• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2012

Тазалық

1585 рет
көрсетілді

Тазалық

Жексенбі, 10 маусым 2012 0:25

Тазалық. Ұлы бабалар алдындағы тазалық. Біз ұлыларымыздың өсиеттеріне тазалықпен жауап қатып жүрміз бе?

Қай тазалықты меңзеп отырсың? – деді бай досым. – Санитарлық тазалық па? Кхе-кхе…

 

Жексенбі, 10 маусым 2012 0:25

Тазалық. Ұлы бабалар алдындағы тазалық. Біз ұлыларымыздың өсиеттеріне тазалықпен жауап қатып жүрміз бе?

Қай тазалықты меңзеп отырсың? – деді бай досым. – Санитарлық тазалық па? Кхе-кхе…

–       Тазалық дейсің бе? – деді кедей досым. – Тазалық қалды ма қазір? Бар ма өзі ондай нәрсе?

–       Менің барлық дүкендерім мен кафелерімде тазалық мәселесі толық шешілген. Өркениетті елдердегідей. Америка мен Италияның және немістердің үлгісін әкелгендердің бірімін. Тазалық жөнінде түк те кінә қоя алмайсыңдар, – деді бай досым. – Өкінішке қарай, қаланы тұтас алғанда тазалық жоқ. Әсіресе, базарлар бықсып-сасып жатыр.

–       Түптің түбінде адамзаттың өз қоқысына өзі тұншығып опат болатыны бешенеден белгілі, – деп кіржиді кедей досым. – Табиғи таза нәрсе осы дейтіндей түк жоқ қой, түк те жоқ. Баяғыда бір саусағымызды тікенек жырып, қанап қалса, топырақ сеуіп жіберсек, жарты сағатта қабыршақ­танып, бір сағатта жазылып кететін еді. Бүгінде топырақ сеуіп көрші, әлгі жараң асқынып, ақырында саусағыңды кестіріп тынасың. Арықтан да, өзеннен де су іше алмайсың. Тек мына байлардың баклашкаға құйып сататын суына қарап, телміреміз енді. Айта берсек, арақ түгілім, спирт те таза емес.

–       Құдайға шүкір, бұлақтар баршылық қой, таудың сулары тап-таза, бекер-босқа таусыла бермегін, – деді бай досым.

–       Бұлақтар да таза емес, – деді кедей досым одан бетер түнере түсіп. – Созақтың бұлақтарына уран араласып, Кентаудың қайнарларына темір мен көмір араласып шығып жатыр.

Екі досымды да сәл-пәл сабырға шақырыңқырай ишаралап, қай тазалықты тілге тиек етпек екендігімді түсіндірдім. Әдетте: “Ол кісі – таза кісі”, – дейтініміз рас қой. Рас. “Иә-иә, мынау министр мынадай, анау министр анадай, өзгелерге қарағанда әнебір облыстың (қаланың, ауданның) әкімінде тазалық бар”, – деп қоятындар аз емес. “Мынау бастық анау бастықтан асып түсті ғой. Алу жағынан”, – дейміз тағы да. “Несін айтасың, сол бір ерен тұлғаның тұла бойы тұнып тұрған тазалық еді-ау”, – деп күрсінеміз кейде.

–       Е-е, солай де, меңзеп отырғаның мұқым-мүлде басқа тазалық екен дә, – деді бай досым ойланыңқырап қалып.

–       Солай! Сені соямыз енді, – деді кедей досым алақандарын ысқылап. – “Бай досым бар деп мен жүрмін. Қай досым бар деп сен жүрсің. Қатып-семіп мен жүрмін. Қатық еміп сен жүрсің” дегендейін, тазалық бар ма сенде, а?

–       Неге жоқ болады? – деді бай досым. – Бар бізде де тазалық.

–       Бүгінгі байлардың бәрі дүниесін адал жолмен арттырған, арамзалықпен, айламен байы­маған, алдаумен ақша таппаған дей алмаспын, – деді кедей дос. – Тазалық қайдан болсын сонда?!

–       Айланы Абай атам да жоққа шығармайды, – деді бай дос. – Кезінде кредитті пайдаланға­ным, ақша ауысқан кезде шаш-етектен табысқа кенел­генім рас. Заман ағымына ілеспекке ұмтыл­дық. Күні-түні ұйықтамай, рыноктың заңдарын зерттедік. Үйренбекке, үйлеспекке тырысып, тапқан-таянғанымызды үнемдеп, үш-төрт мәрте шет елдерге шықтық. Саған ұқсап кіжінбедім біреуге, кінәласпадым ешкіммен. “Түк тазалық жоқ, арақ түгілім, спирт те таза емес” деп шөлмек­тің түбіне түспедім. Несібеміз шығар, ризығымыз шығар, бала-шағамыздың берекесі болар, алғаш­қыда әрі-сәрі күй кешсек те, бірсін-бірсін қатарға қо­сылып, ілгерілегендерге ілесіп кеттік. Бизнес­мендердің бел ортасындамын бүгінде. Әрине, тап-тазамын, кіршіксізбін демеймін. Алайда, тазалық жоқ дегендермен тағы да келісе алмаймын.

–       Тазалықтан тікелей сен тып-типылсың деген жоқпын, – деді кедей дос енді. – Жалпы, бүгінгі байлар турасында, тұтастай алып айтып отырмын.

–       Барлық байлардың тазалығы үшін жауап бере алмаймын, – деді бай дос. – Бірақ, бизнес­мен­дерді, әсіресе шағын және орта бизнес иелерін ақ­тауға бармын. Шағын және орта бизнес иелері­нің басым көпшілігінде тазалық тұнып тұрыпты. Өкінішке қарай, әзірше оларды сол тазалықтан тайдыратын күштер жетіп-артылып жатыпты. Әл-әзір, әзірше дей тұралық, салық төлеушіден салық жинаушы көбірек. Баяғыда мына кісінің бір әңгімесінің кейіпкері, аға шопан “Агропромко­митет” деген ақ үйдің алдында ақ қалпағын түсіріп алып: “Омай-ой, облыстағы күллі қойшы санынан облагропромкомитетте шіренетін шенеуніктер екі-үш есе көп екен ғой”, – деп таңырқайтын. Төлеу­шіні тексерушілер одан да көп. Салық жинаушы­лар қалай жинайды, қайда жинайды, кімге жинайды? Тексерушілер не үшін тексереді, кім үшін тексереді? Міне, гәп қайда? Рыноктың бұлжымас заңы, бұлтартпас жолы бойынша қандай елдің, қай мемлекеттің болсын, ең алдымен өзінің іскерлері ілгерілемесе, отандық орта және шағын бизнесшілер, орташа дәулет иелері көркеймесе, елдің де, мемлекеттің де көсегесі көгере қоймайды. Ал біз, әл-әзір, әзірше дей тұралықшы, шағын жә­не орта бизнестің жас өскіндерін жұлып тастауға, жұлынын үзіп, жуадай солдырмаққа құштармыз. Мәселен, алма ағашының көшетін отырғызасыз, ол көктейді, біраз уақыттан соң гүлдеп, түйіндеп, жеміс салады, піседі. Өкініштісі сол, бізде піспей жатып, тіпті түйіндемей тұрып, салық төле деп дікеңдей, айып саламыз деп айқайлау, тексереміз деп тепсіну басым. Сөйтіп, әлгі алма ағашы мезгі­лінен бұрын сынып тынады, қурап қалады. Тіпті, өйтпеген күнде кәсіп иесінің тазалығына дақ түсіп, бизнесі бөгделеу жолдарға бейімделе бастайды.

–       Ей, ұлы бақытты пади-шахым! – деді кедей дос “Мың бір түндегі” Шәһаризаданың әуеніне салуға тырысып. – Сіздерге, яки байларға салса, бәріне басқалар кінәлі, өзгелер күнәһар болып шығады екен ғой?!

–       Олай деме, әпендім! – деді бай дос. – Әңгіме тазалық туралы өрбіген соң, ойымды ашық білдіруім керек те. “Чип-чистыймын” деп, сен секілді қурай басын сындырмай қарап отырудың несі тазалық? Ал әу баста бәріміздің келіншектері­мізден көрікті болған Шәһаризадаң табанынан тозып, Әбдіжәміл ағамызша айтсақ, “тырыли арық қара қатынға” айналып, Бішкектен тауар тасып, Қытай асып, тамағыңды тоқ қылып жүр емес пе? “Арақ түгілім, спирт те таза емес” деп сен жүрсің кіжініп. Осының да тазалық па? Ең болмаса, баяғы, қала шетіндегі аулаңда тауық асырауға шамаң жетер еді ғой! Болашақта бізге Американың Джонынан алатын тауығымыздан гөрі Жыландыдағы Жаманбайдың тауығы әлдеқайда тиімді болмақ. Джонының тауығынан әр кезде әр бәле шығып-ақ жатыр. Ал өзіміздің Жаманбайдың тауығы да тазарақ, ниеті де түзуірек.

–       Менің арағымда нең бар, спиртімде нең бар? Ары-беріден соң келіншегімде нең бар? – деді кедей дос. – Сен бар ғой, бай болсаң – өзіңе. Бар болсаң – өзіңе. Мен сенен бірдеңе сұрап жүрген жоқпын, білдің бе?!

–       Сен ашуланбағын, – деді бай дос. – Бағана, әңгіме басталардың алдында бәріне шыдаймыз деп уағдаласқанбыз.

–       Жоқ, мен ашуланбаймын, бірақ пікірімді, шындығымды ортаға салуға құқым бар, – деді кедей дос. – “Құлдан да бір тілек” дегендей.

–       Ашуланбасаң, тағы бір тәмсіл шертейін, бүгін басымыз қосылып қалған екен, – деді бай дос. – Бір қазақ тазалығы шамалы тамының жанын­да, қиранды қорасының қасында, қисайған күркесінің көлеңкесінде шалқалай шәниіп жатып­ты. Өтіп бара жатқан өзбек сәлем беріп: “Қазеке, неғып жатырсың?” – десе керек. “Жатырмын”, – депті қазақ есінеп. “Мал өсіріп, егін екпей­місің?” “Онда не болады?” “Өнім жинайсың”. “Өнім жинасам, не болады?” “Сатасың базарға”. “Сатсам, не болады базарға?” “Бай боласың”. “Бай болғасын не болады?” “Не болушы еді, – депті өзбек. – Жатасың да шәниіп”. Сонда, әлгі қазекем: “Слушай, енді мен неғып жатырмын?” – деген екен реніш танытып. Сенікі тап сондай жатысқа ұқсайды. Құй ренжі, құй ренжіме, бірақ өз әрекетіңді өзің жасамасаң, кіржиіп-кіжінгеннен ештеңе шықпайды.

–       Ептеп-септеп, тақырыпты түгелдей маған аударып барасың, байеке, – деді кедей дос. – Әу бастағы әңгіме тазалық турасында-тұғын. Сонымен, сайып келгенде, менен гөрі сен тазасың, тазалыққа жақынсың, солай ғой?

–       Солай ма, олай емес пе, оны қайдам. Алайда, тазалыққа ұмтылатыным рас. Менің фирмаларым да, барлық дүкендерім де, кафелерім де, басқа бизнесім де әлдебіреулердің аузынан жырып, несібесін қырып алып жатқан жоқ. Немесе білім орнын ашып білімсіздікке, ғылым орнын ашып ғылымсыздыққа жойқын жол беріп, сауатсыздық сеуіп, диплом сатып жатқан жоқпын. Байысам, пара алып байып жатқан жоқпын. Сатсам, өзім өндірген аз-кем өнімдерімді сатам, сосын алыпсатарлығым және жоқ емес. Тау ішінде өзімнің таза бұлағым бар. Кей жағдайларда асыра сілтегенімді, шектен шығыңқырап кеткенімді сезінгенде, сол бастауыма барып, тірлігімді таразылап, тазарып қайтам.

–       Ал неге тазару үшін діндарларға, мешіттерге бармайсың? – деп кекесінділеу кейіп көрсетті кедей дос.

–       Баяғыда, тоталитарлық тар кезең туғанда біздің жұртты діннен бездірген дүмшелер еді. Енді дінімізбен шынайы түрде қайта табысар тұста тағы да сол дүмше “діндарлар” көп нәрсені бүлдіріп жатыр деп білемін. Облыстағы мешіттеріміздің өзі де әлі тазалыққа жете алмай тұрған секілді көрінеді. Базбір “діндарлардан”, қаржыға таласып, топ-топқа бөлінетіндерден гөрі кәусар бұлаққа барып, Жаратушыға жалғыз жүгінгенді жөн санаймын.

–       Байеке, Құдайым саған күнімді түсірмей-ақ қойсын, – деді кедей дос. – Алайын деп тұрған мен жоқпын, берейін деп тұрған сен де жоқсың. Тәмсілді біз де білеміз. Дүмше молдалар хақындағы сыныңа құлақ қойсам-дағы, ішкіш атым шығып жүрсе-дағы, мен мешіт жөніндегі көзқарасыңа тіпті қосылмай­мын. Мұхаммед пайғамбарымыз өзінің хадистерінде мешітке бар, имамға ұйы, көппен бірге тазаруға ұмтыл дейді емес пе? Алла-тағала Жерді жаратқанда, ол тербетіліп, теңселіп, шайқала беріпті. Жаратушы Ие Жер бетіне тауларды қойып, әзер тоқтатыпты. Сонда періштелер сұрапты: “Алла! Сенің жаратуыңда мына таулардан мықты нәрсе бар ма?” Құдай: “Темір күшті, себебі ол тауды теседі”. “Сенің жара­туың­да темірден күшті нәрсе бар ма?” “Бар, ол – от, себебі темірді балқытады”. “Ал, сенің жаратуыңда от­тан күшті не бар?” “Су бар, себебі ол отты өші­реді”. “Жаратқан Ием! Сенің қарауыңда судан күшті не бар?” “Бар, ол – жел ғой, суды кептіріп, айдауы­на жүргізеді”. “Құдіреті күшті Иеміз! Сенің жаратқан нәрселеріңнің ішінде желден зоры бар ма?” “Бар! – деді сонда Алла-тағала. – Ол – қайы­рымды да таза адам, егер таза көңілмен қайыр берсе. Егер ол қайырды оң қолымен беріп, сол сәтте сол қолын жасыра алса, жаратылған нәрсенің бәрінен күшті!”

–       Бәрібір, сен сияқтыларға да, мына мемлекет­тік қызметте жүрген жазушы досыма да ештеңе бере алмаймын, – деп күлімсіреді бай дос. – Кейбіреулер секілді жалпақ жұртқа жарияламай-ақ, жандайшап журналистерді жалдамай-ақ, балалар үйлеріне жәрдем беремін, дімкәс жандарға демеушілік жасаймын, жетім-жесірлерге, арақ ішпейтін мүсәпірлерге көмектесем. Өйттім-бүйттім деп ешкімге де айтпаймын. Туған ауылымның дәрігерлік пункті мен клубын жөндеттім.

–       Осы екеумізді айтыстырып қой-е-е-еп, рахаттанып, жамбастап жатқан кісінің мақсаты не? – деді кедей дос.

–       Қайдам, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұ­ха­меджановтың “Көктөбедегі кездесуінің” кейіп­керлеріне ұқсап отырмыз ғой, әйтеуір, – деді бай дос.

–       Тазалық деген асыл қасиет алдымен ақын-жазушыларда тұнып тұрар дейтінмін, кітаптан кітап қоймай оқитынмын. Олжас Сүлейменов пен Шыңғыс Айтматовқа табынатын едім. Сөйтсем, адамға табынбау керек екен ғой. Кешірек ұқтым осыны. Қайбір жылдары адамзаттың Айтматовы сусылдақ Горбачевке тым жақындаңқырап, соның сөзін сөйлеңкіреді емес пе? Сонда, шыным, осы, жүдә, жақтырмадым. Өз басым Айтматовты алты патшадан артық көруші ем. Шығармаларына шық жуыта алмаспын, алайда Төреқұлұлы Шықаңды пенде ретінде Горбачевтің кесірінен сәл-пәл төмендетіңкіреп алдым көңілімде. Олжас та солай, әнебір жыл қазағымның тілін біраз-біраз жасқап, жасытыңқырап сөйледі ғой, жазды ғой. Сөйтіп, өлеңіне, өзге шығармаларына ықыласым баяғыдай бола тұра, өзіне көңілім қалыңқырағаны бар. Әрине, қос алып та ол қылықтарынан төмендеп, тазалықтарынан айныңқырады дей алмаймын. Бірақ, өздері жазып жүргендей, ешкім де періште емес екен дә. Айтпақшы, екеуі де КСРО туралы күрсініңкіре-е-еп сөйлейді-ай…

Кедей досым осыны айтты.

Бай досым бүйдеді сонда:

–       Ақын-жазушылар жайындағы ойымыз бір жерден шығып-ақ тұрыпты. Ұяттау болса да айтайын, мына кісінің көңіліне келмесін (мені айтып отыр), біраз-біраз бай-қуаттанған бизнесмендер мен басшылар бұлардың бәрін бейшара көретінге айналды. Әлдебір әртіс пе, ақын-жазушы ма немесе басқа бір өнер адамы да, келе қалса, салмағы бізге түседі. Дереу демеушілік жасаңдар дейді, салық салады әкімқаралар. Дұрыс-ақ делік, түсінуге болады, өнер өгейсіп қалды, таланттылар тұрмысқа икемсіз келеді, нарық қыспағы қиын тиюде. Өкінішке қарай, әлгіндей әлеуметтік сұраншақтыққа байланысты берілетін әлеуметтік емес сый-сияпаттарға шынайы дарындылар емес, тағы да сол баяғы құлқынын “мансап мен матблага” тескен кемталант (А.Сүлейменов) пысықайлар ие болып жатыр. Сондайды көріп, күйкілене ме, алты патшадан артық көремін демей-ақ қояйыншы, жарты патшадан кем санамайтын суреткерлеріміздің де кейде әкімқаралар, өнер иесін бейшара көретін байшыкештер алдында тектілігінен танып, төменшік тартқанын, ноқталанған бұзаудай бәйпектейтінін байқағанда, қарадай қысылып, жерге қарайсың. Таза тазалық жоқ екен-ау дейсің сонсоң барып…

Осылайша ол екеуі біраз маңайды шарласты, талай-талайды барласты.

Біз де бірқыдыру ойға берілдік. Таза тазалық қайдан болсын, ол Жаратқан Иеге ғана тән шығар. Сирек суреткерлердің бірі Достоевскийдің өзі: “Әр адамның жүрек түкпірінде қылмысқа бейім бір сезім отырады”, – деуге дейін барыпты. Әрине, ұлы жазушы осылай айтқан екен деп, ділдегі тазалықтан тана алмайды адам баласы, қала берді қазақ баласы. “Жүрек түкпірі” дегенде Федор көкеміз қазақ айтатын “мың қалтаның” (жүректегі) біреуін ғана меңзеген мәнзелдес. Шынтуайтында, адамдағы әрбір асыл қасиет тек тазалықтың топырағында ғана өсіп-өнер. Мәселен, осыгүні бәріміз де “рух, рух!” дейміз. Ол құдіретті қасиет те тазалыққа негізделеді, тазалық болса ғана қонады. Рух тазалығы, рухани тазалық дегендеріңіз – бір-бірінен ажырағысыз дүниелер. Немесе, “намыс, намыс!” дейміз. Намыс та тек тазалыққа тән, оның да іргетасы тазалық болмағы ләзім. Әйтпесе, жалған намыс неге керек? Біздің қазақты құртып жүрген, жегі құрттай жеп, кеміріп келе жатқан сол жалған намыс емес пе? Тағы да бүгінде: “Бірлік керек, бірлік! Бөлінбейік, бөлмейік!” – деп жиі айтатындар баршылық. Бірлікке һәм, бөлінбеу-бөлмеушілікке һәм тек тазалық тұғыр болғанда ғана олар шын мәнінде ғұмырлы болмақ. Әйтпесе, “бөлінбейік, бөлмейік!” деп алып, былай бұрыла бере басқаша тірлікке кірісіп кеп кететіндер жоқ емес қой. Бөліне ме бөлінбей ме; бөле ме, бөлмей ме – оны әлгіндей “қайраткерлердің” тілі емес ділі айтады; іші мен ісі біледі. Халық арасын­дағы: “Іш – шиша” дегеніңіздің мәнісі де осында.

“Өтіріктен тілін тыя алмаған адам арамдықтан ындынын тыя алмас. Мен зияны тиер деп күдіктен­ген кісіме – жылы жүзбен күле қараймын. Мұным – пішініммен айтқан өтірік. Адам баласы зиянкес болғандықтан, амалсыз талай, осындай іс істеледі…

Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл”, – депті Шәкәрім қажы.

Тазалық. Ұлы бабалар алдындағы тазалық. Біз ұлыларымыздың өсиеттеріне тазалықпен жауап қатып жүрміз бе? Әл-Фараби былай айтыпты: “Басшы, адам… алғыр һәм аңғарымпаз ақыл иесі, өткір сөзге шешен, өнер-білімге, ғылымға құштар, сауыққұмарлықтан аулақ болмаққа керек; ақиқат пен ақиқатшыл адамдарды сүйе білмегі, жалғандық пен жағымпаздарды жек көрмегі ләзім-дүр”. Иә, ұлы бабамыз Әл-Фараби “Қайырымды қаланың тұрғын­дары…” атты еңбегінде осылай толғаныпты. Ой түйе беріңіз өзіңіз. Қайырымды қала тапқысы, оның адамдарынан тазалықты көбірек көргісі келген ғой бабамыздың. Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз ше? Тазалықтың текті үлгі-өнегесін ол кісі ісімен де, сөзі­мен де бірдей егіз-қатар қастерлей білді. “Өз дініңдегі кісіні дос тұт, өзге діндегі кісіні де дұшпан тұтпаны” меңзеген сол кісі. Тұла бойы тұнып тұрған тазалық-тұғын бабамыздың. “Құл Қожа Ахмет, жеті жаста алдым сабақ. Сегізімде дүние қызығын қойдым талақ. Тоғызымда бір Құдайды көңілім қалап. Әрқашан да Хақтан сабақ алдым, міне”, – дейді Даналық кітабында. Міне, тазалық! Әрине, елдің бәрі, екінің бірі, тіпті миллионның бірі мұн­ша­лық­ты тазалыққа жете алмас. Десек-тағы әрбір адамнан аз ба, көп пе, тіпті титімдей де болса, құнар­лы топырақ сияқты, тазалық қасиет табылмағы жөн ғой. Өйтпеген күнде ол адам деген атты ақтай алмақшы емес.

Тазалық. Текті тұлғалар аманаты алдындағы тазалық. Ол қандай мөлшерде екен бізде? Мұстафа Шоқай түгел түркінің тектілігін, тұтастығын, тыл­сым­дығын, тосындығын таза сақтау үшін қаны мен жанын аянбай жұмсады. Осы жолда ол Отанынан жыраққа шырқырай шығандап, амалсыздан алыстап кетті. Осы күнгі ойраншыл опасыздардай, оспадарсыздардай бәле мен билік қуып емес, Түркістанның тазалығы үшін басын бәйгеге тігіп кетті. Мұстафа мұралары еліне енді-енді ғана етене жете бастады. Шоқай жаққан шамшырақ әр жүректе жарқырауы ләзім. Бұлай болмақ үшін де мың-миллион жүрекке тазалық керек. Әлбетте, кемеңгер күрескерлердің бәрі бірдей шет жұрттарға кете бермеуі де керек-ті. Ұлтымыздың рухани көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожа­нов, Нәзір Төреқұлов тоталитарлық тар қыспақтың құрсауында жүріп те туған халқына қалтқысыз қызмет етті. Ахмет Байтұрсынов Лениннің, Тұрар Рысқұлов Сталиннің өзіне қарсы шықты. Міне, текті тұлғаларымыздың тұла бойы тұнып тұрған тазалық еді дейтініміз осыдан.

Тазалық. Тұрардайын тұлғаның тазалығы. Оның өзгелерден өте-мөте ерекшелігі сол, аса ірі қызметтерде болды. Жиырмадан жаңа асқан күйінде. Рысқұловтың басын бәйгеге тікпей-ақ қоюына, жайбарақат, рахат ғұмыр кешіп, тып-тыныш қана қызметін атқарып, айтқанды істеп, айдағанға көніп, ішіп-жеп, шайқап-төгіп, қарақан басы мен аздаған айналасының жағдайын жасап жүре беруіне әбден мүмкіндігі бар еді. Тазалық, тұтас тазалық деген қиын ғой, елім деп еңіреген Тұрар тазалығынан тая алмады, тектілігінен тана алмады. 1920 жылғы мамырда Тұрар Рысқұлов Ленинге “Түркістан Республикасы жағдайының жоспары туралы” баяндамасын тапсырды. Онда есіл ер ұлттардың өзін-өзі билеуі, түркі халықтарының автономиясы мәселелерін табанды түрде алға қойып, жедел шешу­ді талап етті. Шығыс елдеріне орыс әскерін жіберу арқылы, революцияны желеу етіп, басқыншылық соғыс жүргізіліп жатқанын дәлелді-дәйекті, ашық көрсетіп, бұл әрекеттерге үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Ұлт аймақтарын басқару үшін кеңестік “генерал-губернаторларды” тағайын­даудың, жергі­лікті ұлт қайраткерлерін “ұлтшыл”, “фанат” деп айыптаушылықтың арғы жағында не жатқанын айқындап берді. Ағылшын империализмінің “бөліп ал да билей бер” деген қағидасын коммунистік ұрандармен бүркей отырып, “аса табысты” іске асырып жатқандарын бет перделерін сыпыра баяндай келе: “Әлгі кеңестік “генерал-губернатор­лар” өздеріне тиімді болу үшін жергілікті мұсылман­дардың билікқұмар авантюристік элементтерін қолдап, оларды “ұлтшылдарға” қарсы айдап салуда”, – деп жазды Тұрар.

Тұрардың түркі халықтарының алдындағы, туған ұлтының алдындағы тазалығы осылайша керемет көрінісін тапты. Осылай болғаннан кейін Рысқұлов­ты Ленин қалай мақұлдасын, Сталин қайдан жақтырсын?! Тұрар тазалығы түнеріп келген “Түрккомиссияның” өзін тітіретті-ау, қайран-ай! Жә, бұл жағын бізден басқа да бірталай қаламгерлер, тарихшылар жазған, айтқан. Ал енді біз сол Тұрар­лардың алдындағы тазалығымызды қалай сақтап жүріппіз? Соған аз-кем аялдасақ, айып болмас. Тұрар Рысқұловтың туғанына 100 жыл толуына арналған негізгі шара 1994 жылдың күзінде Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас (Түркібасы) жерінде, Алатау мен Қаратаудың түйіскен төрінде, Ақсу-Жабағылы қорығына кіреберіс тегістікте өтіп еді. Небір жақсылар мен жайсаңдар, ірі лауазымды кісілер, шет елдік меймандар қатысқан. Баяндаманы, өзге кісілердің пікірлерін айтпағанда, сол кездегі Ұлттық Ғылым академиямыздың президенті Кенжеғали Сағадиев сынды білімпаз тұлғамыздың: “Тұрар Рысқұлов – ұлттық көсем, түркі халықтары­ның ортақ көсемі. Тұрар Рысқұлов туралы жақсы айтып жатырмыз, бірақ әлі де жеткізе алмай жүрміз. Үндістан үшін Жавахарлал Неру, Түркия үшін Ататүрік, Қытай үшін Сун Ят Сен қандай алып тұлғалар болса, біз үшін Тұрар – сондай тұлға. Оның түркі үшін, жұрты үшін, ұлты үшін сіңірген еңбегі де, ерен ерлігі де, қалдырған мұрасы да, ой-сана деңгейі де осынау алыптармен терезе теңестіреді”, – деген сөздері талайлардың көкейінде сақталып келеді. Осындай ойларды Тәңіртаудың көкке өрлеген шыңдары да, атақты Ақсу-Жабағылы беткейлері де рахаттана сіміріп, сіңіріп еді. Алайда, ардақты азаматымыздың шығармалары толыққанды түрде басылып шықпады. Он жылдай уақыт өтті, Тұрар мұраларын зерттеу саласы ілгерілемей-ақ қойды. Сол тоқсан төрттің күзінде Түркібасының орталығында Тұрар Рысқұловқа арналған мұражай үйі ашылып еді. Ескілеу болғанмен, екі қабатты, сүйегі мықты, сырлы үй негізінен Әбдінағым Бегманов сынды сыр­баз да іскер жігіттің күш-жігерімен сатып алынған болатын. Амал нешік, сол үй содан бері қунап, құлпырып, ішкі-сыртқы мән-мазмұны нығайып кетпектің орнына, жүдеп-жадап, сыры да, сыны да түсіп тұр, жәдігерліктері де көп аса толықтырылған жоқ. Тіпті осыдан біраз жыл бұрын төбесінен су өтіп, бір бұрышы ойылып, опырылып түскеніне не дерсіз?! Ауданда Тұрар Рысқұловқа арнап қор құры­лып еді, оның басында жүргендерде жылпостық басымырақ болған сыңайлы. Жеке тұрмыстарын жөндеп алған деседі, ал мұражай тозып барады. Міне, кейбіріміздің Тұрардайын тұлғалардың тазалы­ғына қатқан жауабымыздың сиқы осы шамалас.

Хо-о-ош, бұл облыс пен аудан аумағындағы “аумақ-саумақтарымыз” делік. Енді республикаға жоғарылайықшы. Осыдан он жылға жуық уақыт бұрын ел газеті “Егемен Қазақстан”: “Миллиондаған халықты ажал аузынан, ашаршылықтан арашалап аман алып қалған азаматтың алдындағы теңіздей парыздың тамшыдай бөлігі осымен өтелді дейік (Шерхан Мұртазаның романын айтып отыр). Салмақ әлі алда… Шықпай том-том кітабы жатыр. Ол туралы көп сериялы көркем фильм де көрерменін көп күттірмей қылаң берер. Иә, әзірге бұл – сөз. Қор соны іс жүзіне асыруға тастай бекінген”, – деп жазған екен (1993 жылғы 1 шілде). Тұрар Рысқұлов атындағы республикалық қордың құрылғаны туралы сүйінші сұраған осы мақаланы оқып отырсақ, қордың тұсауын Шерхан Мұртаза кескен екен. “Сол Тұрарға бүгін халқы не жақсылық жасайды? Жақсылығын немен қайтарады?” – деген екен. Тұрар Рысқұлов атындағы республикалық қордың ашылу рәсіміне Фариза Оңғарсынова, Асанбай Асқаров, Мырзатай Жолдасбеков, Нұрлан Оразалин, Хасен Оралтай қатысып, сөз сөйлеп, оған үлес қосатындықтарын білдірген екен.

Қайда енді сол қорыңыз?! “Тастай бекінгені”

қайда?

Том-том кітаптары кәне?

Көп сериялы көркем фильм ше?

Мағлұмдалған уағдалар орындалар күн туар ма?

Біздің бүгінгі кейбір “тазалығымыздың” сиқы осындай…

Ал олар – Ахмет, Тұрар, Әлихан, Мұстафа, Нәзір, Сұлтанбек, Жүсіпбек, Мағжан, Жанша.. Қандай таза болды десеңізші!

Тазалық. Ұлт алдындағы тазалық. Бұл турасында біраз баян еткендейміз. Там-тұмдап болса-дағы.

Тазалық. Дос алдындағы тазалық ше? Қандай керемет десеңізші?! Ахмет пен Тұрардың достығы. Достық алдындағы тазалықтары. Тұрар мен Мұхтар Әуезовтің достығы. Тұрар Рысқұловтың болашақ кемеңгер суреткерге қаншалықты көмек жасағаны, жағдай туғызғаны және сол ұлы қамқорлығын титтей де міндетсінбегені – баршаға мәлім. Тазалықтың тамаша үлгісіндей Ғабекең, Сұлтан Оразалиновша айтқанда, “табиғатынан қара жердің кемесіндей салмақты, сабырлы жаратылған, ар-ұятына дақ салмай адал жүріп, бұл тірлікте кісілік қасиетін биік ұстап өткен жан” Ғабиден Мұстафин былай деген екен: “Сарыбала деген атты таңдауымның да себебі бар. 1925 жылы Қызылордаға барғанымда Тұрар Рысқұловтың жақсылығын көп көрдім. Алғашқы жазған хабарларымды, болмашы өлең, фелье­тонымды осы кісі қарап, Бейімбетке жолдап отыратын. Тұрар мені Сарыбала деуші еді. Прото­типіме ат іздегенде осы есім ойға түсті” (“Егемен Қазақстан”, 2002 жылғы 31 шілде).

Міне, тазалыққа – тазалық дегеніңіз осы. Тазалығы тұнып тұрмаса, кез келген қалам иесі тап осылай ағынан жарылып, адалын алға тартпайды. Текті тұлғалардың тазалығына таң қалмасқа болмас. Олардың өзара достығы ғажап-ақ! Қаншама әзәзілдер от жақса да, ібілістер өсек тасып шағыстырса да, асыл қасиеттерінен айнымаған. Ғабекеңнің – Ғабиден Мұстафиннің өзіндей қарапайым, өзіндей салмақты да асыл сөзінен осыны аңғарамыз. Әне, Мағжан ақынға: “Не, Мұхтар туралы құртатын факті бересің, не өзің құрисың”, – дегенде, жаны жалау боп желбіреген, жүрегі алау боп елбіреген шайыр: “Алаштың асылы Мұхтарды сатқанша, өзім құрбан болайын”, – деді қасқайып. Ал сазгер-зергер Ғабит: “Бейімбет жау болса, мен де жаумын”, – деді. Тазалықтың қандай болатынын білгіңіз келсе, біздің Шымкент шаһарындағы Ыбырай қажы Ысмайылұлына қол беріп, сұхбат құрғайсыз. Осынау бір ғажайып жан бүкіл ұлтымыз соңғы жылдарға дейін жете таныңқырай алмай, жетелі табысыңқырай алмай, бірақ сағына, сарғая аңсап күткен ұлы тұлға Нәзір Төреқұ­лов атындағы қор құрып, бәлкім бір институт, тіпті академия тындыра алмас тірліктерді істеді. Ташкенттің, Мәскеудің, Санкт-Петербургтің, Орынбордың ғана емес, алыстағы шет елдердің архивтеріне өзі барды немесе нарқасқа, таза ізденушілерді жіберді. Сегіз жылдың көлемінде сансыз сапарларға шықты, нәтижесінде Нәзір мұралары том-том болып жина­лып, шетінен жарыққа шығып, жұртымен, ұлтымен табыса бастады. Мінекиіңіз, Нәзір қорын тазалық­тың бірегей үлгісі дейтініміз сондықтан. Қорды қалай құрып, қалай жұмыс істетуге болатынын, даңғазасыз, даурықпасыз ғана, үндемей ғана үлкен істер атқару мүмкін екендігін мінәйі ғана мінезімен, шынайы бейнетімен дәлелдеп жүрген Ыбырай қажыны Алла-тағала оңдағай, ұлы ағалар­дың әруағы қолдағай. Нәзір Төреқұлов туралы қазыналардың қолға толайым-тұтас тиетін күні де алыс емес, алайда, тазалықты ту еткен ақжүрек азамат, қайтпас қажыр иесі – қажы Ыбырай көкемізге көп-көп көмек керек, қолдау қажет. Бір өзі бір институт болып тұрған кісіге неге қамқорлық жасамасқа?!

Тазалық жоқ дегеннің жөні жоқ. Бүгінде Астанаға жиі барамыз. Бір вагонда елу-алпыс адам болса, соның қырықтан астамы алып-ұшып, Астанаға қарап қатты қуанады. Яғни, олар – таза адамдар. Біздің мекеме социологиялық зерттеу жүргізеді. Тәуелсіздігімізге әр жүз адамның жетпіс сегізі қатты қуанады екен. Жүздің жетпіс сегізі таза! Солай деп білеміз біз.

“Тазалық жоқ, таза адамдар да жоқ”, – дегенге қосылмаймын өз басым. Біздің ауылда бір астар­сыз сөз айтпас ақсақал бар-тұғын. Өзі мәтел ойна­тып, жұмбақ жасырып, қартыңмен де, жасыңмен де қалжыңдаса берер еді. Сол кісі: “Болса да, болмаса да болатындар бар”, “Болмай-ақ қойса да болатындар бар”, “Болмағанда болмайтындар бар”, – деп, “болу” мен “болмауға” байланысты­рып бірталай мәніс білдіретін-ді. “Болмағанда бол­майтындар бар” дегені тап сол тазалығы тұнып тұрған тұлғаларға арналатын. Кей реттерде айнала­мызда ғұмыр кешіп келе жатқан таза адамдар, талапшыл жандар, бәлкім біреулерге онша ұнай да бермейтін ағалар мен апалар хақында ой кеш­кен­де сол қарияның қағидаларына сүйенетініміз рас. Мәселен, өз облысымыздағы менің кейбір көкелерім (Мекең, Әсекең, Әдекең, Рахаң, Мәкең, Ыбекең, Төкең, Ыдекең, Әбекең, Қабекең, т.т.) болмағанда, небір шындықтар айтылмай қалып қояр еді. Небір сөздің аталары ажалынан бұрын өліп кетер еді. Жүздеген, мыңдаған шәкірттер шындықты бетке айтудан тайсақтап қалатын қарабайырлар қатарын қазіргіден бес-бетер көбейтер еді. Шіренген шенеуніктер мен әр деңгей-дәрежедегі әкімқаралар өткір-өткір сын-ескертпелерді естімес еді, аярлар, көңілдері көрсо­қырланған байлар және обырлар мен жебірлер, жалқаулар мен жабылар есірген үстіне есірер еді… Тазалық атаулы бүгінгіден бетер тозып, азая түсер ме еді? Осылайша соза беруге болар. Алайда, артық айтқанды о кісілер онша жарата қоймайды. Жалпы, бұл кісілердің жаратпайтын жағдаяттары аз емес, “қырсықтығы” да жетіп-арты­лып жатыр. Әсекең, Ыбекең­дердің, Төкең, Ыдекең, Әбекең, Нәкең, Сәкең, Мекеңдердің, Рахаңдар­дың, Мәкең, Қабекеңдердің бәрін болмаса-дағы бірқатарын “ноқтаға басы сыймайтын­дар” сапынан десек, артық емес-ау. Байқасаңыз, заман да, қоғам да, адам да өзгеріп, базбір тұстарында азыңқы­рап, айныңқырап барып, ішінара түзеліп, кей реттерде біржола бұзылып тынып жатыр емес пе? Ал бірақ, біздің “болмағанда болмайтын” көкелеріміз қай заманда да қадір-қасиеттерінен, яки өздеріне “өлшенген” тазалықта­рынан танған емес, онша өзгерген емес. “Қай мінез кісінің қасиеті болса, соры да сол мінездің тарапынан келе­тұғынын” арғы-бергі замандарда бір емес, бірталай данышпандар айтып та, жазып та, шегендеп те, шегелеп те кеткен екен. Тазалық мінез, тазалық қасиет те сондай ғой. Бірталайлар­дың бағы һәм соры болып келе жатқаны – ақиқат. Сондай мінездерінің, тазалықтарының әлдебір қырлары солғын тартса, о кісілер, әрине, басқа біреулерге айналар да кете барар. Өкпек жел соқсын, өлкек жел ессін, бәрібір, “ноқтаға басы сыймайтындар” тура сөйлеп, туғандарына жақпас. Сондықтан да ондай кісілерді жақтыратындар да бар, жақтыр­майтындар және көп. Жақтырмаушы­лардың есе­лей артық болмағы бек бәлкім. “Өл­шеніп берген өмірде соншама шыншыл болмай-ақ, соншама шамшыл болмай-ақ жұрт қатарлы жүре бермей ме?” – десетіндер бар. “Қырсықтығы да өзінің, әйт­песе аузына түсетін олжадан айырыла ма адам?!” – десетіндер де жоқ емес. “Бәрібір, олар қоғамды жөндеп, адамды түзете алмайды ғой”, – десетіндер де жеткілікті. Алайда, менің көкелерім мәнзелдестер, тазалығы басымырақ тектілер болмаса: әнебіреулер аяғын кімнен тартар еді?! “Уа, замана, бөрісің; Кедейдің шықпас төрісің!” – деп Майлықожа атамыз айтқандайын, қоғамды жөнге салу, адамды тезге салу қиын шығар, алайда аярлар аз да болса аяқ тарту үшін тағы да тазалық керек. Арыған сайын тың жортар (Қазтуған) аға­лар, таза тілек жастар аман болғай дейсің сондайда.

Сондай ағаларға, Атыраудан Алтайға дейінгі, Арқадан Алатауға дейінгі аралықтарда, ендіктер мен бойлықтарда мыңдап саналатын ағатайлары­мыз бен апатайларымызға, көрікті де көркемниет жастарға айтқызсақ, қазақ деген сөздің өзі тазалық деген ұғымды білдірмек. Қазақ – қашаннан таза ұлт. Қаны да таза, жаны да таза. Кешегісі де таза, бүгінгісі де таза, келешегі де таза. Қазақтың қан-қасап қырғындардан құрып кетпей, азайса-дағы аман қалғаны – ниетінің тазалығында, салт-дәстүрлерінің таза сақталуында. Салт сақталмаса, дәстүр дамытылмаса, қазекем де сақталмас еді. Есепшілердің мәліметтеріне қарағанда, қазақ шіркін қырып-жоюшылардың кесепатына ұрын­бағанда, қазір бес-алты есе көп болар еді. Бүгінгі бір қазақтың орнында жер бетінде жеті қазақ жүретұғын еді. Сондықтан, қазіргі тірі бір қазақ жеті қазақтың жауапкершілігін арқалауы ләзім. Жауапкершілік дегеннен шығады ғой. Сол аса ділгір жауапкершіліктің өзі – тазалықтың топыра­ғында өніп-өсетін жағдаят. Тал бойыңызда тазалық мөлшері қаншалықты болса, жауапкершілік те соншалықты деңгейде көрініс беріп, көктемек.

Жасырып не керегі бар, тазалық туралы сөзге мысқылмен, мазақы пиғылмен қарайтындар һәм жетіп-артылады. “Мына міскін не тантып тұр-әй?” – дейтіндей, бөтен планетадан “тәліңкімен“ түскендей түксиетіндер де жоқ емес. Бәрібір, таза­лықтың аты – тазалық. Қасаңданған, қатал да қат­қыл кезеңдерде, бәрібір, адам баласы, оның ішінде, әсіресе біздің қазекем өзінің қанында бар, жанын­да бар, тегіндегі тазалық сынды асыл қа­сиет­ті аңсайды, сағынады, іздейді, табады, табына­ды. Тазалыққа талпынады, тазаруға ұмтылады.

Ел бәрін де біледі. Баршасын көреді. Барлығын сезеді. Астанаңыз бен Алматыңыздан бастап ауылға дейінгі, әр көше мен подъезге дейінгі үлкенді-кішілі басшыларыңыз да, қосшыларыңыз да, мемлекетіңіздегі күллі іс-әрекет те, алуан түрлі корпорация, компания, ААҚ, ЖАҚ, ЖШС, фирмаларыңыз бен мыңғырған мекемелеріңіз, т.т. т.б. – бәрі таразыға түспей тұрмас. Көптің көңілі – айна, іші – шиша. Көксандық көрсетеді, мың­ғыр­ған көп газет жазады, радио айтады. Олардан бұрын-ақ қазекемнің құлақтанып қоятынын жоққа шығара алмайсың. Тіпті көксандығыңыздың, көп газетіңіздің, талай-талай радиоңыздың қайсысында қаншалықты тазалық бар екенін, қайсысында қай мөлшерде жиіркенішті жамандық кетіп бара жатқанын талдайтындар табылар. Тиісті орындарда емес, ел ішінде, халықтың кенішінде.

нді, жаңағы жәйтке, бір қазақ – жеті қазақтың жүгін артып, жауапкершілігін арқалап, парызын атқармағы тиіс деген қағидамызға қайта оралайықшы. Кезенейлі кезеңдерде жойылып кеткен жеті қазақтың орнында бүгінде жер басып жүрген жалғыз қазақтың, әсіресе, қазір қарабайыр, қансыз-сөлсіз, жауапкершіліксіз, Жүсіпбекше айтқанда, жабайы, “кәдімгі” кісі болып қалмаққа хақысы жоқ. Жүсіпбек Аймауытов бір ойын тазалыққа, ұлт тазалығына сүйей келе былай дейді: “Ақыл көзінің ауданы тар кісі адамшылыққа пайда келтіре алмайды. Адамшылыққа пайда келтіре алмаған кісі ахлағы әлсіз, жабайы, “кәдімгі” кісі болмақ”.

Адамшылық та, адалдық та, қанағат та тазалықтың топырағында ғана өсіп-өнеді.

Тап-таза, толық тазагерлікке жетпесеңіз-дағы, тал бойыңызда тазалықтың “топырағы” қалай да болмаққа керек.

Тазалыққа ұмтыл, қазақ! Бір-біріңе, өзді-өзіңе, сонсоң өзгеге таза болмақ үшін. Жаратылысыңнан жа­зылған жақсы қасиетіңнен айырылып, қасқа жол­дан қайырылып қалмау үшін. Жаһанданды­ру­дың жаман жағына жұрттан бұрын жұтылмау үшін.

Тазар, қазақ! Тәуелсіздікке қалтқысыз қызмет ету үшін.Мархабат БАЙҒҰТ,жазушы.

Шымкент.

 

28 тамыз 2002 жыл.