• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2019

Бойжеткендеріміздің болашағына бейжай қарамайық

710 рет
көрсетілді

Бар әлемнің тіршілігін ғаламтор сиқырлы айна сияқты көз алдымызға тосып отыр. Өмір болған соң оның аласы да, құласы да болатынын көз көрген. Алайда, бойжетіп келе жатқан қыздардың арасында беті ашылған, ашынған, адасқан қыздардың үлесі көбейген сайын қоғам алаңдауға міндетті. Мәселен, өткен жы­лы елімізде 50 мыңға жуық қарагөз гимено­пластиканың көмегіне жүгінгенін, қыз­дардың пәктігін сататын халықаралық сайттардың анкеталық базасында біздің бойжеткендеріміз жеткілікті екендігін айтсақ, мұндай жағдайды енді бүркемелеудің жөні жоқ.

Осынау жүрек сыздатар жайттардың жай-жапсарынан толығырақ мәлімет алу үшін биыл қазан айында өткізілген Халықаралық қыз балалар күніне орайластырған пресс-бранчқа қатысқан едік. Бұл шараның «әке-шешесін» айтар болсақ, оны «Шығармашыл бастамашы әйелдер лигасы» қоғамдық қозғалысы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қол­дауымен және Ұлыбританияның Қазақ­стандағы елшілігінің көмегімен өткізді.

Әлеуметтік саясатпен айналысып жүрген қоғам белсенділері мен әкімдіктің тиісті департаментінің қызметкерлері, құқық қорғаушылар жиналған басқосуда өте өзекті мәселелер мен оқиғалар бүкпесіз баяндалды.

Қыз балалардың ерте жастан некеге тұруы, жыныстық бопсалау, бей-берекет жыныстық қарым-қатынасқа түсу, қыз алып қашу, жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырау фактілерінің белең алуы БАҚ өкіл­дерімен бірге ашық талқыланды. Келтірілген статистикалардың ар жағында тұрған адам тағ­дырлары, аянышты оқиға­лар туралы аз айтылған жоқ.

Ең сорақысы, зорлаушы мен зорлану­шы арасындағы бітімгерлік мәмілені ақ­ша үшін ата-аналардың өзі жасап отырғанынан ақиқаттың тұғыр таппай, қаңғып жүргенін көресің. Жиында бұл мәселеде бөтен емес, әлеуметтік саясатпен айналысып жүрген замандастарымыз бірқатар зерттеуін алға тартқан еді. Мысалы, соңғы уа­қыт­та кәмелетке толмағандарға қатысты қыл­мыс­тық құқық бұзушылық 14,7 пайызға өскен. Ал өлім-жітім 25 пайызға артқан және 16 жасқа толмағандарға қатысты жы­ныстық жақындасу мен жыныстық сипаттағы әрекеттер 59,7 пайызға көбейіп отыр. Жасы кәмелетке толмаған қыз балаларды жезөкшелікпен айналысуға итермелеу 100 пайызға еселенген. Дәрігерлердің тексеруінен өткен дені сау қыз балалардың саны – 46,9 пайыз. Сол сияқты 18 жасқа дейін бірінші рет тексерілген қыздардың 25 пайызында жыныстық жолдарының қабынуы, яғни гинекологиялық аурулар бар. Оның ішінде 22 пайыз қызда жыныстық жолмен жұққан инфекциялар анықталып отыр.

Ал Қазақстандағы ең жас ана 13-те екенін білесіз бе?

Бұл аз десек, кәмелетке толмай, босан­ған аналардың арасында өлім-жітім 20-29 ара­лығында, бірінші рет босанғандарға қарағанда 50 пайызға артық.

Осынау сорақы көрсеткіштер туралы «Шы­ғармашыл бастамашы әйелдер лигасы» қоғам­дық қозғалысының жетекшісі Әсия Хайруллина мен адвокат Жанна Уразбахова нағыз жағдайға келгенде бұл сан әлдеқайда аз деп есептейді.

Әсия Хайруллинаның айтуынша, соңғы 5 жылда жасы кәмелетке толмай жатып жүкті болған жеткіншектердің саны 33 мыңнан асқан. Демек, бұл – 15-17 жас аралығындағы қыз балалар. Олардың 10 мыңы түсік жасатуға мәжбүр болған...

БҰҰ қорының мәліметтеріне сенсек, Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы жүк­тілік 1 мың адамға 28 оқиғадан келеді. Сондықтан да өсіп келе жатқан ұл-қызға жы­ныстық қарым-қатынастар туралы жөн сілтеу бұрынғыдан да көкейкесті бола түс­ті. Жаһанданған сайын қыз бала­лар­дың құқы­ғын қорғау мен олардың репро­дуктивтік ден­сау­лығын сақтау керісінше өзекті сипат алып барады.

Заман алға қанша қарыштаса да қыз алып қа­шу да тыйылған жоқ. Көп жағдайда жасына толмай жатып ақ жау­лық жамылғандар некелі әрі бақытты жар болып кетуіне ешкім кепілдік бере ал­май­ды. Сол сияқты діннің атын жамылып, бүгін үйленіп, ертең «талақ» болған тағдырлардың зары тым ащы әрі бөлек мәселе.

Ықтиярсыз жыныстық қарым-қатынасқа түсу, зорлық-зомбылыққа ұшырау балаң тағдырды бүлдіріп қана қоймай, толысып-жетілмеген ағзаға қалпына келтірілместей зиянын тигізеді. Одан да сорақысы баладан туылған балалар – тастанды нәрестелер қоқыстар мен әжетханалардан табылғанына бүкіл қоғам куә болды. Сондықтан адвокат, құқыққорғаушы Жанна Уразбахова қыз балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін қай­та-қайта қоғам болып қозғай беру керек деп есептейді. Оның айтуынша, елімізде ерте жас­тан некеге тір­келгендер саны қазіргі статистикадан әлдеқайда жоғары. Дегенмен, бұл көр­сеткіш 2012 жылы 3 мыңға жақындаса, 2017 жылы кәмелеттік жасқа толмаған қыз балалармен некеге тұрғандар саны 1500 ша­масында болған. Демек, бұл қоғам мен мем­лекеттің осы мәселеде белсенділік танытып, заңдық тұрғыда қатаң шаралар қабыл­дауы­ның нәтижесі болып табылмақ.

– Өкінішке қарай Қазақстанда жыныс­тық зорлық ауырлығы орташа деңгейдегі қылмыс болып саналады да, ары кетсе зорлықшы 5 жыл арқалайды және мұндай жағдайдың 70 пайызы екі жақтың мәмілеге келуімен тынады. Себебі зорлықшы не сол отбасының туысы не мүшесі болып шығады. Ал дамыған елдердің барлы­ғында зорлау ауыр қылмысқа жатады. Сон­дықтан да Қылмыстық кодекстен зорлық­тан кейін екі жақтың бітімге келуі тура­лы норманы алып тастау қажеттігін про­фильді мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен кездескен сайын айтумен келеміз, – дейді заңгер.

Егер сенсеңіз, осы тақырыппен тікелей айналысатын халықаралық ұйымдардың дабыл қағуына қарағанда, қазір жер бетіндегі кез келген ұлттың келешегі дәл қазіргі 10 жас­та­ғы қыз баланың тәрбиесі мен денсаулығына бай­ланысты.

БҰҰ-ның Халық саны саласындағы қоры­ның атқарушы директоры Бабатунде Осо­тимехиннің мәлімдеуінше, бүкіл әлемнiң 15 жыл­дан кейiнгi келбетi дәл бүгінгі осы 10 жас­тағы қыз балалар­дың бойы­на сіңірген тәр­биесі мен денсаулығын сақтауға қолдан келгеннiң бәрiн жасауға қаншалықты дайын екендiгiмiзге тәуелдi болмақ.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ