• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2012

Міндет, парыз алға жетелейді

550 рет
көрсетілді

Міндет, парыз алға жетелейді

Сәрсенбі, 16 мамыр 2012 8:22

Бала – ата-ананың көз қуанышы, көңіл жұбанышы. Кез келген ата-ана баласы үшін өмір сүреді деп ойлаймын. Халқымыз «Балалы үй базар» деп тегін айтпаса керек, отбасылық өмірдің мәні мен сәні сәбимен бірге кіреді. Үлкен адамдардың өміріне соншама қуаныш пен шаттық сыйлайтын сәбилер кейде, керісінше, ата-анасының көңіліне уайым мен алаңдаушылық ұялатып жататыны да қоғамымыздағы белгілі жәйт. Туғаннан мүгедектікке душар болған, не есейе келе әртүрлі жағдайдың салдарынан денсаулығына, соның ішінде, жүйке жүйесіне зақым келген балаларды тек ата-анасы емес, мемлекет те бақылауда ұстап, қолынан келген жәр­демін аяп отырған жоқ. Өткен жылғы халық санағының қоры­тындысы бойынша еліміздегі осындай балалардың саны 58 мыңдай екені анықталды.

 

Сәрсенбі, 16 мамыр 2012 8:22

Бала – ата-ананың көз қуанышы, көңіл жұбанышы. Кез келген ата-ана баласы үшін өмір сүреді деп ойлаймын. Халқымыз «Балалы үй базар» деп тегін айтпаса керек, отбасылық өмірдің мәні мен сәні сәбимен бірге кіреді. Үлкен адамдардың өміріне соншама қуаныш пен шаттық сыйлайтын сәбилер кейде, керісінше, ата-анасының көңіліне уайым мен алаңдаушылық ұялатып жататыны да қоғамымыздағы белгілі жәйт. Туғаннан мүгедектікке душар болған, не есейе келе әртүрлі жағдайдың салдарынан денсаулығына, соның ішінде, жүйке жүйесіне зақым келген балаларды тек ата-анасы емес, мемлекет те бақылауда ұстап, қолынан келген жәр­демін аяп отырған жоқ. Өткен жылғы халық санағының қоры­тындысы бойынша еліміздегі осындай балалардың саны 58 мыңдай екені анықталды.

Ал енді осы балаларға тікелей қандай көмек көрсетіледі деген сауалға келсек, елімізде респуб­ликалық деңгейдегі екі оңалту орталығы бар. Бірі – 17 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Алматыдағы «Балбұлақ» ауруханасы да, екіншісі, балаларды емдей бастағанына бес жылдың көлемі болған елордадағы біздің орталық. «Республикалық балаларды оңалту орталығы» деген атқа ие болған мекемеміз осы жылдарда қалыптасудың барлық баспалдағынан өтті. Кешенді оңалтудың инновациялық технологиясы мен әдістері енгізілді. Осы арқылы психо­невро­ло­гия­лық, эндокриндік, тірек-қозғалыс бұзылушылығымен зардап шеккен балаларға көмек көрсетіледі.

Біздің ғимарат балаларға көр­сетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында 2007 жылы 300 төсек-орынға лайықталып, әлем­дік стандарт үлгісінде жабдық­талып бой көтерді. 6 бөлімшеміз бар. Оның бесеуі психоневро­логиялық, жүйке жүйесінің патологиясына арналса, біреуі эндо­кринологиялық бөлімше. Тексеру-зерттеу жүргізетін диагнос­тикалық бөлімшеміз бар. Ондағы электроэнцефалограф, электронейромиограф, ультрадыбысты доплерограф, электрокардиограф сияқты заманауи аппараттар көп­шілікке енді-енді мәлім бола бастағанымен пайдасы өте зор. Балаларды оңалтуда олар баға жетпес құрал болып табылады. Мектеп, лаборатория, хореогра­фиялық, музыкалық, спорт залдары, компьютерлік сыныптар, қыс­­­­қы бақ, еңбек терапиясына арналған шеберханаларымыз осы­­ның бәрі орталықтың сан-салалы құрылымын айғақтаған­дай. Міне, осы жерде арнайы жа­сақталған дәрігер-мамандар мү­гедек балалардың денсаулығын жақсартуға үлес қосып жатыр.

Неге жақсарту дейміз? Өйт­кені, жүйке жүйесі ауруларының ішінде жеңіл-желпі деген болмайды. Мысалы, тыныс алу жол­дарының ауруларынан кез келген сәби құлан-таза сауығып кетеді. Берісі тұмау, арысы пневмония болса да, аз уақыттың көлемінде бала құлдыраңдап шығады. Ал жүйке жүйесінің бір ғана тал­шығына зақым келсе де, оның зар­дабы өте ауыр. Бұл аурулар­дың түрлі қалыптары, түрлі дәрежесі болғанымен, одан жүз пайыз жазылып кетуге мүмкіндік жоқтың қасы. Сондықтан бізде емделген балаларға дәрігерлер «жағдайы жақсарды» деген қо­рытынды шығарады. Осында жатқан балалардың 97-98 пайызы едәуір оңалып шығады. Өте қиын жағдайда түскен балалардың ұй­қысы, тамақтануы жақсарады. Сөйлемесе сөйлейтін, әріп танымаса танитын болады. Өз бетімен түстерді ажыратып үйренеді. Көңіл-күйі жақсарады.

Мүгедек балалар көбінесе, үйде отырады, қоғаммен араласа алмайды. Олар осы жерге келген соң адамдармен араласуды үйре­неді. Қол-аяқтары жұмыс істе­мей, бұлшық еттері қатып тұра­тын балаларға әсер етіп, олардың өз бетімен ойыншық ұстап, киіне алатындай жағдайға жетуіне кө­мектесеміз. Осында екі-үш жасқа келсе де, басын ұстай алмайтын балалар көп түседі. Ал, қалыпты жағдайда 1-3 ай көлемінде бала басын ұстауы тиіс. Біз солардың басын ұстауына септігімізді ти­гіземіз. Отыра алмайтындар отырып, тұра алмайтындар тұратын болады. Көп балалар жүре алмайды. Осында келгеннен соң олар бастапқыда арбамен жүруді үй­ренеді. Ал кейіннен 12-15 пайызы өз бетімен жүріп кетеді.

Орталық ашылғалы осы бес жыл көлемінде 300-ден астам бала жүріп, 500-ден астамы сөйлеп кетті. Бұл біздің ең үлкен же­тістігіміз. Өз бетімен жүре бас­таған балалардың тұсауын кесуді дәстүрге айналдырға­ны­мызды да айта кетсем деймін. Орталықта ең алғаш Ақнұр деген қыз баланың тұсауы кесілді. Оны Елбасымыздың өзі кесіп еді. Сонда Ақнұр 9 жаста болатын. Қазір 13-те. Өз бетімен мектепке барып жүр. Әрине, кейбір адамдар үшін күнделікті жүріс-тұрыс, сөз сөй­леу, тамақ, ұйқы әбден қалыпқа түскен жаттанды тірлік сияқты көрінгенімен, мүгедек балалар үшін, оның ата-аналары мен со­ларға қайтсек көмектесеміз деп жүрген дәрігерлер үшін сол бала­лардың тек қолдары қимыл­даға­нының өзі үлкен қуаныш. Неге десеңіз, мүгедек балаларды қо­ғам­ның толыққанды мүшесі ре­тінде тану мәселесінде әрбірі­міздің адамгершілігіміз бен иманымыз сынға түседі. Кейде осындай балаларды қоғамның толық­қанды азаматы деп санауымыз керек пе деген сияқты мәселе көтеріліп жатады. Ондай бала­лар­дың арасында мектеп, университет бітіргендер бар. Жұмыс істеп, өмірден өз орнын тапқан соң, әрине, толыққанды азамат. Үйленген азаматтарды да білем. Олар тек өздерін емес, отбасын да асырап отыр. Дендері сау балалар дүниеге келіп жатқан оқи­ғаларды да көріп-біліп отырамыз. Сондықтан оңалту шараларын ерте бастау керек және оны дұ­рыс жасау керек деп айтар едім. Сонда жақсы нәтиже береді, үйде мүгедек болып отырып қалмай­ды. Тіпті үйде отырса да, өз-өзіне қарауға шамасы жететін болса екен деп армандайтын ата-аналар бар. Олар да, үмітін үзбей, ал­дағы күннен тек жақсылық күтіп, сол үшін амал жасай білсе екен дейсің.

Орталықта әрбір бала 25 күн жатып емделеді. Біз бір мезетте 300 баланы қабылдайтын болсақ, солардың барлығын бір уақытта қайтарамыз. Сосын қайтадан жа­ңа топты қабылдап аламыз. Бізге денсаулық сақтау басқар­малары арқылы әрбір бала туралы алдымен мәлімет түседі. Соған орай әрқайсысына жеке-жеке ем таға­йын­далады. Соның ішінде біздің соңғы жылдағы жетістігіміз ре­тінде «ЛОКОМАТ» роботтан­дырылған кешенінің ем шарасы жайында айтуды жөн көріп отырмын. Бұл кешен орталығымызға былтыр ғана енгізілді. «ЛОКОМАТ» еліміз бойынша тек біздің орталықта ғана жұмыс істеп тұр. Оның бірін грант бойынша ұтып алғанбыз, екіншісін өзіміздің ақ­ша­мызға сатып алдық. Швейца­рия­да жасалған бұл құрал-жаб­дық арқылы науқастар 4 жастан бас­тап белсенді жаттығулар жасай алады. Инсульт алған, ми және жұлын жарақатына ұшыра­ған, сондай-ақ церебральды сал ауруымен ауыратын, басқа да ау­рулар­дың зардабынан арбаға таңылған балаларға осы кешен­нің қызметін пайдаланады. «ЛОКОМАТТА» қайта-қайта жасал­ған жаттығудың арқасында жү­руге қажетті барлық бұлшық еттер мен ми қырты­сының қи­мылдық зоналары жүріс стерео­типінің дұрыс құрылуына көмек­теседі.

Медицинада «бұлшық ет жады» деген термин бар. Бір сағатта 400 қимыл-әрекет жасалынатын болса, сол бұлшық еттің жадында қалады да, ары қарай қозғалысқа қабілетті болады. Бірақ, ауру балалар өз бетімен ол әрекеттерді істей алмайтыны белгілі. Сон­дықтан осы роботтандырылған кешеннің көмегіне зәруміз. Сон­дай-ақ, орто­педиялық отадан ке­йін аяқ-қолдың буындарына бұл­шық ет күшін көбейту мен кейбір науқастардың дене салмағын азай­туға да бұл кешеннің ықпалы зор. Мұндағы тренинг кез келген жастағы нау­қасқа жақсы көңіл-күй сыйлайтыны өз алдына, балалар өздерінің әрекеттерін компьютер не теледидар маниторынан көре алады. Бір сөзбен айт­қанда, «ЛОКОМАТ» қал­пына кел­тіру медицинасы саласында ең үздік кешен ретінде танылып, дүние жүзіндегі көшбас­шы оңал­ту клиникаларында ойда­ғы­дай қолданылуда. Сондықтан, біз үшін де, балалар мен жас­өспі­рімдердегі өздігімен жүру дағды­ларын қалпына келтіру және дамыту үшін өте маңызды.

Соңғы жылдардағы тағы бір жетістігіміз – Монтессори әдіс­теме­сін енгізуіміз. Бізде қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда жалпы білім беру, қосымша білім беру бойынша және психо­физиологиялық дамуы тоқтап қалған балаларға арналған бағ­дар­лама бойынша сабақ оқыты­лады. Мектепте 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған меди­циналық және психологиялық негізде адам дамуы туралы білім­дерден құрылған екі Монтессори-педагогика кабинеті жұмыс істейді. Мария Монтессори италиялық дәрігер әйел. Бұл жүйені осыдан 100 жыл бұрын сол ойлап тапқандықтан, соның атымен аталады. Қазіргі кезде Монтессори жүйесін 146 мемлекет қолданады. Бұл жүйе бойынша 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар зейінін, шығармашылық және логикалық ойлау қабілетін, есте сақтауды, сөйлеуді, елесте­туді, қимылды дамытады. Оның негізгі қағидаты – «оқы, оқы» деп күштеп емес, ойын арқылы оқыту және баламен дербес тіл табысуға негізделген жаттығу­ларды таңдап алу. Мұнда бала дидактикалық материалдар мен сабақ уақытының ұзақтығын өзі таңдайтын болғандықтан оқы­туда ерекшеліктер бар. Сондай-ақ олар өз қателіктерін өздері көріп, соны өздері түзеп отырады. Монтессори әдістемесінің маңызды ерекшелігі – баланың жеке қабі­летін көрсете алатын және көрсеткісі келетін арнайы ортаны құру. Бұл Монтессори ортасы деп аталады. Бұл ортада психоло­гиялық жайлылық, таңдау ерік­тілігі және педагогтің сабырлы адамгершілігі салтанат құрады. Бұл күндері жүйені баяғыдан бері пайдаланып келе жатқан Жапония, Қытай, Сингапур, Германия секілді мемлекеттерде интеллектуалды дамыған адамдардың көптігі осыған байланысты еке­ніне біртіндеп көз жеткізіп келе­міз. Тіпті сол дамыған мемлекеттерде тек жалпылама адамдар емес, ұлттың өзі интеллектуалды ұлт ретінде қалыптасып отыр­ғаны белгілі. Бала жас кезінде жас шыбық сияқты. Қалай исең, солай қарай иіледі. Жақсыға үйретсең, жақсылап үйретсең тез қабылдайды. Осы тұрғыдан келгенде Монтессори әдіс­те­месінің біздің орталыққа енуі жақсы бастама деп ойлаймын. Бұл ауру балаларға қолданғанда Монтессори терапия деп аталады. Бізде осы терапия бойынша әдіс­темені арнайы үйренген 140 педагог жұмыс істеп жатыр. Оларды оқыту үшін грант ұтып алған болатынбыз. Соның арқасында біздің педагогтар осы бір жыл көлемінде науқас балалармен жұмыс жасауда қолайлы жүйені таңдап отыр.

Республикалық балаларды оңал­ту орталығы – көп құры­лымды үлкен мекеме. Оның шет жағасы жоғарыда баяндалды. Мұн­да науқас балалар бір мез­гілде ем қабылдап, әрі мектеп бағдарламасы бойынша оқитын болса, мектепке дейінгі балалар Монтессори әдістемесінен тәлім алып жатыр. Сондай-ақ, біздің орталықта осы балалар үшін Ортез зауыты жұмыс істеп тұр. Ортез – аяқ-қол мен дененің патоло­гиялық деформацияларын бекіту, жеңілдету, түзету және белсен­діру үшін қолданатын арнайы қондырғы десек, зауытта аяқ буындарына арналған, қол буындарына арналған, омыртқа патологиясына арналған ортездер әзір­ленеді. Олардың тізіміне дофуздар, аяқ ұстағыштар, брейсерлер, нейрофизикалық қысым нүкте­ле­рі бар тобық ортездер, тізе, шын­тақ, білек буындарына ар­нал­ған функциялы ортездер, омыртқаға арналған қатты корсеттер кіреді. Зауыт германиялық «Otto Bock» фирмасының жаб­дық­тарымен жаб­­дықталған. Осы­ның ішінде за­уытымыздың орто­педиялық ұлт­­­арақ дайындауда дәстүрлі әдіс­термен салыстыр­ғанда әлде­қайда озық үлгілер қолданып жатқанын айту парыз. Бұған ерекше тоқталып отырған се­бебім – қоғамымызда майта­бан­дық дерті бар. Көп адамдар, тіпті бәріміз дейікші, соған көңіл бөлмейміз. Бірақ, өмір сапасы табаннан басталады. Өйткені, де­ненің ауырт­пашылығы табанға түскендіктен, омыртқа, бел, мойын, бас ауыратын болады. Сонда бастың ауруы табанда жатыр десек қателес­пей­міз. Біздің бұ­рын­ғы білетініміз майтабандық еді, қазір сол табан ауруының түр-түрі шығып жатыр. Бірақ, алдымен сол май­табандықтың өзіне дұрыс көңіл бөлініп, ата-ана балаларын үш жас шамасынан ке­йін емдете бастауды қолға алатын болса, мұ­ның өзі қоғам үшін үл­кен же­тістік болар еді деп ойлаймын. Бұл тұрғыда біздің орталық қо­лынан келген көмегін жасайды.

Әрине, бізді ең бірінші кезекте мүгедек балалардың жағдайы толғандырады. Солардың ден­сау­­лығы жақсаруы үшін орта­лықты тек кешенді оңалтумен қамта­масыз ету бір бөлек те, оларға үлкен мейіріммен қарау, жан жылуын төгу басқа дүние. Сондық­тан алдымыздағы үлкен міндет – мемлекеттің қолдауы­мен науқас­тардың әрбіріне шын ықыласпен көмек көрсету және осы жолда денсаулық сақтау са­ласының дамуына өз үлесімізді қосу. Осы міндет бізді алға жетелейді.

Шолпан БӨЛЕКБАЕВА,

«Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ

басқарма төрайымы.