Ертеректе Алтайдың арғы беті Буыршын – Қаба өлкесінде алыс-жақынға аты мәлім, қыран құстың сын-сипатын жазбай танитын Кеңтанау дейтін құсбегі өткен. Бұл бүркітші жайлы шыңжаңдық ағайындар жақсы білуі керек, өйткені өлкенің үнпарақтарында үнемі есім-сойы айтылып, жазылып жатады. Тіптен ел аузында «Ақ балдақтан түспей өткен білегі, Құстың тілін тек Кеңтанау біледі» дейтін мәтел мазмұндас сөз де бар.
Ескі көздердің айтуынша, Кеңтанауға жасында қорасына мал-бас бітпей, әулетіне дәулеттің шырыны жұқпай кедейлікпен күн көрген. Орта жасқа келгенде көктегі қыран құстың тілін біліп, бабын тапқан да, байлыққа кенелген екен. Әсіресе кедей құсбегіні дәулетке кенелтіп, жалпақ жұртқа атағын шығарған, артына өшпестей ізін қалдырған оның атақты сары құсы екен. Кеңтанаудың сары қыраны жайлы аңыз Алтайдың асқар тауларында әлі күнге дейін өріп жүр.
Бір жылдары мынадай қызық болыпты. Құс біткен түлекте отырған қырық күн шілденің ортасы. Долан тауының етегін жайлаған Кеңтанау ауылы кешкі сауыннан кейін қой-қозыны жамыратып, малды төске салып қоймай ма. Дәл осы тұста беткейде көлбеп жатқан отарға қасқыр шауыпты. Кеңтанау қайтер екен деп түлекте отырған сары құсты жібере салған. Жер бауырлай ұшқан қыран беткейді өрлеп барып, жарқ етіп көтерілген- де қоңыр тоқтыны жәукемдеп жеп жатқан күшік қасқырды тырп еткізбей басып қалған. Оқиғаны бастан-аяқ тамашалап тұрған көрші Құсайын қария «түлектегі бүркіт қасқырға түскенін көрген де, естіген де емеспін, менің білуімше даланың бөрісін ұстаған сары құс емес, Кеңтанаудың маңдайдағы бағы шығар» деп басын шайқапты.
– Бірде, – дейді сары қыран жайлы аңызды айтушылар, – Кеңтанау бірнеше үйір жылқысын Көксүн тауының жонындағы сары шүйгінге жая барып, салбурын құрып жатады. Көзі көргендер айтады: «Сол жылы Көксүннің күнгейінде түлкі-қарсақ қалмады. Зары келген сары қыран тілеп ұшып, түлкі-қарсақты өзі қағып, өзі ала беретін», дейді.
Содан бір күні қыранын балдаққа отырғызып, саятқа шыққан құсбегі Кеңтанау қара түлкіні көзі шалып қалады. Дереу бүркітінің томағасын сыпырып, қара түлкіні қақтырмаққа жібереді. Түлкі де әккі екен, зып етіп тастың үңгір қуысына кіріп үлгереді. Үңгір терең екен, түбіне құрық бойламайды. Әккі түлкі адамдар алыстап кетсе, қуыстан басын қылтитып қарап тұрады. Құс жіберсе зып етіп інге кіріп кетеді. Осылай күні бойы арпалысып қара түлкіні қаға алмаған Кеңтанау айлаға көшеді. Қағушысын шақырып алып, жемқалтаны толтырып түйенің құмалағын тергізеді де «Сен бар да, үңгірдің желкесіндегі жалпақ тасқа жасырын. Түлкі кірген үңгірдің аузын ылдилатып, түйенің құмалағын қардың үстімен домалат, бастабында үңгірдің аузына жақындатып, ақырындап домалат, түлкінің құлағы қуыстан көрінген кезде құмалақты ұзатыңқыратып қаттырақ домалат», дейді. Өзі қалтарыстағы қақпа тастың желкесінен қыран сарының томағасын тартып дайын тұрады.
Қағушы құсбегінің айтуы бойынша жасырынып отырып құмалақты бір-бірден домалатады. Көбік қарды бүлкілдете домалаған құмалақтарды тышқан екен деп ойлаған түлкі үңгірден басын шығарады. Осы кезде қағушы құмалақты көбік қардан ұзатыңқырап домалатады. Сөйтіп «тышқан» құмалаққа қарай лып етіп атылған аш түлкіні дайын тұрған қыран сары таңнан іліп, тұмсығынан қайырған екен. Қара түлкінің артқы санын қызылдатып құсына жұлғызған Кеңтанау «қара түлкі сен қусың, сенен асқан мен қумын» деген екен.
Бір жылдары қар қалың түсіп, қатты аязды болыпты. Кеңтанау құсбегі Сауыр тауында саятшылық қылып жүріп, күн еңкейе үйіккен қасқырдың үйіріне кез болыпты. Сары қыран тіленіп болмаған соң аяқ бауын босатып жіберген екен, тік көтеріліп ұшқан бүркіт үйір соңында кетіп бара жатқан өлекшін қасқырды милығын бүре ұстап, басып қалады. Омақаса құлаған өлекшін қаншық қыңсылап, артқы аяғымен көбік қарды бұрқыратып тепкілейді. Сол мезетте үйірбасы арлан қаншығын шеңгелдеп алған қыран сарыға қарай кері ұмтылады. Екпіндеп келіп арс етіп қаппақ болғанда бүркіт екінші шеңгелін арланның құлақ-шекесіне салып жібереді. Қыранның шеңгеліне ілінген қос қасқыр құйрықтарын сабалап, құмға қарай қашады. Қыран сары қос қасқырдың басын қоса шеңгелдеп алып, реті келгенде қанатын қағып-қағып жіберіп көтерілгенде, екі қасқырдың басы бір-біріне соғылады екен.
Құстан көз жазбай алыстан қарап тұрған Кеңтанау мен қасындағы басқа саятшылар аттарын борбайлатып бүркіттің соңынан шабады. Арлан мен қаншық бастарында бүркіт тораңғылы құмның ішіне барып кіреді. Сөйтіп шыбын жаны шырқырап шапқан екі қасқыр алдында тұрған бір түп тораңғының екі жағынан кесіп өте шыққанда, тораңғының ортасына тап келген бүркіттің денесі қақ бөлініп, денесі арланның басында, бір саны шеңгелі ажырамаған күйі қаншықтың құлақ шекесінде кетіпті.
Құстың денесі басында кеткен арланды аңшылар көп ұзамай жығылған жерінен соғып алыпты. Ал құстың бір жақ саны құлақ-шекесінде кеткен қаншық қасқыр ұзаңқырап кетіп, көз байланғаннан кейін із жаздырып табылмапты. Кеңтанау қыран құсынан айырылып қайғырса да, екі бірдей қасқырды қабат шеңгелдеген қайратына таңданып, сол маңға түнеп, таңертең жарық түсе кеткен қаншық қасқырдың ізіне түссе, ол да көп ұзамапты. Басы ісіп, құмның арасында сенделіп жүрген жерінен жігіттер атпен бастырмалатып соғып алыпты. Қыранның шеңгелі қасқырдың басында алынбастай болып сіресіп қатып қалған екен. Атақты қыран сарының ғұмыры осылай аяқталған екен.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»