Сәрсенбі, 23 мамыр 2012 7:41
Уақыт көші ілгерілеген сайын денсаулық сақтау саласы да дамып, адам жанына араша түсудің ғылыми негізделген мүмкіндіктері ашыла түсуде. Қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда тұратындардың медициналық көмекке қол жетімділігі жақсара түскенімен, алыс елді мекендерде, малдың қамы, шаруаның жәйімен шалғай қыстақтарда отырғандарға әлі де қиындау. Әсіресе, құбылмалы қыста, жауын-шашынды күз бен көктемде. Соның ішінде аумағы 300,6 мың шаршы шақырымды алып жатқан біздің облыс жағдайында.
Сәрсенбі, 23 мамыр 2012 7:41
Уақыт көші ілгерілеген сайын денсаулық сақтау саласы да дамып, адам жанына араша түсудің ғылыми негізделген мүмкіндіктері ашыла түсуде. Қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда тұратындардың медициналық көмекке қол жетімділігі жақсара түскенімен, алыс елді мекендерде, малдың қамы, шаруаның жәйімен шалғай қыстақтарда отырғандарға әлі де қиындау. Әсіресе, құбылмалы қыста, жауын-шашынды күз бен көктемде. Соның ішінде аумағы 300,6 мың шаршы шақырымды алып жатқан біздің облыс жағдайында. Қарап отырсақ, облыс аумағы бойынша елімізде екінші орынды алады екен. Міне, осындай күрделі жағдайда өңір халқын қол жетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында бұдан екі жыл бұрын медициналық жедел жәрдем ауруханасы жанынан құрылған санитарлық авиация бөлімшесінің жұмысы аяғынан тұрып кетті. Әрине, бұл осы қызметтің халыққа қажеттігін түсініп, Үкімет пен жергілікті биліктің қаржылай қолдау көрсетуінің арқасы деу орынды. Қазір ауа-райының қандай да күрделі жағдайында шалғайдағы елді мекендерден сырқаттарды ажал аузынан алып қалуға толық жағдайымыз жетеді. Жыл өткен сайын материалдық-техникалық қамту жақсарып келеді. Боран ба, тұман ба, әлде лайсаң батпақ, жауын-шашын ба, діттеген жерге жетіп, ауруға сапалы медициналық қызмет көрсетуге қалыптасып қалдық. Бөлімше облыстың он екі ауданын, облыстық перенетальдық орталықты, облыстық және қалалық балалар ауруханасын, медициналық жедел жәрдем ауруханасын қамтиды. Бізде тұрақты төрт дәрігер, 10 фельдшер жұмыс істейді. Дәрігерлердің барлығы да өз мамандығының шын мәніндегі шеберлері, қандай күрделі жағдайда да дұрыс дәрігерлік шешім қабылдай алатын ақ халатты абзал жандар. Акушер-гинеколог Мақсат Серғазин, Алексей Хасанов, Гүлнар Құрақбаева талайды ажал аузанан арашалап қалды. Фельдшерлеріміз де негізінен тәжірибелі. Соңғы кездері 4 жас фельдшерді жұмысқа қабылдадық, олар білікті әріптестерімен бірге жұмыс істей жүріп, шеберліктерін шыңдауда. Қажет бола қалған күрделі жағдайда облыстың барлық деңгейдегі емдеу мекемелерінен білікті дәрігерлерді шақырта аламыз. Олардың кезекшілік кестесі алдын ала бекітілген. Бұл біздің бір артықшылығымыз десе де болады.
Білікті маманның да осы заманғы медициналық қондырығыларынсыз «қолы кесіліп» қалатын кездері болады. Шыны керек, бұл жағынан еш қам жемейміз. Қазір бөлімшеде осы заманғы озық медициналық қондырғылармен жарақтандырылған бес машина бар. Соның үшеуі диагностикалық және емдеу қондырғыларымен жабдықталған «Фольксваген» реанимобильі. Бұларда сырқаты қатаң ауруды стационарлық емдеу мекемесіне жеткізу үшін барлығы бар. Осы реанимабильдің біреуі әйелдерді босандыруға және жаңа туған салмағы 500 грамнан жоғары шараналарды орталыққа жеткізуге арналған. Осы ғажап техниканың және білікті дәрігерлер мен фельдшерлердің арқасында қаншама өмір жалғасты десеңізші. «УАЗ» және «Нива» жедел жәрдем машиналарының жабдықталуы көңіл қуантады, ауруға дәрігерлік көмек көрсетуге қолайлы. Осы техникаларды үнемі жарақтылықта ұстайтын 9 жүргізуші жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Аэро» әуе компаниясынан «АН-2» ұшағын жалға алу төлемін республикалық бюджет көтереді. Оның бір сағаты 80 мың теңге тұрады. Ал, «ЕврАзияЭйр» компаниясының «МИ-8» тікұшағы тиісінше 400 мың теңгеге түседі. Оны жергілікті бюджет төлейді. Сондықтан көбіне «АН-2» ұшағын пайдалануға тырысамыз. Бұдан басқа да қолқоржынға немесе шабаданға салынған жүрек соғысын жасанды қалпына келтіру, тыныс алдыру, тыныс жолдарын тазарту, ЭКГ сияқты осы заманғы жетілдірілген аппаратуралар науқасқа дер кезінде қажетті медициналық қызмет көрсетуге кепілдік береді. Дәрі- дәрмекпен қамтамасыз етуде кемдік жоқ. Шыны керек, санитарлық авиацияның осындай болуына медициналық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәубет Келімбердиевтің үлесі зор. Бөлімшенің арнаулы техникамен, дәрі-дәрмекпен, медициналық қондырғылармен жарақтандырылуына ұдайы ұйытқы болып жүреді.
Бөлімше құтқарушы дәрігерлері құрылғаннан бергі екі жыл ішінде ауыр науқастардан 442 шақыру алып, жолға шықты. Он алты ауруға ұшақпен, тікұшақпен жетуге тура келді. Біздің дәрігерлер сол жерде әр түрлі 120 ота жасады. Аудандардан 313 ауыр халдегі сырқат жеткізілді. Соның 200-ден астамы балалар. Мұның өзі алыс ауылдардағы аяғы ауыр аналардың босанар күні тақағанша жүріп алатынын, сондай-ақ, көбінің қан аздығымен ауыратынын көрсетеді. Абырой болғанда бірде-бір ана өлімі болған жоқ, бірде-бір шарана шетінеген емес. Бұл да осы ұжымның, сырттан шақырылатын әріптестеріміздің кәсіби шеберлігінің нәтижесі екені сөзсіз. Ал, үстіміздегі жылғы үш айда 69 шақырту болды, 29 ота жасалып, 49 адам аудандық және облыстық ауруханаларға жеткізілді.
Санавиация бөлімшесінің маман дәрігерлері шалғай аудандардағы әріптестеріне теледидар арқылы жағдайы ауыр науқастардың ауруын анықтау және емдеу жөнінде кеңес береді. Мұндай қызмет телефон арқылы да көрсетіледі. Міне, осындай уақытпен, жағдаймен санаспай, ауа райының құбылмалылығына қарамай жұмыс істеудің нәтижесінде екі жылдан астам уақытта 700-ден астам адамның өміріне төнген қауіптің беті қайтарылды. Бір ғана мысал келтірейін. Күні кеше ғана өзім бас болып фельдшерлер Айнагүл Мәтіғұлова және Жанар Қуанышбаевамен бірге Қандыағаш қаласында туғанына үш күн болған іште жатқанда өкпесі қабынған сәбиді аман-есен жеткіздік. Мұндай жағдай күнделікті өміріміздің ырғағына айналып кетті. Осылай алдын алмағанда арты неге соғарын кім білген. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының нәтижесі. Президент елдің ертеңі халықтың денсаулығымен байланысты екенін үнемі айтып келеді. Құр ғана айтып келе жатқан жоқ, денсаулық сақтау саласының дамуына қаржылай қолдау көрсетіп жүр. Соның бір мысалы, біздің санитарлық авиация бөлімшесі. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстанның дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауында еліміздің денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін жіпке тізгендей етіп айта келіп, «Бізде медициналық поездар, автокөлік, медициналық авиация пайдаланылады» деген болатын. Міне, біздің қызметіміз осыған нақты мысал, айқын айғақ болады деп ойлаймын.
Зинаида Бисенбаева,
санитарлық авиация бөлімшесінің меңгерушісі.
Ақтөбе облысы.