• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2012

Алғыс арқалаған

490 рет
көрсетілді

Алғыс арқалаған

Сенбі, 11 тамыз 2012 7:11

Адам өміріндегі ең басты құндылық – денсаулық екені баршаға аян. Міне, осы денсаулық күзетіндегі дәрігерлік мамандықтың қай-қайсысы болмасын, білім мен біліктілікті, кәсібилікті бірдей қажет ететін жауапты қызмет қой. Дегенмен, солардың ішінде жұмыс көлемі ауқымды, науқасқа ең алғашқы медициналық көмек көрсететін жауапкершілігі жоғары буын – учаскелік дәрігер болса керек. Олай дейтініміз, ыстығыңыз көтеріліп, болмаса басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздап үйге дәрігер шақыра қалсаңыз, жылдың қай мезгілі: қыстың қақаған күні бола ма, шілденің шіліңгір аптабы бола ма, есікті қағып учаскелік дәрігеріңіздің келіп тұрғаны. Алматы қаласы, Медеу ауданына қарасты №12 емханада он жыл бойы үшінші учаскенің дәрігері болып қызмет атқарған, еңбегі ерен Күләнда Сарыбаева, міне, сондай жан.

 

Сенбі, 11 тамыз 2012 7:11

Адам өміріндегі ең басты құндылық – денсаулық екені баршаға аян. Міне, осы денсаулық күзетіндегі дәрігерлік мамандықтың қай-қайсысы болмасын, білім мен біліктілікті, кәсібилікті бірдей қажет ететін жауапты қызмет қой. Дегенмен, солардың ішінде жұмыс көлемі ауқымды, науқасқа ең алғашқы медициналық көмек көрсететін жауапкершілігі жоғары буын – учаскелік дәрігер болса керек. Олай дейтініміз, ыстығыңыз көтеріліп, болмаса басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздап үйге дәрігер шақыра қалсаңыз, жылдың қай мезгілі: қыстың қақаған күні бола ма, шілденің шіліңгір аптабы бола ма, есікті қағып учаскелік дәрігеріңіздің келіп тұрғаны. Алматы қаласы, Медеу ауданына қарасты №12 емханада он жыл бойы үшінші учаскенің дәрігері болып қызмет атқарған, еңбегі ерен Күләнда Сарыбаева, міне, сондай жан.

Қашанда жүрісі де, іс-қимылы да ширақ аққұба келген осы бір дәрігер қызға өзі медициналық қызмет көрсе­тетін учаске тұрғындарының ықыласы ерекше. Өйткені, Күләнда емханада алдымен кесте бойынша үш-төрт сағат қабылдау жүргізіп, одан кейін көше аралап жазды күні 7-9, ал қыстың күндері 12-14 үйге шақыртумен кеш­тетіп келсе де, бір қабақ шытқанын көр­мейді, қашанда бірқалыпты. Ал учас­келік дәрігерге күніне 8 ғана шақыр­ту норма. Бір айта кетерлігі, Күләндаға бөлінген учаскенің ерек­ше­лігі – тұрғындардың дені Таулы қырат­тағы жекеменшік үйлерде, емханадан әжептәуір қашықтау жерде орналасқан. Сондықтан оған үйіне кешкі сағат 8-9-да, оралу үйреншікті жәйт. Адам­гер­шілігі, кісілігі ғой, қабылдауда қатып қалған үш сағат қана отырмай, адам көп болса уақытпен есептеспей соңғы науқасқа дейін қарап жібереді.– Біздің үйіміз емханадан алыстау орналасқан, – деп еске алады Шашкин көшесінің тұрғыны Зинагүл Садықова. – Тура келетін көлік жоқ. Кейде қақаған қыстың суығында жылы үйде отырған бізге бетін аяз сүйген Күлән­дамыз жымиып күліп кіргенде, шақыр­ғанымызға өзіміз ұялып қаламыз. Сонда да еш сыр бермейді. Құдды өзі­міздің бір жақын туысымыз сияқты, жағдайымызды, балаларды сұрап жат­қаны. Қалай дегенде де, медицинадан сауатымыз жоқ, кейде ананы-мынаны айтып, сұрағымызды көбейтіп жібер­сек те, соның бәріне асықпай, бәрін тәп­тіштеп түсіндіретініне риза бола­сың. Бір реніш байқалмайды. Сонда ойлаймын, осы Күләнда ашулану дегенді білмейтін шығар деп. Мінезге бай, жүрегі кең, бір айналайын бала. Біздер жасымыз үлкен адамбыз. Өмірді көрдік. Қаншама дәрігердің алдынан өттік. Ол өзінің жылы жүзімен, биязы дауысымен, жұмсақ мінезімен, адамға деген ықылас, көңілімен де адамды емдейді. Кейде дәрігердің бәрі осы Күләндадай берген антына адал болса деп қиялданып қоямын.1993 жылы қазіргі С.Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина универ­ситетінің емдеу факультетін бітіріп, қалалық денсаулық сақтау бас­қар­масының жолдамасымен №12 емха­наға учаскелік дәрігер болып алғаш еңбек жолын бастағанда, Күләнда небәрі жиырма төрт жаста еді. Он жыл бойы осы бір ғана учаскеде дәрігерлік қызметті адал атқарып, оған асқан жауапкершілікпен қарады. Есесіне тұрғын­дарының да, емхана басшы­ла­ры­ның да көңілінен шыға білді. Қай істе, қай мамандықта болмасын төккен тер, жасалған еңбек ескерусіз қал­май­ды. 2009 жылы Күләнданың осы қа­сиет­терін, еңбекқорлығын, білімділігін бағалаған емхана басшылығы оны бө­лім­ше меңгерушілігіне жоғарылатады. Күләнданың учаскеден кеткеніне өзіне үйренген тұрғындары аз­дап қиналғанмен, бір жа­ғы­нан құдды өз бала­ла­рының қызметі жоға­ры­лағандай қуан­ды. Бүгінде емханаға бара қалса, алдымен Күләнда қыз­да­ры­на аман­дасып, хал-жағ­дайын сұрап жатқаны.Рас, бүгінде елі­міз­де учаскелік дәрігер ма­ман­дары жетіспейді. Менің­ше, оның себе­бін алыс­тан іздеудің қа­жеті жоқ. «Учаскелік дәрігердің қиындығы неде?» деген сауалды Күлән­даға қо­й­ып көр­дік. «Бүгінде учас­келік дәрігердің қат болып жат­қаны, жастар ол жұмыстың қиын­дығына шыдамайды. Кейбірі жала­қы­ның аздығын місе тұтпайды. Сондық­тан фармфирмаларға, стационарға, жеке меншік емдеу орындарына кетеді. Мәселен, қыста шақырту көп болады. Мөлтек аудандағы көпқабатты үйлерге барғанда арасы жақын, қинала қой­майсың, тек лифт істемей, қалған жағ­дайда болмаса. Ал жеке меншік сек­торға жаяу-жалпылап біресе көшенің басына, біресе аяғынан шығасың. Кейде есік алдындағы иттен қорқып ай­ғайлап тұрғаның. Егер барған нау­қас­тың жағдайы ауыр болса, бір сағаттап бөгелуге тура келеді. Меніңше, учас­келік дәрігер, ең алдымен, мейірімді, қайырымды болып, науқас адамды түсінуге тырысуы қажет. Былайша айтқанда, ол адамды өзінің туысын емдеп жатқандай сезінсе болғаны. Кез келген уақытта, кез келген жағдайда науқастың рухын, көңіл-күйін көтеріп, ауруынан жазылатынына сенім ұялат­қан абзал. Ол үшін жоғарыдағы қа­сиеттермен бірге дәрігердің өзі білімді, сауатты болуы тиіс», – дейді Күләнда шешіліп.Бүгінде екі терапевтік бөлімшеде он жеті дәрігері бар №12 емхана 81 мың адамға медициналық қызмет көр­сетеді. Олардың 60 мыңы ересектер. Он жыл тәжірибе жинақтаған Күләнда үшін бөлімше меңгерушілігін игеріп, жұмысты үйлестіру соншалықты қиын­ға түспегенмен, жауапкершілігі екі еселенді. Мұнда тек науқастарға емес, енді дәрігерлерге де жауапты. Егер дәрігер емді дұрыс жүргізбесе, оған да жауап береді. Науқастар шағым айтып келсе, ол мәселені де шешуі керек. Бүгінде тұрғындар арасында өткі­зіліп жатқан скринингтер, түрлі бағ­дар­ламалардың тиянақты өтуін қада­ға­лайды. Жатып емделетін науқастарды компьютерге (РПН) енгізіп, порталь бойынша емдеу мекемелеріне бөлу де мойындарында. Оған диспансерлік есепте тұратын науқасты, оларға тегін берілетін дәрілердің есебін жүргізуді қосыңыз. Бір жақсысы, тегін дәрі-дәр­мек үшін үкіметтен қомақты қаражат бөліп отыр. Аталмыш емханада дәрі­герлердің білімін арттыру ісі жолға қойыл­ған. Жыл сайын қалалық денсау­лық сақтау басқармасынан бөлінетін қосымша қаражатқа учаскелік дәрі­гер­лер де, арнаулы маман-дәрігерлер де Алматы мемлекеттік дәрігерлердің бі­лі­мін жетілдіру институтына оқуға жі­беріліп отырады.Қазіргі таңда учаскелік терапевтің жұмысы қиындағанмен, тұрғындардың емделуіне жағдай жасалуда. Мәселен, Медицина күні қарсаңында пайда­ла­ну­ға берілген емхананың екінші ғимара­тында күндізгі стационардың жұмысы жолға қойылған. Емханада анализ көр­сеткіштеріне қарай жылына екі рет 5-8 күн ем қабылдай алады. Бір айтар­лы­ғы, елімізде соңғы жылдары учаскелік қызметке деген көзқарас өзгерді. Медицина қызметкерлерінің жалақысы өсумен қатар, әр тоқсан сайын учас­ке­лік дәрігердің жұмыс нәтижесіне қарай қосым­ша ақшалай сыйақы қарас­ты­рыл­ған. Ол үшін учаскеде өлім көр­сет­кіші, онкологиялық аурулар, туберкулез, яғни диспансерлік есепке кіретін аурулар саны аз болуы тиіс. Осындай ауқымды істерді ұйымдастыруда емхана меңгеруші Әмина Абдрахмано­ва­ның, меңгерушінің оң қолы, орынбасары Раушан Тұрсынқызы­ның да еңбегі атап өтерлік.Күләнда отбасында да аяулы ана, абзал жар. Жұбайы Әбдіәзиз – тіс дәрігері. Бүгінде Сарыбаевтар әуле­тін­де екі ұл, бір қыз тәрбиеленуде. Үлкен ұлдары Нүркен ата-анасының жолын қуып, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-інің екінші курсында оқиды. Жоғары санаттағы дәрігер Күләнда Қапенқызының көп жылғы абыройлы еңбегі ескеріліп, былтыр ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы медалімен, Алматы қаласы әкімінің мақтау қағаздарымен марапатталып отыр. Міне, қызметте де, отбасында да мейірім шуағын шашып, елдің алғысын арқалап жүрген ақ желеңді Күләнда, осындай жан.

Алматы.