Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлт мәдениетін жаңғырту бағытында көптеген тың идеялар ұсынды. Мақалада ұлттық музыкамызға жаңаша көзқарас пен тың серпіліс берер жобалар көп.
«Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаланың «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» деген тарауында Мемлекет басшысы: «Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады» – деп атап өтті. Аталмыш антологияның жасалуы халқымыздың бай мәдени мұраларын жүйелеу ісінде зор қадам болары сөзсіз. Бұл болашақ ұрпақтың санасын жаңғыртып, ұлттық болмысты тани түсуіне үлкен мүмкіндік туғызады.
«Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет» – деген Елбасы ұлттық музыкалық мирасымызды жинап, жүйелеу ісін мемлекеттік деңгейде түбегейлі қолға алуды тапсырды.
Бұған дейін де Елбасы тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлттық музыкалық мұраларымыз біршама жинақталған болатын. Жоғарыда аталған жинаққа архивтер мен халық арасында сақталған тың материалдар еніп, ел игілігіне айналарына сенімдіміз.
Қазақтың бай музыкасын насихаттаудың бір жолы таспалап, түрлі форматтарда тарату. Заманауи цифрлы форматқа енгізудің маңызы зор екенін баса айтқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлы форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды. Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжетінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз» деді. Жаңа бағытта іске асырыла бастаған бұл құнды жоба бойынша ұлттық музыкалық мұраларымыздың толыққанды цифрландырылып, интернет желісінде қолжетімді болуы өзіміз үшін ғана емес, қазақ халқының мәдениетін танып-білуге ұмтылған әлем жұртшылығы үшін де аса тиімді болмақ.
Н.Ә.Назарбаев: «Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек. Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады. Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет» – деп, мәдениетіміздің насихатталуына ғана емес, дамуына да қатысты тың идеялар айтты. Ауызша және музыкалық дәстүрдің бүгінгі тыңдаушыға түсінікті болуы үшін жағдайлар жасалуын, ондағы архаизмге айналған сөз-мәтіндердің ұғынықты болуына ерекше назар салу керектігіне де көңіл аударған. Ұлттық музыканың бастауында тұрған Қорқыт, Сыпыра, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз т.б. айтулы тұлғалардың шығармаларында кездесетін кейбір көне сөздердің мән-мағынасын ашатын көмекші құралдардың болуы орындаушылар мен ізденушілердің қажеттілігін өтейтін өте пайдалы дүние болары анық. Қазіргі таңда қарапайым тыңдаушы ғана емес, кейбір жас орындаушылардың өздері репертуарындағы халық әндері мен халық композиторларының туындыларында ұшырасатын көнерген сөздердің мағынасын біле бермейді. Мысалы, Балуан шолақтың «Ғалия» әнінде «Кел, екеуміз мінейік тарантасқа» деген жол бар. Мұндағы «тарантас» сөзіне С.Мұқанов «Халық мұрасы» еңбегінде «Салтанатты, төрт дөңгелекті арба» деп түсінік берген. Ал «Сұрша қыз» әнінде кездесетін «Әндір, әндір, әндір-ай» сөзі өсімдіктің атауы. Бұл туралы Б.Қыдырбекұлының «Түгел сөздің түбі бір» кітабында айтылады. Осы тәріздес ән мәтінінде кездесетін сөздердің мән-мағынасын орындаушының жақсы біліп, тыңдаушыға сауатты жеткізе білуі керек. Сонда ғана ұлттық музыкалық мұраларымыз қателікке ұшырамай, ұрпақтан-ұрпаққа қаз-қалпында жетері сөзсіз. Сондай-ақ Елбасының «фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет» деген идеясы бүгінгі күннің өзекті мәселесін дәл көтеріп отыр. Олай дейтініміз, елімізде және шетелдегі қандастарымыздың арасындағы әлі де жиналмаған фольклорлық мұраларды жинау бүгінгінің ісі. Зымыраған уақыт көшінде талай қазынадан көз жазып қалмау үшін мәдени мұраларымызды жинастыруды бүгіннен бастауымыз қажет.
Аманкелді КҮЗЕУБАЙ,
Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы халық әні кафедрасының меңгерушісі, Phd докторы,
Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,
халық әні кафедрасының оқытушысы