Мұның пайдасымен қатар, зияны да болатыны анық. Мессенджерлер арқылы тараған ақпараттардың әлеуметтік шиеленістер туғызған кезі де болды. Мәселен, 2017 жылы елордада салынып жатқан Әбу-Даби Плаза кешеніндегі жұмысшылар арасындағы келіспеушілік мессенджерлер арқылы жұртқа тарап, үндістандық жұмысшылар мен Қазақстан азаматтары арасында төбелес шыққан болатын. Оқиға болған жерге мессенджерлердегі ақпараттарды естіген отандастарымыз жиналған еді. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер елдегі кейбір келеңсіз оқиғаларға құқық қорғау органдарының назарын аударуға да себепші болған. Түрлі аймақтарда болған балалар төбелесі, әлімжеттік, балабақша тәрбиешілерінің бүлдіршіндерді ұрып-соғуы сияқты деректер тиісті мекемелерге мессенджерлер арқылы жеткен. Бір сөзбен айтқанда, заманауи коммуникация құралдары ықпалды күшке айналды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің осындай ерекшеліктерін жақсы білгендіктен болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер мен Үкімет мүшелері қатысқан кеңесте: «Әлеуметтік желілермен белсенді жұмыс істеу керек. Әртүрлі мессенджерлерде топтар құрып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды түсінікті тілмен жеткізу керек», деген еді. Сол-ақ екен, түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшылары әлеуметтік желілерге лап қойды.
Әлеуметтік желілердің де аласы мен құласы бар
Әр әлеуметтік желінің өзіндік ерекшеліктері бар. Егер сырттай қарайтын болсақ, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер көбіне ВКонтакте желісінде, орта буын мен белсенді азаматтар Facebook-та, шоу-бизнес өкілдері мен қыз-келіншектер Instagram-да көбірек шоғырланған. Енді оған Twitter қосылып жатыр. BrandAnalitiks компаниясы таратқан деректерге сенсек, былтыр желтоқсанда ВКонтакте желісіне 2 млн, Instagram-ға 1,5 млн, Facebook-қа 2,5 млн отандасымыз тіркелген. Бірақ Facebook-тағы белсенді қолданушылар саны 400 мың шамасында болыпты. Twitter-ге 2018 жылдың соңында 28 мың 600 қазақстандық тіркелсе керек. Әрине, 2019 жылдың қаңтар айында елде 16,88 млн адам интернетке қол жеткізіпті деген деректі ескерсек, әлеуметтік желілерде тіркелген азаматтар саны тым көп емес. Жалпы, тіркелген аккаунттар 6 млн төңірегінде ғана. Бұл дегеніңіз біздегі интернетке қол жеткізген азаматтар әлеуметтік желілерді емес, мессенджерлерді көбірек қолданады деген тұжырым жасауға мәжбүрлейді. Яғни, WhatsApp пен Telegram көш басында тұруы мүмкін. Оны тиісті мекемелер анықтай жатар, біз ойымызды әрмен қарай сабақтайық.
Twitter трендке айналды
Twitter демекші, қазақстандықтардың бірқатары осы желіге айрықша назар аударды. Бұрынғы аккаунты барлар қайта оралып, жоқтары жаңадан ашуда. Ал Twitter-бум жасауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықпалы болғанын байқау қиын емес. Бұрын бұл желіде тіркелген жоғары лауазымды қызметкерлердің арасынан тек Қ.Тоқаев пен К.Мәсімов қана көзге түсетін. Бүгінде Мемлекет басшысының Twitter аккаунтында 115 мың жазылушы бар. Бұл желі бұдан былайда отандастарымыз арасында танымал бола түсуі мүмкін. Қазіргі беталыс соны байқатады.
Соңғы күндері Twitter-ге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың тіркелгенін көрдік. Өз аккаунтынан жаңалықтар бөлісе бастады. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бұл желіге 2017 жылдың қарашасында тіркелген. Содан бері азды-көпті белсенділік танытып келеді. Ал бұл желіде Бауыржан Байбек пен Өмірзақ Шөкеевтің атынан аккаунттар 2011 жылы ашылған. Қырымбек Көшербаевтың атынан да сол жылы аккаунт ашылыпты. Бірақ үшеуінде де ешқандай жазба жоқ. Біздің пайымдауымызша, бұл аккаунттар фейк немесе аталған азаматтар өздері ашқанымен әрі қарай жүргізбеген болуы мүмкін. Бүгінде Павлодар облысын басқарып отырған Болат Бақауовтың да атынан аккаунт ашылыпты. 2014 жылы. Бұл да бос. Қысқасы, Twitter-де әкім аз.
Айтпақшы, бұл желіден Даниал Ахметов деген 4 аккаунт кездестірдік. Бірақ олардың ешқайсысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі емес.
Facebook-тегі әкімдер
Facebook-те әдетте белсенділік жоғары болады. Әлеуметтік желілердің ішінде Facebook үнемі у-шу болады да жатады. Мұндағы оқырмандар тым белсенді. Бәлкім, содан да шығар Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жақында ғана осы желіден аккаунт ашты. Әзірге Ақтөбе әкімінің Facebook-тегі достарының саны мыңға жеткен жоқ. Оның аккаунты наурыз айының 28-і күні ашылды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың да Facebook-тегі жазылушылары мол емес. Ол да аккаунтын 28 наурызда ашқан. Сонымен қатар Facebook-та Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың атынан ашылған аккаунт бар. Ол бұл желіге 2017 жылдың 23 желтоқсанында тіркелген. Оның да жазылушылары мол емес. Алайда 2018 жылдың 1 сәуірінде аталған аккаунт иесі облыс әкімінің әлеуметтік желіге жеке өз атынан тіркелмегенін, бұл аккаунт тұрғындардың жергілікті атқарушы органдарға деген сенімін нығайту әрі аймақтағы оқиғалардан хабардар етіп отыру мақсатында ашылғанын жазды. Яғни, аккаунт тікелей Маңғыстау әкіміне тиесілі емес. Сондай-ақ Facebook-та Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан ашылған аккаунт та бар. 2013 жылы тіркелген. Ол кезде А.Мұхамбетов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары еді. Бірақ парақшада бірде-бір жазба жоқ. Біздің пайымдауымызша, бұл аккаунт та фейк болуы мүмкін.
Фейк аккаунттар көбейіп барады
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram әлеуметтік желісінен парақша ашқан болатын. Бұл жайында Ақорданың баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли әлеуметтік желілерде жазды. Әрине, Instagram-ның бұқара үшін ең танымал желілердің бірі екендігі анық. Алайда саясаткерлердің бұл желіге тіркелуі түрлі фейктердің қаптап кетуіне алып келген сыңайлы. Блогер Жанасыл Болатбек жақында Instagram-да tokayev_online деген мазмұндағы он шақты аккаунт ашылғанын жазды. Біз санағанда мұндай мазмұндағы 34 аккаунт кездесті. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның атынан да парақша ашылған. Бірақ Сенаттың баспасөз қызметі Дариға Нұрсұлтанқызының ешбір әлеуметтік желіге тіркелмегенін мәлімдеді. Дегенмен Instagram-да Сенат Төрағасының аты-жөнінен аумайтын есім-сойы бар 6 парақша таптық. Олардың екеуінде Сенат Төрағасының суреттері жарияланған. Яғни, мақсатты түрде ашылған фейк аккаунттар. Сонымен қатар бұл желіде Асқар Мамин деген атпен 6 азамат тіркелген. Соның ішінде mamin_online деген аккаунт та бар. Онда аккаунт иесін Үкімет басшысы деп көрсеткен. Бірақ Үкіметтің баспасөз қызметі бұл парақшаның да фейк екенін мәлімдеді. Қысқасы, атқамінерлердің әлеуметтік желілерге тіркелуі бір жағынан пайдалы болса, екінші жағынан жалған ақпарат тарататын фейктердің де көбеюіне себепші болып отыр.
Не істемек керек?
SMM маманы Нұрлан Жанай әлеуметтік желілерге шенеуніктердің тіркелуі науқанға айналып кетпеуі керек екенін айтады. Кез келген басшы әлеуметтік желілердегі жұмыстың маңызын түсінгені дұрыс. «Оффлайннан айырмашылығы, бұл жердегі әр іс-әрекет көптің компьютерінде, архивінде сақталады. Басшы әлеуметтік желіде бір жұмыс бастап, соңына жеткізбей басқа жаққа кетсе де, сол берілген уәделер картинкаларда цитата болып жүруі мүмкін. Сондықтан халықпен қандай байланыс орнатылатынын нақтылап, соған сәйкес әлеуметтік желідегі ақпарат таратылғаны жөн. Жалпы басшылар Facebook-тан аккаунт емес, парақша ашқаны дұрыс. Өйткені аккаунтта достың саны да, басқа да мүмкіндіктер шектеулі. Ал Twitter қазіргі кезде Қазақстанда белсенді болмаса да, басшылардың әсерінен жандануы мүмкін. Қысқа-нұсқа есеп түріндегі жазбалар үшін Twitter өте ыңғайлы алаң. Ал мессенджерлерден Telegram-ды белгілі бір салада шағым, ұсыныс, тілек қабылдау үшін қолдануға болады. Дегенмен осы әлеуметтік желілердегі жұмыстар өртті уақытша өшіретін профилактикалық шаруа емес, ұзақ мерзімге қарастырылған жүйелі, жан-жақты келісілген, мамандармен ақылдасып шешілген стратегия болуы қажет», дейді блогер. Яғни заманауи коммуникация құралдарын пайдалану жүйелі стратегиясы бар, жан-жақты ойластырылған іс болуы тиіс. Онсыз коммуникация құралдары билік пен халықтың арасындағы байланыс тетігі емес, жалған ақпарат, қауесет тарататын, тіпті билік өкілдерінің беделін түсіретін дүниеге айналып кетуі мүмкін.