• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2012

Жүрегі қазақ ағайын

548 рет
көрсетілді

Жүрегі қазақ ағайын

Жұма, 6 қаңтар 2012 7:25

НЕМЕСЕ БІР ӘННЕН ТАРҚАТЫЛҒАН СЫР

Бұл Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған кезі болатын. Кезекті еңбек демалысына шық­қан бойда Қырымдағы «Алтын масақ» шипажайына жолдама алдым. Мақсатым – жақсылап бір демалып қайту. Сөйтіп, шипажайға да жет­тім. Бөлмеде бірге жататын жігіт мені көрген бойда өзбекшелеп:

– қайдан келдіңіз? – деп сұрады.

 

Жұма, 6 қаңтар 2012 7:25

НЕМЕСЕ БІР ӘННЕН ТАРҚАТЫЛҒАН СЫР

Бұл Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған кезі болатын. Кезекті еңбек демалысына шық­қан бойда Қырымдағы «Алтын масақ» шипажайына жолдама алдым. Мақсатым – жақсылап бір демалып қайту. Сөйтіп, шипажайға да жет­тім. Бөлмеде бірге жататын жігіт мені көрген бойда өзбекшелеп:

– қайдан келдіңіз? – деп сұрады.

– Шымкенттен, – дедім мен.

– Ә, онда қазақ шығарсыз? – деді ол енді таза қазақ тілінде.

– Иә, қазақпын, кел танысайық, – деп қолымды созып, өз атымды айттым.

– Еркін Байғараев, – деп жауап қатты ол.

Сонымен екеуміз бірге жатамыз, та­маққа да бірге барамыз. Шипажайдың әртүр­лі ем-домын түске дейін қабыл­даймыз. Түстен кейін қол бос. Теңізді жағалап қыдырамыз. Еркін өзін «қазақ­пын» дейді. Ташкенттегі үлкен бір нан зауытының бас технологы, яғни «бас нау­байшы» болып істейді екен. Бір байқа­ғаным, ол қазақша сөйлегенде тілін төсең­кіреп сөйлейді. Көп сөздерді дұрыс қолданбайды. Әйтсе де қазақша сөйлес­кенді ұнатады. Өзбекше білетінімді аңғартып, сол тілде сөйлесем, қазақша жауап береді. Сондай бір сәтте екеуміз сондағы бір үлкен ресторанға кіріп, біраз шалқыңқырап отыр­ғанымыз да бар. Бір кезде ол: «інім, мен саған бір ән айтып берейін», – деді де, көп күттірмей бастап кетті.

Ақша бұлт тау басында қалықтаған,

Күн бар ма қауышатын барып саған?

Отырмын тар қапаста қайғы ойлап,

Тағдырдың бұйырғаны осы маған, осы маған.

 

Деген сөз рас екен «дүние жалған»,

Бір көру туған жерді болды-ау арман.

Қайып-ау, қорғай жүргін аруағыңмен,

Артыңда Еркініңді жалғыз қалған, жалғыз қалған.

Аузым ашылып қалыпты. Құдайым-ау, бұл не деген ән. Өзімнің де аздап ыңылдайтыным бар, алайда бұл әуенді ешқашан естіген емеспін. Адамның жан дүниесін әлем-жәлем сезімге бөлеген әннің Еркін екі шумағын айтып барып тоқтады. Көзі кіреукеленіп, жанарының жасқа толып тұрғанын байқадым да, мен оны мазалағым келмеді. Ол да үнсіз. Сол үнсіз қалпымызбен бөлмемізге қайттық. Ертесіне оянсам, Еркін далаға шығып кетіпті. Осы сәт кешегі ән есіме түсті. Бұл кімнің әні? Әннің мәтіні, сөзі көкірегімде сайрап тұр. Ыңылдап айта бастадым. Сұлу ән бойымды шымырлатып, тартып барады. Қайта-қайта айтып жатырмын. Енді мен бұл әннің шығу тарихын білуге құмарттым.

– Бұл әнді шығарған да, орындаушысы да менің анам, – деді Еркін менің өтінішімді естігеннен кейін. – Анамнан мен он жасымда айырылдым. Ал әкемді көрген емеспін. Анамның айтуынша, ол ашаршылықта опат болыпты. Анамның аты Сымбат еді. Мен есімді біле бастаған кезде, біз бір өзбектің үйінде тұратын едік. Есейе келе түсіндім, анам сол кісінің екінші әйелі екен. Ол зор денелі, жүзі сұсты адам еді. Бала-шаға ол отырған жерге бармаймыз. Өзі отыратын бөл­месінде қабырғада тапанша, қылыш, қан­жар ілулі тұрады. Кей кезде түн­делетіп біреулер келеді. Анамның айтуынша, ол кезінде басмашылардың бастығы болыпты. Ташкенттің шетінен осы үйді сатып алып, бұрынғы тірлігін қойып, қазір­гі кезде тығылып өмір кешіп жатқан кезі екен. Ешқайда бармайды. Көшеге шықпайды. Ашуланғанда қолдары дуалда ілулі тұрған тапаншаға қарай ұмтылады.

Қолы бос күні анам мені құшақтап жатып әңгіме айтады. Оның әңгімесінен ұққаным, ашаршылықтың алдында әкем екеуі отау құрыпты. Әкемнің аты Қайып екен. Өзі ақын, балуан адам болыпты. Көп ұзамай халық малдан айырылып, елді аштық жайлай бастапты. Менің ата-анам да жан сауғалап, Ташкентте тоқшылық деген соң осылай қарай шыққан ғой. Сонымен не керек, аштықтың кесірінен әлгі кісінің қолына түсіп, жан сақтапты.

Бір күні түнде әлгі үйге түнделетіп үш адам келеді. Олар түн ортасы ауа аттанып бара жатып, әлдеқандай сылтау айтып, менің әкемнен өздерімен бірге жүруін талап еткен көрінеді.

– Қайып қипақтап барғысы келмеп еді, қожайын ызғарлана «бар, бар деген соң бар» деп жекірген соң, оның кетпеске амалы қалмады. Мен жалғыз қалдым. Екі күн өткен соң мені үй иесі шақырып алды да енді Қайыптың келмейтінін, оларға жолда НКВД адамдары кездесіп, Қайыптың оққа ұш­қанын айтты. Осы кезде сен ішімде екі айлық бала едің. Қолымнан не келеді, жылап-сықтап өлместің күнімен жүріп жаттым. Арада бір айдай уақыт өтті. Бір күні «Сымбат, Сымбат» деген сыбырды құлағым шалды. Өзбек қожайын да ояу жүрсе керек, іле оқ атты. Ауланың ішінде қашып бара жатқан адамның дыбысы естілді. Үй иесі тағы атты. Бір ышқынған үн шықты да, ізінше дала жым-жырт бола қалды. Таң атқан соң қожайын мені қолымнан жетелеп келіп ауланың түкпір жағына алып барды. «Құдай-ау, мынау Қайып қой». Оқ омырт­қадан тиіп, белді үзіп жі­бер­ген сияқты, екі бүктеліп қалыпты. Көзімнің жасын тыя алсамшы. Қайыптың мына өлімі мені тіпті есеңгіретіп жіберді. Қожайынның маған мұны «Қайыптан күдерін үзсін» деп әдейі көрсетіп тұрғанын түсіндім. Одан арғысы белгілі, әлгі адамның бір әйелі боп жүріп жаттым.

Сөйтіп жүріп сені босандым. Атыңды Еркін деп қойдым. Ендігі менің мақсатым, сені ер жеткізіп, адам қатарына қосу болды. Содан кейін әкеңнің туған жеріне апарып көрсету. Саф ауасын жұттырып, бұлақ­тарынан су ішкізу, деп сыбырлаушы еді анам марқұм. Кейде түні бойы анам екеуміз әртүрлі әңгіме айтып жатамыз. Ол маған қазақ деген халық барын, ол халықтың жігіттері ержүрек, еркіндік сүйгіш болатынын айтатын. Мені анам барынша қазақы рухта тәрбиелеуге тырыс­ты. Өгей әкемді анам да, мен де жек көрдік. Бірақ амал жоқ, сол ауланың ішінде өмір сүреміз. Далаға шығып, ел-жұртпен араласу бізде жоқ. Бәйбішенің балаларымен арамыз тіпті жаман. Үлкен баласы есебін тапса, мені сабап алады. Мен де аямаймын. Өзімнің шамам келгенше қарсылық көрсетемін.

Бәріміздің аяқ тартатын бір адамымыз бар. Ол қожайын. Ызғарлана бір қараса болды, бәріміз жым боламыз. Ашуы келгенде мынау майып болады-ау деп ойламайды. Қолына не түссе, сонымен періп жібереді. Сөйтіп жүргенде соғыс басталды. Мен ол кезде онға келіп қалғанмын. Анам марқұм маған сыбырлап, «енді бір-екі жыл шыдасақ, бұл пәледен қашып құтыламыз. Елге, туған жерге барамыз», деп қоятын. Анам еліне деген сағынышын осы әнмен білдіретін. «Аманшылық болса, осы әнді айтып ауылға, елге барамыз», дейтін. Бірақ ол тілегіне жете алмады. Соғыс басталған жылы бес-алты күн ауырып, қайтыс болды. Қайтыс боларының алдында қолымды қысып жатып, «ұлым, еліңе жет», деді де жүріп кетті.

Енді мен жалғыз қалдым. Тағы бір оншақты күн өткенде қожайын да отырған жерінде құлап, қайтыс болды.

Бұдан кейінгі менің өмірімді еш пенденің басына бермесін. Барлық билік үлкен ұл Ешматқа өткен. Бұрыннан мені­мен өш ол енді тіпті құтырып кетті. Тере­зесі жоқ, бір қараңғы бөлмеге мені қамап тастады. «Енді сен осы бөлмеден шық­пайсың, аштан өлесің», деп біраз тепкілеп алды да, сыртынан құлыптап кетіп қалды. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, аштықтан бұралып жатқанымда, оның анасы келіп, есікті ашты. Қолымнан жетелеп көшеге шығарды да «енді бұл үйге жолама, Ешмат үйде жоқ, енді қолына түссең өлтіреді, осы көшемен кете берсең базар бар, Ташкенттің орталығына жетсең, бір күнің өтер», деп шығарып салды.

Жүріп келемін. Аштықтан бұралып әр жерге бір құлаймын. Қанша жүргенім, қалай қарай жүргенім есімде жоқ. Бір дарбазаның алдына келіп талып құлаппын. Есімді жисам, бір кісі қасымда отыр. Өзімді жатқызып, сөйтсем, бұл кісі нан зауытының күзетшісі екен.

Сонымен менің жаңа өмірім басталды. Бұл кісінің аты Байғара, кемпірінің аты Ақшакүл. Баяғы ашаршылық жылдары Қазақстаннан ауып келіп, осы жерге тұрақ­тап қалған адамдар екен. Нан зауытында қарауыл болып істейді. Екеуі ғана тұратын аядай ғана бір бөлмелі үйлері бар. Өздерінің айтуларынша, ұлдары да, қызда­ры да болған. Бірақ олар ашаршылық жылдары опат болыпты. Өзі заманында ауқатты, бай адам болғанға ұқсайды. Сені құдай бізге арнайы жіберген», деп екеуі де қатты қуанды. Ұзамай мені мектепке берді. Ол кезде сыныпта менен де үлкен балалар оқи беретін. Фамилиямды Байғараев деп жаздырды. Үйтіп-бүйтіп жүріп кейінірек туу туралы куәлік әперді. Қысқасы бауырым, «бір аштықтың бір тоқтығы болады» деген рас екен.

Елуінші жылдардың ортасында әкем Байғара да, көп ұзамай анам Ақшакүл де дүниеден өтті. Мен тағы да жалғыз қалдым. Әкемнің бұрынғы істеген жері, нан зауыты мені қамқорлығына алып, қа­мыр илеушінің жәрдемшісі етіп жұмысқа қабылдады. Сол жерде жү­ріп кешкі мектепті бітіріп, одан кейі­нірек жеңіл өнеркәсіп институтына оқуға түстім. Қызметім біртіндеп жоғарылап, қазіргі кезде нан зауытының бас технологы дәрежесіне дейін жеттім. Үйлі-барандымын. Жеңгең Қалдыкүлден екі ұл, үш қызымыз бар. Жеңгең де қазақ. Мен жетім қалған соң, көпке дейін жал­ғыз жүрдім. Есіл-дертім қазақ қызына үйлену болды. Сөйтіп жүргенде, сол нан зауытына әп-әдемі жас қыз наубайшы­ның жәрдемшісі болып жұмысқа орналаса қалсын. Таныса келе оның қазақ қызы екенін білдім. Ол да жетімдіктің зардабын тартқан жан екен. Анасымен екеуі ғана тұрады. Әкесі соғыста қаза болған. Іздегенге сұраған. Екеуміз көп ұзамай үйлендік. Қалдыкүлдің анасының қолына кіріп алдым. Жетімдіктің зардабын тартып жүрген мен енемді анамдай әлпеш­тедім. Ол кісі де өле-өлгенше риза боп кетті. Жесірлік пен жетімдіктің тауқы­метін тартып жүрген екеуіне пана болдым. Енем немерелерін көріп «бақытты­мын» деп дүниеден өтті. Енем де дүние­ден өткенше туған жерін айтып, сағынып отыратын. Отбасында бәріміз қазақша сөйлесеміз. Бірақ қанша дегенмен бала­ла­рымның жағдайы қиын. Себебі, олар мен сияқты қорлық көрген жоқ. Жоқ­шылық дегенді білмейді. Мектепті де өзбекше бітірген. Оның үстіне үй-ішіміз­бен құжаттарымызда өзбек болып жазыл­ған. Иә, өзім де, жеңгең де, балаларым да құжат бойынша өзбекпіз. Жастарды қай­дам, ал менің жүрегім қазақ. Сондықтан мен қазақ көрсем туысқанын көрген адамдай айналасынан шықпай қаламын. Сені көргенде де қазақ-ау деп шамалап әңгімелесіп, бір құмар тарқатайын деп ойладым, деп әңгімесін аяқтады Ерекең.

Ұйықтап қалыппыз. Азанғы асқа ке­ші­гіңкіреп келдік. Шипажайдағы ем-домымызды алып болған соң, Ерекең екеуміз теңіз жағасына серуенге шықтық. Кешегі әңгіме менің көкейімнен кетпей қойған. Біраздан соң «Ереке, анаңыздың өтініші бойынша елге бардыңыз ба?» – деп сұрадым. «Бардым», деді Ерекең. –  Анамның айтқаны бойынша жобалап іздедім. Тіпті бір емес, қатарынан үш жыл іздедім. Әр жыл сайын еңбек демалысына шыға сала, жеңгеңе «мен еліме кеттім», деймін де, Қазақстанға қарай тартамын. Анамның айтқан жерлерін таптым. Бірақ барлық жерлердің аттары өзгеріп кеткен екен. «Хлебное, Перво­маев­ка, Октябрьское» деп кете береді. Анам айтқан жер аттарын ешкім біл­мейді. Тіпті қарияларының өзі әрең-әрең есіне түсірген. Дәулетбай, Әбдіғаппар деген ағаларын, Жұмабай, Әлден деген қайынағаларын айтатын. Олардан Әлден­нің бір баласын таптым. Ағамды көріп тіпті қарным ашты. Фамилиясы Алданов болып кеткен. Қайып деген әкеңнің інісі болған, мен соның баласымын десем, білмейді. Нағашы жұрт, басқа туыстар жөнінде де ешнәрсе айта алмады. Өзі аздап шатып-бұтып қазақша сөйлегенімен, балалары тіпті білмейді екен. Ешқандай бауыр­малдық сезім жоқ. Бауырыммен кеңшар кеңсесінде жолығып едім, үйге жүр деуге жарамады. Қасында тұрған бір үрпек­басты «мынау менің балам» деп таныстырып еді, онысы мүлдем көңіл бөлме­ді. Әкесімен екеуі орысша сөйлеседі. Сонымен Ташкентке қайттым. Одан кейін ол жаққа баруға зауқым да болмады.

Бұл әңгіме көпке дейін менің кө­кейімде қалды. Кейіннен Ерекеңмен көп­ке дейін қарым-қатынас жасап тұрдық. Оқтын-оқтын зайыбым екеумізді қонаққа ша­қыратын. «Сендермен бір дастарқан басында отырып қазақша сөйлесіп, шер тарқатайын», дейтін. Әттең не керек, Ерекең зейнеткерлікке шыққан соң, көп ұзамай жүрек талмасынан қайтыс болды. Жеңгеміз де көпке бармады. Артында қалған балалары бар. Бірақ олар қазақпыз деп айтпайды. Ұлдары өзбек қыздарына үйленген, қыз­дары өзбекке тұрмысқа шыққан. Ешнәрсе дей алмайсың. Ұлы Октябрь рево­лю­циясының қазақ халқына берген бір «бақыты», міне, осы.

Құрбан ЫБЫРАЙҰЛЫ.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Темірлан ауылы.