• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Сәуір, 2019

Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына орай халықаралық конференция өтті

3118 рет
көрсетілді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ғалымдар үйінде ҚҒА Тұңғыш президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейі, «Ғылым ордасының» ұйымдастыруымен «Қ.И.Сәтбаев: ҚҒА тұңғыш президенті, ғылымды ұйымдастырушы, кемеңгер ғалым және қоғам қайраткері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қаныш Сәтбаевтың Ұлттық ғылым академиясы ғимаратындағы бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым білдірген ғылыми орта Қ.И. Сәтбаевтың мемориалдық музейі және «Ғылым ордасы» РМК ғылыми кітапханасы қорынан алынған ғалымның құнды мұрағатымен танысты.

 Конференция жұмысын жүргізген Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов жүргізіп, шараның негізгі тақырыбы аясында елімізге танымал ғалымдардың Сәтбаев мұрасы хақындағы зерттеулері, қазақ ғылымының даму жолындағы ерекше еске алатын кезеңдер туралы естеліктердің жалғасын табатындығын жеткізді. Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР ҰҒА вице-перзиденті-аға ғылыми хатшы

Мақсат Қалимолдаев ҚР ҰҒА академигі М.Ж.Жұрыновтың құттықтау сөзін оқыды. «Ғұлама ғалымның өнегелі өмірі мен қазақ ғылымына сіңірген еңбегі орасан зор. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясын ұйымдастырып, бүгінгі таңда жұмыс істеп отырған әртүрлі саладағы ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын жолға қоюда ерекше ыждағаттылықпен, шыдамдылықпен қызмет еткен отандық ғылым ұйымдастырушысының қызметі – біз үшін өшпес өнеге.

Ұлтымыздың алдыңғы қатарлы оқыған зиялы қауымы жаппай қуғындалып, атылғаны атылып, қалғаны лагерьлерге айдалып жатқан заманда қазақ ғылымына адал еңбек сіңіріп, геология саласында әлемдік деңгейдегі ірі ғылыми жаңалықтарды ашу үшін тек ғалым болу жеткіліксіз еді. Қ.И. Сәтбаев өз заманының қажымас күрескері, қазақтың маңдайына біткен қайраткері болды. Қ.И. Сәтбаев феномені осында болатын» делінген құттықтау лебізде.

Конференция жұмысы ары қарай  ҚР ҰҒА академигі Сұлтан Оздоевтың, ҚР БжҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Еркін Садықовтың, Алматыдағы Ресей Федерациясының консулы И.В. Переверзеваның, Алматы қаласының әкімінің кеңесшісі М. Ахетовтың, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Г.Т. Алдамбергенованың, ЮНЕСКО-ның ҚР және Орталық Азия бойынша Алматыдағы кластерлік бюросы Жаратылыстану ғылымдары бюросының басшысы Кристинэ Товмасян, Ататүрік принциптері және революция тарихы институты директорының орынбасары, Хаждеттепе университетінің қауымдастырылған профессоры Сейфи Йылдырым, И. Арабаев атындағы Қырғыз МУ Ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жұмағұл Байдилдеевтің, Қ.И.Сәтбаевтың немересі Нұрлан Жармағамбетовтың құттықтау сөздерімен құттықтау сөздерімен жалғасын тапты.

Мемлекет тарихы институтының директоры т.ғ.д., профессор, Бүркіт Аяғанның, ҚР Президенті архиві директорының орынбасары, т.ғ.д., профессор Қайрат Әлімғазиновтың, баяндамаларын ғалымдар ерекше ықыласпен  тыңдады.

Академиктің ғылым жолындағы ізгілікті мұрасы туралы сөз еткен Академик Әзімхан Сатыбалдин Қ.Сәтбаевтың Англияға сапары барысындағы У.Черчильмен кездесу барысындағы әзіл-қалжыңдары арқылы өз халқын мойындатып, ағылшын үкіметі басшысының ерекше құрметіне ие болғанын кеңінен ашып көрсетсе, бүгінде тоқсанды еңсерген философ-ғалым, ҚР ҰҒА академигі Досмұхамед Кішібеков өзін Москваға оқуға қалай жібергенін, Қ.И.Сәтбаевтың қамқорлығы мен мен адамгершілігі хақында кеңінен әңгімеледі. 

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қайдар Алдажұманов Сәтбаевтың ғылымды ұйымдастырудағы ерен еңбегіне тоқталып, ХХ ғасырда қазақ халқы үшін жасап кеткен үш жетістігі, яғни, біріншіден, қазақ халқының өзінің мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтіруі; екіншіден, қазақ халқының 100 пайыз сауатты ұлтқа айналуы және үшіншіден, бүкіл әлемдік ғылыми мекемелерден артық болмаса ешбір кемі жоқ Ұлттық Ғылым академиясын құрғандығы жайында атап өтті. Ал профессор Сағындық Жауымбаев қазіргі отандық археология ғылымы жапон ғалымдарымен бірлесе отырып, қазақ даласындағы темір кен орындарының б.з.д. 13-14-ғасырларда болғанын дәлелдегенін кеңінен көрсетті. Егер тағы да 2-3 рет осылай кен орындары арқылы дәлелденсе, дүние жүзі бойынша қазақ даласында ең алғаш рет темір балқытылып, кен игерілгені мойындалмақ, деді.

Қазақ ғылымының қайнарында тұрған, кеңестік және қазақ металлогения мектебінің негізін қалаған, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастырушысы, әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірі – Ұлытау-Жезқазған кен орнын тұңғыш ашқан Сәтбаевтың ғылым жолына арналған конференцияда арнайы Қарар қабылданды:

- Білім алушы жастарды ғылымға кеңінен тарту мақсатында ҚР БжҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Академик Қ.И. Сәтбаевтың мемориалдық музейі ауқымында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы студенттердің, магистранттар мен жас ғалымдардың жыл сайынғы аймақтық ғылыми-практикалық конференциясын («Сәтбаев оқулары») өткізу туралы ұсыныс мақұлдансын.

- Академик Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми мұрасын белсенді тарату мақсатында Қ.И. Сәтбаевтың негізгі еңбектері, ол туралы ғылыми мақалалар, архив құжаттары, ғылыми конференциялардың жинақтары, фото-видеоматериалдар және т.б. орналастырылатын веб-сайт ұйымдастыру қолға алынсын.

- ҚР БжҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Ұлы Даланың Ұлы есімдері» жобасында академик Қ.И. Сәтбаев туралы материалдарды орналастыруды қарастырсын.

- Мектептер мен жоғары оқу орындарының электронды оқулықтарына Қазақстан ғылымының қалыптасуы, Қ.И. Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми қызметі деген параграф немесе тақырыпша кіргізудің қажеттілігі мәселесі, сондай-ақ мемлекеттік музейлер базасы арқылы геология негіздері және тау-кен ісінің даму тарихы, Қазақстан ғылымының жетістіктері мен тарихын оқу жөніндегі факультативтік сабақтар арқылы орта білім бағдарламасын кеңейту мүмкіндігі қарастырылсын.

- «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына ҚР ҰҒА ғимаратын, сондай-ақ, академик Қ.И. Сәтбаевтың Алматы, Баянауыл, Қарсақпай қалаларындағы музейлерін «тарихи тұлғаларға байланысты Қасиетті жерлер» тізіміне қосу мәселесін қарастыру ұсынылсын.