Жұма, 3 тамыз 2012 7:22
Дүбірге толы дүние
АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі орынбасары Роберт Блейк Өзбекстанды Ауғанстанды қалпына келтіруге байланысты маңызды серіктесіміз деп сипаттады.
Бұл сипаттама жай айтыла салған сөз емес, салмағы бар анықтама болса, Өзбекстанға құрметпен қарағың келеді. Әңгіме Ауғанстанды қалпына келтіру жайында болып отыр.
Жұма, 3 тамыз 2012 7:22
Дүбірге толы дүние
АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі орынбасары Роберт Блейк Өзбекстанды Ауғанстанды қалпына келтіруге байланысты маңызды серіктесіміз деп сипаттады.
Бұл сипаттама жай айтыла салған сөз емес, салмағы бар анықтама болса, Өзбекстанға құрметпен қарағың келеді. Әңгіме Ауғанстанды қалпына келтіру жайында болып отыр. Бүкіл НАТО одағының мақсаты да сол елді басып алу, ойрандау емес, оны бүлдіруші күштен тазартуға жағдай жасау екені белгілі. Сол мақсатқа қолдау көрсету парасаттылыққа саятын қадам. Өзбекстанның сондай қадамын айыптау қиын.
Бұл елге Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) кеттің деп өкпе айтамыз, бірақ күні ертең НАТО күштері Ауғанстаннан кеткеннен кейін сол тынышсыз елмен бетпе-бет қалатын Өзбекстанның АҚШ-пен, НАТО-мен бірігіп, біраз шаруа тындырғысы келетінін түсінуге де болады. Ал біздің көбіміздің түсінгіміз келмейді. Сол ҰҚШҰ-мен қатар Ташкент НАТО күшін де пайдаланса, ол артық па еді?Енді екі жылдан кейін НАТО күштері Ауғанстаннан толық әкетіледі. Бүкіл әлем жабылып жеңе алмай жатқан тәліптердің содан кейін арқасы кеңиді. Жақын елдің бірі – Өзбекстан. Өз елін тындырып болған соң, тәліптер бүлдіру әрекетін солай қарай жылжытқысы келетіні анық. Қам отырмай, Ташкенттің әрекетке көшуі де заңды. АҚШ-тай алып ел, НАТО-дай қуатты одақ өзінің көмегін ұсынып отырғанда, одан бас тарту әбестік көрінер еді.Көмек болғанда, өткен жылы АҚШ Өзбекстанға, Тәжікстанға, Қырғызстанға, тіпті Қазақстанға да шекараны күшейту, есірткіге, лаңкестікке қарсы күрес, жалпы қарулы күшін нығайту мақсатында 170 миллион доллар қаржы бөлді. Оны 2014 жылға дейін жалғастырмақ. Берген соң, алған жөн. Оны америкалықтардың тактикасы десе, солай қабылдауға да болар. Бұл біреулерге ұнамайды екен деп, одан бас тарту жөн болмас еді. Ташкенттің алдынан тағы бір мүмкіндік ашылып отыр. Ертеңгі күні НАТО күштері, техникасы Ауғанстаннан әкетіледі. Сол техниканың, қару-жарақтың біршамасын осында қалдыруы ықтимал. Оны қайтадан сонау алысқа, біраз елдің үстімен тасымалдау біраз қаржыны талап етеді. Сонда оны осында арзандау бағаға сатып кетуі әбден мүмкін. Тіпті алдағы уақытта қарым-қатынасты жақсарту мақсатында тегін беріп кету мүмкіндігі де бар. Бұл сәтті өзбектер қапы жібермеуге тырысады. Және ол жөн де.Сөз басында АҚШ мемхатшысының орынбасары Роберт Блэйктің Ташкентті маңызды әріптес деп атағанын айттық. Енді осы айда сол әріптестікке АҚШ-тан беделді делегация келіп, екі жақты пікір алысуы болмақ. Сонда біраз түсіністікке қол жетер. Ортақ шешімге тоқтам жасалар. Бұл ағайыннан біршама алыстап қалған өзбектерге де, осы маңнан жақын іздеген америкалықтарға да қажет, мүдделеріне сай.Бұдан ұтылатын Мәскеу болады. АҚШ-тың бұл аймаққа ықпалы артады. Оның саяси ғана емес-ау, экономикалық та астары бар. Ташкент бұрын қаруды Ресейден сатып алса, енді оның қажетін АҚШ, НАТО өтейді. Ағайынды сыртқа тепкеннің салдары соған апарады.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».