• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2012

Тілектестік – тірегіміз

660 рет
көрсетілді

Тілектестік – тірегіміз

Сәрсенбі, 25 қаңтар 2012 7:48

Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бөрібай ЖЕКСЕМБИНМЕН әңгіме– Ташкент шаһарын аралап шыққаны­мыз­да біз екі нәрсеге өте риза болдық. Бі­ріншісі – астананың көз жауын аларлықтай көркемдігі әрі өте тазалығы болса, екіншісі – шаһардың қақ ортасындағы үлкен көше­лердің бірі халқы­мыз­дың кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының атымен аталғаны болды. Көшенің бас жағына ақынның алып ескерткіші орнатылғалы жатыр екен. Әңгімемізді осы игілікті шарадан бастасақ.

Сәрсенбі, 25 қаңтар 2012 7:48

Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бөрібай ЖЕКСЕМБИНМЕН әңгіме– Ташкент шаһарын аралап шыққаны­мыз­да біз екі нәрсеге өте риза болдық. Бі­ріншісі – астананың көз жауын аларлықтай көркемдігі әрі өте тазалығы болса, екіншісі – шаһардың қақ ортасындағы үлкен көше­лердің бірі халқы­мыз­дың кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының атымен аталғаны болды. Көшенің бас жағына ақынның алып ескерткіші орнатылғалы жатыр екен. Әңгімемізді осы игілікті шарадан бастасақ.

– Халқымызда «Көршіні Құдай береді» деген сөз бар. Бұл сөз бекерден-бекерге айтылмаған. Өзбек пен қазақ халықтары ықылым замандардан бері бір аймақта өмір сүріп, тілі, діні, тұрмыс-салты ұқсас, өзектес болып келді. Заман өзгерген сайын, эволюция болған сайын әлемде түрлі өзгерістер болатыны заңды. Қазіргі заманда Қазақстан мен Өзбекстан дербес, егеменді екі мемлекет. Дегенмен, халықта­ры­мыздың шыққан тегі барынша жақын, түбі бір, туысқан ел екені мәлім. Тарих қойнауына терең­де­ген сайын екі елді өзара біріктіре түсетін, бауырластыра түсетін ортақ нәрселердің өте көп екенін байқаймыз. Сол бауырластық, достық қаты­настарды бүгінгі күндері де жалғастырып отырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Әбдіғаниұлы Каримов осы екі халықтың ғасырлар бойы бір тұ­ра­тындығын, көршілес тұратындығын ескере келіп, Мәңгілік достық туралы шарт жасасты. Бұл құнды құжат өткен ғасырдың соңында, елдеріміз егемендік алған алғашқы жылдары қабылданғандықтан, екі ел арасындағы дипло­матиялық қарым-қатынастардағы ең жоғары дәрежедегі құжат деп айтуымызға болады. Осы келісімге сәйкес, жақсы қарым-қатынас­тарымызды одан әрі дамытып, өркендете беру біздің ортақ мақсатымыз болып табылады.Ал енді Абай атамыздың ескерткіші жөнін­де айтсақ, бұл – екі мемлекет арасындағы мә­дени сала­дағы өзара келіссөздер арқылы қол жеткізілген игілікті жұмыстардың бірі. Қазақ­тың ұлы ойшылы, ақын бабамыз Абай Құнан­бай­ұлына Ташкент шаһа­рында ескерткіш қою туралы екі ел Президент­терінің дәстүрлі кездесулері барысында қол жет­кізілген еді.Мен өткен жылы наурыз айының басында Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтің қабылдауында болып, Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың маған берген Сенім грамотасын тапсырдым. Бұл мәселе сол қабылдау кезінде көтерілді. Мен Өзбекстан Президентіне ес­керт­кі­шіміздің дайын тұрғанын, дегенмен, құзырлы органдар оны қаланың нақты қай жеріне қою жөнінде түпкілікті бір шешімге әлі келе қоймағанын жеткіздім. Ислам Әбді­ға­ниұлы ескерткішті Қазақстанның Ташкентте жаңадан салынатын елшілік ғимаратының алдына орнатудың өте орынды боларын білдірді. Ол қаланың орталығындағы аумағы екі гектардай жер, әрі сол ескерткіш орнатылатын жерден Абай көшесі басталады. Бұл – өте үлкен әрі кең, сәулетті көше. Ескерткіш тұрғы­зылатын жер Төле би бабамыз жатқан кесенеге де біршама жақын. Міне, мұның өзі хал­қы­мыздың дәстүріне сай ұрпақтар жалғастығын білдіретін ерекше рәміздей зор мағынаға ие орайлы іс деп ойлаймын.Елшіліктің жаңа ғимаратының құрылысы бүгінде басталып кетті. Ол енді жоспар бойынша үстіміздегі жылдың төртінші тоқса­нында – қараша не желтоқсан айларына қарай бітіп қалады деп отырмыз. Ал ескерткіштің тұғыры қазір толық орнатылып қойды. Жан-жағының барлығында көгалдандыру, әрлендіру жұмыс­тары жүргізілді.Өзбекстан – Орталық Азиядағы үлкен, ірі мемлекет. 30 миллион халқы бар, бізбен көршілес жатыр. Сондықтан да бұл мемлекет Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің сыртқы саясатындағы басымдықтарында бел­гілеп бергеніндей, біздің үлкен стратегиялық әріптесіміз болып табылады. Сауда, эконо­ми­калық тұрғыдағы маңызды әріптесіміз. Өзбек­станда бүгінде осы елдің азаматтары – миллионнан астам қазақ бауырларымыз тұрады. Сол сияқты Қазақстанда, әсіресе, еліміздің оңтүстік облыстарында біздің азаматтарымыз – ұлты өзбек ағайындар ежелден жасап келеді. Олар екі мемлекет арасын жалғастыру­шы алтын көпір тәрізді. Ал осы екі халықтың өзара достығы тереңнен келіп бүгінгі күнге дейін арна тартып отыр. Сондықтан осындай игі жұмыстарымыз одан әрі жалғасын таба берсе, екі халықтың, екі мемлекеттің алдағы уақытта бұдан да жоғары дами беруіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын.– Бұдан бірнеше жыл бұрын Төле би ба­бамыздың кесенесіне күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілген еді. Қасиетті орынның бүгінгі жағдайы қандай?– Соңғы күрделі жөндеу 2008-2009 жылдары өте жоғары деңгейде жүргізілді. Оған еліміздің Өзбекстандағы сол кездегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков басшылық жасады. Көп­теген қазақ меценаттары, кәсіпкерлері осы іске атсалысып, өз үлестерін қосты. Жөндеу жұ­мыстары өз деңгейінде, өте жақсы жүргізілді. Кесене өзіндік архитектурасы, әрлендіру жұмыстарының бәрі сақтала отырып жөнделді. Бұл енді көп жылдарға дейін баратын дүние деп ойлаймын. Бұған қоса, бұрнағы жылы Өзбекстан Республикасының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кесене­нің жалпы аумағын қайтадан абаттандыру, көгалдандыру, жа­ңар­­тып қоршау сияқты жұ­­мыстар жүргізілді. Ке­се­ненің қасынан зиярат етіп келуші­лердің намаз оқуына арнап арнайы ме­шіт соғылған. Кім келсе де, қай уақытта келсе де есігі әрдайым ашық. Тарихтан тағылым алғысы келетін, Төле би баба­мыз­дың басына барып, Құран оқығысы келетін адамдар үшін жақсы жағдай жа­салған.– Әйтеке би бабамыздың да жатқан жері Өзбекстанда екені белгілі. Бейіт басының жай-күйі көңілдегідей ме?– Науайы облысында Нұрата деген үлкен қала бар. Әйтеке бабамыз сонда жатыр. Бұрын жатқан жері белгілі болғанымен, ешқандай кесене тұрғызу жұмыстары жүргізілмеген еді. Ойсыл баба, Сейітқұл бабалар да сонда жатыр. Ол жерге өзім арнайы барып көрдім. Бұл кесене де Зауытбек Тұрысбеков елші болып тұрған кезде салынды. Қазақстанның танымал азаматтары, кәсіпкерлері атсалысты. Әрине, мұның бәрі Өзбекстанның ресми орындарының рұқса­тымен, келісімімен жасалды. Сөйтіп, аз ғана мерзімде, аумағы алты гектарды алып жатқан жерде әдемі кесене тұрғызылды. Аумағы түгел көгалдандырылды. Мешіт тұрғызылды. Зиярат етушілерді қабылдайтын арнайы орындары бар. Тарихқа сәйкестендірілген өте бір әдемі кешен болды. Сондықтан осы игілікті іске атсалысқан барлық азаматтарға алғысымызды айта жүруіміз керек.– Өзбекстанда Қазақстанның мәдени ор­та­лығы және әр облыста оның бөлімшелері бар екен. Олардың ахуалы қандай?– Өзбекстандағы қазақтардың саны, кей деректер бойынша, миллионның үстінде. Ташкент, Қарақалпақстан, Жызақ, Сырдария, Науайы облыстары – қазақтардың ең көп орна­ласқан жерлері. Диаспора үлкен болғаннан кейін мұнда республикалық Қазақ ұлттық-мәдени орталығы бар. Ол осы Ташкент қа­ла­сында орналасқан. Сонымен бірге, рес­пуб­ликаның он облысының әрбірінде орталықтың бөлімшелері ашылған. Ұлттық-мәдени ор­та­лықтың және оның жергілікті филиалдарының өз жоспарлары, мақсаттары, атқарып отырған көптеген ауқымды жұмыстары бар. Сондықтан біз олардың жұмыс жүргізуіне қажетті жағ­дайды жасап, елшіліктің бұрынғы ғимаратын олардың пайдалануына бердік. Олар өз жос­парларына сәйкес жұмыс істеп келеді. Мә­селен, былтырғы жылғы Өзбекстан Республикасының 20 жылдығына орай халықаралық айтыс ұйымдастырды. Оған Қазақстаннан айтыскер ақындар арнайы келіп қатысты. Бұл жақтағы қазақтар да қатысты. Бұл өзі қандастарымызды бір серпілтіп тастаған үлкен мәдени шара болды.Басқа да барлық мейрамдарда осы мәдени орталықтар түрлі арнайы іс-шаралар ұйым­дастырып отырады. Мұның барлығы – қа­зақтың болмысы, болашағы үшін атқарылып жатқан шаруалар. Бүгінде Өзбекстан Респуб­ликасының қай саласында болса да, білімде, ғылымда, мәдениетте, экономикада, барлық салаларда көптеген қазақ азаматтары – біздің диаспорамыздың өкілдері жемісті қызметтер атқарып, елдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Әрине, олардың барлығы да осы Өзбекстан Республикасының азаматтары, сондықтан да олардың мұнда өзіндік орны бар деп айтуымызға әбден болады.– Бөрібай аға, өзбек-қазақ халық­тарының өзара мақтан тұтатын, екі елге ортақ айтулы тұлғалары көп. Солардың бірі – генерал Сабыр Рахымов. Жас ұрпаққа өмірі өнеге болатын сондай еңбек және соғыс ардагерлерін еске алып, құрмет көрсету жөніндегі ойларыңызбен бөліссеңіз.– Генерал Сабыр Рахымов – біздің бұрынғы ортақ отанымыз болған Кеңестер Одағын жаудан қорғаған қаһарман тұлғалардың бірі. Сондықтан, оның есімі тарихымызда мәңгілік сақталып, құрметтеле бермек. Рахымов туралы айтқанда, түрлі әңгімелер оның ескерткішінің тұрған орнынан алынып, басқа жерге қойы­луына байланысты туындап отыр ғой. Жалпы, бұл жөнінде мәселе көтеріп, алаңдайтындай ештеңе де жоқ. Генералдың ескерткіші бұрынғы орнынан алынғанымен, осы Ташкент қаласының орталығындағы ең үлкен Ғафур Ғұлам саябағына, яғни қала тұрғындары, жас­тар, балалар көп баратын көрнекі жерге апарып қойылды.Әрине, мемлекеттік мерекелер қарсаңында, әсіресе, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінде бұл елде де үлкен іс-шаралар өтеді. Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің ұйытқы болуымен Ташкенттегі бүкіл дипломатиялық корпус орталық саябақтағы үлкен мемориалға барып, гүл шоқтарын қоямыз. Сабыр Рахымовтың бюсті де сол жерде тұр. Оған да біз арнайы барып, еске алу шараларын жүргізіп отырамыз.– Әңгімеміздің соңында Өзбекстан хал­қына, өзіміздің қандас бауырларымызға, сондай-ақ, газет оқырмандарына қандай тілек айтар едіңіз?– Былтыр екі ел де егемендіктің 20 жыл­дығын кең көлемде атап өтті. Бұл аса жоғары саяси мәні бар үлкен мереке болды. Өзбекстан, жалпы, тәуелсіздік мейрамын қыркүйек айының басында кең ауқымда тойлады. Алла амандығын беріп, жыл соңына қарай біздің елімізде де Тәуелсіздік тойы жылдағыдан ерекше атап өтілді.Қазіргі жаһандану заманында 20 жыл деген соншалықты көп уақыт емес. Сол аз ғана уақыттың ішінде дамыған шет мемлекеттердің деңгейімен шамалас көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің Қазақстан білім-ғылымы мен экономикасы өркендеген, халқының әл-ауқаты жоғары елдер қатарында қарқынды дами береді деп сенемін. Прези­денті­міз осыдан 15 жыл бұрын «Қазақ­стан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасын қабылдады. Бұл өте уақтылы, яғни дер кезінде қабылданған бағдарлама еді. Міне, содан бері қаншама жыл өтті. Бүгінде бәріміз сол құжатта белгіленген жұмыстардың барлығының жүзеге асып келе жатқанының куәгерлері болып отырмыз.Құдайға шүкір, қазақ халқының болашағы зор. Сол сияқты құдайы көршіміз – Өзбекстан халқына да тек жақсылықтар мен игіліктер ті­лейміз. Бұл мемлекеттің де өсіп-өркендей бе­руіне, тұрақты дамуына қазақ халқы әрқашан тілектес. Өйткені, көршіңнің жағдайы жақсы болса, өзіңе де жақсы бола бермек. Сондықтан да біздің жетістіктерімізге өзбек халқы қуа­нып, ал өзбек мемлекетінің жетістіктеріне біз­дің де шын көңілімізбен ниет білдіріп, тілектес болып отыруымызды табиғи заңдылық деп білемін.ӘңгімелескенҚошқар ҚАЛЫБАЙ, журналист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін.