Жастар жылының ашылуы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы көшбасшыларының форумы өтті. Форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары Леонид Прокопенко, Исламбек Салжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жас табысты кәсіпкерлер, стартаперлер қатысты.
Self-made. Форумның бұл атауын тікелей тәржімелесек, «өздігінен жасалған», яғни қолдан істелген деген мағынаны білдіреді. TEDx форматында өткен шарада, атауында айтылғандай, спикерлердің өз қолдарымен жасаған, өз күштерімен қол жеткізген жобаларын көрсетіп, кәсіпкерлікте көшбасшы болудың қыр-сыры, жүйелі жұмыс жүргізудің жолдары жөнінде білгенімен бөлісуі көзделген. Спикерлерге сәттілік тілеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Л.Прокопенко осы жоба – Жастар жылының ашылуында айтқан Елбасының ұсыныстарын Ассамблея тарапынан нақты қолдау мен онда көтерілген жастардың жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған іргелі істің бастамасы екенін айтты.
Елімізде кәсіпкерлікті дамытуда қарқынды әрі жүйелі жұмыс атқарып келе жатқан бірден-бір ұйым – «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы баяндап, осы салаға қадам басқандарға бағыт беруге әрдайым дайын екендіктерін жеткізді. ҰКП осы уақытқа дейін 100 500 адамды түрлі бағдарлама бойынша оқытқан. Ал 2017 жылы қолға алынған «Бастау Бизнес» жобасы өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға арналған, 2018 жылы 28500 адам аталған жоба аясында кәсіпкерлік курсынан өткен және оқығандардың 16400-і өз бизнес жобаларын қорғаған.
«Utari» компаниясының директоры Әсел Дәулетқызы «Жеңіл өнеркәсіп – дамудың жаңа жолы» атты баяндамасында Қазақстанда кенжелеп келе жатқан киім өндірісін дөңгелетіп отырғанын, оның құпиясы қателіктерден қорықпауда екенін тілге тиек етті. «Қателесуден қорықпау – кәсіпті жаңа бастап жатқандарға айтарым. Ал жұмысын жүргізіп отырғандарға кеңесім: кәсіпкерлікте көшбасшы болу үшін қол астындағы қызметкерлердің жұмыс істеуіне жағдай жасап, әрдайым қолдап, кәсіби шыңдауға арналған курстарға үнемі жолдап отырыңыздар», деген ол өз тігіншілерін Түркия мен Италиядағы таңдаулы семинарларға жіберетінін жеткізді.
Ал Жастар жылының ашылу салтанатында Президент алдында сөз сөйлеген кәсіпкер Тамила Розметова ешкі сүтінің өндірісімен айналысатын «Сарайшық» шаруа қожалығының елеулі нәтижеге қол жеткізуі мен кәсіп жолында табысты болуы – оның өз ісін сүйгендігінен екенін айтты. Оның ойынша, Мемлекет басшысы әркез еске салатын кәсібилік те, жұмысқа жауапкершілік те, содан туындайтын нәтиже де адамның өз жұмысына деген сүйіспеншілігіне тікелей байланысты.
Мүмкіндігі шектеулі деген ұғымның адам рухы мен ішкі мүмкіндіктеріне еш кедергі келтірмейтінін дәлелдеген кәсіпкерлер көп. Біздің елде де бар. Солардың бірі – Халықаралық ақпараттық технологиялар мектебінің басшысы (ISIT) Әмір Сүлейменов. Ол кәсіпкерлікті дамытудың жолдарын ұсынды. Оның мектебінде кәсіпкерлерді тұтынушы тартуға, өз өнімін танытуға, онлайн сауда-саттық жүргізу үшін сайт ашып, әлеуметтік желідегі сауаттылыққа үйретуге бағытталған курстар бар, оларды І топтағы мүгедектерге тегін жүргізеді. «Мәселе айналамызда немесе дене мүшемізде де емес, бар кедергі біздің ойымызда ғана. Бір мақсатты ойға алдыңыз ба, ойланып отырмаңыз, істеңіз. Мәселен, мен мына арбаға отыруды үйрену үшін қаншама еңбектендім, ендігі арманым – аяққа тұру, оған қол жеткізу үшін күн сайын жаттығу жасаймын», деді ол.
Мемлекеттік саясаттың дұрыс орындалуын, қоғам дамуын қалайтындардың көкейінде «жиынның бәрі жалаулатумен өтіп кетпесе екен» дейтін ой бары белгілі. Осы бір форум діттеген ниетіне жеткендей. Тағдырдың тосын жағдайымен далада қалып қойған Жайнагүл (аты кейіпкердің қалауымен өзгертілді) осы сөзімізге дәлел бола алады. «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» қазақ осы күні де «Аналар үйі» жобасын қолға алды. Әлі жасқа жетпеген сәбиімен қолдау көріп отырған Жайнагүл форум туралы «Аналар үйіндегі» қызметкерден естіп келіпті. Оған бүгінгі шарада «Utari» компаниясының директоры Ә.Дәулетқызы тігіншілікке тегін оқытатын сертификат берді. Жайнагүлдің өзінде де тігін ісіне қызығушылық бар екен. Киім тігуді үйренгеннен соң, ISIT мектебінің директоры Ә.Сүлейменов өз кәсібін жүргізуді оқытатын курстан өткізуге уәде берді.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»