Сенбі, 7 шілде 2012 7:31
Өз ұлтыңды басқаға тиіспей сүйген жөн
Сербия мен Косово арасындағы жағдай жұртқа белгілі. Екі ел арасында қандай бір қақтығыс бола қалса, оған жұрт елең етеді. Жақында сондай қақтығыс болды, оған жұрт назар аударды.
Сербия мен Косово арасындағы жағдай жұртқа белгілі. Екі ел арасында қандай бір қақтығыс бола қалса, оған жұрт елең етеді. Жақында сондай қақтығыс болды, оған жұрт назар аударды.
Сенбі, 7 шілде 2012 7:31
Өз ұлтыңды басқаға тиіспей сүйген жөн
Сербия мен Косово арасындағы жағдай жұртқа белгілі. Екі ел арасында қандай бір қақтығыс бола қалса, оған жұрт елең етеді. Жақында сондай қақтығыс болды, оған жұрт назар аударды.
Сербия мен Косово арасындағы жағдай жұртқа белгілі. Екі ел арасында қандай бір қақтығыс бола қалса, оған жұрт елең етеді. Жақында сондай қақтығыс болды, оған жұрт назар аударды.
Басқа аймақтардағы қақтығыстарға қарағанда, мұны тіпті елемеуге де болғандай-ау. Екі ел шекарасында сербтер мен Косово полициясы арасындағы қақтығыста 52 адам жарақат алыпты. Олардың 32-сі Косово полицейлері екен де, 20-сы серб азаматтары екен. Кінәлі қай жақ? Сірә, тәртіп сақшылары сербтерден тәртіпті талап етсе керек. Ал олар оған көнбегендей. Қисынға жүгінетіндер осындай болжам жасайды және шындықтан алыс кетпес те еді.
Енді болған жағдайға келсек, екі автобусқа тиелген серб азаматтары Косовоның астанасы Приштина маңындағы тарихи орын – Газиместан монументіне зиярат етуге келеді. Бірақ жай келмей, бұзықтық жасай келеді. Полицияның мәлімдеуінше, 70 қаралы тепсе темір үзетіндей серб жігіттері «арақ ішіп алып, өздерін жүгенсіз ұстап, полицияға да, жергілікті халыққа да соқтығыса жүреді». Ақырында полиция оларды елден шығарып жіберуге мәжбүр болады.
Олар Косово республикасына неге келген? Косово бұрын Сербияның бір өлкесі болғаны белгілі. Онда негізінен мұсылман албандар тұрады. 1990-жылдардың басында Сербия басшылығы сол мұсылмандардан «өз жерін тазарту» үшін жаппай қырып-жою, қудалау саясатын жүргізгенде, бүкіл Батыс елдері ара түсіп, ақыры Косово тәуелсіз елге айналды. Енді сол Косово жерінде 1389 жылы серб-босниялықтар әскері түріктерден ойсырай жеңіліп, содан 1816 жылға дейін османдардың қанауында болды. Жеңілсе де, сербтер сол жылды өз ұлтының туған күні санайды. Және оны жыл сайын атап өтеді. Косово тәуелсіздігін жариялаған 2008 жылдан бері мұнда келе алмай жүрді. Енді биыл ғана келіп, онда да жай келмей, бұзықтық жасай келді.
Әрине, әр халық өз ұлтын, оның құндылықтарын құрметтесе жақсы. Бірақ бұл екінші бір халықтың, ұлттың мүддесі есебінен болмауға тиіс. Ал серб ұлтшылдары өздері билікте болған кезінде, 90-шы жылдардың басында Югославия одағына біріккен біраз халықтарға, ұлттарға қарсы шовинистік, геноцидтік саясат жүргізді. Соның салдарынан біраз халық қырылды да.
Бір қуанарлығы – халықаралық қоғамдастықтың белсенді араласуының арқасында бұл зұлымдыққа тосқауыл қойылды. Ұлтшыл-фашистердің әскери қылмыстары әшкереленіп, олар арнаулы халықаралық сотта жазасын алды, біразы әлі тергеуде жатыр. Сол әскери қылмыс Косовоға да қатысты болды. Әділдік жеңіп, Косово халқы тәуелсіздікке жетті.
Соңғы сегіз жыл бойы билік тізгінін ұстаған Демократиялық партия көсемі Борис Тадич жүргізген саясат Сербияға оң өзгерістер әкелген еді. Бірақ жақында ойламаған жерден президенттік сайлауда Слободан Милошевичтің бұрынғы фашистік үкіметінде вице-премьер болған Томислав Николич жеңіске жетті. Содан бері елдегі ұлтшыл радикалдар қайтадан бас көтере бастағандай, серб ұлтшылдарының Косоводағы бұзақылық әрекеттері соның бір көрінісіндей.
Косоводағы бұл қақтығыстың аяғы жамандыққа соқтырмасын дейік. Ондай жамандықты жұрт ұмытқан жоқ. Талай адамның қаны төгілген, тірілердің жанында жара қалған.
Халық қолқалап жатса, көнген де дұрыс
Исландияда президенттік сайлау өтіп, бұрынғы президент Олафур Рагнар Гимссон бесінші мерзімге қайтадан сайланды. Оны жақтап сайлауға қатысқандардың 52,8 пайызы дауыс берді.
Қайда сайлау өтпей жатыр, кім сайланбай жатыр деуге де болар, әдетте соның ерекшелерін ғана сөз ететініміз бар. Әлемдегі жетекші елдердің басшылары сайланса, немесе мемлекеттік төңкеріс болып жатса, әйтпесе билік үшін күрес шектен шығып жатса, жұрт назары соған ауады. Ал Исландияда соның бірі де жоқ. Бірақ осынау аралда орналасқан шағын елдегі соңғы президенттік сайлаудың өз ерекшелігі де болды.
Өткен жылдың аяғында төрт мерзім билік тізгінін ұстаған Олафур Гимссон енді жаңа сайлауға түспейтінін мәлімдеген. Бірақ бұған оның жақтастары, партияластары көнбеді. Тіпті қарсылық петициясын ұйымдастырып, халық көшеге шықты. Ел астанасы Рейкьявик қаласының тұрғындары тік көтерілді десе де болғандай. 30 мыңдай адам оның сайлауға қатысуын талап етті. Басқаларға аз көрінгенмен, бұл Исландия халқының 10 пайызы еді. Және бала-шағаны қосқанда емес, елдің саяси белсенділігі жоғары бөлігі. Гимссонның жұртшылық пікіріне құлақ асуына тура келді.
Тәуелсіздік, егемендік, әсіресе, Исландиядай шағын елдерге айрықша қажет. Олар өз тәуелсіздігін күшпен қорғай алмайды. Тек парасатты саясат арқасында ғана мұндай елдер басқаларға кіріптар болмай өмір сүреді. Президент Олафур Гримссон сондай саясат жүргізе білді. Ол өз елінің саяси да, экономикалық та тәуелсіздігі жолында аянбай күресті.
Бұл ел президенттік басқару жүйесін ұстанады дегенмен, президент өкілеттігі ресми шаралармен шектеледі. Нақты билік үкіметтің қолында. Рас, ресми түрде үкімет басшысын президент тағайындайды. Бірақ президент О.Гримссон әркез елдегі саяси, экономикалық жағдайға белсенді араласып отырды. Әрқашан, әсіресе, соңғы кезде, тіпті өзі қайта сайлауға түспеймін деген кезде де президент өкілеттігін кеңейту мәселесін қозғап жүрді.
Өзінің шектеулі өкілеттігіне қарамай, 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде президент О.Гримссон ел экономикасының мүддесін ойлап, Исландия банктері апатқа ұшырағанда, шетел салымшыларының қаржыларын төлеуден бас тартып, Ұлыбритания мен Нидерландияны өз салымшылары үшін 3,9 миллиард доллар қаржы төлеуге мәжбүр еткен. Бұл Исландия экономикасының қайтадан қаз тұруына мүмкіндік жасады. Мұндай батыл қадамды халық ұмытпайды.
Жалпы, О.Гримссон өз елінің Еуроодақ алдында кіріптар болуына қарсы. Тәуелсіз саясат жүргізуді қалайды. 300 мыңдай ғана халқы бар, шикізаттық ресурсы шектеулі Исландия ішкі мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, дағдарыстық жағдайдан оңтайлы шығып келе жатыр. Сарапшылар биыл елдің экономикалық өсімі 4,5 пайызды құрайды дегенді айтады. Исландтар онда өздері қалаған президенттің үлесі бар деп есептейді, алдағы уақытта да оның билікте болғанын қалайды.