• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Желтоқсан, 2018

Қазақ тілінің Варшавадағы жанашыры

438 рет
көрсетілді

Варшавада  қазақ жерін мекен етпеген, арнайы оқымаса да  ана тілімізде  еркін, тіпті мақал-мәтелдерді қоса дәмін келтіре  сөйлейтін бір ерекше азамат тұрып жатыр. Тағдыры балғын шағынан өзіне зағиптықты серік еткенімен, жасы әлі жиырма беске толмаған кейіпкеріміздің бойындағы ерік-жігері жоғары,  өмірлік мақсаты айқын. Ол Варшава университеті, шығыстану факультетінің докторанты, он шақты тілді еркін меңгерген полиг­лот, туысқан башқұрт тілін оқытудың өзіндік әдістемесін жасап шыққан, бүгінде башқұрт уикипедиясының әкімгері  – Вячеслав Чернев. Осы орайда талантты да талапты жас жігітті  арнайы іздеп барып, әңгімеге тартқан едік.

– Вячеслав өзіңізді толы­ғы­рақ таныстырып өтсеңіз. Қай жер­дің тумасысыз?

– Аты-жөнім: Вячеслав Чер­­нев. Жасым жиырма үште. Бү­гінде Варшава университеті, шығыстану факультетінің докторантымын. Ал туған жерім ту­ралы айтар болсам, Ресейдің Орын­бор қаласында туып-өстім.

Мен отбасымдағы перзент­тердің ішінде үлкенімін. Менен кейін қарындасым және інім бар. Отбасымның мүшелері Орынбор қаласында тұрады.

– Сіз игерген немесе оқып үй­­рену үстіндегі тілдердің жал­­пы саны оннан асып жығы­ла­ды екен? Жалпы, шет тіл­ін меңгеруге деген мұндай ын­­ты­зарлық, әуестік қайдан кел­ді? Тегіңізде өзге ұлт­тардың қаны бар ма?

– Осы мағыналас сауалдарды көп естимін. Тегіме келер бол­сам, әкем де, анам да ресми түрде «орыс» деп жазылған болса да менің шежіремде тек орыс­тар емес, өзге халықтардың да қа­ны бар. Мысалы, бойымда анам жағынан коми халқының қа­ны бар екендігін білемін. Ал әкемнің анасы Подляшье (Поль­ша) жеріндегі белорустар сияқты сөйлейтін. Сондықтан менің бо­йымда белорустың да, по­ляк­тың да қаны болуы мүм­кін.

Менің шет тілдеріне әуесті­гім мектеп қабырғасынан, яғ­ни Орынбордан басталды. Алғаш­қыда алтыншы, жетінші және сегізінші сыныптарда шет тілі ретінде ағылшын мен неміс тіл­дерін оқып үйрендім. Сосын өзге мектепке ауысып, ағылшын мен француз тілдеріне ден қой­дым. Он бірінші сыныпта оқып жүргенде француз тілінен олим­пиадаға қа­тысып, жүлделі орын алуыма бір­неше балл жетпей қалғаны бар.

Түркі тілдеріне келер болсам, бұл тілдермен жақын танысуым алтыншы сы­ныптан басталды. Математикадан сабақ беретін мұғалімім татар ұлтынан еді. Тілге деген қызығушылығымды аңғарған ұстазым маған татарша-орысша сөздік берген болатын. Сол кезде әлгі кісіден аз да болса татар тілін меңгердім. Ал башқұрт тілін өз бетімше үйреніп алдым. Уақыт өте башқұрт уикипедиясына жаза бастадым. Қазіргі уақытта башқұрт уикипедиясында әкімгермін.

Менің башқұрт тілін мең­ге­руіме Уфада оқуым өз ық­па­лын тигізді. Алғашқы екі жыл мен Орынбор мем­лекет­тік пе­да­гогикалық уни­верси­тетінің шетел филологиясы­ факультетінде (ағылшын және француз тілдері) білім алып, соңынан Уфадағы М.Ақ­мол­ла атындағы Башқұрт мем­лекеттік педагогикалық уни­вер­ситетінің башқұрт фило­ло­гия­сы факультетіне ауыстым. Он­­да мені бірден төртінші курс­қа қа­былдады. Осылайша универ­ситет қабырғасында баш­құрт тілінде де білім алдым.

Білім алу барысында көп­теген тілдерді, оның ішінде баш­құрт тілін үйренушілердің аз болу себептерінің бірі тілді оқытудың оңтайлы еместігіне көз жеткіздім. Сондықтан студент кезімде баш­құрт тілін үйренушілерге арнап өзімнің оқыту әдістемемді жасап шықтым.

– Вячеслав, сіз башқұрт тілін өз әдістемеңіз негізінде оқыт­қан екенсіз. Тіпті сіздің сабақ­тарыңыз қоғам тарапынан үл­­­кен қызығушылыққа ие болып, Башқұртстанның «БСТ» те­леарнасынан бірнеше маусым бойы көрсетілген де екен. Сол туралы айта отыр­саңыз?

– Иә. Ол бір қызықты жоба бо­латын. Телеарнада «Мен баш­­құрт тілін үйренемін» атты бағ­дарламаның жүргізушісі болдым. Бағдарламаға башқұрт ті­лін білуге ниетті өзге ұлттың өкіл­дері де қатысты. Осылайша мен тілді оқыту бойынша өз әдіс­те­мемді жетілдіре түсумен қатар, те­левизия саласынан да үлкен тәжірибе жинақтадым. Аталған бағдарлама көрермен тарапынан да өзінің жоғары бағасын алды.

– Енді біздің оқырманымыз­ды сөзсіз қызықтыратын сауа­лымызға көшсек. Қа­зақ тілін үйренуді қашан баста­дыңыз? Және қазақ тілін үйренуде туыс­қан башқұрт тілінің қан­ша­­лықты пайдасы тиді?

– Мен қазақ үшін өзіндік орны бар Орынбордың тумасымын ғой. Қазақ тіліне қызығушылық та­нытуым алдымен осы фактормен байланысты болса керек. Екін­шіден, жалпылай алғанда мен үшін башқұрт, татар және қазақ тілдері ешқашан шет тіл­дері болмаған сыңайлы. Олай дейтінім, бала кезімнен өзім туып-өскен қалада осы тілдердегі сөз­­­дерді сирек болса да естіп жү­ретінмін. Сондықтан қазақ тілін жасымнан естіп өстім деп айта аламын. Мен үшін Ислам діні де ешқашан жат болған жоқ.

Бірақ қазақ грамматика­сын өмірі қолыма ұстаған адам емес­пін. Мен уикипедия­дан қазақша мәтіндерді көп оқимын. Түрлі роликтермен және дерек­ті фильм­дермен танысамын. Осылайша өз қазақшамды қа­лып­тастырдым.

Ресейдегі студент шағымнан жә­не осында да қазақ достарым аз емес. Олармен ұдайы әңгі­мелесіп, өз қазақшамды жетіл­діре, байыта түсу мен үшін әдет­ке айналған.

Ал қазақ тілін үйренуде, тек тілді ғана емес, сонымен қа­тар қа­зақ мәдениетін тануда маған башқұрт тілінің үлкен кө­мегі тиді. Оның себебін, баш­құрт ті­лінің мәдениеті мен ділі­нің қа­заққа жақындығымен түсін­дірер едім.

– Демек, қазақ тілін Қазақ­стан­нан шалғайда жүріп-ақ, ешбір оқу құралдарынсыз, арнайы курсқа қатыспай-ақ үй­рендіңіз бе?

– Иә солай. Меніңше кез келген тілді игеруде ең бастысы ықы­лас пен қызығушылық болса бол­ғаны. Қалғаны уақыттың ісі.

– Вячеслав, осы күнге дейін Қазақстанда болдыңыз ба?

– Иә, былтыр, алғаш рет А.Байтұрсынов атындағы Тіл бі­лімі институтының шақы­руы­мен Ал­матыда өткен конференцияға қатыстым.

– Қазақстаннан алған әсе­ріңіз қандай? Әдетте сіздің қа­­­зақ­ша еркін сөйлеуіңіз өз­ге­лерге қалай әсер етеді?

– Қазақстаннан алған әсерім ке­ремет. Маған сіздердің Прези­денттеріңіздің: «Әрбір қазақ өзара қазақша сөйлесуі тиіс» де­ген сөзі ұнайды. Қазақстанда бол­ғанымда қазақтардың пат­риоттық сезімдері жоғары екен­дігін аңғардым. Өздерінің салт-дәстүрін сақтауға да мән­ береді екен. Меніңше, ол – ма­ңызды ұстаным. Жалпы, өзім қай тілде болсын шұбарламай сөй­леуге тырысамын. Осы орайда өз басым жартылай қазақша, жартылай орысша сөйлейтіндерге таңғаламын.

Ал екінші сауалыңызға келер болсақ, тілді білуіме байланысты қызықты оқиғалар орын алып жатады. Ол менің еуропалық бейнеммен тікелей байланысты болса керек. Әрине қазақтар болса да, өзге түркітілдес ұлт өкіл­дері болса да мені өздерінің ана тілдерін біледі деп ойламайды.

Жоғарыда айтқанымдай, был­­тыр Алматы қаласында болдым. Сонда алдымен Алматыдан Астана­ға ұшатын болып әуе­жай­ға келдім. Құжатымды тек­се­ру­ші қызметкерге беріп: «Сала­мат­сыздар ма? Қалдарыңыз қа­лай?» дегенімде олардың қатты таңғал­ғаны бар.

Өз тілдерінде сөйлегенімде, әрине қазақтар риза болып жатады. Бұған қосарым, менің мұнда орысша сөйлесетін таныстарым жоқ. Өйткені мен әр ұлттың өкі­лімен өз тілінде, яғни, украиндармен украинша, қазақтармен қа­зақша, ал татарлармен татар тілінде сөйлесемін.

– Сізге қазақ тілі несі­мен ұнайды? Қазіргі жазып жат­­­­­­­­­­­қан докторлық диссер­т­а­­цияңыздың қазақ тілі та­қы­­ры­бына қатысы бар ма? Ал өзі­ңіздің келешегіңізді қа­зақ ті­лімен, жалпы өзге түркі тіл­де­рімен байланыстырасыз ба?

– Қазақ тілі маған өзінің ло­ги­калық құрылымымен, бай­лығымен ұнайды. Мысалы, баш­құрт тілімен салыстырғанда қа­зақ тіліне парсы тілінің әсері көбірек болғандығы байқалады.

Әрине өзімнің келешек жос­парларымды қазақ тілімен бай­­ланыстырамын. Болашақта оқы­тушылықпен айналысқым келеді. Алла қаласа, алдағы уа­қыт­та башқұрт тілімен қатар қа­зақ тілін де оқыту жоспарымда бар.

Қазіргі жазып жатқан диссер­тациялық жұмысыма келер болсам, ол қазақ тілімен байланысты емес. Тақырыбым – мәтін син­таксисімен байланысты.

Қазақ тілінен өзге, жалпы,­ түр­кология саласына, түркі дү­ние­сіне қызығушылығым мол. Бір­­неше жылдан бері танымал түр­кітанушы ғалымдармен танысып, араласып тұрамын. Бұл орайда әрине қазақ, башқұрт, татар, қырым татарлары және түрік тілдерін білуім үлкен көмегін ти­­гізуде. Болашақта түркология са­ла­сына ден қою жоспарымда бар.

– Сіздің ғылыммен жүйелі айналысуыңыз, оған қоса бір­неше шет тілдерінде еркін сөй­леуіңіз сөз жоқ сүйсінетін жетіс­тік. Алайда ғылымнан өзге ай­­­­на­лысатын сүйікті істеріңіз бар ма?

– Мен балалық шағымнан жү­зу­мен айналысамын. Оған қо­са әлі де математикаға деген қы­­зығушылығым жоғары. Өзі­ме келер болсам, жиі саяхат­тай­­­тын жанмын. Маған Батыс Еуропадағы, атап айтқанда, Да­­ния­дағы мүгедек жандарға ар­налған инфрақұрылым ұнайды. Сондықтан қазіргі уақытта осын­­­­­дай инфрақұрылымды Вар­ша­­­вада дамытуға аз да болса өз үле­­­­­сімді қосудамын. Келе­шек­т­е жо­ғарыдағы жоспарларыма қо­са бұл маңызды саланы да ала жүргім келеді. Орайы келсе зағип жандарды қолдау бойынша арнайы гранттармен жұмыс істемек ниетім де бар.

 

Әңгімелескен Жандос ӘУЕЛБЕКҰЛЫ,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

ВАРШАВА