• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 24 Наурыз, 2019

Солтүстік Кореяның келесі қадамы қандай болмақ?

1593 рет
көрсетілді

Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2018 жылдың 25-28 наурыз аралығында Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР, Солтүстік Корея) жетекші және орталық саяси органы болып табылатын Еңбек партиясының төрағасы Ким Чен Ын алғаш рет Қытай Халық Республикасына ресми сапар жасаған еді. Әлемде үлкен резонанс тудырған осы сапардан кейінгі бір жыл ішінде Шығыс Азия ғана емес, жалпы халықаралық қатынастар саласында елеулі оқиғалар орын алған болатын. Бүгін соларға қатысты жасаған саяси шолуымызды арнайы оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз. 

Тосыннан халықаралық сахнада бой көрсетіп, дүниені таңғалдырған Солтүстік Корея басшысының бұл сапары ядролық қаруға иеленіп үлгерген елдің Қытай сияқты саяси-экономикалық және әскери-ядролық алып мемлекетпен екіжақты қатынасының тығыз екенін әлемге паш етуге бағытталған үлкен дипломатиялық қадам болды.

Ядролық қару мен әскери зымырандардың сынақтарын өткізіп келген Солтүстік Кореяның әрекеті Азия аймағында ғана емес, жаһандық деңгейде үлкен қауіп тудырып отыр. Соған байланысты бұл елге қарсы АҚШ бастаған батыс елдері мен сауда-экономикалық тұрғыдан маңызды мемлекеттер болып табылатын Жапония және Оңтүстік Корея сияқты көрші елдер тарапынан жаңа экономикалық санкциялар жарияланды.

Сондықтан Ким Чен Ын үшін өз елін халықаралық оқшауланудан шығарып, халқын гуманитарлық апаттан аман алып қалу үшін ең алдымен көршілес алып елмен қарым-қатынасты жандандырып, Қытай факторын батыс елдерімен, оның ішінде ең алдымен АҚШ-пен байланысын жақсарту мақсатында дипломатиялық карта ретінде пайдалануды көздеп отыр.

Кимнің Қытайға жасаған алғашқы сапары бұл мемлекеттің конституциясына компартия төрағасының билігін күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізіле сала жүзеге асқаны да кездейсоқ емес еді. Көптеген елдер, әсіресе батыс елдері Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің бұндай шешіміне сын сөздер айтып жатқан тұста әдейі бірінші боп Си Цзиньпинді құттықтап қайтуға барғаны халықаралық қауымдастықтың назарын аудартты.

Экономикалық және әлеуметтік жағдайы төмен деңгейде болғанымен, өзі жүргізіп отырған саясаттың кесірінен шиеленісудің шегіне жеткен аймақтағы саяси-әскери жағдайды өзіне тиімді жолмен реттеуге талпынып отырған Солтүстік Кореяның сыртқы саясаты мен дипломатиясы осал емес екеніне куә болдық.         

Әрине, КХР мен ҚХДР арасындағы қарым-қатынас түбегейлі жақсарды, араларындағы проблемалар азайды деуге болмас. Өйткені, Бейжің Пхеньянды өз бақылауында ұстап отырғысы келгенімен, іс жүзінде жағдай олай болмай тұрғанға ұқсайды. Ядролық держава болып отырған Солтүстік Кореяның билігі Қытайдың айтқанына көнгісі келе бермейді. Пхеньянның ядролық бағдарламасына қатысты әртүрлі ақпараттың анық-қанығына толығымен қол жеткізе алмай отырғаны да Бейжіңді ашуландырмай қоймайды. Солтүстік Кореяның ядролық қаруға ие болып, қасындағы елдерге сес көрсетіп, қауіп төндіріп отырғаны аймақта саяси-экономикалық ықпалын күшейтуді көздеп отырған Қытай үшін құптайтын жағдай емес.

Экономикалық даму деңгейі төмен көрші елдің саяси-әлеуметтік жағдайы бұдан бетер нашарлап, елде гуманитарлық апат болған жағдайда миллиондаған адамның басқа емес, дәл осы Қытай асып кетуі әбден мүмкін екенін ескерсек, бұл елдегі жағдайдың тұрақты болуына Бейжіңнің мүдделі екенін ұғу қиын емес. Әскери-стратегиялық тұрғыдан әріптес мемлекет болғанымен, сауда-экономикалық тұрғыдан өзіне тәуелді, ал көші-қон және саяси-әлеуметтік салаларда көп проблемалар тудыруы ықтимал Солтүстік Корея Қытай үшін «қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» болып отыр. 

Ал Пхеньян болса басты көрші елмен ғана емес, басты қарсыласы болып табылатын АҚШ-пен жүргізіп отырған саясатында да барынша өзінің позициясын қорғап қалуға тырысып бағуда.

2017 жылдан бастап АҚШ-тың мемлекеттік департаменті мен Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігі арасында жартылай жасырын келіссөздер жүргізіліп келді. Бірақ, президент Д.Трамптың Twitter желісіндегі өз парақшасында ондай қатынастарға қарсы мағынадағы ойларын қайталап жаза бергеніне байланысты келіссөздер тұғырыққа тірелді. Сондай жағдайда президенттің жеке парақшасында жазып жүргеніне тым қатты назар аудара бермеу керек екенін алған тартып, мемлекеттік департаменттің ресми позициясына көп көңіл бөлу қажет екенін айтқан өз кеңесшілерінің ұсынысын қолдамай, АҚШ-та президент пен мемлекеттік департаменттің арасында түсінбеушілік тереңдеген тұста Ким екі елдің сыртқы саясатқа жауапты мекемелері арасындағы келіссөздерді уақытша тоқтатып, Трамппен тікелей байланыс орнатудың жолын қарастыруға кірісті. 

Ядролық қаруға ие әскери держава ретінде әлемде өзіндік беделі бар және алпауыт елдердің өзімен текетіреске бара алатын күшті мемлекеттің мықты басшысы ретінде дәулермен тең дәрежеде халықаралық аренаға шығуды көздейтін саясаткер үшін АҚШ президентімен бетпе-бет жүздесіп, келіссөздер өткізу Пхеньянның басты дипломатиялық мақсаттарының бірі.

Сондай-ақ, Солтүстік Корея халықаралық қатынастарда Қытай секілді саяси қолдау көрсете алмасы анық болғанымен, экономикалық және гуманитарлық көмек алу тұрғысынан, оның үстіне АҚШ-пен қатынастарын жақсарту мақсатында пайдалануға болатын Оңтүстік Кореямен де қарым-қатынастарын жақсартуға соңғы кездерге дейін көп көңіл бөліп келген болатын.

Өткен жылдың ақпан айында Оңтүстік Кореяда өткен Қысқы Азия ойындарына Солтүстік Кореяның құрама командасының қатысатыны туралы шешімнің астарында да үлкен саяси есеп жатты. Халықаралық деңгейдегі спорт шарасын өзінің саяси мүддесіне сай тиімді пайдалана білген Пхеньян орайын тауып Сеулмен екіжақты қарым-қатынастарды жандандыруға бағытталған жұмыстарды тез арада пысықтап, аз уақыт ішінде екі ел басшыларының өзара сапарларын ұйымдастырды.

Оңтүстік Кореяның президенті Мун Джэинмен өткізген келіссөздер барысында Ким Чен Ын АҚШ-пен байланыстарды жақсартуға және президент Трамппен кездесуге дайын екенін тікелей оның өзіне жеткізуді өтінді. Оны естіген президент Трамп «кездесуге қарсы емес екенін» жариялады.

Сөйтіп, ең алдымен Пхеньян үшін қажет болған кездесу «Трамптың ұсынысымен» ұйымдастырылып, 2018 жылдың 12 маусымында Сингапурда тарихи кездесу өтті.

АҚШ президентімен кездесер алдында әдейі Си Цзиньпиннен ақыл сұрап, пікірін тыңдап алуды жөн санаған Ким Чен Ын қайтадан Қытайға барды. Оның бұл қадамын Қытай тарапы жоғары бағалап, маңызды келіссөздерде қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Тіпті, президент Трамппен келіссөздер өткізу үшін Сингапурге ұшып баратын Кимнің ұшағына дейін Қытай тарапы дайындап беріп, сол арқылы КХДР-дың артында ҚХР-дың тұрғанын көрсетті. Кимнің көздегені де дәл осы еді. Өз мүддесіне өзгенің арқасында жетуді дипломатиялық әдіс деп айтар болсақ, бүгінгі таңда Солтүстік Корея бәрінен айласын асырып отыр.   

Сараптап көрсек, Пхеньянның халықаралық сахнадағы саясаты көп өзгере қоймағанын, бірбеткей дипломатиялық бағытын жалғастырып отырғанын байқауға болады.

Халықаралық қауымдастық Пхеньяннан ядролық қарудың көзін жоюды талап етіп отыр. Ал бір жыл ішінде Қытай мен АҚШ сияқты алып елдердің басшыларымен бірнеше рет өткізіп келген келіссөздер барысында Солтүстік Корея басшысы өз елін ядролық қарусыздануға дайын екенін алға тарта отырып, өз кезегінде ол үшін бүкіл Корей түбегін ядролық қарудан тазартуды қарсы талап ретінде қойып отыр. Бұл дегеніміз Оңтүстік Корея мен Жапонияны қорғауға бағытталған АҚШ-тың «ядролық қолшатыры» Шығыс Азия аймағынан алынып тасталсын дегенді білдіреді. Бұл талап аталған аймақтағы АҚШ-тың басты саяси-әскери қарсыластары болып табылатын Қытай мен Ресей үшін тиімді талап болғандықтан Пхеньян осы мәселеге қатысты Бейжің мен Мәскеудің қолдауына ие болып отыр. Сондықтан Ким Чен Ын АҚШ-тың аймақтан кетпесін жақсы біле тұра, Трамппен өткізген алғашқы келіссөздер барысында әдейі Корей түбегін ядролық қарудан тазарту мәселесін тілге тиек етті. 

        Кішкене артқа шегініп, тарихқа қарасақ, бұндай ұстаным тұрақты түрде Солтүстік Кореяның сыртқы саясатының тұғыры болып келе жатқанын байқаймыз. Егер 2005 жылдың 19 қыркүйегінде қабылданған КХДР, КХР, Ресей, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореядан тұратын «Алтылықтың жиыны» нәтижесінде қабылданған бірлескен мәлімдемеде Солтүстік Корея тарапы ядролық қаруға ие болмауға қатысты талаптың жалпы Корей түбегінің ядролық қарусыздану мәселесімен байланысты екенін нақты көрсетуге қол жеткізе алды. Ал ол ұстаным сонау 1994 жылы АҚШ пен КХДР арасында қол қойылған шекті келісімге негізделген еді.

Осылайша, саяси және экономикалық алыптардың бір-біріне деген ұстанымдарын ұтымды пайдалып отырған Солтүстік Кореяның дипломатиясы өзіне тиімді жағдай жасап, дегеніне жетіп ядролық держава болып, АҚШ-пен тең дәрежеде және тікелей келіссөздер өткізе алатын мақсатына жетіп отыр.

Ал Ким мен Трамптың алғашқы келіссөздерінің нәтижесінде тұрақты түрде өткізіліп келген Оңтүстік Корея мен АҚШ әскери күштерінің бірлескен жаттығулары тоқтатылатын болып шешілгенін ескерсек, бұл кездесудің нәтижесі де Солтүстік Корея үшін тиімді аяқталғанын аңдаймыз. Әсіресе, Оңтүстік Корея қарулы күштері Солтүстік Кореямен соғыс болған жағдайда алдымен қарсылас елдің басшысының көзін жоюға арналған арнайы жаттығулардың  («decapitation unit») тоқтатылуы Пхеньян үшін тағы бір дипломатиялық жеңіс болды.

АҚШ президенті Д.Трамп келіссөздердің екі тарап үшін де тиімді аяқталғанын, жуық арада, нақтырақ айтсақ, өзінің президенттік мезгілі аяқталғанға дейінгі уақыт ішінде Солтүстік Корея өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартатынын айтып жатты. 

Сондықтан Сингапурде өткен сол тарихи кездесуден кейін халықаралық қауымдастықта Солтүстік Корея расында ядролық қаруды жоюға бет бұра ма деген үміт пайда болды. Тіпті Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея бірігіп, бір мемлекет болатын күн де алыс емес деген пікірлер айтылып, Шығыс Азиядағы саяси ахуал күрт өзгеруі мүмкін деп айтыла бастады. Оған Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чже Иннің Солтүстік Кореяға қатысты жүргізіп отырған саясаты да ықпал етті. Мун президенттік сайлау науқанын барысында өзінің басты мақсаты ретінде атаған Солтүстік Кореямен жақындасып, екі елдің бірігуіне бағытталған саясатқа қатты қызығып кеткені соншалық, соңғы кездері Ким Чен Ынның саясатын жақтап, соның сөзін сөйлеп кеткені жасырын емес. Соған байланысты өз елінде де, АҚШ пен Жапония сияқты әріптес елдерде де, тіпті БҰҰ тарапынан да қатты сынға ұшырады. 

Оның үстіне, биылғы жылдың 27-28 ақпанында Вьетнамның Ханойында өткен Трамп пен Кимнің екінші кездесуі нәтижесіз аяқталып, ешқандай келісімге келе алмағаны және ешқандай құжатқа қол қойылмағаны АҚШ пен Солтүстік Кореяның арасында өзара түсіністіктің терең емес екенін дәлелдеді. Ханойдағы кездесуден кейін екі елдің ресми өкілдері бір-бірінің саясатына қатысты қатаң мәлімдемелер жасай бастады. Ал 15 наурызда Пхеньянда өткен брифингте Солтүстік Кореяның сырты істер министрінің орынбасары Чхве Сон Хи жуық арада Ким Чен Ынның ядролық қарусыздану мәселесіне қатысты АҚШ-пен жүргізіп келген келіссөздерді тоқтатанын айтты. Бұл мәлімдемеге байланысты АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы М.Помпео «Өз тарапымыздан екі ел арасындағы келіссөздер жалғасады деп үміттеніміз» деп дипломатиялық тұрғыдан жылы жауап бергенімен, екі елдің қатынасы қайта суып отырғаны анық байқалады. Жапондық және корейлік кейбір агенттіктер хабарлағандай, 23-наурыз күні Солтүстік Кореяның жоғары лауазымды дипломаттары Вашингтон, Бейжің, Мәскеуге аттанды.

«Әсіре қызыл тез оңар» деген, кеше ғана бірін-бірі құшағына қысып, жыласып көрісіп, бірігіп, бір ел болуға бел буған туыс халық Оңтүстік Кореямен қатынасын қайта құртып үлгерген Пхеньян енді АҚШ-пен екіжақты қатынастар нашарлаған жағдайда жаңа экономикалық санкцияларды болдырмауға бағытталған келіссөздер жүргізуге мүдделі. 

Небәрі бір жылға жалғасып, жоғары деңгейдегі бірнеше кездесумен аяқталған, үміт пен күдік тартысқа түскен келіссөздердің нәтижесі бүгінгі таңда осындай халде. Шығыс Азия аймағы ғана емес, әлемдік саяси ахуалға әсері мол мәселе алдағы кезеңде қалай өрбімек, өз тарапымыздан оқырмандарды құлаққағыс қылып отыратын боламыз.  

Батырхан Құрмансейіт,

Шығыстанушы

Арнайы Егемен Қазақстан үшін