Жыл қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерімен кездесуде «Ендігі жылды Жастар жылы деп жарияладық. Ол турасында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Жастарға не керек? Бірінші – білім, екіншіден, үйленетін болса, үй-жай қажет. Жағдай жасалып, жұмыс берілуі тиіс. Төрт нәрсе. Содан кейін бізде «Ауыл – ел бесігі», «Жасыл ел», патриоттық «Жас сарбаз» бағдарламалары бар. Оларға арнайы жағдай жасап, жастардың қабілетін көтеруіміз керек. Әсіресе олар жасалып жатқан шаруаны, Қазақстанның тәуелсіздігін қадірлейтін болар деп ойлаймын. Соған сенемін!», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әрине түрлі бағдарламалар түзіліп, олардың орындалуы жөнінде ақпарлар беріліп, тәп-тәуір істер атқарылатынына күмән жоқ. Мектептен бастап барлық оқу орнында, ұжымдар мен мекемелерде жастардың кез келген бастамалары қолдау табады. Жастар жұмыс істейтін өндіріс орындары, жеке кәсіпорындар ашылады, жастарға арналып үй-жайлар, жатақханалар салынады, газет-журналдарға құлаш-құлаш мақалалар басылады, кірпіш-кірпіш кітаптар мен фотоальбомдар жарық көреді, экрандар телесериалдарға, ток-шоуларға толады, радиоларда көркем хабарлар ұйымдастырылады. Мөлшерін білсек, мұның бәрі орынды. Жекелеген шаралар қатысы болсын-болмасын айдарлы жылдың есебіне жатқызылатыны да белгілі. Ондайға жол берілмесе жөн болар еді. Соңында жылды қорытындылағанда «анау өтті, мынау өтті» деп толтырылған қағаздардан гөрі, шешімін тапқан келелі мәселелерді атқарушы билік өкілдерінен емес, елдің өз аузынан естісек, мемлекетке шын олжа. Негізі, Елбасы да, халық та Жолдаудағы міндет, яғни жастардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру барша істің басты өлшемі болса екен дейді. Сондықтан Жастар жылы тек ойын-сауықтарды, байқауларды, жарыстарды, фестивальдарды, жиындар мен форумдарды түгендейтін жыл болмаса екен деп тілейміз. Осы орайда қоғамда көп айтыла бермейтін, бірақ оның саналы бөлігін алаңдатып жүрген, жастардың ғана емес, тұтас елдің өмірінде маңызы бар және көп болып қолға алатын бірді-екілі мәселені ортаға салғымыз келеді.
Жастардың дәл қазіргі жағдайын бағалағанда «Жастар – қоғамның болашағы», «Жас келсе – іске», «Болашақ жастардың қолында», «Жастарға – қамқорлық», т.б. сияқты мұрат-мақсатты сөздердің қуаты азайып, жалаң ұранның деңгейінде қалып қойғанын өзіміздің таныстар, таныс еместер, барша жұрт айта салатын болды. Оған кім кінәлі?
Әлбетте, мемлекет тарапынан жасалған жағдайлар түгілі Құдайдың өзі тірі жанға теңдей берген мүмкіндікті пайдаланбаған жастарға кінәні арта салу – оп-оңай. Ұлы Абай «жастарға жабылмайтын жала жоғын» осындайды меңзеп айтса керек. Қазіргі күнде еңбек еткен адамның аш қалмайтынын еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін жақсы біледі. Уақытша жұмыссыз болып қалу да таңсық емес, ең бастысы адам еңбексіз болмауы тиіс. Жастар да білімін үнемі, тынымсыз толықтырып отырмаса, көштен қалып қоятынын сезеді. Істің көзін тапқан адамдардың табысы да өсті. Тұтас алғанда, елдің тұрмыс деңгейі артты. Бір анық нәрсе: тойған халық бақытты емес, ұрпағын рухани мешелдіктен сақтап қалған халық бақытты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын шын түсінген көпшіліктің пікірі де осыған саяды.
Үлкендердің «сендердің жастарыңда біз мынадай едік, ананы-мынаны жасағанбыз, ол кезде анау еді, мынау еді...» деген уағызнамасын бүгінгі жастар қабылдамайды. Тіпті ұрпағы өз ата-анасының жолын қайталауы мүмкін емес, міндетті де емес. Өйткені заманы басқа, даму сатысы өзгеше өрілген. Осыған байланысты қан майданға қатысқан әкеміздің тағылымды әңгімесі еске еріксіз оралады. Теледидардан соғыс туралы көрген киноның әсерімен қойылған майдан жайындағы балалық сұрағымызға: «17 жасымда Отан қорғауға аттанамын деп ойлады дейсіңдер ме? Өз еліңнен, жеріңнен аянатын ештеңе жоқ. Басқа түскенді жұртпен бірге көрдік. Е-е-е, маңдайымызға тағдырдың жазғаны ғой, қайтесің оны, соғыстың бетін аулақ қылсын!», деп тәубелі естелігін тез доғаратын. Мектепте жекелеген құрдастардың соғыс тақырыбы бойынша әңгімешілдігін алға тартқанда, «әркімнің өз жолы болады, тағдыры да әрқалай» деп сол бір тақырыпты қаузай беруді ұнатпайтын еді. Соғыстан кейінгі ауыртпалықтардың да көп болғанын тарихтан білеміз. Өткенді жиі қайталап айта беруге болмайтынын сонда ұғынғанбыз. Өткенді айтқанда «қазіргі жастар біз сияқты емес, ал біз болсақ…» деген базынадан гөрі, тарихтан сабақ алған, рухы биік, заманына сай жастарды көріп, оларға қызыға қараған жөн емес пе?
Аға ұрпақтың өсиеттеріне бүгінгі жастарымыз лайық па? Әрине ата жолын жалғаған лайықтылар көп екені – атқан таңдай ақиқат. Сонда да «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын?» деген Ахмет Байтұрсынұлының аталы сөзін кез келген мекеменің маңдайшасынан бұрын барлық басшылардың көкейіне жазып қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Барша саналы жастың білім алғаннан кейінгі Отан алдындағы, ата-ана алдындағы перзенттік парызы – отбасын құру. Өйткені «бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Осы істе жекелеген жастардың созбалақтап жүріп алатыны несі? Отбасын құруға олардың құлықсыз болуының себебі әртүрлі, соның ішінде тұрмыстық қиындықтарды алға тартатындар да жетерлік. Мәселен, статистика бойынша елімізде жасы 25-тен жоғары бойдақ саны 3 миллионнан асады екен, 14-29-ға дейінгілер 4 миллион 650 мыңға жуық, оның ішінде қыз балалардың 28,2%-ы, ал ер-азаматтардың 39,6%-ы бойдақ екен.
Жастар қалай үйленбек? Жеке бастың шаруасы діл әміріне, дін жолына, нақты тұрмыстық жағдайға байланысты болмақ. Ал адал неке-ризықты арттыратын, бақытқа кенелтетін – ата жолы. Аға ұрпақтың асыл міндеті осы қағиданы жастарға ұғындыру, терең түсіндіру болса керек. Шамасы келсе, қолғабыс етіп, көмектесу. Ең болмаса яки жоқ дегенде – кеңесін беріп, қолұшын созу. «Нұр» сүресінің 32-аятында: «Әлі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күңдеріңнің түзулерін үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла оларды өз кеңшілігімен байытады. Алла – мейірімді, кең, бәрін білуші», деп жазылған екен. Тек Ислам дінінде ғана емес, барлық дінде үйленудің адамзат ұрпағын көбейтудегі маңызы айтылады.
Жастардың шаңырақ көтеріп, отбасын құрудан бұрын үйлену тойын қамдау, өткізу машақатынан басы ауыратыны да құпия емес. Бұл жерде асып-тасып, жаман жерді басып жүргендер туралы айтылып та, жазылып та жүр. Әйтпесе ешкім ажырасу үшін үйленбейді. Бұрындары дәм-тұзы жараспағандар ілуде біреу болатын. Оның өзі көзге түрткі, сөзге күлкі болатындай жағдай еді. Қазір бұл жастардың ортасында үрдіске айналып барады: лаң жүргендей, қара басқандай. Ал «үйлену – оңай» деп айтқандар да асығыс немесе қателесіп айтқан сияқты. Қатардан қалмауға тырысып, қарызданады, қарымтасын ойламай қауғаланады. Бұрын әдет-ғұрпымызда болмаған істерге артық шығын шығарады. Мысалы, ата-бабамызда жоқ салт – «қыдырыс» («гулянка») қайдан келді?.. Жол қатынасы ережесін ескермейтіні былай тұрсын, ұзын-сонар автокөлік тізбегінің (тікұшақ жалдайтындар да бар) дабыл қағып, даңғазалануы және бар. Осындай көрініске налып, өмір бойы ұстаз болып істеген марқұм қайын атамыз: «Бұлар ажырасқан кезде де осылай дабыл қағып, сүрең салар ма екен? Солай міндеттесе, дұрыс болар еді», деп мысқылдағаны бар-ды. Сол мысқылдың астарында атанға жүк болар шындық жатқанын бүгінде көріп-біліп жүрміз. Сонда дейміз-ау, жас жұбайлардың сезімдері мінген көлігіне еліргендермен өлшене ме? Көліктің моделі мен нөмірі де бәсекеге түскендей. Осы ретте мұндай мағынасыз «көлік шеруін» шектеуді халықтың сұрағаны қашан?.. Құзырлы мекемелер қатаң жаза қолданбаса, атан жарыс «алысқа апарары» сөзсіз. Ондай жалған бәсекеден бас тартып, жұртқа жағымды іс жасағандарды неге үлгі тұтпасқа? Қызылордалық жас жұбайлардың бос нәрсеге бекерден бекер мал шашпай, той шашуы ретінде тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жерлестеріне азық-түлік таратып, қайырымдылық дастарқанын жайғаны – жер-жерде қолдауға лайық, нағыз ата жолы емес пе?
Бұрынғылардың «бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» дейтін әңгімесін көпшілік біледі. Кезінде үйленгенде «комсомол тойын» өткізіп-ақ ел санатына қосылған қаншама абыройлы азамат арамызда жүр. Заман өзгерді, әлем де жаңарып жатыр. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Осыны басшылыққа алсақ, үйлену тойын өткізудегі менталитетімізді өзгертетін уақыт келді. Көптен күткен тойға екі жастың ата-анасы, ет жақын туған-туыстары мен сыйлы достарын ғана шақыру салтанатты шараны өткізудің өркениетті өлшемі болса, кім сынап, кім мінемек? Еліміздің бар өңірінде жиі қайталанып жатқан даңғазалық пен мақтангершілік төңірегіндегі тойлар жөнінде аузы дуалы қайраткер тұлғалар да айтудай айтып, жазудай жазды. Алайда, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Сонда дәстүрімізді бағалап, ұлтымыздың құндылығын құнттаған елдік сөз далада қалғаны ма? Қазіргі күнде біреуге той өткізуді үйрете алмайтыныңыз айтпаса да түсінікті. Десе де бұл отбасылық шара ғана емес, белгілі бір дәрежеде елдікті танытатын, ұлттық мәдениетті қалыптастыратын және айғақтайтын құбылыс емес пе? Сондықтан оң-солын таныған, өзін сауатты ұлт зиялысы деп санайтын азаматтар және олардың әулеті ортақ іс үшін жауапкершілікті сезініп, өзінен бастап өзгеге үлгі болғанын қалаймыз.
Неке бақыты, отбасы баяндылығы үйленумен емес, үй болумен есептеледі. Үй болудың алғышарттары табыс көзі, үй-жай, жұмыс қана емес, қара шаңырақта алған тәрбие, өнеге болса керек. Ал жаңа отауды құруға атсалысу, оны сақтау – қоғамның, соның ішінде білім ордалары мен еңбек ұжымдарының жауапкершілігі. Шаңырақтың шайқалуы, яғни ерлі-зайыптылардың ажырасуы – тек сол отбасы, әулет, орта үшін әшкере құбылыс, моральдық зардап қана емес, ел демографиясына төнген қатер деп қабылданғаны ләзім. Рухани жаңғыру аясында осы мәселенің заңдылық өлшемін, қоғамдық жауапкершілігін нақты айқындап алсақ, ұлт дәстүрі орнына келіп, әлеуеті артпақ. «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде бірін таппастың» керін келтіріп, қоғамдық ұйымдардың өкілдері – ақсақалдар, әйелдер, жастар белсенділері, тіпті неке қиған дін қызметкерлері бейтарап жүрсе, ондай ұйымдардың тиімділігі туралы не айта аламыз? Бәлкім, ұлттық құндылықтарды қастерлеудің заңдық жауапкершілік нормасын енгізуді ойластырған жөн шығар.
Жас отбасының шырқын бұзатын шетін, пәнауи себептер де баршылық. Соның бірі – ұрпақ сүю бақыты. Өмірде түрлі жағдайларға байланысты ұрпақ жалғастыру заңының да жұмбақтау сәттері ұшырасады. Әрине өркениетті заманда мұны шешуге ғылым мен медицина жетістіктері көмекке келеді. Бүгінде жұрттың бәрінің заманауи ЭКҰ-дан (экстракорпоралдық тәсілден) хабары бар: естіп-біліп, бұйырғанын көріп жүр. Алайда, бұл әдіс әлгіндей жағдайға душар болғандардың бәрінің қолы жете бермейтін, қымбатқа түсетін дүние екендігі де рас. Осы жерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі есебінен ЭКҰ операциясын арзандату жағын қарастырса және оның ақысы медицина қызметкерлеріне соңғы нәтижеге қарай төленсе, дәрігерлер үшін де ынталандыру механизмі іске қосылар ма еді? Бұл, бір жағынан, отбасын сақтап, шаңырақты бекемдеуге ықпал етсе, екінші жағынан, елдегі демография мәселесін шешуге қомақты үлес болатыны сөзсіз.
Осыған байланысты халқымызда бұрыннан бар дәстүрлерді жаңғырту маңызды. Атап айтқанда, ұзақ уақыт бала көрмеген немесе перзентсіз қалу қаупі туған отбасының бауырына ағайын-туғандарының баласын салу арқылы көп шаңырақ сақталынып қалғаны тарихтан мәлім. Бауырмалдық пен жанашырлықтың баға жетпес үлгісі ретінде мұны да орайын тауып, жалғастыруға болар еді.
Жастардың халық санын көбейтудегі мүмкіндігін әлі де зерделей түсу – мемлекеттік органдар үшін көкейкесті мәселе. Соның нәтижесінде тиісті құқықтық-нормативтік актілерге өзгерістер енгізуге де болады. Мәселен, Беларусьте Демографиялық қауіпсіздік жөніндегі бағдарлама қабылданғанда, «Үкімет жас отбасылардың екінші баласы туғанда, үй иелену үшін алған несиесін 25%, үшінші бала туғанда 50%, ал төрт перзентті дүниеге әкелгенде бәрін өз мойнына алатынын» нақтылап жазған. Егер біздің елімізде де осындай жеңілдіктер жасалса, жастарға айтарлықтай қолдау болары сөзсіз.
Жоғарыда айтылғандай, Жастар жылын мемлекет игілігіне айналдыру өскелең буын үшін ғана емес, еліміздің болашағы үшін маңызды болмақ. Осы орайда нақты іс-шаралар жоспарының санынан гөрі, сапасына көңіл бөлсек, біз атап көрсеткен өзекті проблемаларды жүйелі түрде шешуге жол ашылар еді. Сонда құзыретті мекемелердің батыл шешімдерін көрген жастар өз елінің патриоттары екендігін іспен дәлелдеуге ынталанары сөзсіз. Қалада да, далада да іскер, білімді, бәсекеге қабілетті, қайырымды жастар көбейіп, ата жолымен дамудың сабақтастығын сақтайтын еді.
Дархан МЫҢБАЙ,
Парламент Мәжілісінің депутаты