• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Мамыр, 2012

Әмір АХЕТОВ: «Ауыл халқына қызмет көрсетсек дейміз»

264 рет
көрсетілді

Әмір АХЕТОВ: «Ауыл халқына қызмет көрсетсек дейміз»

Сейсенбі, 15 мамыр 2012 7:48

Елордадағы «Болашақтың госпи­та­лінің» бірі – «Республикалық диаг­ностикалық орталық» акционерлік қоғамы. Ұлттық медици­налық холдинг құрамына кіретін бұл орталық пайдалануға берілген күннен бастап халыққа диагностикалық қызмет көр­сетіп келеді. Жұмыстары қанша­лық­ты нәтижелі болуда, қандай же­тістіктері бар екенін білмек ниетпен акционерлік қоғамның басқарма төр­ағасы Әмір АХЕТОВКЕ жолыққанбыз.

 

Сейсенбі, 15 мамыр 2012 7:48

Елордадағы «Болашақтың госпи­та­лінің» бірі – «Республикалық диаг­ностикалық орталық» акционерлік қоғамы. Ұлттық медици­налық холдинг құрамына кіретін бұл орталық пайдалануға берілген күннен бастап халыққа диагностикалық қызмет көр­сетіп келеді. Жұмыстары қанша­лық­ты нәтижелі болуда, қандай же­тістіктері бар екенін білмек ниетпен акционерлік қоғамның басқарма төр­ағасы Әмір АХЕТОВКЕ жолыққанбыз.

– Әмір Амантайұлы, өзіңіз басқаратын диагностикалық орталық жайында көпші­лік қауым толығырақ білсін деген мақ­сатпен алдымен орталық туралы айта кеткеніңізді жөн санап отырмын.

– Рас, диагностикалық орталық жайында еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын көпші­ліктің білгенін біз де қалаймыз. Неге десеңіз, астаналықтар қаралатын, емделетін мекемелер мұнда өте көп. Олардың арасында ақы­лысы да, мемлекеттік бюджет қаржы­лан­ды­рып отырғандары да бар. Бұл тұрғыда аста­налықтарға жақсы мүмкіндік жасалған. Ал шалғайдағы аудандар мен ауылдарға диа­г­ностикалық аппараттар әлі 100 пайыз жеткі­зілген жоқ. Сондықтан біз өз пациентте­ріміз­дің негізінен, яғни 80 пайызы ауыл тұрғын­дары болуын қалаймыз.

Орталық туралы айтар болсақ, біздің орталық бір мезгілде 500 адам қабылдай алатын еліміздегі ең ірі диагностикалық мекеме. Аппараттарымыз Еуропа, АҚШ, Жапония сынды дамыған мемлекеттерден сатып алын­ған. Бұл аппараттармен сәулелі диагности­каның 5 түрі, УДЗ мен функционалды диаг­ностиканың 42 түрі, лабораториялық зерттеу­лердің 500 түрі, эндоскопиялық зерттеулердің 10 түрі және елімізде тұңғыш рет позитронды-эмиссиолық томограф арқылы радиоизотопты диагностика жүргізіледі. Бізде 500-ге жуық маман еңбек етеді.

– Дәрігер мамандар туралы осы күні ел-жұрт көп сын айтады. Қалада да, ауылда да дәрігерлер шетелдік аппараттарды дұ­рыс меңгере алмай жатыр, диагнозды нақ­ты қоя алмайды деген сөздерді құлағымыз шалып қалады. Сіздерде дәрігерлерге қан­дай талап қойылады? Орталықтың еліміз­дегі ең ірі диагностикалық мекеме екенін өзіңіз айттыңыз. Осындағы мамандар сол дәрежеге лайық па?

– Біз үшін мамандардың әлеуеті ең басты орында. Біз, әсіресе, жұмысқа қабылдағанда өте қатал талап қоямыз. Олар кеше ғана университет қабырғасынан шыққан жастар емес, тәжірибесі бар білікті мамандар болулары керек. Осында орналасқан соң да мамандардың біліктілігін ұдайы арттырып отырамыз. Мәселен, 2010 жылы 77 қызметкер, былтыр 90 қызметкер арнайы даярлық курстарынан өтті. Әсіресе, маман дәрігерлердің шетелдерден оқып қайтуын қадағалаймыз. Тек осы екі жылда 34 қызметкеріміз шетелдерде болып, білімдерін жетілдіріп қайтса, соның 28-і дәрігерлер. Шетелдік әріптестерді шақырып шеберлік сыныптарын ұйымдастыру дәстүрі бізде де бар. Осы жылдарда сондай аты-жөні медицина әлеміне белгілі тұлғалардың 13-ін шақырыппыз.

Өзіміз де халықаралық конференция­­лар­ға қатысып тұрамыз. Осы айтылған жайлар­дың арқасында орталығымызда жылдан-жылға жұмыс әлеуеті артып келеді. Соңғы жылдары емдеудің 38 жаңа әдісі мен 4 инновациялық технология тәжірибеге енгі­зілді. Сондай-ақ, біз дәрігерлерді ынталан­дыруға да айрықша мән береміз. Өйткені, ол кәсіби деңгейі жоғары мамандар қатарын арттыруға ықпал етеді. Өткен жылы дәрі­герлердің айлығын 37 пайызға, орта буын мамандардың айлық жалақысын 11 пайызға көбейттік. Олардың әлеуметтік қажеттілік­тері үшін өткен жылы 3 миллион теңге жұм­салды. Мұндай шаралар мамандарды тұрақ­тандыруға қол жеткізеді деп есептеймін. Былтыр бізде алдыңғы жылдармен салыс­тырғанда мамандардың кетіп қалу деңгейі 4 пайызға қысқарды. Онда да олар жұмыс ұнамағасын не тіл табыса алмағасын емес, отбасы жағдайына байланысты, басқа қала­ға көшуіне байланысты кетті.

– Осы мекемеде диагностикадан өту үшін не істеу керек? Еліміздің шалғай ауылдарынан келген сырқат адамдар ары-бері жүрем деп одан сайын жағдайын нашарлатып алмай ма?

– Біз бес адамның төртеуін тегін диагностикадан өткіземіз. Тегін емделудің бір ғана шарты бар – ол квота немесе жергілікті аурухананың жолдамасы. Былтыр біз 330 мыңнан аса адамды қабылдадық. Ал алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 262 мың болатын. Мұнда денсаулығын егжей-тегжейлі тексер­тететін адамдардың саны жыл сайын өсіп келеді. Соның ішінде ақылы қызметке де сұраныс көп. Ол диагностикалық орталықтың бас директорының бұйрығымен бекітілген баға тізіміне сәйкес жүргізіледі. Осы жерде былтыр біздің орталық Ұлттық медициналық холдингтің еншілес ұжымдарының арасында халыққа қызмет көрсету жөнінен бірінші орын алғанын айта кетсем деймін.

Сырқат адамдардың жағдайына келсек, расында да мұнда бір ғана аурумен келетін адам­дар саны аз. Көбі жылдар бойы ауруы­ның үстіне ауру жамаған жандар. Оларды диагностикадан өткізу барысында осындағы күндізгі стационарға жатқызамыз. Ал, жағ­дайлары мүлде нашар болса, холдингтің бас­қа да орталықтарында, мәселен, Нейрохирургия, Ана мен бала ұлттық ғылыми орта­лықтарында жатып, емделіп шығуларына көмектесеміз.

– Орталық ашылғалы бері қол жет­кі­зілген жетістіктер туралы әңгімелеп бер­сеңіз.

– Жетістіктер баршылық. Соның бірегейі – ядролық медицинаны енгізуіміз. Қазір орта­лықтың базасында онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтайтын ғажайып диаг­ностикалық құрал-жабдық жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда осы аппараттың көмегімен онкологиялық аурулардың ерте сатысында диагнозын қойып жатырмыз. Осы уақытқа дейін 1500 адамнан сол аурулардың алғашқы бел­гілері анықталды. Бұлай ерте сатыда анықтау біздің орталық емес, мемлекетіміз үшін де пайдалы деп ойлаймын. Өйткені, онкология­лық ауруларды емдеуге өте көп қаражат жұмсалады. Ал оны ертерек анықтасақ, емдеу де оңай, жұмсалатын қаражат та азаяды. Бірақ, әңгіме тек аппарат арқылы диагнозды қоюмен тұйықталмауы керек. Холдинг базасына онкологиялық ауруларды емдегенде қатар жүретін жоғары технологиялы терапия әдістерін енгізу күн тәртібінде тұр. Бұл радиоизотопты терапия, стеоротаксикалық радиохирургия, протонды терапия сынды әлемнің дамыған мемлекеттері қолданатын соңғы үлгідегі терапиялық емдеу әдістері. Осы тұрғыдан келгенде жаңа инновациялық технологияларды енгізу, соның ішінде сәулелі радиохирургияны енгізу өте өзекті болып отыр. Стеоротаксикалық радиохирургияның (кибер пышақ, гамма пышақ) хирургиялық тәсілмен салыстырғанда артықшылықтары көп. Ол біріншіден инвазивті емес, жалпы анестезия берілмейді, инфекциялық жұқпалардың өршу қатері аз.

– Осыған байланысты тағы бір сұрақ Елбасымыз биылғы Жолдауында медицина саласы бойынша ендігі жерде алдың­ғы кезекте шешілуі тиіс мәселенің қата­рына онкологиялық ауруларды емдеу мен одан болатын өлім-жітімді азайту мә­селесін шығарып еді. Бұл үшін Үкіметке тапсырма берілді, Ұлттық медициналық холдинг ар­қау­ында Астана қаласынан онко­ло­гиялық орталық ашу керектігі айтылған болатын.

– Сұрағыңызды түсіндім. Онкологиялық аурулар тек біздің елімізде емес, бүкіл әлемде үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Жыл сайын әлемде 8 миллионға жуық онколо­гия­лық аурулардың жаңа жағдайы тіркелсе, жыл сайын 5,2 миллион адам осы аурулардың зардабынан өмірмен қоштасуда. Біздің елімізде де бұл аурулардың үлесі үлкен. Өйткені осы аурулардан болатын өлім-жітім екінші орында тұр. Жыл сайын 20 мың адам қайтыс болса, жыл сайын 30 мың адам жаңадан тір­ке­луде. Сондықтан Ұлттық медициналық холдинг арқауында Онкологиялық ғылыми орта­лық құру біз үшін үлкен жетістік болар еді. Қазір соған жұмыс істеліп жатыр. Ол осы Диагнос­тика­лық орталықтың ішінен құры­ла­ды. Өйт­кені, бізде жоғары технологиялық аппа­рат­тардың түгелге жуығы бар. Оған жо­ғарыда айтылған емдеу әдістері қосылса, елі­міз онкологиялық ауруларды ерте сатысында емдеу бойынша озық мемлекеттердің қатары­на қосылары даусыз.

– Жуырда ғана холдингтің Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы «Джи-Си-Ай» сапа сертификатын алды. Оған оны үш жыл бойы басқарған австриялық «Вамед» компаниясының үлесі бар екенін білеміз. Диагностикалық орталыққа осын­дай компаниялардың бірінің көмегі керек емес пе?

– Бұл – Денсаулық сақтау министрлігі мен холдингтің ауруханалық жүйені халықаралық басқаруға беру жөніндегі алғашқы жобасы. Ол «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығына енгізілді. Компания орталыққа 3 жыл көлемінде тиімді менеджмент қалып­тастырып, халықаралық сапа стандарттарын енгізуі тиіс болатын. Орталық сапа сертификатына қол жеткізді. Ал, басқаруға келсек, бізде денсаулық сақтау саласына басшылық жасайтын бұрынғы жүйе әбден ескіргенін қазір медицина мамандарының көбі мойындайды. Австриялық компанияны басшылыққа тарту сол үшін керек болды. Бірақ бұл сондай компанияларды еліміздің бүкіл емдеу мекемелеріне тарту керек деген сөз емес. Мәселен, біздің диагностикалық орталықты бөтен бір елдің компаниясына басшылыққа берудің қажеттілігі жоқ. Біз алдыңғы үлгіден де үйренуге тиіс нәрселерді керегінше алдық.

– Әмір Амантайұлы, жұмыс бабымен әлемнің талай елдерінде болып жүрген шығарсыз? Олардың медицинасы дамы­ған деп жатады. Бірақ бұл қаншалықты рас. Сол дамыған медицинаның, мәселен, АҚШ-та дейік, қарапайым халыққа қолже­тімділігі қандай деңгейде?

– Басқа ғылымдарды білмеймін, бірақ, біз медицина дамыған ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Түрлі аурулардың емі табылып жатыр. Түрлі тәсілмен емдеу жолға қойылған. Оның ішінде жаңа технологиялар туралы сағаттап әңгіме айтуға болады. Бір ғана мысал, біздің еліміз демей ақ қояйын, жалпы ТМД жоғары медициналық құрал-жабдықтармен қамтылу бойынша дамыған мемлекеттерден он есеге дейін қалып тұр. Бұл расында әлемдік деңгейдегі медицинаның қарыштап кеткенін байқатады. Бұл олқылықты толтыру оңай емес. Біздің әлі үйренуі тиіс нәрселеріміз көп. Ал енді медицина деген призманың басқа қырынан қарасақ, біздегі адамға жаны ашу, адамгершілік қағидаттары басқа елдерге үлгі болғандай деп айта аламын. Өйткені, Елбасымыздан бастап қоғамның басты байлығы адам деп, халқының денсаулығына мықтап көңіл бөліп отыр. Әлемнің бірде-бір елінде дәл біздегідей әр адамға тегін медициналық көмек көрсетілмейді. Сол үшін бюджеттен біздегі­­дей мол қаражат бөлінбейді. АҚШ-ты айтып қалдыңыз. АҚШ емделу құны өте жоғары мемлекеттердің қатарына жатады. Оның қа­рапайым халқы қалтасы көтеріп, өз елдерінде емделе алмайды десек, өтірік болмайды. Сол үшін олар Тайланд, Малайзия сияқты мемлекеттерге барып емделетінін осы күні әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Осы тұрғыдан келгенде мемлекетіміз өз халқына капиталистік жүйе қағидат­тары­мен емес, адамгершілік негізіне сүйенген қа­ғидаттармен қарап отырғанын әрбір қазақ­стандық білуі тиіс деп ойлаймын. Кейде мен кейбір телеарналар мен газеттерде болмас дауды зорайтып көрсететін журналистерге рен­жи­мін. Олар неге тек кемшілікті ғана көреді. Ал медицина саласында, әсіресе, тәуелсіздік жыл­дарында жаңалық та, жақ­сылық та мол ғой.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА,