• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Сәуір, 2019

«Хат қоржын» (09.04.2019)

9617 рет
көрсетілді

..мәселе көтереді

Мал бағу ісі қожырап барады

 Қазіргі кезде мал шаруашылығын өркендетудің орнықты да оңтайлы жолы болмағандықтан саладағы істің жай-күйі жылдан-жылға қожырап барады. Кәсіп иелері арасында малды жерді тоздырып, шаңын шығарып бағу үрдісі жиі кездеседі. Әйтеуір бұл істе белгілі бір жүйе мен тәртіп орныға алмай келеді. Менің ойымша малды қинап, оны бір жерге иіріп баққаннан ешқандай пайда түспейді. Сондай-ақ ата-бабаларымыз «Жатар орын – жарым құрсақ» деп тектен-тек айтпаса керек. Өйткені түліктің қай түріне де жатарда құрғақ жер керек. Ал оны бір қораға айлап-жылдап қамағаннан күйі келе қоя ма? Мәселенің бұл жағы да ескерілмей жүр. Тағы бір айтарым – бір құдыққа айдап, айлап су ішкізу тәсілін де қолдай алмас едік. Айта берсе мал бағу ісінде «әттеген-айлар» жеткілікті. Мұны малды уақытында қырқу мен егу және қан алу мәселелеріне қатысты да айтуға болады. Ең бір қынжыларлық жәйт – осындай кезде ветеринарлық-санитарлық талаптар сақтала бермейді. Төлдейтін малдың жай-күйін алдын ала қамдастыру ісінде де шешімін таппай жүрген түйіндер мен түйткілдер жеткілікті.

 Ендеше оны жоғарыда айтып өткенімдей, бір жүйе мен ретке келтіретін кез келгені анық. Менің бұл жанайқайым мал шаруашылығы саласының басы-қасында жүрген құзіретті орган өкілдерінің назарында болса екен демекпін.

Түгел МӘНБЕТЖАН,

Ақтөбе қалалық ветеринарлық стансасының маманы

...ризашылық білдіреді

Қайырымды жандарға мың алғыc

Ауру аяқ астынан екен. Туған қызым Гүлжан Қазыбаева оқыстан, қатты жел соққанда қақпа шүйде тұсынан соғып құлады. Басында есін біліп сөйлеп жатты да, артынан комаға түсіп қалды. Ақсуаттың ауруханасында бір-екі күн жатқаннан кейін Өскемен қаласына алып кетіп, сонда басына ота жасады. Балам комада төрт ай жатып, есін жиып, өмірге қайта оралды. Жалпы емделіп жатқалы бір жыл, үш ай болды. Осы уақытта құдай қосқан жары Ерғазы Демеуов қасынан шықпай өзі күтіп жүр. Оған Алла разы болсын! Барлық туған-туыс, тамыр-таныс, көрші-қолаң, бірге қызметтес болғандар Гүлжан балама қолдарынан келгенше көмектесіп жатыр. Оларға аталық алғысымды білдіремін. Ауданымыздын тумасы, облыста үлкен бір басқарманы басқарып отырған Ғазез Қинаятұлына ерекше ризамын. Егер осы емді ақылы түрде алса бір миллиондай қаржы кетеді екен. Осындай қайырымды да жомарт азаматтар көп болса екен.

Мейрамбек ҚАЗЫБАЕВ,

еңбек ардагері

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

 Ақсуат ауылы

...сақтандырады

Қиянаттың сұрауы болады

Мен бір жігітті білемін, өзі менен 4-5 жас қана кіші. Сымбатты, шешен, іскер жігіт. Бір айыбы әлі күнге үйленген жоқ. Онысын ел сан-саққа жүгіртеді. «Мектепте жүргенде бір жауапсыз махаббат болыпты», «өзінің кірпияз мінезі», т.с.с. болжамдар жетерлік...

 Сол жігіттің атасының немере інісі мен тағы бір жамағайын әпкесі өмірінде отбасы құрмай өтті. Екеуін де бала күнімде көрдім. Екеуі де мінездері жайсаң адамдар еді. Атамыз аздап жұтыңқырайтын. Сонда да адамға зияны жоқ еді. Ал әпкеміз ауылдың балабақшасында аспаз болды. Ауылдың бар баласы сол кісінің қолынан өтті. Өте балажан адам еді. 50-ге жақындағанша үйленбей жүрген осы інімді көрсем, сол атамыз бен апамыз есіме түседі.

Бір әулеттен бір емес, бірнеше адамның тағдырының сондай болуы­на арғы бір аталарының әлдебір әрекеті себепкер-ау деп ойлаймын...

Мен қолыма өз әулетіміздің шежіресін алып жүріп, соны архив деректері, естеліктер секілді өзге де деректермен салыстыра отырып, әулет тарихын зерттедім. Сондағы көзім жеткені, біздің ауылда 1920-30 жылдары ағайынға қырғидай тиген шолақ белсенділердің көпшілігінің арты жақсы болмаған. Көбінің артында ұрпақ жоқ. Ал енді сырттай қарағанда жағдайы жақсы дегендерінің іштерінде қандай боран соғып, отбасыларында не болып жатқаны бір жаратқан иемізге ғана белгілі болса керек. Қазақтың «көз жасы», «нала», «қарғыс» деген сөз тіркестері бекер емес... Қазіргі жасаған әрбір әрекетіміз ұрпағымызға әсер етері анық. Сондықтан, кәрі қыз, сүрбойдақ жігіттер немесе ажырасқандар туралы ұшқарылау ойламаған абзал-ау...

Адам болған соң, кейде ұрсысамыз, таласамыз. Бірақ әлгі «айыбын» бетіне басқан әбестік болады...

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ

...мақтан тұтады

Ұстазды ардақтай білейік

Жыңғылды ауылындағы С.Нұрниязұлы атындағы мектеп интернатында көп жылдар бойы ұстаз болып, осы білім ордасында оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған ұлағатты ұстаз Бексұлу Шорақызы Ванова атындағы информатика бөлмесі ашылды. Оның ішіндегі еңбек және өмір жолы жазылған арнайы үлкен стендті оның туыстары жабдықтап берді.

 Шараның шымылдығын мектеп-интернат басшысы Нағима Айжанақова құттықтау сөзбен ашты.

Бұдан соң мектептің оқушылары ардагер ұстазға деген жыр жолдарын арнаса, Бексұлу Ванованың замандастары мен әріптестері сөз алып, естеліктерімен бөлісті.

Салтанатты жиынды жүргізушілер кезінде аталған мектепті басқарған Бексұлу Ванованың өмір жолынан сыр шертті. 1967 жылы Қызылорда мұғалімдер педучилищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған ол 1968 жылы ұстаздық еңбек жолын Жыңғылды ауылындағы бұрынғы Т.Шевченко атындағы мектеп-нтернаты, бүгінгі Сәду Нұрниязұлы атындағы облыстық мектеп-интернатынан бастайды. Алғашында мұғалім, кейіннен 1974 жылдан бастап Куйбышев атындағы, бүгінгі Есір Айшуақұлы атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі ұйымдастырушысы қызметін атқарған. Содан 1979 жылдан бастап аталған білім ұяларында оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болған. 1984 жылдан бастап Т.Шевченко атындағы мектеп-интернатының директоры болып еңбек етті.

Бексұлу Ванова – «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің, «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанды. Абзал жан, ұлағатты ұстаздың есімі енді әріптестерінің, шәкірттерінің естерінде мәңгі сақталатын болады.

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы