Қыздар араласпаған, қыздар меңгермеген мамандық кемде-кем. Еңлік Мырзабекова – Астанадағы әскери бронды техника жасайтын кәсіпорында конфигурация бойынша меңгеруші.
Машина құрылысына керекті жабдықтарды реттеу, тактикалық-техникалық сипаттамалары негізінде көліктерді қаруландыру – конфигурация меңгерушісінің міндеті. Қысқаша айтқанда, әр көліктің түсіндірмесі мен құрылымы, өндірісі туралы деректерді түгендеп, жобаны басынан аяғына дейін қадағалап жеткізу осы Еңліктің мойнында.
Еңлік Қарағанды облысының Жәйрем кентінде туып-өскен. Қарағанды қаласындағы №53 жалпы білім беретін орта мектеп-лицейінде оқып, кейін Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне оқуға түседі. Ол мұнда да қарап жүрмей шәкіртақысынан үнемдеп, ағылшын тілін жетік меңгеріп алған. «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» мамандығын үздік игерген жас маманды алда жұмыс іздеу бейнеті күтіп тұр екен. Қаладағы ірілі-ұсақты цех, зауыттардың табалдырығын тоздырғанмен, көбі тәжірибең жоқ деп жылы жымиып шығарып салған.
– Оқуды жаңа бітірген жас маманның жұмысқа орналасу машақаты жұрттың барлығына таныс жағдай шығар. Жарты жылдан астам уақыт жұмыс таба алмадым. «Материалтану» мамандығы Қарағандыда ешкімге қажет болмай шықты. «Көлік-жол» факультеті болған соң, осы саладағы ыңғайлы жұмыстарды да қарастырып көрдім. Қызыл дипломымды ұстап, істеймін деген ынтам болса да, ешкім керек ете қоймады, – деп еске алды Еңлік.
Ақыры сәті түсіп, ол Түркияның өнеркәсіп секторы компаниялар желісіне кіретін «Борусан Макина Қазақстан» орталығына қарасты «Бөлшектерді қалпына келтіру» шағын цехына инженер болып орналасады. 17 ер жігіттің ортасына түскен Еңлік, бұл ортаның шынайы құтқарушысы болды десек артық емес. Өйткені Еңлік келгенге дейін цех тек көлік қозғалтқыштарын жөндеумен шектеліп келген. Цех басшысы Алмас Кенжетаев пен Еңлік екеуі ақылдаса келе, шығын мен түсім, қызмет көрсету ақысына қатысты жаңа жоспар құрып, құрылысқа арналған, жол жөндеуге және кен байытуға қажетті көліктерді тиімді бағада жөндеуді ұйғарады. Осылайша бір жыл ішінде цех жұмысы қайта жанданып, қызметкерлер саны 25 адамға дейін артыпты. Ол уақытта өндіріс құрылымын енді-енді жасақтап жатқан «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС зауытының іргетасы әлі қаланбаған кез-тұғын.
– Жаңа зауыт құрылатын болып, тәжірибелі мамандарды іздестіре келе, мені де кеңесуге шақырды. Компанияның серіктесі Оңтүстік Африка Республикасының азаматы Йохан Делпорт өзі қабылдады. Сөзіне қарасам, ешқандай өндіріс жоқ. Қойған сұрақтарына жауап беріп, екіұдай оймен шығып кеттім. Артымнан Йохан мырза жүгіріп келіп, жұмысқа қалуымды сұрады. Өйткені цехта жүріп біраз тәжірибе жинап қалған едім. Жалақысына келіскен соң, үй-ішімнің рұқсатымен Астанаға қоныс аудардым. Бір жағынан зауыттың іргетасын бірге қаласқан соң, өндіріс барысын бүге-шігесіне дейін білесің. Биыл төртінші жыл сонда жұмыс істеп келемін, – дейді инженер қыз.
«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС – Орталық Азия аумағында брондалған дөңгелекті машиналарды шығаратын ірі кәсіпорын. Қазақстан армиясының жарақтандырып отырған зауытта машина корпусын кесу, майыстыру, дәнекерлеу, дайындау, бояу, сынау сияқты өндіріс үдерісі толық игерілген. 2016 жылдан бері кәсіпорын қазақстандық әскерді, сонымен қатар елдің басқа да әскери ведомстволарын қаруландыруға отандық өндірістің «Арлан» және «Алан» брондалған дөңгелекті машиналарын табысты жеткізіп келеді. Еңліктің айтуынша, мұндай көліктер жауынгерлік іс-қимылдар ошағына экипажды жеткізуге арналған. НАТО стандарттары бойынша баллистикалық, оққа қарсы қорғаныспен қапталған көліктің салмағы шамамен 13 тонна болса, сағатына 110-120 шақырым жылдамдықпен жүйткиді. Ал дөңгелектері 70 оққа дейін төтеп беретін көрінеді.
– Жобадан кейін көліктердің 3 D моделінің имитациясы жасалады. Дайын болған үлгіні полигон алаңдарында ішкі сынақтардан өткіземіз. Арнайы құрылғы арқылы нақтылы өлшемдері алынады. Көпмақсатты бронды машинаның ең басты ерекшелігі, көлік ішіндегі адамды жарылыстан аман сақтайды. V пішіндес корпусы түрлі жарылғыш заттарға төтеп береді, – деген инженер мұндай машиналардың көптеген алдыңғы қатарлы елдерде қолданыста екенін айтады.
Шығарылатын техниканың барлық түрі -50⁰С-ден +50⁰С температурасына дейінгі қатаң климат жағдайында пайдалануға толығымен ыңғайланған. Тапсырыс берушінің қалауы бойынша қару-жарақтың барлық түрі, тіпті минометті қондырғы және танкке қарсы басқарылатын ракета жүйесін орнатуға мүмкіндік бар.
«Өңкей ер адамдармен жұмыс істей келе ер мен әйелдің табиғатының мүлде бөлек екенін ұқтым. Ер адам – күштің, әйел адам – сезімнің, парасаттың иесі. Бұл табиғат заңдылығы. Сондықтан ер мен әйелдің мүмкіндігін салыстыра алмаймыз, керісінше бір-бірін толықтыру арқылы тамаша механизм құрады», дейді біздің кейіпкеріміз.
Биік тауда өсетін еңлік гүлін француз халқы Альпі жұлдызы десе, Италияда күміс жартас гүлі деп атайды. Ал аты да, заты да көркем біздің Еңлікті еңбекке деген құлшынысы мен орнықты мінезі талай биік шыңдарға шығаратынына сенеміз. Дәл осындай жандар игілікті қоғамның жаршысы болмақ!
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»