• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
10 Сәуір, 2012

Ер – туған жеріне…

739 рет
көрсетілді

Ер – туған жеріне…

Сейсенбі, 10 сәуір 2012 7:43

– ДЕЙДІ ГЕРМАНИЯДАН ШЫМКЕНТКЕ ОРАЛҒАН ГЕОРГ

Тоқсаныншы жылдардың ортасында екі-үш айдай Батыс Берлиндегі Қазақстан кон­суль­ді­гінде тұруға тура келді. Та­ңер­теңгілік консульдік алды қара-құраға толып қалады. Гер­манияға қоныс аударған ке­шегі отандастарымыз, яғни, тарихи отанына қо­ныс ау­дар­ған неміс­тер Қазақстандағы туыс­қан­да­ры­­на қаты­нау үшін виза ашпақ ниетпен келеді.

 

Сейсенбі, 10 сәуір 2012 7:43

– ДЕЙДІ ГЕРМАНИЯДАН ШЫМКЕНТКЕ ОРАЛҒАН ГЕОРГ

Тоқсаныншы жылдардың ортасында екі-үш айдай Батыс Берлиндегі Қазақстан кон­суль­ді­гінде тұруға тура келді. Та­ңер­теңгілік консульдік алды қара-құраға толып қалады. Гер­манияға қоныс аударған ке­шегі отандастарымыз, яғни, тарихи отанына қо­ныс ау­дар­ған неміс­тер Қазақстандағы туыс­қан­да­ры­­на қаты­нау үшін виза ашпақ ниетпен келеді.

Қазақ жігіттерін де көріп қаласың. Көзге жылы ұшы­рай­ды. Шәйға шақы­ра­сың. Ке­лін­­шегі неміс жұрағатынан болған соң, Гер­манияға келіп қалған. Ол жылдары Қазақ­станның жағ­дайы мәз емес еді. Қайтсек бала-шаға­мыз­ды мұңсыз өсіре­міз деген тілеу ғой. Ауылдарын, ағайын-туысқандарын айт­қанда көздері оттай жанады. Қазақтың баласы бірін бірі жаттай көретін Германияда жүріп құса болар екен. Өздері жаратқан, кекілін түйіп бәйгеге қосқан тұлпарларын сағынады екен.

Бәрін тастап тартып кетуге бала-шағасын және қимайды. Бір Константин Вебер деген неміс жігітімен ұзақ әңгіме­ле­сіп қалдық. Түбі Қостанайдан екен. Мұндағы өміріне түк те разы емес. Қазақстандағы күн­дерін сағы­нып еске алады. КамАЗ жүргізген екен. «Жол ұзақ. Кейде апталап жүруге тура келеді.  Сондайда өзен жағасында отыр­ған шопанның үйі кез болады, – дейді ол. – Ма­шинаңды арылдатып барып үйінің жанына тоқ­тайсың. Қауқылдап қарсы алады.  Қайдан келесің, қайда барасың демейді, үйіне шақы­рады. Бірге балық аулаймыз. Арақ-шарабын қояды. Қой сояды. Екі-үш күн жібер­мей­ді. Қош­тасарда бала-шағасына де­йін шығып, қимай қол бұлғап қалады.

Ал бұл Германия мүлде бөлек екен. Ешкімнің сенімен сөй­ле­суге, шер тарқатуға уақыты ғана емес, зауқы да жоқ. Мұндағы немістер сырттан келген қандас­тарына сенімсіздікпен қарай­тындай сезіледі».

– Дархан көңіл қазақтарымды са­ғын­дым, – деп еді сол жігіт тағы да.  – Бала-шаға сыяды екен, ал біз басы ар­тық бөлшек сияқ­тымыз.

Анасы – неміс, әкесі – орыс, Гер­манияға бір емес, екі рет барып басы сыймай келген  Георг Киселевпен әңгі­мелескенде жоға­ры­дағы жәйттер еске түсе берді. Ата-анасы жастай ажырасыпты. Георг үйдің кенжесі. Шым­кент­тегі Забадам елді мекеніндегі өзбек-орыс мектебінде оқыған. Анасы Амалия Гавриловна Дёер “Қазақстандағы күніміз  ертең қалай болады. Байырғы жұрт көз­ге түртіп жүрмей ме”, деген қауіппен Германияға көшуге бел байлайды. Екі ұлын үгіттейді.

– Ол жақта ең бірінші тілді қан­ша­лықты үйренгеніңді бақы­лай­ды. Тест тапсыра алма­саң, жұмыс табу қиын,  – дейді Георг. – Әлеуметтік көмек төле­не­ді. Жалғыз адамға ештеңе емес, от­ба­сыңа қиын. Жұмысың жоқ болса, қо­ғам­дағы бейшара жансың. Құқық­тарың шектеулі. Сен үшін үкімет бәріне төлеу керек. Бұл азаматтық намысқа тиеді. Сон­дық­тан да Германияда тұра алмадым.

– Ал шешей қайтті?

– Анамыздың жағдайы жаман емес. Зей­нетақысы бар. Оның сыртында Ке­ңес Ода­ғы­ның репрессиясына ұшы­ра­ған неміс азаматы ретінде арнаулы жәр­демақы алады.

– Ағаңыздың отбасымен бірге тұра ма?

– Жоқ, жалғыз өзі. Оған жеке пәтер берілген. Шағын болса да өзіне жетеді.

– Ондағы жерлестеріңді, Германияда тұратын қазақтарды да көрген боларсыз?

– Қазақтарды көріп тұрдым. Олар негізінен Түркиядан көшіп келгендер екен. Қазақтың салт-дәтүрлерін ұстай­ды. Наурыз ме­рекесін тойлағанда арнайы бар­дық. Қазы да жедік. Киіз үйлер тігіпті.

– Қазақстанмен байланыс қалай екен?

– Біз туған Штутгард қала­сында хи­миялық кәсіпорындар көп. Жеңіл өнеркәсіп те жақсы дамыған. Қазақ­стан­ның бірнеше қаласымен іскер­лік байланыс орнатқан. Оңтүстік Қазақ­стан облысынан да делегация келіп тұрды.

– Шымкенттік жерлестеріңді көр­ген­де елге деген сағыныш мазаңызды қашырған шығар?

– Ол рас. Елге қайтсам деген ой сол кезде санамда ұялап қалды-ау дей­мін. Германияда Қазақстан жылы өтті. Құр­ман­ғазы атындағы ұлт аспап­тар ор­кестрі келді. Қазақ әндерін кіш­кен­тай күнімізден естіп өскен­біз. Еркін­дікті аңсадым. Германияны жерсіне алмадым.

– Қазіргі жағдайыңыз қалай? Германия сағындырмай ма?

– Менің жасым отыз тоғызда. Қы­рықтағы адамның өмірді қайтадан бастауы қиын. Ал мұнда жақсы жұмы­сым бар. Әйелім, үлкен ұлым жұмыс жасайды.

– Елге оралғанда достары­ңыз қуан­ған шығар?

– Әрине, менің достарым­ның ішін­де қазақтар көп. Бақытжан деген досым әзіл­деп, қазақтың  “Ер туған жері­не, ит тойған жеріне” деген мақа­лын айтты. «Сен ерсің. Ота­ныңа оралғаның құтты болсын»,  деді. Өзім де түсіндім. Адамда екі отан болмайды екен. Менің Отаным – Қазақ­стан, Қазақ елі. Бұл ақиқатқа сыртта жүр­генде көзім анық жетті.

Бақтияр ТАЙЖАН.

ШЫМКЕНТ.