• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2012

Мемлекеттік рәміздерді қасиетті құрандай қадірлей білуіміз керек – дейді Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрайымы Ғалия Ғизатуллина

424 рет
көрсетілді

Мемлекеттік рәміздерді қасиетті құрандай қадірлей білуіміз керек – дейді Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрайымы Ғалия Ғизатуллина

Сенбі, 21 сәуір 2012 8:26

– Қазақстанды әлем татулықтың талбесігі ретінде таниды. Елімізді ме­кендеген ұлт пен ұлыстардың бір үй­дің баласындай, бес саусақтың сала­сындай тату-тәтті ғұмыр кешуінің ре­цепті ретінде нені атаған болар едіңіз?

 

Сенбі, 21 сәуір 2012 8:26

– Қазақстанды әлем татулықтың талбесігі ретінде таниды. Елімізді ме­кендеген ұлт пен ұлыстардың бір үй­дің баласындай, бес саусақтың сала­сындай тату-тәтті ғұмыр кешуінің ре­цепті ретінде нені атаған болар едіңіз?

– Сөз жоқ, ең алдымен қазақ хал­қы­ның дарқан көңілі, ақжарма ниеті, кең­қолтық көпшілдігінің арқасы дер едім. Одан бөлек Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың ұстанып отырған саясаты да ұлт­тар арасында алауыздық туғыз­бау­ға, тыныштық сақтауға, қандай да болмасын қиындыққа төзімділікпен қа­рауға насихаттауға бағыттал­ған. Елдің басшысы ынтымақтың ұйытқысындай болып отыр. Сон­дық­тан қарапайым халық та Көш­басшысының саясатын ұс­танып, бір-біріне жұдырық ала жү­гір­­мей, қайта жылы сөзін арнап, қол­дарынан келгенше бір-біріне сеп­тесіп өмір сүріп жатыр.

Біздің Отанымыз бір. Сондықтан біз­дің бөлшектенетін, бөлінетін еште­ңе­міз жоқ. Біз мектеп қабырғасынан бас­тап Отанды сүюге, еліміздің патриоты болуға талпындық. Мектепте әр ұлттың баласы бір партаның басында отыратын едік. Сонда бір-біріміздің ұлтымызды сұрау дейтін болмайтын. Бәріміз бір үйдің баласындай едік. Ол кезде бір ғана кемшілік бар еді. Барлығымыз орыс тілінде сөйлейтінбіз. Сол заманнан бастап қазақ тілін мықтап қолға алып, қолданысқа енгізгенімізде, біздің татулығымыз қазіргіден де зор, мықты болар ма еді деп ойлаймын.

– Татулық пен тұрақтылықта өмір сүріп жатырмыз ғой. Дегенмен, кей сәттерде алакөздік те байқалып қа­лады. Оны жасыра алмаймыз. Осы бір өмір­дің кейбір сәттерінде кез­десетін кем­ші­лікті болдырмау үшін не істемек керек?

– Қазақ айтады ғой, «бес саусақ бірдей емес» деп. Сол сияқты тәрбиесі кемшін тү­сіп, өзге ұлт түгілі адамдарға кеудем­соқ­тықпен қарап, өзіне қарата айтылған әділ сынды қабылдай алмайтын адам әр­бір ұлтта бар. Ұлт дейміз-ау, ондай адамдар әр отбасынан да табылады. Бір үйдің балаларының мінезі әртүрлі болып жататынын да білесіз ғой. Бұл да сол сияқты дүние. Дей тұр­ған­мен, біздің елде ондай адамдар көп дей алмаймын. Орта жастан асып кеткен адамдар ондай арам пи­ғыл­дан ада екеніне көзім жетеді. Мұндай жағ­дай­лар жастардың арасында байқалып қа­лып жатады. Нарық дедік, өтпелі кезең дедік, біз сөйтіп жүріп жастардың тәр­бие­сін сәл-пәл босаңсытып алған­дай­мыз. Мектеп­тер­дің өзін­дегі тәр­бие біздің кезіміз­дегідей емес сияқ­ты. Сондықтан ондай кері құбылыс­тар­мен қазақ, орыс, татар, корей бо­лып бөлін­бей, бар­лы­ғы­мыз қоғам болып жұ­мы­луы­мыз керек. Әр­қай­сысымыз сөзі­міз­бен емес, жас­тар­ға ісімізбен үл­гі-өне­ге көрсетіп, ты­ныш­тықтың ең бас­ты құн­дылық еке­нін ұғын­дырға­ны­мыз абзал. Жалпы, өмірде жақсы­лық басым. Жақ­сы­лық басым бол­ған жерде жаман­дық­тың белең алып кетуі мүмкін емес. Сондықтан біз жастарды дұрыс тәр­бие­лесек, ұлттар арасындағы достық дәстүріне ешқашан селкеу түспейді деп ойлаймын.

– Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігі қашаннан бас­тап жұмыс істеп келеді?

– Биыл оның құрылғанына 21 жыл толды. Бірлестіктің алғашқы төрайы­мы Нағима Ахмадеева болатын. Біздің бірлестік құрылғанда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылмаған болатын. На­ғима Абдулқызы бірлестікті құрып, жұмысын жүйелеп, негізін қалап, осындай дәрежеге жеткізді. Кейіннен Ассамблея құрылған соң, тіркеліп, қатарларына өттік.

– Жақын маңда татар ұлттық-мә­дени орталығы қандай іс-шара ұйымдастырғалы отыр?

– Құдай қаласа, алдымызда 1 мамыр  мерекесі келе жатыр. Осыған орай үлкен шара ұйымдастырмақ ниеттеміз. Бұл біздің дәстүрімізге айналған. Осы күні халықтар арасындағы достықты насихаттап, ұлттар ортасындағы бір­лік­ті нығайтуға арналған түрлі шаралар өткіземіз. Оның ар жағында Жеңіс күні де жақындап қалды. Соған орай 6 мамыр күні Ұлы Отан соғысының ар­да­герлерін құттықтап, оларға құрмет көр­сетеміз. Сонымен бірге, «Сабантой» мерекесін де атап өткелі отырмыз. Жалпы, біздің ұлттық мәдени орталық жүйелі түрде жұмыс істейді. Мысалы, әр айдың алғашқы жексенбісінде орта­лық мүшелері осында жиналады. Еш­кім айтпай-ақ, барлығы келеді. Сөйтіп, біз сол айда өмірден өткен адамдардың аттарын атап отырып Құран оқимыз. Ал айдың соңғы жексенбісін балаларға арнаймыз. Орталық мүшелерінің балалары жиналып түрлі ойындар өткізе­міз, өлең оқылып, ән айтылады, білім-бі­лігін сынайтын сайыстар ұйымдас­ты­рамыз. Ал қалған уақыттарда да мәдени орталы­қ­тың жұмысы тоқтаусыз жүре береді.

– Сіздер татар ұлтының балаларына туған тілін үйрететін бір орта­лық ашпадыңыздар ма?

– Ондай орталық жоқ. Дегенмен, біз­дің орталықтың шеңберінде бала­лар­ға туған тілін үйрететін дәрістер өткізіліп тұрады. Оны үйрететін мұ­ғалімдеріміз де бар. Жалпы, біздің іс-шарамыздың барлығы екі тілде өтеді, қазақ және татар тілінде.

– Ұлттық-мәдени орталықтың іске асыра алмай отырған қандай мә­селесі бар?

– Орталықтың жұмысына қатысты ешқандай кедергі, қиындық жоқ. Болып жатқанның өзінде оны Ассам­блея­ның, облыс басшылығының көмегімен шешіп жатырмыз. Біздің орталық мү­ше­лерін толғандырған бір ғана мәселе бар қазір. Осы орталықты дүниеге әкелген, негізін қалаушы Нағима Ахмадеева осындағы №112 мектепте 26 жыл мектеп директоры болды. Талай шә­кіртті тәрбиелеп шығарды. Ол заманда Шанхай ең қиын аудандардың бірі болатын. Сол заманның өзінде Нағима апай артында өшпес із қалдырып, өне­гелі іс тындырды. Өзі Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, қаланың «Құр­метті азаматы», түрлі орден-медальдармен марапатталған адам. Міне, өзі 26 жыл басқарған мектепті біз Нағима апай­дың атына беруге ұсыныс жаса­дық. Осы ұсынысты айтқанымызға да көп болды. Бірақ, іске аспай жатыр. Осы бір арманымыз орындалса, онда біз бақытты болар едік.

– Ал тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында көшіп кетіп, қайтып келген татар ұлтының өкілдері бар ма?

– Ондай адамдар да жоқ. Мен тек бір чешен ұлтының отбасын білемін. Олар сүт сататын. Сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында олар Чешен­стан­ға көшіп кетті. Арада бір жыл өткен соң қайтып оралды.

– Неге?

– «Неге?» деп сұрамадым. Бірақ ол жақ жақсы болса, қайта Қазақстанға көшіп келмейтіндері анық қой.

– Соңғы кездері мынандай бір кері тенденция орын алып жатыр. Қа­зақстанның Мемлекеттік туын қор­лау деген. Әр жерде Туды қор­ла­ған әрекеттер байқалады. Соның ең соңғысы Атырауда орын алды. Тумен қоқыс тасып жүр екен. Онан бө­лек, Әнұранның айналасында да дау көбейіп кетті. Мұны аз десеңіз, күл салғыштың түбіне Елтаңбаны да белгілеп тастапты, бір пысықайлар. Осы нені білдіреді?

– Мұндайды тәрбиесіздік дейін десең, ол сөз аз болып тұр. Мен мұны рухани мүгедек адамдардың тірлігі деп бағалар едім. Туған елінің Туымен қоқыс тасып, Елтаңбаға күл салып, оның үстіне түкіретіндер тек рухани мүгедектер ғана. Басқалай айту мүмкін емес. Өз басым мұндай адамдарды түсінбеймін. Түсінгім де келмейді. Бұл туған анаңды жардан итеріп жіберіп, артынан дым болмағандай кете берген тәрізді нәрсе ғой. Олар үшін ешнәрсе қасиетті емес. Сондықтан ұлттың, мем­лекеттің ең маңызды рәміздерін ая­қ­ас­ты етіп, оны қорлап жатыр. Үйіміздің төрінде Құран тұратын болса, мем­ле­кеттік рәміздер де сол Құранмен қатар тұруға тиіс дүниелер. Әсілі, олар ауру шығар. Басқа не айта алайын?!

– 2020 жылға қарай еліміздегі ха­лықтың 95 пайызы қазақ тілін мең­гереді деген жоспар бар. Сіз осыған сенесіз бе?

– Тіл тақырыбында мен үнемі ойланамын. Мынандай бір қанатты сөз есіме түсіп отыр. «Егер сен бір тілді білсең, онда тек жерде жүрсің. Екі тіл білсең, онда қалықтап ұшасың. Ал үш тіл білсең, онда әлемнің төбесінде шарлайсың». Міне, біздің Елбасымыз да үш тұғырлы тіл саясатын ұстанып отыр. Мұны халқымыз әлемнің төбесін шарласын деген ниет деп түсінемін.

Тіл – үйренемін деген адам үшін қи­ын емес. Дегенмен, түрлі сылтау айтатындар жеткілікті. Мысалы, егде адам­дар «біз қартайдық, бізге тіл үй­рену қиын» деп жатады. Мұның да өзіндік шындығы бар. Бірақ сол егде тартқан адамдар немерелерімен қосы­лып, қазақ тілін оқыса, онда тез меңгеріп кетеді. Мәселен, бастауыш сыныптарына арналған кітаптар керемет шыққан. Мен әлі күнге дейін немереммен бірге қазақ тілін оқимын. Өзім керемет көркем сөйлемесем де, қазақ тілінде нан тауып жей аламын.

Осы арада жастардың қазақ тілін меңгеруіне мықтап көңіл бөлген жөн. Өз тарапымнан бір ұсыныс айтайын. Мәселен, орыс мектептеріндегі сабақ кестесін қазақша жазу керек. Сонда ана бала өз еркінен тыс қазақ тілін үйрене бастайды. Күнде-күнде сабақ кестесін қазақ тілінде оқыса, үйреніп кетеді ғой. Онан бөлек, тарих, әдебиет пәндерінен қазақ тілінде түсінік айтқан балаларға көтермелеп баға қоятын болса, онда бар бала қазақ тіліне ден қояр еді. Балаларды тіл білуге үйретудің түрлі тәсілі бар. Соның барлығын ұтымды пайдаланар болсақ, онда жас ұрпақ мемлекеттік тілді мектептен меңгеріп шығар еді. Сонымен қатар, көшедегі билбордтарда қазақша-орысша бірдей жазылып тұрады. Мысалы, соның қазақшасын үлкен әріптермен жазып, орысшасын кішкентай әріппен берсе, адамдар еріксіз, қазақшасын оқиды. Түсінбей жатса, астындағы орысшасын оқып, түсініп алады. Бір оқисың, екі оқисың, сөйтіп тіл сындырасың. Қазақ тілін үйренейік деп құр ұрандай бергеннен, осындай қарапайым тәсілдерді қолдану әлдеқайда пайдалы ғой деген ойдамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС,

Қызылорда облысы.