– Жаңашыл туындылар ұсынып жүрген жастарды да қолдап келеміз. Өз жерімізде пайда болған q-pop жанрының жанкүйерлері де көп. Қазақ тілі мен музыкасын түрлендіріп, өздігінше дамытқан бұл субмәдениетке де арнамыз эфирінен орын берді. «JańǵyryQ» жобасы өзіндік ойымен, орындау мәнерімен, шығармашылық идеясымен ерекшеленетін авторларды жинайтын музыкалық алаң. Бұл жоба музыка саласындағы авторлық көзқарас пен орындаушылық өзгешеліктерді көрсетуімен құнды. Жоба бұқаралық сипат алған бүгінгі ән өнеріне жаңа тыныс береді. Сол арқылы өзіндік әуезі мен ұстанымы бар авторлардың қалыптасуына себеп болмақ. Біз «JańǵyryQ» жобасы арқылы жаңа музыкалық бағыттардың, мәдени қауымдастықтардың тууына ықпал етеміз деп сенеміз», – деді жоба продюсері Мақпал Жұмабай.
Жобаны әзірлеуге Moldanazar тобы, Мархаба Сәби, Satzhan project, Maqpalsher, Darkhan Juzz, Jeltoksan, DAMU, Qonyratbay Fam, Qudyr, ARShAT, ámir сынды бас-аяғы он екі орындаушы атсалысқан. Синти-поп, фанк жанрында ән салып жүрген Ғалымжан Молданазар алғаш рет қолға алынып отырған жобаның жаңаша серпіліс әкелетінін айтады.
– Осындай жанды дауыстағы музыканы халыққа бетпердесіз жеткізіп жатқаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе. Әр кезеңнің толқындары мен желісі болады. Ол әрдайым болған, болады да. Ең маңыздысы, біздің оны қалай жеткізетінімізде. Осындай жобалар жалғасатын болса, музыкамыз үшін керемет серпіліс болмақ, – деген пікірде әнші.
Жобаның идея авторы «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, продюсері Мақпал Жұмабай, қоюшы режиссері Тоғжан Құрманжанқызы, дыбыс режиссері Оралхан Сәдуақас. «JańǵyryQ» жобасы 6 сәуір күні, 11:40-та «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетіледі.