Жексенбі, 26 тамыз 2012 9:53
Осыдан отыз жыл шамасы бұрын “Қырғызфильм” киностудиясы “Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері” деген кинолентаны экранға шығарғаны бар. Ондағы басты кейіпкер Қарабалта атты адам еді. Фильмде ол өзі сері, өзі батыр, өзі мерген тау нояны ретінде көрсетіледі. Кейін елде Кеңес өкіметі орнаған соң Қарабалта Тянь-Шань тауларының арасына орныға бастаған қызылдар заставасына жұмысқа алынады. Сөйтеді де шекарашыларға жолбасшы қызметін атқарады. Келе-келе мерген бұдан да барқадар таппайды. Бірде Қашғариядан өткен көкнәр тасушы контрабанданы ұстай алмай қалған комотряд бастығы бар кінәні із кесуші Қарабалтаға үйіп-төгеді.
Жексенбі, 26 тамыз 2012 9:53
Осыдан отыз жыл шамасы бұрын “Қырғызфильм” киностудиясы “Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері” деген кинолентаны экранға шығарғаны бар. Ондағы басты кейіпкер Қарабалта атты адам еді. Фильмде ол өзі сері, өзі батыр, өзі мерген тау нояны ретінде көрсетіледі. Кейін елде Кеңес өкіметі орнаған соң Қарабалта Тянь-Шань тауларының арасына орныға бастаған қызылдар заставасына жұмысқа алынады. Сөйтеді де шекарашыларға жолбасшы қызметін атқарады. Келе-келе мерген бұдан да барқадар таппайды. Бірде Қашғариядан өткен көкнәр тасушы контрабанданы ұстай алмай қалған комотряд бастығы бар кінәні із кесуші Қарабалтаға үйіп-төгеді. Артынша оны қуғындап, түрмеге жабады. Бұған қапаланып күйінген тау нояны ретін тауып темір тордан қашып шығады да Тянь-Шанның меңіреу түкпіріндегі тек өзі ғана білетін бір аймаққа тартады. Ол атақты Хантәңірі шыңының егегіндегі қырғыздардың ұмыт бола бастаған көне тайпасының айылы еді. Фильмнің бұдан кейінгі оқиғасын баяндап жатудың қажеті жоқ. Себебі, ол сол кездегі идеологиялық ұстанымға сәйкес өте қатты саясаттандырылған болатын. Оны кинолентадағы басты кейіпкердің жоғарыдағыдай “адасу” жолына түскен соң неше түрлі “Одиссей оқиғасын” бастан кешіріп барып қайтадан Кеңес өкіметін келіп тапқан “шешімінен” анық аңғарар едік.
Енді екінші бір туындыға назар аударалық. Ол – “Қазақфильмнің” 1984 жылы экранға шыққан “Ақырғы аманат” атты кинолентасы. Сценарийін ақын О.Сүлейменов жазып, фильмнің түсірілуін кинорежиссер А.Тәжібаев жүзеге асырған, мұндағы оқиға да Тянь-Шань тауындағы Хантәңірі етегінде өтеді. Басты кейіпкер – Ораз мерген атанған сол өңірге белгілі тау нояны. Әңгімені шиырып айтар болсақ, бұл да сол Қарабалта сияқты бетіне ешкім қарсы келмеген нағыз “мен атайын, сен тұр” дейтін ер де өр мінезді марқасқаның өзі. Ол да алдымен қызылдарға қызмет етеді. Содан кейін бұлардан опа таппасын білген соң ат құйрығын кесісіп, ОГПУ тілімен айтқанда “контра” атанып, “банды” болады.
Осы жерде назар аударатын бір жайт бар. Ол – сюжеттері бөлек болып келгенімен, аталмыш екі фильмдегі басты кейіпкерлер – Қарабалта мен Ораз мерген тағдырларының ұқсастығы, оқиғаның да бір жерде – Тянь-Шанның оңтүстік-шығысындағы шекаралық аймақта өтетіндігі әрі уақытының да бір мезгілде – 1928-1929 жылғы кәнпеске кезінде болғандығы.
“Сонда бұл “көшпелі сюжет” қалай, қайдан алынған? – деген ой келеді көкейге. – Оның бастау көзі неде? Қырғыз және қазақ фильмдеріндегі басты кейіпкер – қос мергеннің прототипі кім? Олар өзі өмірде болған адамдар ма, жоқ әлде шартты түрдегі әдеби образ әдісімен алынған жиынтық бейне ме?”
Біздіңше, жоғарыда аталған фильмдердегі оқиғалардың негізі өмірде болған бір-ақ адамда жатқан сияқты. Ол кезінде Нарынқол өңірінде асқан батырлығымен, әбжіл іс-әрекетімен аты аңыз боп қалған Мергенбай атты қыран көз, қырағы жанар қол мерген дер едік.
Бұл кісі кім? Қандай адам болған? Жоғарыдағыдай тұжырым жасауымызға не себеп?
Енді соны айтайық.
Мергенбайдың балалық, жастық шағы қалай, қандай жағдайда өткені, оның құралайды көзге атқан мергендік қасиеті ел назарына ең алғаш рет қашан, қайтіп ілінгені туралы ешқандай дерек жоқ. Жұрттың бұл адам жайында білетіні үш-төрт-ақ нәрсе. Соның алғашқысы, оның 1884 жылы Жетісу губерниясындағы Жаркент уезінің Нарынқол өңірінде туғандығы. Одан кейінгі мәлімет мергеннің есейген кездегі шекараның арғы бетінен келіп дүркін-дүркін шабуыл жасаған барымташы қалмақтармен, ішкі Ресейден қоныс аударған отаршыл казак орыстармен, сондай-ақ НЭП, кәнпеске кезіндегі қызылдар отрядымен қалай жан аямай шайқасқандығы туралы ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп қалған ғажап әңгімелер. Ең соңғы дерек, кеудесін ешкімге бастырмаған осы бір құрыш білекті, жолбарыс жүректі жанның 1932 жылы жат жерде оққа ұшып, опат болғандығы.
Өзі батыр, өзі сері, өзі мерген бұл адам туралы міне, осылардан басқа ешқандай мәлімет жоқ. Десек те, Мергенбайдың белгісіз, жұмбақ, көмескі өмірбаянының көп бөлігін оның ел аузындағы осы күнге дейін жүрген керемет әңгімелер көтеріп тұрғандай. Оқиғасы өте қою әрі адам таңданарлық сол хикаялардың үш-төртеуін баяндауға рұқсат етіңіздер, құрметті оқырман. Сонда кейіпкеріміздің кім екендігі толық белгілі болмақ.
…Нарынқол селосында Ахмет Сарыбаев деген қаршыға денелі қағілез қарт болды. Негізгі кәсібі ұста, ол өзі өте сыпа, дегдар адам еді. Сол кісі 1964 жылдың қысында замандасы Шөкетай Құлболдиев деген қарияның үйіндегі соғымбасыға келіп отырып, Мергенбайдың ел аузына ең алғаш рет іліккен ерлік қимылы туралы мынадай әңгіме айтқаны бар. 1904-1906 жылдардың шамасы болса керек. Ішкі Ресейден жаяу-жалпылап келген қарашекпен мұжықтар қазіргі Нарынқол селосы тұрған жерге жетеді де өздерінше оған Охотничий деп ат қояды. Сөйтеді де, ес жиып, етек жапқан соң төңіректегі ауылдарға көз алартып, күш көрсете бастайды. Сондағысы олардың мұндағы дүкенге қант-шай алуға келген қазақтардың атын үркітіп, көшеге кіргізбеу, орталық базардағы диірменге ұн тарту үшін әкелген бидайларының қабын тесіп мазақтау сияқты қияңқы әрекеттер-тін. Келе-келе бұлар Байынқол өзенінен Қызылұш жазығына қарай су шығаратын бөгенге де иелік етіп, елді оған жолатпауға айналады. Еске түсірейік, осындай оқиғалар дәл сол кездері Арқа аймағында да етек алғаны, оны жазушылар Спандияр Көбеев пен Сабыр Шарипов өз шығармаларында ашына сөз еткені мәлім. Міне, осындай жайт, яғни тоған құлағынан егістікке су бұру үшін келген қазақтарды соққыға жығу, орыстар орналасқан елді мекенге жақындаған жергілікті тұрғындардың малдарын бақшамызға түсті деп атып тастау сол кездегі Жетісу жеріндегі, оның қиыр бір шеті Нарынқол өңіріндегі де қалыпты құбылыс еді.
Жә, сонымен мұндағы келімсектердің зорлық-зомбылығы зорая береді. Олардың шектен шыққаны соншалық, бірде Прохор деген алкеуде мұжық село іргесіндегі қара жолда қаннен қаперсіз кетіп бара жатқан аттылы қазақты қарауылға алып, нысана ретінде атуға дейін барады. Бұдан өткен бассыздық, бұдан өткен қорлық болмас, сірә. Осылай деп күйінген Ұзақ батыр (жазушы М.Әуезовтің 1916 жылғы Қарқара көтерілісі туралы жазылған “Қилы заман” романына басты кейіпкер болған адам – авт.) ақылдасып, кеңесуге елді шақырады.
– Оншақты орыстың оспадарлығына бола атқа қонайын десем, ақыл тоқтатқан адам ретіндегі атыма ұят. Ал үндемей отыра берейін десем, бұлардың күн сайын қанымды қайнатқан мына ит әрекеті өтіп барады. Бұған не дейсіңдер, жұртым? Намысқа басып шауып алайын ба, қайтейін? – дейді назаланған батыр руластарына.
Жиналып отырған ел ағалары Ұзақтың шалт мінезді, шорт қимыл мына әрекетін күтпесе керек, кесімді сөз айта алмай абдырап қалады. Сол кезде олардың арасынан екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі, көзі шоқтай жайнаған жігіт суырылып шығады да:
– Дат, батырекесі! – деп бір тізесін бүккен күйі қамшысын жерге тастайды.
– Датың болса айт! – дейді Ұзақ.
– Бұл жерде мұжықтарға көп болып күш көрсетудің қажеті жоқ сияқты, – деп бастайды сөзін сонда жас жігіт. – Олай етсек, бұлардың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын өкімет Алматыдан әскер шығарары анық. Сондықтан қарашекпендердің осыған дейінгі қысастығына біз алдымен ел ішіндегі бір тентектің ісі дейтіндей кішігірім қияңқылықтармен жауап беріп көрейік. Ал, мұны, яғни, переселендерге тиіп-қашып қыр көрсетуді маған тапсырыңыз. Көрейін мен олардың әуселесін.
Тосыннан айтылған мына сөзге не дерін білмеген батыр жан-жағына қарайды. Бірақ мөндім-мөндім боп мүлгіп отырған жұрттан жөнді жауап ала алмайды. Мұны көріп терең күрсінген Ұзақ: “Жарайды, бұлай да бір әрекет жасап көрейік. Мүмкін осыдан кейін олар ойланып, ақылға келер”, – дейді.
Осылайша батырдан бата алған Мергенбай атты жас жігіт ауылына келіп күні бойы сайланып-қамданады. Сөйтеді де түн ортасынан ауа бере Текестен он бес шақырым жердегі Нарынқолға суыт жүріп кетеді. Селоға иек арта бергенде аласақтанып таң да атады. Байқайды, бұл күн орыстардың пасха мейрамы екен. “Құдай берді!” – деп күбірлейді ол өзі өрмелеп шығып бекінген диірмен шатырынан жүз метрдей жердегі шіркеуге көз тастап тұрып. – Енді алаңға ел тезірек жиналса екен”.
Айтқандай-ақ күн көтеріле бере шіркеуге қарай село халқы ағылып келе бастайды. Бір мезетте, яғни күмбездегі қаңғыр-күңгір етіп қағылған қоңыраудан соң қолындағы шынжыр шамдалды түтіндеткен поп көрінеді. Шоқынуға келген ел сілтідей тына қалады. Осы мезетте таңғы тымық ауаны қақ айырған күйі тарс-тарс етіп екі рет атылған мылтық даусы естіледі. Сол-ақ екен шіркеу төбесіндегі ағаш крест жан-жаққа жаңқа-жаңқа боп ұшады. Сөйтеді де оның қалған ұстыны шиық етіп бір жағына қисая құлайды. Іле әуеден қаңғалақ ойнап келіп, алаң жиегіне топ ете түседі. Мұны көрген поп сілейіп тұрып қалады. Дьякон ойбай сап сақалын жұлады. Ал мұжықтар болса есі кетіп, бала-шаға азан-қазан болады. Переселендер өстіп бақырып-шақырып жатқанда диірменнің су ағатын науасымен өзенге сырғанап түскен Мергенбай жағалаудағы тоғайға кіріп жоқ болады.
Шынын айту керек, ай мен күннің аманында қайдағы бір “басурманның” өздерін осыншалық басынған мына мазағы кәпірлердің төбесінен жай түсіргендей болады. О заманда бұ заман, шіркеудің төбесіндегі кресті жабайы қыр қазағы атып түсіріп кетіпті дегенді кім естіген?! Және мұның қасиетті пасха күнінде болғанын қарамайсың ба… Бұл өзі естір құлаққа ұят, көрер көзге жаман ырым ғой. Масқара!!! Естерін жиған соң осылай деп күйінген казак орыстар жұдырығын түйе кіжініп, жерге түкіре тепсініп қатты қорланады. Қапаланады. Содан соң ертеңнен қалмай атқа қонуға, сөйтіп түземдіктердің тұқымын тұздай құртуға серттеседі де бар өшін медуха мен самогоннан алып, түнімен жорық әнін айтып сенделеді.
Таңертеңгі оқиғадан кейін: “Селода не болып жатыр екен?” – деп қараңғы түсе Нарынқолға қайта айналып соққан Мергенбай тоғай шетінен баспалап қараса, мұжықтардың жоғарыдағыдай шала мас боп жүрген қимыл-әрекетін көреді. Біраздан кейін үйлердегі оттар сөніп, көшелерде тыныштық орнайды. Ал біздің кейіпкеріміз болса түнді кірпік ілмей өткізіп, таңның атуын тағатсыздана күтеді. Ертесінде күн шыға арақты бастары қалғанша ішкен мұжықтар мәңгіріп жүріп аттарын ерттеп, алаңға жиналады да, жорық алдында құлшылық ету үшін шіркеуге кіреді. Осы мезетті күтіп жатқан Мергенбай өзен жарқабағындағы бақылау орнынан шығып, қалақайлардың арасымен селоға білдірмей келіп кіреді. Сөйтеді де орыстардың екі дөңбекті екі жағына қойып, ортасын ұзын бөренемен бекіткен мамағаш қатарларына еңбектей жетіп, ондағы байлаулы тұрған отыз шақты аттың шылбырларын кездікпен қиып шығады. Іле шеттегі біреуіне міне сала, қалың жылқыны өткелге қарай дүркірете айдап жөнеледі. Сырттағы тұяқ дүрбірінен тағы бір пәленің болғанын біліп, шіркеуден сүріне-қабына шыққан келімсектер не істерлерін білмей сілейіп тұрып қалады. Қарайды, алаңдағы екі-үш қатар мамағашта бірде-бір ат қалмаған. Оларды кешегі оңбаған басурман көз ұшында шаңдата айдап әкетіп барады. Ақымақ болды деген осы. Аяқ артар лаусыз жорыққа шығып көр енді…
Өздерін соңғы екі күн бойы жер қылған мына әрекеттен ұнжырғасы түскен переселендер: “ Не істейміз енді?” – дегендей ақылдасуға отырады. Шіркеу төбесіндегі кресті атып түсіру… Жорыққа мінетін аттарды ер-тұрманымен айдап әкету… Осының бәрін істеп жүрген бір ғана дикарь… Ал олардың мұнда оны немесе жиырмасы келсе не болмақ? Айтқандай ертең әлгі зәнталақ тағы айналып соғып, үйлерімізге от қойып кетіп жүрмесін. Сондықтан басымыз аман, бауырымыз бүтін тұрғанда сауға деп араға елші салайық.
Осындай шешімге келген село общинасы ертесінде поп пен сол төңіректегі қазақтардың Нарынқолдағы жалғыз тамыры Николай Набоковты (бұл кісі 1902 жылы неміс ғалымы Г.Мерцбахердің Хантәңірі шыңын зерттеуге келген сапарына жолбасшы болған адам – авт.) Ұзақ батырдың ауылына араағайындыққа жібереді.
–Құдай біреу… Біз оның күнәһар пенделеріміз, – дейді тарантастан рясасын шұбалта түсіп жатқан дінбасы Ұзаққа. –Мұжықтардан бір қателік өтті. Енді ондай жағдай қайталанбайды. Басбұзарларды, қазақтарға қияңқылық көрсеткен тентектерді тыямыз дейді село общинасы. Осы сөзіме сеніңіз, батыр. Бұл біздің шын уәдеміз. Анттан аттасақ, қарғыс атсын! Міне, крест… Міне, Христос!
…Білетіндердің айтуынша Ұзаққа керегі де осы сөз болған сияқты. Өйткені, ол кезде переселендердің артында олардың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын өкімет тұрды емес пе. Жергілікті қазақтар тарапынан сәл қарсылық сезілсе, губернатор Верныйдан әскер шығарып, елді қанға бөктіруі бек мүмкін еді. Осыны сезіп, білген Ұзақ мәселені ушықтырмай, поптың кешірім сөзін қабыл алып, мұжықтардың жылқыларын өздеріне қайтартып бергізген екен. Содан бастап Мергенбайдың есімі ел аузына ілігеді. Қазақтар орыстармен тамыр болып, бейбіт өмір сүруге көшеді.
Осы біз қит етсе: “Орыстан көрген қорлығымыз-ай!…”. “Бұлардың бізге істемегені бар ма-ай…” дейміз. Дұрыс қой, бірақ ол кездегі қазақтар үшін басқа ұлттар да оңай жау болмаған. Оған мәселен Маңғыстаудағы адайлар Үстіртте ғасырлар бойы түркімендермен қалай шайнасып өтсе, Жетісудың Тянь-Шань тауларындағы албандардың да қырғыздармен, одан қала берді қалмақтармен нақ осылай арпалысқаны анық дәлел. Мұны әсіресе шекараның арғы бетінен сайланып келіп, қандастарымызды қан қақсатқан қалмақтардың небір сұмдық әрекеттерінен көруге болады. Дәл сондай бір жағдай 1915 жылы Нарынқолдың Сырт жайлауында болған. Оқиға қалай басталған дейсіздер ғой… Айтайық.
Бір күні Ұзақ батыр өзінің жора-жолдастарымен қырғыз еліндегі үлкен тойға аттанады. Мұны ел ішіндегі жансыздардан алдын ала біліп алған Қытай шекарасындағы қалмақтар тұтқиылдан келіп, бейқұт жатқан ауылға бөрідей тиеді. Олардың қатігездіктері сондай, өрістегі үш үйір жылқы мен желідегі отызға жуық құлынды биені былай қойғанда, тігулі тұрған киіз үйлердің жасау-жабдықтарын да түк қалдырмай сыпырып алып, туырлық пен басқұрға дейін үптеп кетеді. Бұл оқиғаны ойда шөп шауып жатқан Мергенбай жайлаудан келген жаушыдан сол күні ел орынға отыра бере естиді. Хабар тиісімен батыр жанына Асаубек пен Тойбай деген серіктерін ертіп алып, Хантәңіріні жанай өтетін Асутөр шатқалына қарай тартады. Өйткені, ол қалмақтардың Қытайға қайта өтуі үшін осы жерден басқа жолмен жүрмейтінін және барымташылардың сәскеде айдаған жылқыны таң ата сол асуға жеткізетіндігін дәл болжайды. Сөйтіп қуғыншылар жетектеріндегі аттарына ауысып міне отырып, жерге жарық түсе бастағанда діттеген тұсқа жетеді де жақсылап тұрып бекінеді. Көп ұзамай күн шығып, барымташылар да көрінеді. Топтың алдында ала тақиясын шыт орамалмен баса тартып, қаусырмалы сырма шапан киген бір адам ноқталанған кәрі айғырды тақымға сала тартып, сол арқылы қалың жылқыны шұбырта ертіп келеді екен. Оны ұзақ бақылаған Мергенбай бір мезетте: “Мынау мұсылман баласы болып шықты. Қалмақтарға жалданған қашғарлық-ау шамасы. Қанын мойнымызға жүктемейік. Ескерту ретінде оның иығындағы мылтық бауын жұлдыра атайық. Қаруы жерге түссе, бізге қауіп төндіре қоймас”, — дейді де, жолбасшы сартты ұзақ көздейді. Әңгіменің тоқетері, жылқының алды шатқалдан шығып, асуға да көтеріледі. Ала тақиялы қашғарлық қалың қойтастың арасында бекініп жатқан бұларға елу қадамдай тақап келеді. Міне, осы уақытта батыр шүріппені басып қалады. Сол-ақ екен сырма шекпеннің иығынан бұрқ еткен мақта үлпектерімен бірге мылтық бауы да қоса қиылып, иесінің арқасынан сусыған винтовка ат тұяғының астындағы тасқа сақ ете түседі. Қаруынан айырылған қашғарлықта ес қалмайды. Иығын бір қолымен баса ойбайлаған күйі кері қашады. Атыс басталады. Ақыры төрт қалмақ оққа ұшып, қалғандары сауға сұрайды. Тізе бүгіп, қолға түседі. Оларды Ұзақ батырдың ауылы көпке дейін ит сілікпесін шығара жалшылықта ұстап, кейін арғы беттен ат-шапан айыбын тартып келген іздеушілеріне қайтарып берген екен. Ал Мергенбайдың “жұлдырып ату” тәсілін содан кейін аталмыш аймақтағы ешбір адам қайталай алмапты деседі үлкендерден бізге жеткен әңгіме.
1967 жылдың жазы. Он бес жастағы бала кезім. Ұлы Қазан төңкерісінің 50 жылдығы жақындап келе жатқан уақыт еді. Міне, осы мерекенің қарсаңында Нарынқол ауданында “Үш ұрпақтың кездесуі” атты үлкен бір мәдени шара өтті. Сонда ғой біздер ауылдың қарасирақтары тұңғыш рет өзіміздің өңірден шыққан Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Тельман Жанұзақов секілді ақын-жазушы ағаларымыз бен Нүкетай Мышбаева сияқты әртіс әпкемізді жүзбе-жүз көретініміз. Ол кісілердің сол сапарынан есімде қалғаны бұл жерлестеріміздің елге жай келмей, өздерімен бірге “Қазақфильмнің” “Арман атаман”, “Қилы кезең”, “Ән қанатында” деп аталатын су жаңа киноленталарын қоса әкелгендігі еді. Осылардың ішінде ауылдағы ата-әжелерімізге ерекше ұнап, көңілдерін керемет толқыныс сезіміне бөлегені “Қиыл кезең” көркемсуретті фильмі болды. Себебі, картинадағы қол пулеметтерді атқа теңдей артып тау жоталарына тосқауыл құрған комотряд жауынгерлері, застава шолғыншыларының көзіне түспес үшін қолат-қолатты қуалай арғы бетке үдере көшкен қалың жұрт, қашқындарды Қытай жеріне өте берер кезде қанжоса ғып қырып тастаған шошақ шлемді қызыл әскерлер.., бәрі-бәрі де олардың бала кездерінде көзбен көрген жайттары, тіпті кейбіреулерінің тікелей бастан кешкен оқиғалары болатын. Осы ащы өмір суреттерін көре отырып, біреуінің әкесі шекарада оққа ұшқан, екіншісінің туысы арғы бетке өтіп кетіп, атамекеніне орала алмай аһ ұра көз жұмған бұл шерменделердің: “Өй, мына Шальдин деген комиссарың біздің Сарыжаз комендатурасын салған кәмәндір ғой…” “Ал анау көшкен жұртты тау асырып әкетіп бара жатқан жолбасшы Мергенбай батыр емес пе?” деп қараңғы клуб залында отырып күбірлескен сөздері әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді.
Иә, 1932 жылдың дүрбелеңін бала кездерінде көріп қалған, сөйтіп арада 30 жыл өтсе де оны әлі ұмыта қоймаған ауылдастарымның бұл болжамында сөз жоқ бір негіз бар еді. Өйткені, аталмыш фильмдегі Шальдиннің 1924-1930 жылдары Жаркент-Нарынқол линиялық шекара заставаларының бастығы міндетін атқарғаны, ал жергілікті жағдайды жақсы білетін Мергенбай батырдың сол кезеңдерде оған көмекші болғаны анық-тын. Бірақ… иә, бірақ кейін қызыл командир мен тау ноянының арасында түрлі түсінбестіктер туып, олардың жолы екіге айырылғаны тағы шындық. Оған себеп болған Кеңес өкіметінің 1928-1930 жылдардағы кәнпеске, НЭП секілді солақай саясатындағы содырлықтар еді. Бұл науқандар бойынша алдымен ауқатты адамдардың мал-мүлкі күшпен тартып алынып, олардың отбасылары басқа жаққа зорлықпен жер аударылды. Содан соң орташа шаруаларға кезек келіп, бұл бейшаралар ет, жүн, астық салығының астында қалды. Тіпті аң мүйізі мен мал сүйегін жинап өткізу керек деген жоспардың да шыққанын қайтерсің. Осындай сорақылықтың салдарынан ел аз ғана уақыттың ішінде қолындағы бірді-екілі ірі қара мен қой-ешкілерінен айырылып шыға келді. Кезек әр үйдегі аяқ артар жылқы малына да жақындаған. Міне, сол кезде: “Ат – қанатым!” – деп білетін қазақ бұл қорлыққа шыдамады. Шолақ белсенділерге: “Білгеніңді істеп ал”, – деген наразылық ретінде олардың бір бөлігі іргедегі Қытай жеріне ауа көшсе, екінші тобы Тянь-Шань тауының сілемдеріне сіңіп кетіп жатты. Өкімет бұларды “банды” деп атады. Сөйтті де қашып-пысқан мұндай бейбақтардың сары ізіне шөп алып түсіп, оларды ұстаған жерінде сөзге келтірмей атып, асуға кірісті.
Мергенбайға Кеңес өкіметінің бұл қатігездігі ұнамады. Оның жоғарыдағыдай бассыздыққа шыдамай, өзінің ішкі наразылығын Жаркент- Нарынқол линиялық шекара заставаларының бастығы Шальдинге ашық айтатыны міне, осы тұс. Сол сол-ақ екен бұрынғы “керемет із кесуші”, “комотрядтың таңдаулы жолбасшысы”, “совет қызыләскерлерінің сенімді серігі” деп дәріптеліп жүрген жан отырса опақ, тұрса сопақ болады да қалады. Еске түсірейік, “Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері” фильміндегі тау нояны Қарабалтаның Кеңес өкіметіне бір-ақ күнде сенімсіз боп шыға келетіні бар емес пе? Міне, Мергенбайдың басындағы жағдай да тура сол оқиғаның нақ өзі еді. Содан қойшы, уақыт өте келе бір күні Сарыжаз комендантының бұйрығымен жорыққа қатысудан шеттетілген, екінші күні қару ұстап жүру құқынан айрылған біздің кейіпкеріміздің заставадан кетуінен басқа жол қалмайды.
Мергенбай үшін енді бір-ақ үміт қалған еді. Ол – тәркілеу мен салықтан зәрезап болып, артельге бірігуден бас тартқан, сөйтіп Тянь-Шань сілемдерін сағалап отырған қандастарына барып қосылу-тын. Сөйтіп қызылдар қырып тастамай тұрғанда оларды жинап, арғы бетке көшіруге көмектесу болатын. Осы мақсатпен батыр 1929-1932 жылдары жат жерге кетуге тәуекел еткен жеті көшті шекарадан аман-есен алып өтеді. Солардың ішінде жұрттың осы күнге дейін аңыз ғып айтатыны Мергенбайдың 80 түтіннен тұратын алтыншы көшті ұйымдастырып, соған жолбасшы болған сапары. Әр отбасында 3-4 жан бар деп есептегеннің өзінде 300 қаралы адамды құрайтын, 800-ден астам малы бар 2-3 ауыл Қақпақ аңғарын бойлай жоғары өрлегенде бұлардың соңына мұздай қаруланған 30 шекарашы түсіп кеп береді. Бірде атысып, бірде із адастырған бұлар Сарықолатқа жетіп, одан Бозымбай сайына аяқ іліктіреді. Осыдан кейін Тұйықашаға бұрылады. Қанша алдаусыратса да комотряд қашқындардың соңынан бәрібір қалмай қояды. Ақыры көш Асутөрге келеді де қос қапталы қалың қар, қарсы беткейі көк мұз аңғардың түкпірінде не ары, не бері жүре алмай тұйықталып қалады. Не істеу керек? Жағдайды ой елегінен тез өткізіп үлгерген Мергенбай алдымен қолында қаруы бар 18 адамды көштен екі шақырымдай жердегі шоңғал тасты мүйіске тосқауылға қояды. Содан соң епті, қиымылы ширақ деген 30-40 жігітті тағы да іріктеп алып, қолдарына балта, шот береді де дереу асудың мұзды қапталынан адамның аяқ ұшы тұратындай кертпеш-кертпеш ойық жасауға жұмылдырады. Ал қалған қатын-қалаш, бала-шағаға комотряд келіп қалмай тұрғанда сай табанына барып, мол ғып отын жинап әкелуге әмір береді.
Қашқындар көші қу жандары үшін осылай арпалысып жатады. Келесі күні сәске түсте аттары әбден болдырған, оның үстіне адасып барып ізді қайта тапқан, сөйтіп әбден ит сілікпесі шыққан шекарашылар отряды қара көрсетеді. Бұларды тосқауылдағы мергендер тобы алыстан жасқай атып, сай аузына маңайлатпайды. Екі жақ аңдысуға көшеді.
Осы жерде комотрядқа жолбасшы болып келе жатқан із кесуші жігіт командиріне: “Қашқындардың осынша адам, осынша малмен ақ қар, көк мұз жапқан мына тұйық сайда жата беруі мүмкін емес. Екі-үш күннен кейін олар жағарға отыны, мал жаяр өрісі жоқ жерден өздері де безіп шығып, бізге келіп беріледі. Сондықтан сол сәтті асықпай күтейік”, – деп кеңес береді. Ал бұл мезетте көштегілер қызу тірлік, қиын жұмыс үстінде еді. Атпал жігіттер қарлы асуға алдымен екі қатар етіп адам аяғы тұрарлық ойықтар жасап шығады. Содан соң сол баспалдақтардың ортасындағы ашық жердің ұзына бойына көштегі киіз үйлердің туырлығын кесіп-кесіп, мұзға сырғымайтындай етіп жапсыра төсейді. Сөйтеді де осы жұмыстың бәрі біткен соң Мергенбай бүкіл жұртты жоғарыдағы қолдан жасалған кертпеш-кертпеш баспалдақтарға қос қатар етіп тұрғызып, ортадағы қылдай “киіз соқпақпен” бар малды бір-бірлеп демей айдатады. Өстіп отырып көш аман-есен таудан асып кетеді. Бұл мезетте комотряд адамдары сайдағы мүйістің ар жағынан сыздықтай көтерілген түтінді көріп: “Қашқындар ешқайда кетпеген екен ғой. Көп ұзамай өздері келіп берілер”, – деп алаңсыз отыра береді. Осылайша бір, екі күн өтеді. Үшінші күні жылтылдап жанған от та өшіп, беткейді көлбеген түтін де сейіледі. Сөйтіп, төңірек жым-жырт күйге түседі. Бұған сезіктенген шекарашылар ақырын-ақырын баспалап келіп қараса, аңғарда жан жоқ, ешкім қалмаған. Жұртта тек көз алдау үшін жаққан от орындары ғана қараяды. Қызыл әскерлер қашқындардың мұз үстіне төселген киізбен, балта, шотпен ойып жасаған тепкішектермен асудан баяғыда асып кеткенін көріп, сандарын бір-ақ соғады.
Қазақтардың таулы асулардағы мұз белдерден мал-жанының табанына киіз төсеп өтуі… Бұл ойдан шығарылған әңгіме емес, құрметті оқырман. Ол жаугершілік замандарда өте көп болған оқиға. Бұған Орталық Азияны зерттеген саяхатшылардың жолжазбаларындағы мысалдарды былай қойғанда, қадірменді қариямыз Халифа ағамыздың “Алтайдан Анадолыға дейін” деген еңбегіндегі деректерді дәлел ретінде келтіруге болады. Сонда ол кісі 1948 жылы Қытайдың Баркөл аймағынан ауған қазақтардың Гималай тауына келгенде жоғарыдағыдай әдіспен мұзды асудан аман-есен асып түскенін егжей-тегжейлі жазған.
Жә, сонымен біз енді кейіпкеріміздің атамекенге келген ең соңғы сапарын айтайық та сонымен әңгімемізді аяқтайық. Бұл Мергенбайдың тәркілеуден қашқан елді арғы бетке өткізудегі жетінші көші еді. Оқиға 1932 жылдың күзінде болған. Батыр соңына ерген 30 түтінді бұл жолы шалғайдағы Хантәңірі етегі арқылы емес, төте асу – Ойқарағай тауымен алып жүреді. Қашқындар Жабыр қырқасынан аса бергенде көшке арып-ашқан екі жігіт келіп қосылады. Әңгіме төркініне қарағанда олардың да ойы шекара асып кету екен. Жұрт жәутеңдеген кейіптегі бұл екеуінен күдіктенбейді, қайта мүсіркеп қатарларына қосып алады. Көш таң ата Қасаң қиясынан өтіп, Қытай жеріне аяқ басады. Осы жерде қалмақтардың тосқауылына тап болып, атыс басталады. Шайқаста Керімбала деген кемпірдің ұлы Нұр оққа ұшады. Мұны көрген Мергенбай: “Қап, мына ит қалмақтың қапыда біреудің жалғызын жайратқаны-ай… Атыңдар, аямаңдар кәпірді! Қырыңдар!” – деп өзі де қарсы жақтағы қалың топқа қарай жүрелей отыра қалып, бірнеше оқ шығарады. Бір кезде мылтығының шаппасын тарта беріп: “Е-е-е…” – деп шалқалай береді. Сөйтеді де қайран ер тілге келмеген күйі жүріп кетеді.
Ел аузынан бізге жеткен әңгіме бойынша оқ батырдың жауырынынан тиіп, ішек-қарынын талқандап кеткен. Сұмдығы сол, ажалдың алдынан емес, артынан орағытып келгендігі еді. Сөздің тоқетері, Мергенбай ту сыртынан атылған оқтан мерт болған. Ал ту сырт деген сөз көш, көштің іші емес пе? Жұрт осы күнге дейін бұл қазаны үдере ауып бара жатқан елге Жабыр қырқасында кездейсоқ қосылған екі жігіттен көреді. “ОГПУ-дің әдейі дайындаған жансыздары екен. Мергенбайды ту сыртынан атқан солар”, – деседі олар.
Міне, Мергенбай осындай адам болған. Мақаламыздың басында айтылған “Қырғызфильмнің” “Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері”, “Қазақфильмнің” “Ақырғы аманат” киноленталарындағы оның прототипі (ол болмаған күнде сюжеттік елесі) желі тартып жатуы әбден мүмкін. Бұлай деуімізге мынадай жайттар себеп болып отыр. Бірінші, оқиғаның жері жағынан бір аймақта, уақыт мөлшері жөнінен бір кезеңге сәйкес келуі. Екінші, бұл өңірдегі қазақтар қырғыздармен баяғыда да, бүгінде де үйі аралас, қойы қоралас болып келе жатқан жұрт. Міне, төскейде малы, төсекте басы қосылған осы көрші ел адамдарының Мергенбай батыр туралы әңгімелерді естіп, білмеуі, ол қырғыз кинематографистеріне ой салмауы мүмкін емес. Үшінші, ақын Олжас Сүлейменовке келер болсақ, оның жас кезінде Хантәңіріні символ тұтып, оны өзінің творчестволық кредосына айналдырғаны, бірнеше мәрте альпинистермен атақты шың етегіне барып қайтқаны белгілі. Оған Олжекеңнің “Қыш кітабы” жинағындағы диалогтары мен “Құс күні” әңгімесіндегі оқиғалар анық дәлел бола алады. Міне, сондай сапарларда ақын жергілікті жұрт аузынан Мергенбай туралы әңгімелерді естуі ғажап емес. Оған оның әкесі, Жетісу өңірінен мол хабары бар адам Әбекеңнің, Әбдуәли Қарағұлов ақсақалдың да қозғау салуы мүмкін. Осыдан келіп “Ақырғы аманат” киносценарийінің тууы табиғи заңдылық.
Тау нояны Мергенбай… Бұл өзі Тянь-Шань сілемдерін көп жылдардан бері кезіп жүрген ертегі еді. Сол ертегінің біз білетін бір елесі осы.
Жанболат АУПБАЕВ,“Егемен Қазақстан”
2004 жыл.