Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент Қоры ағымдағы жылы адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған жүзге жуық жобаны жүзеге асырады. Облыстық әкімдікте өткен кездесуде аймақ басшысы Болат Бақауов пен Қордың атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов аталмыш жобаларды Ертіс-Баян өңірінде жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Тұңғыш Президент қоры еліміздегі ең ірі коммерциялық емес ұйым. Оның жұмысы жастардың жобалары мен бастамаларын дамытуға бағытталған. Павлодар облысының жастары еліміз бойынша ғана емес, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екендіктерін әлдеқашан дәлелдеп үлгерді. Атап өтер болсақ, әлемдік опера примасы атанған Мария Мудряк, «Google» компаниясында жұмыс істейтін Қуат Есенов, гимнастшы қыз Айдана Сарыбай әлемдік деңгейде топ жарып жүрген дарынды жастарымыз жетерлік.
– Жастарымыздың Қордың жұмысымен танысып қана қоймай, шеберлік сыныптарына қатыса алатыны көңіл қуантады, – деді Болат Бақауов. – Бүгінгі кездесу жастардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға септігін тигізеді деп ойлаймын.
Игорь Рогов Қордың басты мақсаты ғылым, мәдениет, инновациялар саласында жоғары жетістіктерге жеткен жастарды қолдау екендігін атап өтті. Қазіргі таңда алпыстан астам павлодарлық жастар Тұңғыш Президент Қорының лауреаты атанып, атаулы шәкіртақылар мен гранттарға ие болды.
Кездесу соңында Тұңғыш Президент Қоры басшысының орынбасары Павлодар облысының Жастар бастамаларын дамыту орталығына компьютерлік жабдықтар сатып алу үшін 3 миллион теңгенің сертификатын сыйға тартты.