• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Сәуір, 2019

7-20-25: «мегаполистер бағдарламасына» айналып барады

8519 рет
көрсетілді

Мемлекеттің тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағы­тын­дағы шаралары тәуелсіздік жылдарында үздіксіз жүзеге асырылып келеді. Осы жылдар ішінде сан түрлі бағдарламалар қабыл­­да­нып, талай азамат үйлі болды. Дегенмен, халық санының ұдайы өсуіне, урбанизация үрдісінің тоқтаусыз жүріп жатуына байланысты баспана мәселесі ешқашан өзектілігін жойған жоқ. Өкінішке қарай, осынау күрделі мәселені шешуге бағытталған кейбір баста­ма­лар­дың көңілден шыға­тын­дай деңгейде жүзеге аспай жататы­ны бар. Оның да сан түрлі себептері болса керек.

Былтыр Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі жарияланған соң елімізде «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламада бас­пананы азаматтарға жылдық 7 па­йыз­бен, 20 пайыздық алғашқы жарнасын төлеген соң 25 жыл мерзімге ипотекаға беру көзделді. Рас, біршама азаматтар бағдарлама арқылы үйлі-күйлі болып, мәре-сәре болысты. Алайда, «7-20-25» бағдарламасы әзірге көңілден шығатын деңгейде жұмыс істемей тұр. Өткен наурыз айының басында «Баспана» ипотекалық ұйымы төрағасының орынбасары Дархан Байқуатов былтырдан бері бағдарламаға қатысуға 10 321 өтініш қабылданғанын айтқан еді. Бұл өтініштердің жалпы сомасы 117,4 млрд теңге көлемінде болған. Бірақ банктер осы өтініштердің 5983-ін ғана мақұлдаған. Мұның жалпы сома­сы шамамен 70 млрд теңге көлемін құрайды. Nur Otan партиясы жанындағы партиялық бақылау комитетінде осы мәселе қаралып, «7-20-25» бағдарламасының жедел жүзеге асырылуына кедергі болып тұрған факторлар талқыланған-ды. Жиында Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаева бұл бағдарламаның ауылдарға әлі жетпегенін айтты. Яғни, «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру барысында бірқатар мәселелер әлі шешілмегені белгілі болды.

Нұр-Сұлтан қаласы көш бастады

«7-20-25» бағдарламасына өтініш берушілер мен банктердің өтініштерді мақұлдау деңгейі өңірлерде ала-құла болып тұр. «Баспана» ипотекалық ұйымы сыртқы байланыстар депар­та­­менті басшысының орынбасары Айбар Олжаевтың айтуына қара­ған­­да, елордалықтар бағдарламаға қа­ты­су­да көш бастап келеді. Бүгінге дейін астаналық тұрғындар өтініш бер­гендердің 31 пайызын құрады. Бұл – 3369 адам. «Сонымен бірге алдың­ғы қатарда Алматы қаласы тұр. Алма­тылықтар арасынан 2658 азамат өті­ніш беріп, жалпы көлемінің 25 пайызын құрады. Маңғыстау облы­сы­нан бағдарлама арқылы баспана алуға ниет танытқандар саны 555 азамат, бұл өтініш берушілердің жалпы көлемінің 5 пайызын құрайды. Ақтөбе облысынан 549, Шығыс Қазақстан облысынан 505, Солтүстік Қазақстан облысынан 494 азамат бағдарламаға қаты­­суға ынта танытты», дейді А.Олжаев. Яғни, ұйым өкілі атап өткен әр облыстың жалпы өтініштердегі үлесі 5 пайыздан келіп отыр. Демек, «7-20-25» бағдарламасы «мегаполис­тер бағдарламасына» ұқсап бара жатыр. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы тұрғындарының жалпы үлесі бүгінге дейін бағдарламаға қатысуға өтініш бергендердің тең жартысынан асады (56 пайыз). Ал халқының саны жағынан елде көш бастап тұрған Түркістан облысында 27 наурыздағы дерек бойынша бағдарламаға қатысуға өтініш берген бір-ақ азамат тіркеліпті. Қызылорда облысында 87 азамат өтініш берген. Бұл деректердің өзі «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруда көптің көзіне түсе бермейтін олқылықтар бар екенін аңғартса керек. Бағдарламаның артықшылықтары туралы насихат аз болып тұр ма, әлде банк­тердің несие алушылардың «қаржы­лық өмірбаянына» мұқият үңілуінің де кесірі тиіп жатыр ма, бұл жағы беймәлім. Дегенмен, мұнда әңгі­ме банктер мақұлдаған өтініш емес, тілек білдірген азаматтар саны­на қатысты болғандықтан, «7-20-25» бағдарламасы тұрғындарға толы­қ түсіндірілмей жатыр-ау деген ой түйдік. Демек, өңірдегі тиісті құрылым­дар бұл мәселеге назар аударуы керек. Әйтпесе тұрғындар саны ең көп ай­мақ­та баспанаға мұқтаж жандар жоқ деген­ге кім сенеді?!

Құрылыс компаниялары құлықты болмай тұр

«7-20-25» бағдарламасына қаты­са­­тын құрылыс компаниялары пайда­ла­нуға берілген нысандарды ұсынуы тиіс. Мұнда үлескер ретінде қаржы құю қарастырылмаған. Бәлкім, бұл да жөн шығар. Себебі тірнектеп жи­на­ған қаржысын 20 пайыздық ал­ғаш­­қы жарна ретінде салған адам баспа­на толық аяқталғанша күтіп оты­ра алмайтыны тағы бар. Оның үстіне үлескер ретінде қатысқанда бас­панаға толық әрлеген соң кіруге де, қарабайыр әрлеу жұмыстарынан соң енуге де болады. Демек, 20 пайы­з алғашқы соманы төлеп тастап, тағы бірер жыл күтуге, үй алған соң қай­тадан жөндеу жүргізуге мәжбүр болу қаупі бар. Әрине мұндай артық шығынды ортаңқол ғана табысы бар отбасының қалтасы көтермейді. Содан да болса керек, әу баста «7-20-25» бағдарламасына үлескерлік құрылыс кірмейтін болған. Құрылыс компаниялары тек жаңа һәм пайдалануға берілген нысандарды ғана ұсына алады. Шамасы, дәл осы талап құрылыс салушыларға сәл ыңғайсыздау болып тұр ма, қайдам, Үкіметте «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға құрылысқа үлескер ретінде қаржы салу бастамасын көтергендер де табылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Качаков наурыз айында Үкімет ұйымдастырған дөң­ге­лек үстелдің бірінде «7-20-25» бағ­дарламасына үлескерлерді тарту мәсе­ле­сін көтерді. «Ұлттық банк­ке «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға үлескер ретінде құрылыс жұмыстарына қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Өйткені, барлық баспаналар құрылыс салына бастаған кезде сатылып кетеді», деді ол. Б.Качаковтың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы төлем қабілеті жоғары азаматтар үшін ғана қолжетімді болып тұрса керек. Яғни, әр мүшесінің табысы 150 мың теңгеден кем емес отбасылар ғана бұл бағдарламаның игілігін көруге мүмкіндік алған. Олар таңдаған пәтерін қалаған жерлерінен ала алады. Табыс көлемі 150 мыңнан төмен отбасылар үшін мұндай мүмкіндік аз. Комитет төрағасының орынбасары 2018 жылы елімізде пайдалануға берілген барлық баспананың 70 пайызы немесе 60 мың пәтер ірі қалаларда салынғанын айтты. Сөйте тұра, құрылыс нары­ғын­да жаңадан салынып жатқан баспа­на­лардың 80 пайызы үлескерлер қаржы­сын тартуға негізделсе керек. Демек, мұндай жағдайда «7-20-25» бағдар­ла­масының қаржылық операторы да жағдайды өзгертуге қауқарсыз. Аталған мәселе Ұлттық банк пен Үкімет деңгейінде шешілуі керек. Ал «Баспана» ипотекалық ұйымы салынып біткен пәтерлер үшін қаржы бөледі. Тек компаниялар үйлерін даярлап қойса болғаны. Алайда, құрылыс компанияларының көбі үлескерлердің қаржысын пайдалануды құп көреді.

Шағын қалалар мен аудандар тыс қалды

Мәжіліс депутаты Балайым Кесе­бае­ва Nur Otan партиясы жанын­дағы партиялық бақылау коми­тетінің отырысында «7-20-25» бағдар­ламасы ауылдарға жетпегенін айтты. «Ел халқының 40 пайыздан астамы тұратын ауылды жерлерде тұрғындарды бас­панамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Елбасы болашағы бар ауылдарда тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша баспана қорын құру туралы тапсырма берген. Ауыл адамдары бізге, депутаттарға баспана мәселесі бойынша жиі хабарласады. Алайда, қазіргі кезде бірде-бір тұрғын үй бағдарламасы ауылға жеткен жоқ. Ауылдарда құрылыс бизнесі жоқ. Банктер ауыл тұрғындарына несие бермейді. Сондықтан халық қалаға ағылып жатыр», деген еді Б.Кесебаева. Депу­тат осы мәселеге байланысты ауыл­ға арналған жеке тұрғын үй бағ­дар­­ламасын әзірлеу қажет екендігін айтқан. Онсыз урбанизацияны бақылау да мүмкін болмайды. Ауылдарды дамыту да жүйелі түрде жүзеге аспайды. Тіпті, бұл жағдай мемлекеттің әлеу­мет­тік аз қамтамасыз етілген отба­сыларды қолдау бастамасының да нәтиже беруін қиындатады. Мәселен, Nur Otan партиясының ХVIIІ съезінде айтылған 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салу ісін алайық. Иә, тәуір бастама. Көп мәселені шешуі мүмкін. Алайда, ауылды жерлердегі инфрақұрылым дамымаса, баспана мәселесі шешілмесе, тұрғындардың қалаға ағылуы тоқтамақ емес. 40 мың пәтер берілетінін естіген халық тағы да қалаға ағылады. Сөйтіп көп балалы отбасылар мен аналарға арнап 40 мың жалдамалы пәтерді салып біткенше, қалаға тағы да 80 мың отбасы келіп үлгереді. Әрине бұл болжам ғана. Дегенмен урбанизация кезінде бұл қалыпты құбылыс екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Демек, азаматтарға тең мүмкіндіктер жасалуы керек. Сондықтан тұрғын үй бағдарламаларының ауылдарға жет­ке­ні маңызды болып тұр. «Баспана» ипо­­те­ка­лық ұйымының өкілі А.Олжаев та ауыл­дарда құрылыс қар­қыны тым төмен екенін ашық айтты. «Аудандардан, моноқалалардан ипотекалық несие алуға өтініш беретін азаматтар үлесі көп емес. Оның басты себебі, аудандар мен моноқалаларда жаңа салынып жатқан үйлер саны бірен-саран ғана. Ал «7-20-25» бағдарламасы арқылы тек жаңа салынған, бастапқы (алғашқы қожайыны сіз болуыңыз тиіс) тұрғын үйлерді алуға болады. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасын аудандар мен моноқалаларда тежеп отырған фактор үй жетіспеушілігі болып отыр. Ал бағдарламаның серіктес банктері барлық аудандар мен моноқалаларда белсенді жұмыс істейді, егер салынған үй болса, банктер ипотекалық несие беруге дайын», дейді А. Олжаев. Ал біз сөйлескен бірқатар банк өкілдері ауылды жерлерге несие берудің өзіндік тәртібі бар екенін айтады. «7-20-25» бағдарламасына қатысып жатқан «Сбербанк» менеджері банк­тің қала аумағынан 50 шақырым қашық­тықтағы елді мекендерде несие бере­тінін айтты. Демек, «7-20-25» бағдар­ламасы да ірі қалалардан 50-60 шақырымнан алысқа ұзамай жатыр деген сөз. Көптеген банктегі жағдай осындай. Аудандарда бірқатар банктер несие беруі мүмкін, бірақ олар ауылға ешқа­шан бармайды. Мұндай жағдайда ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағ­дай­ын жақсарту қиын іс болмақ.

Жақсылық көрсем өзімнен...

Сөз басында «7-20-25» бағдар­ла­масына қатысуға наурызға дейін ел бойынша 10 321 азамат өтініш бергенін айттық. Оның 5983-ін банк­­тер мақұлдаған. Бұл дегеніңіз өтініш берушілердің 42,1 пайызы банк­тердің «сынынан» өтпей қал­ды дегенді білдіреді. Яғни, өтініш тап­сырғанымен, баспана ала алмаған азаматтар бірнеше мәселе бойынша кедергіге тап болады. Біріншіден, сол 42,1 пайыз өтініш берушілерге «несие тарихы» бөгет жасауы ғажап емес. Өйткені «Бірінші кредит­тік бюро» деген мекеме бар. Сіздің қар­жылық «өмірбаяныңызды» май­ша­­ммен қарайды. Бұрын несие алып дұрыс төлемеген болсаңыз, кестеден жаңылсаңыз, банктер бұл дерек­терді әлгі бюроға өткізеді. Сөй­тіп «қара тізімге» ілінесіз. Екіншіден, тұрмыстық мақсаттағы несие алғандар да қарызын өтеп біткенше «7-20-25» бағдарламасына қатыса алмайды. Өйткені отбасының ортақ табысы жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасы арқылы бас­паналы болу несие тарихында мін жоқ азаматтарға бұйырып тұрған жайы бар. Елде 6,3 млн азаматтың өтеп жатқан несиелері бар екені анық­талған, оның 1,5 млн-ы несие төлеу кезінде мерзімін өткізіп алған­дар қатарына кіреді. «Қара тізім­де­гілерден» бөлек тұтынушылық несие алғандар оларды өтеп бітпей тұрып, ипотекалық бағдарламаларға қатысқанмен еш пайда жоқ. Банктер бәрібір өтініштерді мақұлдамайды. Демек, 6,3 млн адам әзірге «7-20-25» бағ­дарламасына қатыса алмайды деген сөз. Бағдарламаға қатысу үшін тез арада тұтынушылық несиелерді жабу керек. Яғни, бәрі өзіңізге байланысты. «Жақсылық көрсем өзімнен...» деп отырғанымыз содан. Бірақ банктердің де тым кірпияз болғаны қажет емес-ау. Өйткені Үкімет сыйлаған үмітті, банктер үзіп-ақ жатыр...

Амангелді ҚҰРМЕТ, «Egemen Qazaqstan»