Крансоярскіде өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындарында Павел Колмаков фристайл-могулдан күміс жүлдегер атанды. Қазақстандық спортшы параллельді могулда суперфиналға жетіп, ақтық сында жапониялық қарсыласына ғана есе жіберген болатын. Қазақстан командасының бас бапкері Елена Круглыхина Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, спортшының биылғы маусымдағы жетістігін бағалады.
Колмаков биылғы маусымды жүлдемен аяқтап отыр. Универсиада ойындарында ол могулдан әлемнің үздігі саналатын Икума Хоришима, Бенджамин Кавет, Даичи Хара сынды спортшыларға лайықты қарсылас атанды. Параллельді могулдағы финалдық сында Павел аздаған қателікке бой алдырып, алтыннан көз жазып қалды. Дегенмен, оның көрсеткішін сегіз ұпайға бағалар едім. Жалпы алғанда, біздің команда әлі де алға басуы тиіс. Жетілдіретін тұстарымыз көп. Енді келесі маусымға білек сыбана дайындалатын боламыз. Бізге тілеулес болған барша жанкүйерге алғысымыз шексіз. Ресейліктердің өзі біздің командаға қолдау көрсетті, - дейді Круглыхина.
Колмаков болса, финалдық бәсекеге 100 пайыз күшін салғанын айтады.
Финал аса тартысты өтті. Жарыс басталғаннан ақтық сынға дейінгі қарсыластардың барлығы да мықты. Жапондық спортшыға қарсы өткен суперфиналда мен 100 пайыз күшімді салдым. Ол да аянып қалған жоқ. Маған қарағанда аздап жылдамырақ болғаны үлкен роль ойнады. Дегенмен, күмістің де әбестігі жоқ. Қандай қатемен жұмыс істеу керектігін білем. Универсиада сәтті аяқталды, - дейді ол.
Универсиада ойындарының финалында Павел Колмаков жапондық Икума Хоришимадан 10:15 есебімен ұтылды.
Айта кетелік, Хоришима мен Бенджамит Кавет әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша үздік үштікке енген спортшылар.