейрамбек Жанболат үнемі айтар еді.
Тәжібай ағамыз «Социалистік Қазақстанға» осыдан тура елу жыл бұрын отыз жасында осындай өмір жолынан өтіп келген еді. Осында біржола қалды. Ұжымның қадірлі адамы болып өмір кешті. Оның аты аталғанда, жүрегің елжіреп сала береді.
Әдетте азамат туралы айтқанда, алдымен оның қызметіне тоқталатынымыз бар. Тәкеңді қатардағы қызметкердің бірі болды десек ләзім. Кіші тілші, тілші, аға тілші дейтін сатыдан өтіп, бөлім меңгерушілігіне көтерілді. Кейде бір саты төмендеген де кезі болған. Редакцияның еңбекторысы деген сипаттама лайық. Ерекше белсенділік танытып, жұрттан асып та кетпес еді, жұмысыңды босаңсытып жібердің деп кейіс естіген кезі де аз.
Журналистік шығармашылығына келсек, оның жазғандары өзіне ұқсас, қарапайым көрінер еді. Кеңес құрылысы бөлімін басқарған кезінде, депутаттар туралы очерктер циклын жазғаны есте қалыпты. Ал еңбекші хаттар бөлімін басқарғанда, редакцияға келген хаттар негізінде мөлдіретіп жазған шап-шағын ғана мақалалары жұрт назарын аударар еді. Бірде «Өмірде не болмайды» айдарымен «295 қойын қасқыр «жеп» кетіпті» деген 100 жолдық мақаласы біраз дүрліктірген. Қызылорда облысындағы «Арал» совхозының шопаны Қойлыбай Елдесбаевтың отарынан санақ кезінде 295 қой кем шығады. Шопан оны қасқыр жеді дейді. Енді соның орнын толтыру үшін ол көрші «Қарақұм» совхозының шопаны Алтынбек Әйтімовке барып, «отарымның жартысын қо-сып алғансың» деп дау шығарып, оны мылтықпен атып, жаралап, 456 қойын айдап алып кетеді. Соның бәрін жүйелей баяндап, Тәкең мынадай сұрақ-қорытынды жасайды: «Егер Елдесбаевтың «қойларымды қасқыр жеп кетті» дегеніне сенетін болсақ, онда ол шопан Алтынбек Әйтімовті мылтықпен атып, неге оның 456 қойын айдап әкетіп жүр? Ал, «Арал» совхозының басшылары бір отардан 295 қойды қасқыр «жеп» бітіргенше не қарап жүрген?». Бұл сұрақтарға кейін тиісті адамдарға қатаң жаза қолдану шараларымен жауап берілген.
Тәкеңнің зейнеткерлікке шығар жылы оның кіріспесімен жарық көрген «Генерал қойған құлпытас» деген мақала да айрықша әсер қалдырған еді. Газетте талдықорғандық автор Қ.Төкенұлының «Генерал қойған құлпытас» деген мақаласы шығады. Онда сонау ашаршылықта құрбан болғандар зиратында бір генерал әкесіне арнап құлпытас қойғаны айтылып, сол генералға іздеу салады. Тәжібай ағамыз сол генералмен кезігіп, сол құлпытастың қойылу тарихы туралы айтып, мақала жазып беруді өтінеді. Осыдан кейін еліміз бастан кешкен аштық қасіретінің тікелей куәгері, отставкадағы генерал Сіләмбек Шәкімайтұлының жан тебірентерлік мақаласы жарық көрді.
Тәжібай ағамыздың еңбегі еленді. Оған «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді. Жоғарғы Кеңестің грамотасымен, медальдарымен наградталды. Кезең-кезегімен берілетін сыйлықтардан да әсте құр қалмас еді.
Сөйтсе де, Тәкеңді ерекшелендіретіні – оның шығармашылығынан бұрын азаматтық келбеті. Тәжібай ағамыз жұрттың бәріне жақын еді. Үлкенге де, кішіге де. Онымен кезіккенде, бәрі де қайырылады. Сәлемі өз алдына, басқалар одан жақсы бір лебіз күтеді. Ал Тәкеңде ол қашан да дайын, ең болмағанда, әдемі әзілімен көңілдерін бір желпіп тастайды.
Үлкендер дегенде, сол 60-шы жылдарда редакциямызда ескінің көзіндей бір шоғыр ағаларымыз – газетіміздің ардагерлері Қаби Мыңжанов, Әбдібек Нұрмағамбетов, Сағат Жұмағазиев, Жекен Жұмаханов, Хайдар Баймұхамбетов, Мағзұм Көшеков, Әзілхан Нұршайықов, Бекділдә Абдуллиндер еңбек етті. Әрқайсысының орны бар, кейде кірпияз мінезі де бар. Тәжібай ағамыз сол ардақтыларымыз бен кейінгі буын арасындағы алтын көпірдей еді. Сөйтіп, жастар жағы аға буынмен жіті араласып, олардың өмірде көргендерімен қауышып, олжа тауып жататын.
Сірә, Тәкең ешкіммен жауласып емес-ау, өкпелесіп көрмеген шығар. Кейде өзінен кішілердің оғаш ісіне кейіс білдіретіні де болар еді, бірақ көп уақыт өтпей-ақ онымен күлкілері жарасып тұрғанын көрер едің. Оның тіл табыспайтын адамы болмайтын. Мінезді ақынымыз Мұқағали Мақатаевпен редакциямызда бірер жыл бір бөлмеде қызмет еткен. Шәй деспеген көрінеді.
Жастар жағы Тәкеңмен қалжыңы жарасатын құрдастай еді. Мінезінен ғой. Жастардың қуанышы, той-томалағы болса, ортасында ағамыз жүретін. Жай жүрмейді, Нартайдың мақамына салып, әйтпесе, халық әндерінің әуеніне өзінің жанынан шығарған сөздерін қосып, тойдың шырайын кіргізер еді. «Қасқа төс құнаным-ай, Колхоздың орындайық планын-ай» деген ән қайырмасын Тәжібай ағамызбен қызметтес болған адамдардың бәрі біледі.
Кейде оның осынау өнерпаздығы да, ерекше мінездері де ұжымның шеңберінен асып, басқаларға да белгілі болып жататын. Әлі тәуелсіздікке қолымыз жетпеген, партияның құрсауы ағытыла қоймаған 1989 жылы газетіміздің 70 жылдығы атап өтілді. Негізінен, зиялылар, Алматының көзге ілінер белсенді қауымы М.Әуезов театрына жиналған. Сонда газеттің біраз қызметкері марапатталды. Арасында Тәжібай Битаев ағамыз да бар. «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы медалі мен куәлігін алып тұрып, өзінің рахмет сөзін Нартайдың мақамына салып, бүкіл театрды дүрілдетіп әнмен жеткізген. Сөзі – өзінікі. Бұл сценарийде жоқ. Ағамыз жиналыс барысында сценарийді өзгерткен. Ол кезде өзгертуге болмайтын. Оны халықтың қолдағаны құтқарды. Жұрт ду қол шапалақтап, құрмет көрсетті. Әйтпесе, кейін таяқ жеуі де мүмкін еді-ау… Тәкеңнің мұндай тосын әрекеттері, тосын мінездері көп болушы еді. Кейде жоғарыдан түскен талапқа сай ресми жиналыс өтіп, сонда сірескен ахуал жұрттың еңсесін басып тұрғанда, Тәжібай ағамыз басшыларға орынсыздау көрінетін бір қалжыңды айтып жіберетін де, жұртты дүр сілкіндіретін. Ахуал өзгеретін, еңсе көтерілетін. Кейін одан сөз естіп қалу мүмкіндігін де ағамыз жақсы білетін.
Халқымызда «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген мәтел бар, оны Тәкеңе қаратып, «Әзілің жарасса, балаңмен де ойна» деп түрлендіруге болар еді. Бұл кісінің қалжың-әзіл айтпайтын адамы болмас еді. Ешкім оны артық көрмейтін. Өйткені, оның астарында ізгі көңілдің иірімдері жатушы еді. Оның әзілдерін бала да, бастық та көтеретін.
Тәкеңнің әзілдерінің біразы жұртқа таныс. Оны курстасы, белгілі қаламгер Бекболат Әдетов, қаламдас інілері Әділ Дүйсенбек, Жанат Елшібек реті келгенде жазып жүр. Ал жазылмағаны қаншама! Өзі танитындардың ішінде Тәкеңнің әзілге қосып, күлдірмегені жоқ шығар-ау. Одан бастықтар да, балалар да құр қалмаған.
Бірде газетіміздің бас редакторы Балғабек Қыдырбекұлы ұжымның әдетте мерекеге орай шығатын «Қызыл қалам» қабырға газетін оқып, күліп тұрып, бір тұсында ресми талап тұрғысынан ескерту айтады. Сонда Тәкең (ол «Қызыл қаламның» редакторы): «Әркім өз газетін қалай шығаратынын өзі білетін шығар, біз сіздің «СҚ»-ны қалай шығаратыныңызға араласпаймыз ғой», – дегенде сонда тұрғандардың бәрі күлген. Бәкең де күлген. Жұрт ағамыздың сондай қалжыңын ұнататын.
Ол қалжың айтқанда, айтқан адамын тұқырту үшін емес, көңілін өсіру үшін, бір қолайсыздықтан арашалау үшін айтатын. Бірде редакцияның бір топ қызметкері жоғарғы мекемеге барып, өзімізге берілген наградаларымызды алып қайттық. Біреу медалін, біреу грамотасын дегендей. Бізге Жоғарғы Кеңестің құрмет грамотасы, ал Тәкеңе жай грамота тигенде, біршама қысылдық. Соны аңғарған ағамыз: «Кәні, не айырмашылығы бар екен, көрейікші», – деді. Грамоталарды салыстырып тұрып: «Онша айырмашылық жоқ екен ғой, құрметтісі – қызыл, жайы көк екен, Жанұзаққа (суретші құрдасы) қызылға боятып аламын ғой», – деп бәрімізді ду күлдірді. Үстімізден бір жүк түскендей болды.
Жұртты сөзімен, әзілімен жадыратып жүретін Тәжібай ағамыз арамызда жүргенде, бүгін оның 80 жылдық мерейтойын өзімен бірге дүрілдетіп өткізер едік-ау дерсің. Өйткені, оны білетін адамдар оған ақ тілегін айтпай тұра алмас еді. Оның жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде қалған.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».