• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қаңтар, 2019

«Қызыл кітап» та қамқорлыққа зәру

14985 рет
көрсетілді

«Қызыл кітаптың» бесінші басылымына жеткілікті қаржыландыру болмауы себепті даярлық жұмыстары кешеуілдеп қалған. 

Флора мен фауна қоры қалай анықталады?

Дала тағысы қызыл қасқыр, қара күзен, қабылан және кейбір тау арқарларын енді қазақ жерінен жолықтыра қоюыңыз екіталай. Өйткені бұл жануарлардың Қазақстан жерінде кездескені жайлы соңғы елу жылдан бері бірде-бір дерек тіркелмеген. Түрлі экологиялық факторлар мен жүгенсіз кеткен брако­ньер­лік шабуылдардың кесірінен жеті басты айдаһардай аңыз-ертегі елесіне айналып кете барды.

«Қызыл кiтап» – Қазақстан аума­ғындағы өсiмдiктер мен жан­уар­лардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түр­лерінің жай-күйі туралы мә­­лі­­­меттер жинақталған және олар­­­ды зерттеу, қорғау, өсiмiн мол­а­­йту және орнықты пайдалану жөнiндегi қажетті шараларды қамтитын құжат. «Қызыл кітапқа» енгіз­ілетін тізім жойылып бара жатқан түрлер, саны азайып бара жатқан түрлер, сирек кездесетін түрлер, белгісіз түрлер (яғни, тір­шілігі жеткіліксіз зерттелген, ал саны алаңдаушылық туды­р­ады), қалпына келтірілген түр­лер болып бес санат бо­йынша реттеледі. 

Он жылда бір басылып шыға­тын «Қызыл кiтапқа» өсім­дік­тер мен жануар­лар түрлерін ен­гізу және одан шығару жө­нін­­­де ұсыныстар әзірлеу үшін ве­­дом­ствоаралық ботаникалық және зооло­гиялық комиссия­лар құры­лады.

Ұлан-байтақ Қазақстан аумағының таби­ғат жағдайына сәйкес өс­­ім­діктер мен жан-жануарлар дү­ниесі де алуан түр­лі болып ке­леді. Қазақстан фау­на­сының гено­қоры кітабының (1989) мә­лі­ме­тінше, республикамызда тек омыртқалы жануарлардың (ба­лық­тар, қосмекенділер, бауырымен жор­ға­лау­шы­лар, құстар, сүт­қоректілер) 835 түрі есепке алын­ған. Ал омыртқасыз жән­дік­­тердің тек жартысына жуығы ғана анықталған, яғни 50 мыңдай шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, өрмекші, кене, моллюска бар. 

Жануарлардың жауы – браконьерлер

2006 жылы Үкімет қау­лы­сы­мен бекітілген «Қызыл кітап­қа» дөңгелек­ауыз­дылар мен балықтардың 18 түрі мен түр­ше­ле­рі, қос­ме­кен­ді­лер­дің 3 түрі, бауырымен жорға­лау­шы­лар­­дың 10 түрі, құстардың 57 түрі және сүтқоректілердің 40 түрі мен түршелері, барлығы омыр­т­қалы жануарлардың 128 түрі (түршесі) енген. Олар­дың арасында жоғарыда атап өт­ке­німіздей, І санаттағы сүт­қо­рек­тілердің төртеуі: қызыл қас­қыр, қара күзен, қабылан, тау арқар­ларының – қызылқұм, алтай және қаратау түршелері, құс­тардан ақ ләйлек, қызғылт бірқазан, ителгі, лашын, бидайық түрлері Қазақстан жерінен біржола жоғалып кетсе, мәрмер шүрегейдің қоныстануы жайлы 20 жылдан астам уақыттан бері дерек жоқ. 

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі коми­те­тінің хабарлауынша, табиғат қорғау заңнамасын бұзу дерек­те­рінің жыл сайынғы динамикасы артпаса, азайып отырған жоқ. Салыстырмалы түрде қым­бат баға­ла­на­тын мүйізіне бола қарақұйрық, елік,  бра­конь­ерлер қолынан жиі оққа ұша­тын көрінеді. Мәселен, 2016 жылы 6 арқар, 12 қарақұйрық ауланса, 2017 жылы 3 арқар, 113 қарақұйрық атып алынған. Ал 2018 жылы 2 арқар, 19 қара­құй­рықты заңсыз ату дерегі тіркелген. Жойылып бара жатқан түрге жататын ителгі мен сұңқар құстарын аулау да толастар емес. 2016 жылы 25 ителгі, 2018 жылы 23 сұңқар, 7 ителгі құсы заңсыз шетел асқан. Зоолог мамандардың айтуынша, өзен кәмшаты, қара кірпі, ала жертесер, аққұйрық, үлкен мықи, тұрымтай, жұмбақ шыбыншы, әсем шымшық түр­лері популя­циялары мөлшерден тыс көбей­ген­дік­тен «Қызыл кітап­тың» үшін­ші басылымына енгізілмей, тізім­нен шы­ғарылған. 

Аңды заңсыз ату дерегі жиі тіркелетін аймақтың көшін Батыс Қазақстан бастаса, одан кей­інгі орынға Ақмола мен Солтүс­тік Қазақстан облыстары жай­­ғас­қан. Мұндай заңсыздықтан Ал­ма­ты мен Қарағанды облыс­тары да құрала­қан емес. Сирек кездесетін жан­­уар­­­­ларды аулағаны үш­ін Қыл­мыс­тық кодекстің 337-бабына сәйкес белгілі бір лауазымдарды атқару немесе бел­гілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөл­шерде айыппұл салу көзделген. Болмаса сол мөл­шер­де түзеу жұмыстарына, 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қо­­ғам­­дық жұ­­мыс­­тарға тартуға, бес жылға дейiнгi мер­зiм­ге бас бос­тан­дығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыру жаза­сы тағайындалады. Сонымен қатар заң бұзушыға Қазақстан Республикасының жануар­лар дүниесін қорғау, өсімін мо­лайту және пайдалану сала­сын­дағы заңнамасын бұзудан кел­тір­іл­ген зиянның орнын толтыру мөлшерін айқындау әдістемесі қол­­да­ны­лады. Алайда, заң бра­кон­ь­­­ерлерді ауыздықтауға дәр­мен­­сіз болып отыр.

Зоология институты жабылу алдында тұр 

Қазақстанның қазіргі жануарлар әлемі, сонымен қатар бұрынғы гео­ло­гия­лық дәуір фа­у­насы жайлы жаңа ғылыми мә­лі­меттер алу, олардың эволюция­сын зерттеу және қоршаған орта жағдайына байланысты по­пул­яция динамикасының заң­ды­­­­лығын анықтау – Зооло­гия институтының міндеті. Атал­ған институтта 36 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жет­ек­ші ғы­лы­ми қыз­мет­кер, биология ғылымдарының кандидаты Перизат Есенбекова сирек жа­нуар­­лардың таралуы мен саны жөніндегі мағлұматтардың аз­ды­ғын, сәйкесінше сақтау шаралары жөнінде қандай да бір шешім қабылдау қиындық тудыратынын алға тартады.

– Белгілі бір түрдің «Қызыл кітап­та­ғы» санаты мен «Қызыл кітап» тізіміне енгізілуі үшін қажетті дерек жет­кі­ліксіз. Сондықтан бұл жұмыста саны сирек жануарлар туралы жаңа деректермен қатар, бұдан 10 жыл бұрынғы мәліметтер де пайда­ланылады. Соған сәйкес, «Қыз­ыл кітап­тың» ке­ле­сі басы­­­­лымы жарық көр­генше, маман-зо­ологтарға осы жануар­лар жай­лы жаңа мәліметтер жинау­ға мүм­кін­дік ту­дырып, зерттеу жұмыс­тарын жүргізуге жағ­­дай жасау керек. Сондай-ақ саны азай­­ған немесе көбейген түрлердің са­на­тын өзгерту керек. Бұл жұмыс көлемді және орындау үшін уақытты талап етеді, – деген ғылыми қызметкер бізге бірнеше мәселенің басын ашып берді. Басты себебі ретінде, 1995 жылы арнаулы жабайы жануарларды қорғау зерт­ханасы жабылғаннан кейін саны азайып кеткен хайуанаттарды зерттеу тақырыбы зоология ғылымының жалпы мәселесімен ауыс­тырылған. Осыдан соң саны сирек жануарлар туралы мәлі­мет­тер зоологиялық зерттеулер кезінде ғана жиналатын болған. Жойылып кету қаупі бар жануарлар жөніндегі мұндай аз материалдар зерттеу нәтижелерін қорытуға қиындық тудырып отыр. Тіпті 2020 жылы жарыққа шығуға тиісті «Қызыл кітаптың» бесінші басылымына жеткілікті қаржыландыру болмауы себепті даярлық жұмыстары кешеуілдеп қалған. 

– Қазақстан «Қызыл кіта­бы­ның» келесі басылымын жарыққа шығару үшін зоолог-мамандарға зерттеулер жүр­гізуге жағдай жасап, қаржыны ке­ш­ік­­­­тір­мей бөлу керек. Қазақстан жануар­лары ішінде омыртқалылар ғана емес, омыр­т­қасыз жануар­лар да бар, ол­ар­дың да «Қыз­ыл кітабын»  жары­ққа шы­ғару керек. Мен осы институтқа орна­лас­қа­нымда 800 адам жұмыс істесе, қазір 8 адам ғана қалды. Қаржы бөлін­бе­геннен кейін, ма­мандар күн­көріс үшін әр жаққа тар­ап кетті. Институт жабылудың аз ал­дын­­да тұр, – дейді  Перизат Есенбекова. 

Мамандар «Қызыл кітаптың» келесі басылымы жарық көр­ген­­ше, уақыт оздырмай зоолог-ма­ман­­дарға жаңа мәлімет жи­нау­ға мүмкіндік тудыру, сондай-ақ са­ны азайған түрлердің мәртебесін  Халық­аралық табиғат қор­ғау ода­­ғының жаңа шкаласына сәй­кестендіру керектігін ай­тып, да­был қағып отыр. Одан бөлек инс­титуттың ауыл шаруа­­­шы­лы­ғы, медицина мен таби­ғат­ты қор­ғаудың ғылыми және прак­тика­лық мәселелерін шешуде үлкен маңызы бар 76 жыл бойы жи­нақталған зоология­лық коллекциялары да жүйелі сақ­тауға зәру.

P.S. Жуырда «Ақбөкенге араша боламын» деп браконьерлер қолынан ажал құшқан инспектор Ерлан Нұрғалиевтің қазасы шетелдік басылымдарда да хабарланып, осы саланың түйткілді тұстарына қоғам назарын жаппай аударды. Аң ғана емес, адамның өзіне қару кезенген бүгінгі қоғамда биоалуантүрлілікті сақтау мәселесі салалық мамандар мен табиғат қорғауға ынталы жекелеген адамдардың міндеті ғана еместігін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға түбегейлі реформа керек екендігін көрсетіп отыр. Қазақстандық ғылымның өзіндік сипаттарының бірі қаржыландырудың негізінен қолданбалы зерттеулерге жұмсалатындығы, іргелі сипаттағы зерттеулер қағажу көріп, басымдық ғылыми нәтижеден бұрын ресурстарға бағдарлануының соңы осындай қордаланған күрделі мәселелерге ұласып отыр. Экономиканың бір секторы болатын ғылымның салааралық үйлесуінің жүзеге асырылуы, оның ішінде іргелі зерттеулердің тиімді үйлестірілуі қашанғы ілеспелі фактор ретінде қарастырыла бермек? «Қызыл кітапқа» енген жануарлар туралы мәселені қозғай отырып, «Қызыл кітаптың» өзі қамқорлыққа зәру екенін түсіндік. Ел Үкіметі назар аудармаса, отандық «Қызыл кітаптың» жағдайы мүшкіл.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»