Кіндігімнің қаны тамған жұмағым менің! Жаялығым жайылған абатым! Жер-жақұтым! Айналып кетейін, сенен, ақтық демім біткенше! Айым дейін бе, күнім дейін бе?! Қайтіп толғансам екен? Қандай ыстық, тәтті сөзіммен иіте аламын жұмбақ Жүрегіңді! Танау жарған жусаның, өзгеше иісті топырағың!.. Жұпар ауаң, кәусар суың!.. Біз осынша ләззаттың (қазіргісін қайдам?) балын сорып өскенбіз. Таңдайдан кетпейтін дуалы дәм! Кеуде күмбірлеткен мәңгілік ән! Әр пенде демі бітерде: «туған жерім менің!» деп үзілетіндей көрініп тұрады.
Кіндігімнің қаны тамған жұмағым менің! Жаялығым жайылған абатым! Жер-жақұтым! Айналып кетейін, сенен, ақтық демім біткенше! Айым дейін бе, күнім дейін бе?! Қайтіп толғансам екен? Қандай ыстық, тәтті сөзіммен иіте аламын жұмбақ Жүрегіңді! Танау жарған жусаның, өзгеше иісті топырағың!.. Жұпар ауаң, кәусар суың!.. Біз осынша ләззаттың (қазіргісін қайдам?) балын сорып өскенбіз. Таңдайдан кетпейтін дуалы дәм! Кеуде күмбірлеткен мәңгілік ән! Әр пенде демі бітерде: «туған жерім менің!» деп үзілетіндей көрініп тұрады. Тал бесік пен жер бесіктің арасын мейлі, соншалықты ұзақ жүріп өтсе де, өмірде көрген барлық қызығын жинап қойып, соңғы демін сарқып, осылайша арыздасатын сияқты. Әрине, туған топырағыңа жетіп жығылсаң, арман бар ма?!.
Әркімнің өз туған жері өзіне! Бөліп- жарғандықтан емес. Туған жерің – жеке-дара ғой! Анаңның жалғыздығындай! Құдіретті Анаңды кімге айырбастайсың! Ол – жалғыз жаратылыс! Туған жерің де сондай маңдайыңа жазылған асылың, ардағың! Туған жерін жүрегінде әспеттеп, мәпелегеннің жүзі жарқын болуының сыры да осы текті тетікте бекітілген тәрізді. Жә, туған жерге деген іңкәрлік сөздің түбі түгесілмесінші!..
«Менің» деп меншіктесек, «менмендік» шоғын үрлемеңізші. Жай бір аңсармен, аңдаусызда айтылатын ақжарылқап, ақтарылма бұла сезімге балай салыңыз. Кеуде ұрғылағаннан сақтасын. Көкірек керді демеңіз, басқалардың алдында. Бәрібір, әркімнің өз туған жеріне ештеңе теңеспейді ғой! Ендеше, жүрегіңді қолыңа ұстап: «менің, менің!» демегенде, не шара?! Бәлкім, сенің де туған жерің есіңе түсе бастаған шығар… «Сенің, сенің» туған жеріңнен артық жер жаннаты жаратылмаған шығар-ау!.. Қане, сыпайы салыстырайық! Басын бәсекеге тігейік! Бір-бірімізді жеңе алмаймыз. Итжығыс түсеміз. Ешкім де өз туған жерін төмендете алмайды. Қандай ғажабыңнан да аласартпайды. Себебі, әркім өзінің Ана-Жер – Анасында жаратылған…
Өтінемін, менің туған жерімнің қос атауын тіл астында тәтті талмап көріңізші: Қызбел және Қыземшек! Арғы жағын балалатып жатпай, кілт үзіп, доғара салсам қайтер еді? Ныспысынан барлық мінез-ажары белгілі болып тұр емес пе? Көкіме сөзбен сезімнің көрбілтесін сорайтып алып, состиған мәннен сорым шығып қалмас па? Бірақ, бірақ… атауынан аңғарып тұрсыз ғой, сұлулық сырын өмір барда, кім тәрік етті десейші… Тіршіліктің темірдей тезіне түссе де, жақұттай жүзі мәңгілік кіреукеленбеген махаббаттың маздағымен ұшқынын шашырата жаятын, жүректі суырып та суаратын әлгіндей сиқырлы сөздер салтанат құра беріпті-ау! Менің Қызбелім мен Қыземшегім – сондай сұрапыл сезім қылын дірілдетуімен дара!
Қызбел мен Қыземшекке қарап Міржақып түлеп өскен! Бүлкіл көмейлі ақын болған. Жүрегі «Алаш» деп сыздап тұрып, өлеңге мұңын шаққан. Күллі Қазақ елін музаның күшімен ұйқыдан оятпақ болып, аласұрған. Ақындықтың дәмі мен дәні туған жерінен дарыған Міржақып, сонда Қызбелі мен Қыземшегіне қарыздар екендігін бір сәт ұмытты дейсіз бе? Сонау Қиыр Шығыста айдауда жүріп: «Жаза гөр, топырақты елден, Алла!» деп күңіренгенде, қапалы көңілін «туған жеріме жетіп жығылсам!» деген арман піскілеген шығар… Ұлылардың аңсауы Алланың құлағына жетеді-міс! Жетіпті. Кіндік қаны тамған жерін құшып тынды… Міржақып мәңгілік тыныс тапқан бүгінгі Бидайық ауылына Қызбел мен Қыземшек шоқылары қарауыл қарап тұр! Елі Ерін, Ері Елін жоқтаудың керемет кебі де…
Әрқалай аталатын Қызбел мен Қыземшек, қалай мүсінделсе де халық арасында Қызбел тауы мен Қыземшек шоқысы деп хатталып қалған. Қызбел тауы, Қызбел қыраты, Қызбел белесі, Қызбел үстірті деп және жіктеп әкете береді. Қыземшекке қатысты да сондай түрлендіру жат емес. Қайсысына илансақ та, бәрібір олардың дәрежесі кеміп, төбелері төмендеп, асқарлары аласарып қалмайды. Қайта, жамыраған жалқы да жалпы мазмұнымен тіптен өркештеніп, көркейіп, алғаш көз сүзгенге «көрімдігіңді бер!» де- гендейін тәкәппарланып, таңдайын қаққыза түсетін паңдығы бар. Алдымен «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына жүгініп алайықшы. «Қызбелтау – Торғай қолаты мен Торғай үстірті аралығындағы дөңес тау. Қостанай обл-ында, Наурызым қорығының оңт. жағында, бойлық бағытта 60 км-ге созылып жатыр. Ені 5-15 км, абс. биікт. 232 м. Қ. жоғ. олигоцен мен миоцен дәуірлерінің сазды, карбонатты жыныстарынан түзілген; дөң бетін палеогеннің теңіздік шөгінділері жапқан. Беткейлері жыра-сайлармен қатты тілімделген. Шығыс және оңт. етектері құлама жарқабақтанып, Торғай қақпасына тіреледі. Бетеге, жусан, селеу өседі. Мал жайылымына қолайлы», деп анықтама берілген (155 бет).
Ғылыми тұжырымға, әрине, алып-қосарамыз жоқ. Әлгінде, әрқалай атауларының да ел аузынан қатарласа түспей келе жатқанын да меңзеген болатынбыз. Бұл, әрине, қалыпты құбылыс. Біреу өсіріп, біреу өшіріп айтады. Ел аузына қақпақ қойылмайтыны әлмисақтан белгілі ғой. Қызбелді белес дейтіндерге келсек, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы» Бүркіттің (Қызбел тумасы Сұлтанбек Әбеуов) «1.Туған жерім туралы» деген толғанысына көз жіберелікші: «…Солардың ішінде ең ірісі – біздің ауылдар жайлайтын «Қызбел» белесі. Бұл ат бұл белеске жайдан-жай берілмеген: жазық далада сағымды күндері алыстан мұнартқан оның түрі, шалқасынан көсіле жатқан қыздың денесіне ұқсайды!.. Осы «дененің» кеуде тұсына қатарлана өскен екі тас діңгекті, тұрғын ел «Қыземшек» деседі…»
Бұл романда осы тау, шоқыларға қатысты біраз шыны мен асырмасы қоса өрілген деректер мөлтектеп тұр. Қызбел тауының тұрқы жөніндегі әралуан пікірлердің қақтығысы да ойнақтап сала береді. Тіпті бір кейіпкерлер Қызбел тауының ұзындығы көлденеңінен небары екі есе ғана артық екендігіне жүгініп, осынша өлшем қызға жараса ма, мұның өзі «Қатынбел» болуға лайық қой дегендей әзілмен әжуалап, жеңгесінің жуандығын келекелегенін жасырмайды. Әйтеуір, қағытпадан да қалайда ұпай асырмаққа бекінгеннен нендей ауыр, ебедейсіз теңеулер шықпайды дейсіз. Артынша, мәмілеге келген екеуі Қызбел көркін бірінен-бірі асыра, нақтылап мақтап, жөнді сөзге жүгінгендерін сезбей қалады. Мұндай тоқайласудың сыры – сайтан алғыр сұлулықтың сиқыры екендігін мойындайды… «Халық айтса, қалп айтпайды» дегендей, халық жер-суға білмей ат қоя ма?.. Жаздыгүні сағымға бөленген шағында, алыстан қараған кісіге, шалқасынан көсіле жатқан қыздың денесі сияқты көрінуі рас қой, Қызбелдің?» – деп «растатып» алған Найзабектің сөзін іліп әкеткен Нұрбек былайша тамсаныс білдіреді: «Талай жерлерді кезе жүре, талай аласалы-биікті белестер мен тауларды көре жүре, дәл Қызбелдей жүрегімді тартып, көзімді қызықтырған жерді көрген жоқпын!..» Паһ, шіркін, манағы «Қатынбел» деген жеңілтек мінезді жігітің қалыпқа түсе қалыпты ғой!…
Өзімізге жолбарыс терілі таудай боп елестейтін Қызбелге шаң жұқтырғымыз келмейді-ақ. Бірақ естіген құлақта жазық жоқ… Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қызбел тумасы, белгілі әнші Бақыт Кошмұхамедов зайыбы, КСРО халық әртісі Роза Жамановамен бірге елге гастрольге ке- ліпті. Алматыға қайтарда, ұзақ жолдың сұлбасына түскенде Роза жеңгеміз күміс көмейін сыңғырлатып: «Бақыт-ау, аузыңнан тастамайтын Қызбел тауы қайда, осы?», – деп білмекке, көрмекке ынтығыпты. Бұл кезде көліктері Қызбел қыратының қырлауытына өрлеп шығып, желдей есіп жүйткіп бара жатқан мезет еді. Бақыт: «Біз сол Қызбел тауының үстімен келеміз»,– деп күпінгенде, Роза жеңгеміздің езуіне күлкі жиырылыпты-ау! Аласартпайтын туған жер, түлегіңде де, сенде де титімдей кінә жоқ қой!.. Әйткенмен, Тоңқаймадан жербауырлап төменгі жазыққа кенедей жабысқан көліктің ішінде зәре-құты қалмай отырған атақты әнші, таспа жолға түскенде артына бұрылып қарап, таудай еңселенген биік шоқыларға разы кейіппен қолын бұлғапты ғой!.. «Қош, Қызбел тауы!»
Осы тау өз аңғарындағы Қызбел жайлауының сақшысындай қалғымай, сергек күйінде, селт етпей тұрар еді, әманда. Оның балалап, бірінен-бірі зорайып ағатын сыңғырлы бұлақтарын көрсеңіз ғой. Көзі бітеліп, тазаланған бір құдығына түсіп көріңізші, тереңдігіне қарамай-ақ түбіне дейін сәуле шашырайтынын байқайсыз. Күміс бақыр тастасаң, жалтырауықтай жалтырап жатады. Талай тарих ойранын бастан кешкен жер осы – Қызбел жайлаулары. «Патша қазақтан солдат алады-мыс» дегенде, дүркіреп, дүлей күшке кенеліп, қарсылық бақанын алдымен ала жүгірген де осы өңірдің сарбаздары… Ал тау еңісіндегі Сарықопаның сыры азаттық жолындағы талай күрестің өшпес белгісімен таңбаланғаны тағы ақиқат… Сарықопада қыраулы қыста ыстық сүйіс те болған!.. Бүркіт пен Бәтестің балдай тәтті сүйісін айтам да… Осы сүйіс жайлы айтпасам, Сарықопаның реңкі кірмей тұратындай… «Биіктен маған қарай секірген Бәтесті қалай қағып алғанымды, сол қағып алған қалпыммен кеудесін кеудеме жапсыра құшақтай алғанымды, құшағыма қатты қысқан қалпыммен, қып-қызыл, ып-ыстық ерніне ернімнің қалай жабысқанын, құмарта қадалған еріннің екпінімен, сүп-сүйір, ып-ыстық тілін қалайша суырып, таңдайыма басқан тілдің балын қалайша сорып жұтқанымды білмей ғаппын!..»,– деп сезіміне бал жағып ап баяндайтын Бүркіттің есін жия алмағанына куәміз. Міне, Сарықопа сырының бір бақытты сарасы, осы еді… Қасіреті сол, биылғы қуаңшылықта Сарықопаның «сүйкеніп сиыр жықпаған» қамысының өртке аяусыз шалынғаны…
Аңыз ізіне түспей, Қызбел мен Қыземшектің сұлу да сирек атауын терең түсініп, жіті діттей алмайтын сыңайлымыз. Қарт шежіреші, көрнекті ұстаз Кәрім Әлмағанбетұлынан естігенімізге жан бітірсекші бір… Бір байдың сұлу қызы, жасы келіп тұрмысқа шығатын кезде, кедейдің өте келбетті, сегіз қырлы, бір сырлы баласына өлердей ғашық болыпты. Ол кездегі әдет-ғұрыпта кедей баласы байдың қызына жақындай ала ма? Қызын әкесі басқа байдың түрсіз, өнерсіз, ынжық баласына беруге бекінеді. Бірақ кедей жігіт қызбен жолын тауып оңашада кездесіп жүреді. Оны сезіп қалған атастырған күйеу жағы кедей баласын ұстап алып, зәбірлеп ұрады. Сүйгеніне тие алмайтынына көзі жеткен сұлу қыз ұйқы-күлкі көрмей әбден қажып-қалжырайды. Бір Аллаға жалбарынып, көңіліне медет сұрайды. Алладан аян түсіп, ақсақалды әулие: «не сұрайсың, пақырым, айт» дегенде, қыз: «бүйтіп тірі өлік болғанымша, мені тас мүсінге айналдыра көр!» деп шашын жайып, шарасыздықпен тілек етеді. Махаббат құрбаны – сорлы жүректің өтініші орындалса керек… Әне, өмірден әбден түңілген, ішқұса болып ғазиз жанын сүйгені жолында құрбандыққа қиған сол қыз әл-дәрмені құрып, шалқалай сұлап түскенге ұқсайды. Ақтық демі үзілерде қос аяғын әрең-мәрең ышқына созып үлгерсе керек… Шашы әлі күнге шашылып жатқандай, сірә, тарам-тарам жылғалы арналарға ұқсап, көлбеңдейді. Ынтықтықтан ерні кезеріп, аузы ашылып, аңсарын аңсаумен күтетіндей ме? Төсіндегі «қос алмасы» өркештеніп, тас берішке айналған. Нағыз қыз емшегінің суретіндей екен. Енді сол жәудір көріністі «Қыземшек» атамағанда қайтеді?! Ал тау сілемдерінің өрнегімен, сирек сән-салтанатымен құйылып түскен қыпша белдің үзілер-ау деген тұсынан жанар айыра алмасыңыз ап-анық! Нағыз қыз белінің елесіндей екен-ау, пәлі! Енді сол сиқырлы да бейнелі құбылысты «Қызбел» демегенде қайтеді?! Сол Қызбел мен Қыземшектің тағы бір ғаламат сыры бар… Әлгі қыз мүсініне көз тоқтатып, тіктеген жанарды қозғалтпай, кірпік қақпай ұзақ телміріп, қарар болсаңыз, о, ғажап, көсіліп жатқан бейнеге жан бітіп, діріл қағып, сәл-пәл жыбырлап, тіріле бастағандай әсерге бөлейді екен! Сондай сәтіне де куә болғанымыз бар еді, бала кезімізде… Жолыңыз түссе, өзіңіз де байқай саларсыз… Тек, бір әттеген-айы, Қыземшек қазір бір емшегінен айырылған!.. Сыңар емшегімен қалған! Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жаппай кеңшар салу үрдісі қаулай жөнелгенде, оның бір емшегінің тастарын құрылысқа жаратып, ойып әкетіп, ойрандап тастаған… Осы күйкілік еске түскенде, кәдімгідей жаның егіліп кетеді екен…
Менің осы өмілдірігі мен құйысқаны келіскен өлкем жөнінде талай ақын тебіреніп жыр төккен! «Сонау Торғай Қызбелінде, Бұлақтардың қыз үні. Ай шалқалап өзенінде, Ойнайды жел сыбызғы», – деп сыршыл Сырбай табиғатпен біте қайнасып кететін. Ақпа ақын Назарбек Бектемісұлы: «Қызбелдің Қыземшегін сүйген бұлақ, Тоғысар Тоңқаймаға бәрі құлап», – деп жайлаудағы малшылар ауылына жетелей жөнелетін. Осындай бал бұлақтардың бебеулеген үніне елти мас болған асау Ғафу: «Қызбел таудың белін орап ағушы ең, Жібек белбеу секілденіп судырап», – деп екпінін тежей алмай, Құттыбай бұлағынан сусын қандыруға шақырар еді-ау!
Көзін Қызбелден алатын тоқсан бұлақтың: Тасқұдық, Шідерлі, Шелек кеткен, Шолпы батқан, Қатын қазған, Құлан ішкен секілді атауларынан-ақ андағайлап талай оқиға өре түрегелетіндей…
…Иә, тіршілігіңде туған жерің туралы тағатсыз тәнтілене түсерсің. Түгесіліп бітпес әңгімең. Құлақ құрышын қандыратын ән-күй ең! Әзірше Ғафудың ақындық өнерінің тылсым бастауындағы «Қызбел суреттері» балладасының мына тұсынан әсерге бөленіп, тұшына тұралық:
…«Арқаның жер сұлуы жалғыз мен! – деп, –
Өзгенің салтанаты менен кем!» – деп,
Жамылып жер-дүниеде бар асылды,
Тәкаппар Қызбел тауы жатыр көлбеп.
Қиылған аруға ұқсап қыпша белі,
Шақырып тұрғандай-ақ: «мұнда кел!» – деп.
Тамаша төсіндегі Қыземшек тау,
Болмаса жүрегің тас, әсер бермек!
…Бұдан арғы сөз артық боларын білемін. Қызбел мен Қыземшегім, сағынып жүрмін-ау!.. Көркіңмен көлбеңдейсіңдер түсімде!..
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы.
––––––––––––––––––
Суретші
Мұханбетқали Рахалиевтің
«Қызбел, Қыземшек» эскизі.