Жұма, 7 қыркүйек 2012 7:27
Польша үкіметі сондай пікірде. Сыртқы істер министрі Радослов Сикорский өз елінің еуроаймаққа бұл экономикалық қауымдастық өздерінің қарыздық проблемаларын толық шешіп болған соң ғана кіретінін ресми мәлімдеді. Мұндай мәлімдеменің айтарлықтай саяси астары бар.
Жұма, 7 қыркүйек 2012 7:27
Польша үкіметі сондай пікірде. Сыртқы істер министрі Радослов Сикорский өз елінің еуроаймаққа бұл экономикалық қауымдастық өздерінің қарыздық проблемаларын толық шешіп болған соң ғана кіретінін ресми мәлімдеді. Мұндай мәлімдеменің айтарлықтай саяси астары бар.
Польшаның кіру-кірмеуінен бұл экономикалық құрылымның күші артып немесе кеми қоймайды. Бірақ кірмеймін деп, оған көңілі толмағандай мәлімдеме жасауы аймақ беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Сол экономикалық аймақтағы жетекші елдер, ең алдымен Германия мен Франция, экономикасы әбден қожыраған Грекияның өзін бұл құрылымнан шығармау үшін неге бармады дейсің! Қайта-қайта қомақты мөлшерде несиелер ұсынды, қарыздарын кешіріп жатты. Сондағы мақсат – бұл аймақтың беделін түсірмеу, оның өміршеңдігін дәлелдеу.Сикорскийдің: «Біз өз халқымызға еуроаймаққа кіру қауіпсіз деп айта алатын кезде ғана кіре аламыз», деген сөзі айтарлықтай ауыр сипаттама. Демек, қазіргі кезде оған кіру қауіпті болғаны. Сонымен бірге, министр еуропалықтар өздерін дәл қазіргі аласапырандау кезде кірмедіңдер деп өкпелемеуге тиіс деп одақтастарына да салмақ салды.Ал біле-білсе, еуроаймақ өзіне Польшаның қазір кіргеніне соншалықты құштар да болып отырған жоқ. Өйткені, Маастрихт шартының талаптарына қарағанда, Польша экономикасы бұл құрылымға кіруге тек 2015 жылы ғана сәйкес келеді екен.Көпшілік әдетте Еуроодақ пен еуроаймақты бір ұғымдай қарайтыны бар. Шын мәнінде мүлде бөлек құрылымдар. Жалпы, Еуроодақ елдерінің экономикалық саясаты бір бағытта болғанымен, қаржылық құрылымындағы ерекшелік айтарлықтай. Одаққа кіретін 27 елдің тек 17-сі ғана еуро валютасының аймағына кіреді. Біраз елдер ортақ валютаны қабылдамай, өздерінің төл ақшаларын сақтап қалған. Бірақ көп ел, әсіресе, Еуроодаққа жаңа кірген елдер күннің күнінде еуро валютасын қабылдауды мақсат тұтады, мұны өздерінің ортақ экономикаға кірігуінің басты шарты санайды.Бұған дейін Еуроодаққа зар еңіреп жүріп кірген елдердің ішінде еуроаймаққа кіруді кейінге қалдыру жөнінде мәлімдеме жасаған Болгария болды. Бұл елдің қаржы министрі Симеон Дянков қазіргі кезде еуроаймаққа кіруден ешқандай пайда көріп отырмағандығын айтты. Мұны ол күмәнді іс санайды. Тіпті ол өздерінің «кейбіреулерді дефолттан құтқаруға қатысу» мүмкіндігін алға тосты. Әрине, Болгарияға қарап қалған дүние жоқ. Бұл елдің Еуроодаққа, сондай-ақ еуроаймаққа бары мен жоғы бірдей. Мұндай мәлімдеме жасап, болгарлар азын-аулақ бедел жинағысы келеді.Соңғы кезде Еуроодақтың болашағы туралы әңгіме көп. Біреулер оның күйрейтіні туралы айтуға құмар. Рас, Грекия, Ирландия, Португалия сияқты елдер ұлттық банкротқа ұшырауға шақ қалды. Оларды еуро аймағындағы әлеуетті елдер құтқарып қалды. Мұны еуроаймақтың әлсіздігіне емес, керісінше, активіне қосуға болмас па еді? Бұл аймақта болмағанда, олар күйрер еді ғой.Кейбір сарапшылар алдағы уақытта біраз елдер, ең алдымен қаржылық күйреу шегінде тұрған елдер еуроаймақтан кетуі мүмкін дейді. Солай болғанда, ол еуроаймақтың күйреуіне емес, қайта әлсіз елдерден арылып, нығаюына апарса керек.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».