Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:34
Тәуелсіздік дипломатиясына – 20 жыл
ШЫҰ аясындағы өзара әрекеттесу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Оған ШЫҰ-ның құрылуы, қалыптасуы және дамуына қосқан қомақты үлесі айқын дәлел.
Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:34
Тәуелсіздік дипломатиясына – 20 жыл
ШЫҰ аясындағы өзара әрекеттесу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Оған ШЫҰ-ның құрылуы, қалыптасуы және дамуына қосқан қомақты үлесі айқын дәлел.
Бүгінгі күні Шанхай ұйымының құрылғанына он бір жыл толғанына қарамастан, жалпы «Шанхай үдерісіне» жиырма жыл толды десек қателеспеспіз. Олай дейтін себебіміз, 1992 жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Минск қаласында бұрынғы Кеңес Одағына кірген мемлекеттер – Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның Қытай Халық Республикасымен шекара мәселелерін реттеу туралы Бірлескен комиссиясы құрылған болатын.
Аталған комиссия мүшелерінің қытайлық әріптестерімен бірігіп атқарған еңбегінің нәтижесінде 1996 жылы Шанхайда Шекара маңында сенім шараларын нығайту туралы және 1997 жылы Мәскеуде Шекара маңында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімдерге бес мемлекеттің басшылары қол қойды.
Бұл құжаттардың ерекшелігі – олардың Азия құрлығындағы саяси-әскери саладағы бұрын-соңды болмаған теңдесі жоқ сипатында. Келісімдерге қол қою арқылы бұрынғы КСРО мемлекеттері және ҚХР арасындағы шекарада сенім шараларын нығайтып, жүз шақырымдық аймақта қару-жарақ пен әскери техниканы қысқартуға қол жеткізілді. Қауіпсіздік саласындағы бұл уағдаластықтар өңірдегі мемлекеттердің бар назарын өз экономикалық даму және халқының әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелеріне шоғырландыруға мүмкіншілік берді.
1998 жылы Президент Н.Ә.Назарбаев алдында өткен мемлекет басшылары деңгейіндегі екі кездесудің нәтижесін назарға ала отырып, келесі кездесуді Алматы қаласында өткізу туралы бастама көтерді. Бұл отырыстың «Шанхай бестігінің» құрылымдық негізін қалауға қосқан үлесі ерекше. Өйткені, Алматыда бес мемлекеттің басшылары Орталық Азиядағы және жалпы Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастыру мақсатында тұрақты негізде сарапшылар, сыртқы істер министрлері, үкімет және мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесулерді өткізу туралы келісімге келді.
Бұдан кейінгі үш жыл ішінде аталған пішіндерде өткізілген іс-шаралардың ерекше сенім атмосферасына негізделе отырып, 2001 жылы 15 маусымда Шанхай қаласында өткізілген кезекті саммит аясында бұрыннан «Шанхай бестігіне» кірген Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанға Өзбекстан қосылып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуы туралы мәлімдеме қабылданды.
Сөйтіп, Елбасының дәйекті саясатының арқасында бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттері мен ҚХР арасындағы қатынастар шекара мәселесі бойынша тайталастан жасампаздық жолына түсіп, өзара сенімді арттыруға және Еуразия құрлығында көп салалы ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыруға түрткі болды. Ал «Шанхай бестігі» XXI ғасырдың басында ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік, тұрақтылық және халықтардың әл-ауқатын өсіруді мақсат ететін толыққанды халықаралық ұйымға айналды.
Бүгін ШЫҰ сол кезде мемлекет басшылары қабылдаған саяси көреген шешімінің арқасында аймақтағы маңызды геосаяси факторға айналды. Ол жан-жақты халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған, әскери блок немесе альянс болуды көздемейтін ашық бірлестік болып табылады. Қазіргі таңда Ұйым өз жұмысында үш басты бағытты – ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық және мәдени-гуманитарлық әрекеттесуді дамытуды мақсат етеді.
Бүгінгі күні Шанхай ынтымақтастық ұйымы, географиялық және демографиялық тұрғыдан қарағанда, ШЫҰ жанындағы байқаушы және үнқатысу бойынша серіктес-мемлекеттерді қосқанда Еуразия мегақұрлығының үштен екі бөлігін және әлем халқының жартысын қамтыған ірі құрылым болып табылады. Ұйымның қызметіне басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар тарапынан қызығушылық мол.
2011 жылы 15 маусымда Астанада ШЫҰ құрылуының он жылдығына арналған мерейтойлық саммит өткені мәлім. Ұйым үшін осындай маңызды іс-шараның біздің елімізде өтуі – Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық сахнадағы жоғары беделінің, Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуы мен қалыптасуына қосқан ерекше үлесінің нәтижесі екені, сондай-ақ Қазақстанның саяси, демократиялық, әлеуметтік-экономикалық, индустриялық және мәдени-гуманитарлық дамуда қол жеткізген қомақты жетістіктерін мойындау болып табылатыны айғақ.
Саммитті өткізердің алдында Қазақстан тарабы бір жыл бойы ШЫҰ-ға төрағалық етіп, Ұйым аясында 120 маңызды іс-шаралар өткізіп, бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Осы мерзім ішінде атқарылған жұмыстың арқасында мемлекет басшыларының отырысына Қазақстан тарабының тікелей басшылық етуінің арқасында терең мазмұнды, салиқалы құжаттардың топтамасы дайындалды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы он жылдығының Астана декларациясында өткен кезеңде атқарылған жұмысы сарапталып, келешекке деген бағыт-бағдар белгіленді. Отырыста ШЫҰ он жыл ішінде халықаралық және аймақтық жағдайдың терең өзгерулеріне қарамастан, өзін тату көршілік, достық және серіктестік қатынастарды тереңдетудің маңызды тетігі, сондай-ақ түрлі өркениеттер арасындағы үнқатысудың үлгісі, халықаралық байланыстарды демократияландыруға бағытталған дүниежүзілік талпыныстардың белсенді факторы ретінде көрсете білді деп қорытындыланды.
Елбасы осы отырыста сөйлеген сөзінде Қазақстанның ШЫҰ аясындағы өзара әрекеттесуге мүдделілігін тағы да баса айтып, Ұйымның жұмысын одан ары жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстан басшысы ШЫҰ жұмысына жан-жақты талдау жасап, жалпы өзінің оң бағасын берді және Ұйымның келешектегі басымдықтарын қазіргі заманғы түрлі қауіп-қатерлердің алдын алуға бағыттау қажеттілігіне тоқталды.
Ұйымға мүше мемлекеттер сарапшылары Қазақстан басшысының Аумақтық және өңірлік дауларды шешу жөніндегі кеңесті, ғаламтордағы қылмыскерлікпен күрес жөніндегі «Киберпол» секілді арнайы органды, ШЫҰ Болжамдау орталығын, Көліктік-инфрақұрылымдық интеграция жөніндегі комитетті және Су-энергетика комитетін құру туралы саммитте жасаған тың бастамалары стратегиялық сипатқа ие екенін айта келіп, мұның бәрінің Ұйымның одан ары нығаюына ерекше маңыз беретін көрегендік ұсыныстар болып табылатынын атап көрсетті.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың мерейтойлық саммитте: «ШЫҰ-ның бірегейлігі мен тартымдылығының себебі өзінің саяси-дипломатиялық істерінің ептілігіне және оларды өз мақсаттарына икемдеудегі қадамдарына байланысты. ШЫҰ-ға мүше елдердің бәрі де аумақтарының, тарихтары мен мәдениеттерінің әртүрлілігіне қарамастан, тең және бірдей дауысқа ие. ШЫҰ-ның нақ осы қасиетті әлемде қызығушылық тудыруда. Сондықтан да әлем біздің Ұйымымыздан үлкен үміт күтеді», – деген тұжырымын ШЫҰ қызметінің тобықтай түйіні деуге келеді.
Сыртқы істер министрлігінің басты міндеті – екі жақты негізде және Шанхай ынтымақтастық ұйымы іспеттес көпжақты құрылымдар аясында Елбасының сыртқы саяси бағытын іске асыру, Қазақстанның егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастардағы және халықаралық аренадағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Шахрат НҰРЫШЕВ,
Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) қызметі мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіруші, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмаларжөніндегі елшісі.