Бейсенбі, 12 шілде 2012 7:34
Жүрек-қан тамырлары ауруларыныңэпидемиясы ХХ ғасырдың екіншіжартысынан бастап бүкіл әлемді шарпығанырас. Жаңа ғасыр басталғанда да жағдайдыңөзгере қоймағанын нақтылайтын фактілержетерлік. Атеросклероз және артериалдыгипертония диагнозы қойылған жүректіңишемиялық ауруы, мидағы қан айналымныңбұзылуы бүкіл әлемдегі өлімнің басты себебідесек, бұл кесел біздің елімізді де орапөткен жоқ. Сондықтан бұл мәселеге өтебайыпты қараған Елбасымыз 2007 жылыелімізде кардиохирургияны дамыту бойыншамемлекеттік бағдарлама қабылдануынаұйытқы болды. Ол бағдарламаның негізгімақсаты – жүрек-қан тамырларыауруларынан болатын өлім-жітімді азайту еді. Өзінің кезекті сұхбатыныңбірінде Нұрсұлтан Әбішұлының былай дегені есте: «Мен 2005 жылыжүрек-қан тамырлары ауруларының мәселесін шешу үшін Үкіметкеміндеттер жүктедім. Сол кезде Қазақстан бойынша жүрекке жылына 900-гежуық оталар жасала бастады».
Бейсенбі, 12 шілде 2012 7:34
Жүрек-қан тамырлары ауруларыныңэпидемиясы ХХ ғасырдың екіншіжартысынан бастап бүкіл әлемді шарпығанырас. Жаңа ғасыр басталғанда да жағдайдыңөзгере қоймағанын нақтылайтын фактілержетерлік. Атеросклероз және артериалдыгипертония диагнозы қойылған жүректіңишемиялық ауруы, мидағы қан айналымныңбұзылуы бүкіл әлемдегі өлімнің басты себебідесек, бұл кесел біздің елімізді де орапөткен жоқ. Сондықтан бұл мәселеге өтебайыпты қараған Елбасымыз 2007 жылыелімізде кардиохирургияны дамыту бойыншамемлекеттік бағдарлама қабылдануынаұйытқы болды. Ол бағдарламаның негізгімақсаты – жүрек-қан тамырларыауруларынан болатын өлім-жітімді азайту еді. Өзінің кезекті сұхбатыныңбірінде Нұрсұлтан Әбішұлының былай дегені есте: «Мен 2005 жылыжүрек-қан тамырлары ауруларының мәселесін шешу үшін Үкіметкеміндеттер жүктедім. Сол кезде Қазақстан бойынша жүрекке жылына 900-гежуық оталар жасала бастады».
Әрине, бұл кардиохирургияны дамытудың басы ғана еді. Қазіргі таңда елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының өзінде бір жылда жасалған оталар жоғарыдағы айтылған саннан әлденеше есе көп. Орталық өткен жылдың қазан айында жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Ресми түрде айтатын болсақ, 180 төсек-орынға арналған «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» акционерлік қоғамы Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық медициналық холдинг құрамына кіреді.
Орталықтың негізгі қызметі инновациялық медициналық технологияларды пайдаланып, жоғары мамандандырылған кардиологиялық, кардиохирургиялық көмек көрсету, сонымен қатар, амбулаторлық тексерістен кешенді оңалту көмегіне дейінгі аралықта науқастарға шипа беру, кардиология, кардиохирургия және интервенциялық кардиология аясында ғылым-білім әрекетін жүзеге асыру болып табылады.
Орталық дәрігерлерінің әрқайсысы жеткілікті жұмыс тәжірибесі мен кәсіби даярлықтың жоғары деңгейіне ие мамандар. Олар АҚШ, Германия, Израиль, Түркия, Литва, Ресей және Белоруссияның жетекші клиникаларында оқыған.
Біздегі орта медициналық персонал – көп жылғы еңбек өтілімен, кардиохирургиялық саладағы пациенттермен жұмыс істеу дағдысы мен тәжірибесіне ие жоғары білікті мамандар болып табылады.
Бір жылға жуық уақыттың ішінде орталығымызда мыңдаған науқастарға көмек көрсетілді, соның төрт жарым мыңға жуығы ересектер болса, бір жарым мыңы балалар. 2000-ға жуық науқастың жүрегіне ашық оталар жасалды, соның 500-і балалар мен нәрестелер.
Орталық ашылған күннен бастап жүрек-қан тамырларында патологиясы бар науқастарды емдеуде инновациялық медициналық технологиялар белсенді түрде қолданып келеді. Өткен жылдың қарашасында алғаш рет ауыр созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар (СЖЖ) науқастарды емдеуде бірегей жоғары технологиялық кардиохирургиялық отаның түрі енгізілді. Ол – сол жақ жүрек қарыншасына механикалық қолдау қондырғысын имплантациялау деп аталады. Яғни, қарапайым тілмен айтар болсақ, еліміз медицинасында алғаш рет әлгі механикалық зат арқылы жүрекке қан айдау тәсілі мүмкін болып отыр. Бұл инновациялық технологияның мүмкіндігін бүгінгі күнде жүрек трансплантациясының жалғыз баламасы әрі созылмалы жүрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастарды емдеудің бір ғана амалы деуге болады. Орталығымыз өткен жылдың желтоқсанында соңғы үлгідегі Heart Ware Ventricle Assist Device (VAD) қондырғыларын имплантациялады. Осы арқылы жүрекке ашық түрде бірегей жоғары технологиялық оталар жасайтын әлемнің 22 жетекші елінің қатарына кірді. Атап айтар болсақ Австрия, Австралия, Бельгия, Канада, Франция, Германия, Израиль, т.б мемлекеттер жүрекке қондырғыларды имплантациялайтын жетекші елдер саналады. Осы уақытқа дейін аталмыш елдер жасаған оталар саны шамамен 1500-дей екен. Тағы бір айта кетер жәйт – имплантацияланатын қондырғының салмағы 1620 гр. Аппарат жүректің сол жақ және оң жақ қарыншасына да қондырыла береді.
Жалпы осы уақытқа дейін орталығымызда жүректің қосалқы қан айналымы қондырғысының 20 түрі имплантацияланды. Ал, жылына орташа есеппен 40 аппаратты имплантациялауды жоспарлап отырмыз.
Мұнымен қоса, орталығымызда ROC Safe жүйесін қолдану арқылы кардиохирургиялық оталарды жүргізу технологиясы енгізілді. Бұл пациент үшін жаңа, тиімді және қауіпсіз технология саналады. Осы жүйені қолдана отырып ота жасалғанда уақытша жасанды вентиляция қысқартылып, отадан кейінгі қанның азаюы (мерцат аритмиясы және қан кету)салдарынан ота кезінде және одан кейінгі уақытта қан құюға науқастардың қажеттілігі төмендейді.
Аортокоронарлық шунттеу және жүрек клапандарын протездеу барысында жүрек ырғағының бұзылуы бар пациенттерді емдеуде Cardioblate жүйесінің интраоперациондық радиожиілікті аблациясы – инновациялық технологияларымен оталар жасала бастады. Бұдан басқа, эндоваскулярлық хирургтармен бірлесе отыра, пациенттерге қиын гибридті оталар жасалуда.
Орталығымыздағы тағы бір жетістік – жүрекке ашық операция жасау барысында Экстракорпоральды мембранды оксигенация әдісі енгізілді. Ұғынықты тілмен жеткізер болсақ, дем алысы әлсіз жандарға ота жасау барысында қанына оттегі толтырамыз. Бұл егу арқылы іске асады. Бұл әдіс өткен ғасырдың орта шенінде пайда болғанымен, еліміз енді ғана жетістігін көруде. Сондай-ақ, интервенциялық кардиология дәрігерлерінің бастамасымен туа біткен жүрек ақауы (ТЖА) бар науқастардың жүрек қарыншасындағы «көпірдің» ақауын транскатетер арқылы жабуға арналған технология енгізілді.
Қазақстанда алғаш рет бір жасқа дейінгі балаларға, туабітті жүрек ақауы бар сәбилерге, сонымен қатар, бір ғана қарыншасы бар жүректерге жоғары технологиялық, көпсатылы кардиохирургиялық операциялар жасалып келеді.
Болашақта жүрегінде ақау бар науқастарға жүрек трансплантациясы бойынша оталар, жүрек клапанында ақауы бар науқастарға аорталды клапанды тері арқылы протездеу, артериалды гипертензия терапиясына интервенциялық емдеу, жүректе аз инвазивті эндоскопиялық оталар, аритмиясы бар балаларға жоғары мамандандырылған көмек көрсету аз инвазивті эндоваскулярлы араласулар жоспарлануда.
Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – маңызды халықаралық ғылыми зерттеу жобаларына қатыса алатын медициналық ғылым мен практиканың интеграциясы болып табылады. Орталықтың ашылуына дейін, яғни, 2011 жылдың сәуірінен бастап жүрек ырғағының бұзылуы, кенеттен жүрек тоқтап қалудың генетикалық үрдістері туралы ғылыми-техникалық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды. Осы жобаның жүзеге асырылуы кенеттен жүрек өлімінің жоғары қаупі мен мерцат аритмиясы бар тұлғалардың жүрек ырғағы бұзылуының даму механизмі мен себептерін анықтауға мүмкіндік береді және диагностикасының жаңа әдістерін әзірлеуге көмектеседі.
Бізде жаңа технологияларды енгізу мен біліктілікті арттыру мақсатында орталық мамандарының үздіксіз оқытылуы жүзеге асырылады және әлемнің АҚШ, Германия, Нидерландия, Литва, Чехия, Словакия сынды жетекші елдері мамандарының тартылуымен шеберлік сыныптары жүргізіледі.
Республиканың жергілікті кардиологиялық және кардиохирургиялық орталықтарына ұйымдастырушы-әдістемелік, практикалық, және консультативтік көмек көрсету аясында, сонымен қатар, мекемемізге науқастарды іріктеу мақсатында еліміздің барлық аймақтарына кардиологтар, кардиохирургтар мен аритмологтардың сапарға шығуы да дәстүрге айналды.
Юрий Пя,
«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы.
Әкім дәрігерлерге көлік сыйлады
Облыста денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен «Мамандығы бойынша үздік» кәсіби байқауын өткізу дәстүрге айналды. Биыл бұл байқау 5 түрлі аталымға арналды. Сөйтіп, байқау қорытындысы бойынша облыс орталығындағы қалалық жедел жәрдем ауруханасының дәрігер хирургі Әлімжан Мұхамбетов «Үздік дәрігер» деп танылса, № 2 қалалық ауруханасының медбикесі Лариса Руль «Үздік медбике» атанды. Сонымен қатар, «Алтын скальпель», «Алтын фонендоскоп», «Өмір сыйлайтын қолдар» аталымдары бойынша үздік деп танылған 3 дәрігерге облыс әкімі Ерлан Арын жеңіл автокөліктердің кілттерін тапсырды.
Мұндай құрметке қалалық №1 ауруханасы тамырлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Сәбит Жүсіпов, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Алла Волкова, облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Буратаева бөленді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар.
Имплантация – озық әдістердің бірі
Біздің бөлімше №2-ші кардиохирургия бөлімшесі деп аталады. 22 төсек-орынға лайықталған. 6 маман еңбек етеді. Орталық ашылғалы бері бөлімшемізде 200-ден астам ота жасалды. Осы жылға жоспарланғаны 300 ота. Сол жақ жүрек қарыншасына механикалық қолдау қондырғысын имплантациялау арқылы созылмалы жүрек жетіспеушілігі (СЖЖ) бар науқастардың жиырмасына ота жасадық. Нәтижесі жаман емес екенін толық сеніммен айта аламыз.
Әрине бұл отаны бастап жасау үшін, соның әдісін орталыққа енгізу үшін орталық дәрігерлеріне көп тер төгуге тура келді. Өйткені, бұл кем дегенде 15 адам бірігіп жасайтын үлкен командалық жұмыс. Хирург, кардиохирург, инженер, анестезиолог, медбикелер қатысатын бұл отаның ерекшелігі – еліміз медицинасында алғаш рет механикалық зат арқылы жүрекке қан айдау тәсілі мүмкін болып отыр. Дәрігерлеріміз созылмалы жүрек жетіспеушілігіне байланысты оқу бағдарламасы бойынша Вильнюс (Литва), Фрайбург (Германия), сондай-ақ, Франция, Швейцария, АҚШ-тың жетекші клиникаларында оқып қайтты.
Әлемдік статистика бойынша орта есеппен жылына миллион адамның мыңына кардиохирургиялық оталар жасалады екен. Біздің елімізде 16 миллион адам бар десек, жылына 16 мың адамға кардиохирургиялық араласушылық қажет екені түсінікті. Әрине нақты көрсеткіш бұдан жоғары да, немесе сәл төмен де болуы ғажап емес. Бастысы, жүрегіне ота жасалуы тиіс адамдар саны елімізде мыңдап саналатыны – бұл шындық. Енді соның ішінде созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар науқастарға жылына жүз шақты ота жасалу қажет екен. Біздің орталықта жылына соның 50-не ота жасауға мүмкіндік туып отыр. Бұрын ондай науқастардың көпшілігі өмірмен қош айтысатын. Аздаған бөлігі ғана өз қаражаттарына не демеушілікпен шет мемлекеттерде емделетін. Ал енді шетелде созылмалы жүрек жетіспеушілігіне ота жасаудың бағасы, мысалы АҚШ-та 300 мың доллардан басталады. Біздің үкіметіміз отаның құнын өз мойнына алып отыр. Бұл да болса қарапайым халыққа жасалып жатқан жақсылықтардың үлкені деп түсінеміз.
Серік БЕКБОСЫНОВ,
№2-ші кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі.
Орталық ашылды
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында қан айналысының қиындауынан болатын аурулар мен өлім-жітім көрсеткішін азайту көзделген. Осы бағдарламаны іске асыру мақсатымен Атырау облыстық ауруханасында жүрек-қан тамыры ауруларын емдеудің жаңа технологияларына негізделген инсульт орталығы ашылды. Қазір 30 кереуеттік орынға арналған орталық ең озық үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. Мұнда еңбек ететін дәрігерлердің кәсіби даярлығы да ұдайы назарда.
– Орталықты ашудағы басты мақсат –инсультқа шалдыққан науқастарға білікті медициналық көмек көрсету. Өйткені, инсульт алған науқастар ұдайы дәрігерлердің бақылауында болғаны жөн. Сондықтан мұндай орталық біздің өңір үшін де ауадай қажет. Енді осы орталықтың ашылуымен жүрек талмасы ауруымен ауыратындардың дәрігерлер бақылауында болу мерзімі ұзарады. Дәрігерлердің жолдамасымен осында компьютерлендірілген кешенді тексеруден өтуге келеді, –дейді орталық директорының міндетін атқарушы Нұржан Антазиев.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
Аспандағы «Жедел жәрдем»
Жыл өткен сайын елімізде озық емдеу-диагностикалық кешендер мен ең жаңа бағыттар бойынша орталықтар пайда болып, халықтың денсаулығын жақсартуға қызмет етіп келеді. Солардың бірі Елбасының тікелей қолдауымен құрылған медициналық пойыздар мен автокөлік, медициналық авиация жүйелері болып табылады. Бұлар медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтіп, ауылдықтар үшін өте тиімді салаға айналған. Біз облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, өңірдегі жедел жәрдем және санитарлық авиация жұмыстарын үйлестіруші Олег ЗАВЬЯЛОВҚА жолығып, жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып беруін сұраған едік.
– Төтенше медициналық жәрдем қызметі көп салалы. Жердегі жедел жәрдем мен аспандағы медициналық авиация соның бір түріне жатады. Бірі жер үстінде, екіншісі әуе арқылы атқарылса да, тығыз сабақтас, бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайды. Екеуінің де негізгі қызметі шұғыл, жедел медициналық қызметтер атқаруды көздейтіндіктен, науқастық асқынуларға, ана мен балаға бірінші кезекте жәрдем көрсету міндеттері қойылғандықтан, кәсіптік шеберлік, жіті қимыл, жан-жақты әзірлік алдымен талап етіледі. Біз өз тарапымыздан жедел жәрдем мен медициналық авиация мұқтаждықтарын шешудің жолдарын пәрменді түрде қарастырып келеміз.
– Олег Владимирович, кеңес кезінде де санавиацияның болғаны белгілі. Оның бүгінгіден айырмашылығы қандай?
– Иә, ол кездері де жұртшылық санавиация қызметіне жүгінген. Өзіміз «АН-2» ұшақтарымен талай рет ұшып, ауыл тұрғындарына қол ұшын бергенбіз. 90 жылдардағы экономикалық тоқыраулар салдарынан қалыптасқан жақсы дәстүрлерімізден көз жазыңқырап қалғанымыз рас. Қазір осы олқылықтың орны толып, жағдай әлдеқайда түзелді. Салыстырып қарайтын болсақ, айырмашылық бірден көзге шалынады. Мәселен, материалдық-техникалық жағынан жабдықталу көш ілгері. Осы заманғы медициналық қондырғылар мен құрал- жабдықтар да, білікті дәрігерлер де жеткілікті. Ұшақтармен қатар тікұшақтар қызметі де пайдаланылады. «Медициналық авиация» атауының өзі көп нәрсені аңғартып тұр.
– Жұмыс істеу тәсілі қалай ұйымдастырылады?
– Бұрындары санавиация «Жедел жәрдем орталығы жанында жұмыс істеп келсе, 2010 жылы біздің қарамағымызға көшті. Бұған қоса замануи қондырғылар орнатылған 4 шетелдік реанимобиль де жедел жәрдем қызметін көрсетеді. Осы жылы 150-ге тарта науқасқа шұғыл көмек көрсетілді. Олардың 19-ы жүкті әйелдер, 49-ы балалар. Былтыр 200-ге жуық шақырту тіркелді. Олардың арасында жүрек аурулары, жаңа туған сәбилер мен ауыр босанған аналарға қатысты шақырулар көп кездеседі. Сол себепті, кардиохирургтер, акушерлер, педиатрлар мазасыз іссапарларға жиі шығады. Жұмысымыз Астанада орналасқан республикалық санитарлық авиацияның орталығымен тығыз үйлескен. Осы мекеме арқылы санавиация қызметіне жүгініп, түкпірдегі аудандар мен елді мекен тұрғындарына жедел көмек көрсету шараларын атқарып келеміз.
– Дәрігердің кәсіби біліктілігі мен шеберлігі сынға түсер кезде оқыс оқиғалар мен «әттеген-айлар» кездеспей қоймайтын шығар?
– Өмір болған соң неше түрлі жағдайлар килігіп жатады. Бірде облыстық ауруханаға алыстағы ауданнан жас босанған ана жеткізілді. Жағдайы тым ауыр болғандықтан, Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығынан білікті мамандар шақыртуға тура келді. Олар жеткенше жергілікті дәрігерлер адам өмірін сақтап қалудың барлық мүмкіндіктерін жасап бақты. Орталықтың дәрігерлері дер кезінде жетіп, бәрі сәтті аяқталды. Үш апталық нәрестенің өмірін аман алып қалу мақсатымен Алматыдан тәжірибелі медицина мамандары алдырылды. Санавиация арқылы шақыртылған дәрігер мамандары қан қысымы көтеріліп, жүрек ауруы асқынып кеткен науқастың бетін бері қарату үшін бірнеше сағат бойы күрескеніне өзім куәмін. Айта берсе, мұндай мысалдар толып жатыр.
Былтыр 800-ге жуық науқас санавиация мен жедел жәрдемнің көмектерін алды. Оның ішінде 258-не ота жасалып, 194-і ауруханаларға жатқызылды. Анестезиологтар – 152 рет, хирургтер – 81 рет, гинекологтар – 62 рет шақырту алды. Осы деректің өзі талай отбасыларға қуаныш бақытын, адамдарға өмір сыйлаған дәрігерлеріміздің тынымсыз еңбегін әйгілеп тұрған жоқ па?
Биыл дәрігерлеріміз ауыл-селоларға шақыртулармен барып, 53 ота жасады. Оның ішінде медициналық авиация көмегі 16 рет жүзеге асырылды. Алдағы уақытта да шұғыл медициналық қызмет жүйесін тиімді пайдалана беретін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Өмір ЕСҚАЛИ
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
Бетті дайындаған Айгүл Сейілова, «Егемен Қазақстан».