«Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді дана халқымыз. Бүгінде жұрттың алды Үкіметке еміне бермей, өз күшімен күн көрудің әлдеқайда тиімді екендігін түсініп қалды.
Осындайда айтпасқа да болмайды. Екі мыңыншы жылдардың басында халықты масылдықтан құтқару әрі жұмыс тауып беру үшін әкімдіктер арнайы суармалы жер бөліп, жерді жыртып беру жағын да қарастырды. Жер алған адамға қалғаны – берген көшеттерді егіп, уақтылы қарау, күз жемісін теру. Сол кезде «Біз жер шұқиды дейсің бе, мемлекеттің атаулы көмегін бер, басқа еш нәрсе керек емес» деген айқайды да естідік. Сауын сиыр, қоралы қой береміз дегенде «оған шөбін қайдан табам, жоқ, сиыр бердім деп атаулы көмекті алып қоясыңдар» деп беттен алғандарды да көрдік.
Қазіргі жағдай мүлдем өзгеше. Бүгінде жер, мал және атаулы көмекті безбенге қойсаң жұрт алдыңғы екеуіне қос қолдап жармасады. «Аз-маз тиынмен қай қабырғамды жабам, үйге береке, молшылық әкелетін жер мен малыңды әкел» дейді. Халықтың бұлайша оянуына мемлекеттік бағдарламалардың жақсы әсер етіп жатқанын айту керек. Мәселен, Қызылорда облысы әкімдігі 2016 жылы агроөнеркәсіп кешенінің артта қалып қойған салаларын дамыту мақсатында «Агрокарта» аймақтық аграрлық саланы дамыту бағдарламасын қабылдады. «Агрокарта» екі мақсатты жүзеге асыру керек болатын. Біріншіден, экспорт өсімін арттыру болса, екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Содан бері төрт жылда облыста агроөнеркәсіп саласында жақсы көрсеткіштер байқала бастады. Соңғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көрсеткіші – 1,6%-ға, тамақ өнімдерінің өндірісі – 4%-ға, еңбек өнімділігі 3,1 есеге дейін өсті.
Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 10%-ға артты. Егер 2013 жылы агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция көлемі бар болғаны 1 млн АҚШ долларынан артық болса, 2018 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 15 млн АҚШ долларынан асты. Соңғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 27%-ға өсті, ал оның 97%-ы өңделген өнім үлесіне тиесілі.
Бүгінде Қызылорда күріші Моңғолия, Түркия және Ауғанстан нарығын игеріп жатыр. Осы орайда ирандық күріш сұрыптарын өндіру бойынша қабылданған шаралар күріш егістігінің тиімділігін біршама көтеруге мүмкіндік береді. 2018 жылдан бастап соя сияқты жоғары табыс әкелетін дақылдарды және жемшөптік дақылдар – судан шөбі, бал құмайды енгізу жұмысы басталып кетті.
2019 жылы күріш егісін тағы 2171 гектарға азайта отырып, жемшөп егісін 4068 гектарға, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін 1293 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен бірге облыста таяу жылдары 51 мың гектар жаңа суармалы жерлерді енгізуді көзделген. Осы ретте жаңа суармалы алқаптар суды аз қажет ететін дақылдар: соя, мақсары, жемшөптік дақылдар, судан шөбі, жүгері және т.б. егістікті қамтамасыз етуге арналатын болады.
Келесі жылы Шиелі ауданындағы 1200 басқа арналған сүт фермасының құрылысы аяқталады. Облыстың буферлік аймақтан шығуы ет өндірісін аграрлық саладағы басым бағыттардың біріне айналдырды. Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту аясында былтыр Шиелі ауданында бір мезетте 1000 бас малды бордақылайтын ірі бордақылау алаңы салынды. Бұл облыстағы ауқымы жағынан төртінші мал бордақылау алаңы.
Мал өнімділігін арттыру мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы аясында шетелден 1300 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алу жобасы қаржыландырылды. Алғашқы 120 бас асыл тұқымды ірі қара өңірге жеткізілді. 2017 жылы экспортқа барлығы 2,2 мың бас қой ғана шығарылған. Ал 2018 жылы экспортқа қой шығару көлемі 4 есеге (Ресейге, Иранға 8191 қой жөнелтілді) артты. Облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі экспортталатын өнімдердің тізімі тек соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге көбейді. Бұл облыстың экспорттық әлеуеті өте ауқымды екенін байқатады.
Қызылорда облысында Елбасы тапсырмаларын орындауда осындай жемісті жұмыстар бар.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы