Режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі былтыр мамырда Канн кинофестивалінде жүлдегер фильмдердің қатарынан көрінген болатын. Оншақты күннен бері Франция кинотеатрларында кеңінен көрсетіліп жатқан туынды жергілікті халықтың көңілінен шыққан сыңайлы.
Бүгінгі кино стиль, идея тұрғысынан күн сайын толығып, жаңаша мазмұнымен қоғам айнасына, шамшырағына айналды. Ал өнерден мән мен мазмұн, рухани тірек іздейтін есті көрерменді жеңіл-желпі, арзан әңгімемен алдаусырата қою қиын. «Айка» фильмінің де халықаралық сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болуы өмірдің боямасыз күңгірт тұстары мен жан ауыртар қоғам шындығын қаз-қалпында көрсете алуында болса керек. Фильм Америка кино академиясы тағайындайтын «Оскар» сыйлығының ақтық номинанттар санатына ілікпей қалғанымен, үміткер тоғыз фильмнің қатарына енуінің өзі көңілімізге қуаныш ұялатты. Бұл ретте «Фильм деңгейі туралы айтар болсақ, таныстырылған өзге туындылардан тіпті артық деуге болады. Бұл менің ғана пікірім емес... Промоушен жұмыстарына үлкен қаражатың болмаса, жалпы бұқараға кеңінен танымал ету қиындау», деген режиссер Сергей Дворцевой шағын бюджетпен озудың қисынсыз екенін айтады.
«Айка» – қазақстандық актриса Самал Есләмова түскен Дворцевойдың екінші фильмі. Режиссердің айтуынша, фильм желісіне Мәскеуде жұмыс істейтін қырғызстандық әйелдердің арып-ашқан мүшкіл жағдайы арқау болған. Күнкөріс қамымен заңсыз жұмыс істеп жүрген қырғыз қызы Айка (Самал Есләмова) – қайырымсыз қала өмірі мен өзі сияқты тағдырлас тұрғындарды байланыстырып тұрған бас кейіпкер. Ертеңгі күн алдындағы үмітсіздік, шарасыздық, алдау-арбау дендеген қоғам тұрғындарының мінез-құлқы қатал тұрмыстың илеуімен бар нәзіктігінен жұрдай болған әйел кейпінде суреттеледі. Бір қарағанда сюжеттің әлеуметтік астары мен баяндалу тарихынан 1999 жылы ағайынды Дардендер түсірген «Розетта» фильмі, сондай-ақ украиналық режиссер Сергей Лозницаның «Донбасс» картинасымен үндестік бардай көрінеді. Сырттай байлық пен молшылыққа кенелген алпауыт қаланың озбырлық дендеген өмір сүру жүйесі мен жүдеу тұрмысы тақырыптық тұрғыдан ерекшеленеді.
Францияның бірқатар іргелі басылымдарын шола келе, басты рөлді сомдаған Самал Есләмованың шеберлігі мен режиссер Сергей Дворцевойдың табанды ізденісі француз халқының талғамынан шыққанын аңғардық. Мысалы, La monde басылымы кейіпкер психологиясына жаңаша дем берген актрисаның ойыны үлкен қызығушылық тудырғанын жазады. «Оның жан ұшырған мінезі құрдымға кетіп бара жатқан сезімді айна-қатесіз жеткізеді. Дәрігер оның қансыраудан өлуі мүмкін екенін айтқан сәтте, Айка үнсіз көзін жұмды. Тұрлаусыз өмірді тастайтынын ойлап жеңілдеді ме, әлде ізін суытып, қашып кетуді ойлады ма? Бұл құпия анау жұмылған қабақтың астында», деген мақала авторы «адам құқығынан гөрі иттері бақытты келетін» қоғам тынысын көрсеткен режиссер жігері анық көрінетін сәтті туындыға балайды.
Ал қоғамдық-мәдени өмірдегі басты жаңалықтарды тарататын Art Côte d’Azur онлайн-журналы қар басқан Мәскеудің мейірімсіздігінен жанпида болған әйел образы – кедейшілікті көрсететін жаңаша үлгі екенін, осы орайда «Үздік әйел рөлі» жүлдегері атанған актриса Самал Есләмова кәсібилігімен ешкім таласа алмас деген пікірді алға тартады.
Режиссер тарапынан айқын қойылған мақсат жеке адамды әлеуметтік кейіпкерге айналдырып, көрермен ойы мен зейінін тым күрделеніп кеткен қарым-қатынастар шеңберіне иіреді. Бұл орайда Culturebox басылымының «Режиссер шоу емес, шындықты түсіріп отыр. Оның драматургиясы адам пайдасын емес, жемқорлықты үдететін заң кесірінен құлдырауды сипаттайды. Самал Есләмова осы құрбандықты мүмкіндігінше алып шықты әрі фильмнің бар жауапкершілігін көтеріп алды. Канн фестивалінің қазыларының көңілін босатқан да осы дүние», деген пікірі фильмнің сыншылар ортасында жақсы қабылданғанының айғағы.
Дана МҰСА, хореограф:
– Сергей Дворцевойдың шығармашылығымен бұрыннан таныспын. Басты рөлдегі әйел ешкімді бейжай қалдырмайды. Онымен бірге жылап, бірге ауырдық. Актрисаның шынайы ойнағаны соншалықты, еріксіз сендіреді. Ол ойнамайды, сол сәтті бастан кешіреді. Эмиграция мәселесі барлық жерде бар. Әсіресе Еуропада асқынып тұр. Фильмді көру арқылы жат жерде, бөгде ортада күн кешіп жатқан осыншама адам тағдырын ойлап, қамығасың. Осындай шынайы тақырыпты көтеріп, көпшілікке терең ой тастаған режиссер Сергей Дворцевойға алғысым зор. Ал Самал Есләмова шынайы талант, оның табиғи болмысы су астында жатқан жақұттай жалтырайды.
Джорди Лаготте, фотограф:
– Күрделі фильм желісі сағат бойы көрерменді өз уысынан шығармайды. Осы бір жанкешті әйелдің бастан кешірген оқиғасына біржола еніп кетесің. Режиссердің күнделікті байқала бермейтін өмір шындығын арқау етуі фильмнің басты жетістігі. Кино текстурасы мен түс үйлесімі шығарма атмосферасын аша түскен. Тек қоғам зәбірін шынайы көрсетемін деп шектен тыс, асырып жібергендей көрінді. Жалпылай алғанда фильм өте сәтті шыққан.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»