Сейсенбі, 4 қыркүйек 2012 7:34
Елордада шетелдік мамандардың қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан кардиохирургтерінің бірінші ұлттық конгресінде отандық кардиохирургияның өзекті мәселелері талқыланып, бұл орайда қол жеткен жетістіктер де әңгімеге арқау болуда.
Сейсенбі, 4 қыркүйек 2012 7:34
Елордада шетелдік мамандардың қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан кардиохирургтерінің бірінші ұлттық конгресінде отандық кардиохирургияның өзекті мәселелері талқыланып, бұл орайда қол жеткен жетістіктер де әңгімеге арқау болуда.
Конгрестің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов қазақстандық кардиохирургтердің бүгінде әлемдік стандарттар деңгейінде жұмыс істеп, қазірдің өзінде жасанды жүрек қарыншасын ауыстыру жөніндегі бірегей жоғары технологиялық оталарды жасап жатқанын және мұндай күрделі ота әлемнің 22 елінде іске асатынын атап көрсетті. Вице-министр сондай-ақ, тамыз айында елімізде алғаш рет жүректі ауыстырып салу отасы ойдағыдай жүзеге асырылғанын хабарлады.Конгресте ТМД мемлекеттері үшін мемлекетаралық донорлар банкін құру және ЕурАзЭҚ аясында мемлекетаралық интернет сайтын ашу мәселелері көтерілді. Бұл ТМД-ның кардиохирургтері мен кардиологтарының ынтымақтастығын нығайтуға жол ашпақ.Отандық кардиохирургияны дамыту, шетелдерден келген білікті мамандармен тәжірибе алмасу мақсатында өткізіліп отырған бұл жиынның еліміздің кардиохирургия саласы үшін маңызы зор болмақ. Әлемнің жетекші елдерінің тәжірибелерін қолдана отырып, ота жасауды қолға алған отандық мамандарымыз қазірдің өзінде жемісті еңбек етуде. Оған елімізде халыққа кардиохирургиялық көмек көрсететін жүйенің бар екені және оның қанағаттанарлық деңгейде жұмыс істеп тұрғаны дәлел. Кардиохирургиялық ұйымдар құрылымына Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Ұлттық ғылыми медицина орталығы, Ұлттық ғылымикардиохирургиялық орталық, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығы, 10 аймақтық кардиоорталықтар және еліміздің 10 аймағындағы көп бейінді ауруханалар жанындағы 11 бөлімше кіреді. Сондай-ақ, жақын күндерде Павлодар қаласында кардиохирургиялық орталық ашылып, халыққа қызмет көрсете бастайды.Ресми деректер бойынша елімізде жүрек қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдардың саны 1 миллион болса, жыл сайын шамамен 16 мыңға жуық адам кардиохирургиялық отаға мұқтаж. Сондықтан республикамызда кардиологиялық және кардиохирургиялық көмектің құрылуына зор көңіл бөлініп отыр. Бүгінде «Саламатты Қазақстан» денсаулықты сақтау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде медицинаның осы бағытын жетілдіру бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Соның ең бір негізгісі – Ұлттық медициналық холдинг базасында Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың құрылуы. Былтыр ғана өз жұмысын бастаған орталықта осы уақытқа шейін 5 мыңнан аса адамға ота жасалды. Бүгінгі таңда бұл клиника Орталық Азия өңіріндегі әлемдік сапа стандарттарына жауап беретін алдыңғы қатарлы кардиохирургиялық орталық атағын алды. Сондықтан жүрек дертін емдеу барысындағы имплантациялық, трансплантациялық алғашқы оталардың осында жасалуы кездейсоқтық емес.Жиын барысында кардиологияның, кардиохирургияның, интервенциялық кардиологияның, аритмологияның, ядролық медицинаның және бибілік істің негізгі бағыттары бойынша пленарлық отырыстар өткізілді. Бұған В.Дембитский (АҚШ), Я.Гуммерт (Германия), Я.Пирк (Чех Республикасы), С.Жошыбаев (Қазақстан) сынды ірі кардиохирург мамандар жетекшілік етті. Тағы бір айта кететін нәрсе, конгресс әлі аяқталған жоқ. Оның жұмысы 6 қыркүйекке дейін жалғасып, конгресс шеңберінде елордадағы жаңадан ашылған ҰҒКО базасында Еуропалық кардио-трокальді хирургия қауымдастығының (EACTS) көмегімен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.
Айгүл СЕЙІЛОВА,«Егемен Қазақстан».