• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Сәуір, 2019

Тегін кәсіптік білім берудің келешегі зор

2005 рет
көрсетілді

Еңбек нарығында жұмысшы маман­дар­ға деген сұраныс арта түскелі қашан. Экономика мен өндіріс саласы қарыштап дамыған сайын өз ісін жетік білетін мамандары да ауадай қажет екені белгілі.

Ал бұл сұранысты қанағаттандыру үшін бірқатар құзыретті органдар маңызды жобалар мен бағдарламаларды іске қосты. Соның бірі – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы. Осыдан екі жыл бұрын қолда­нысқа енгізілген бастаманың нәти­же­сін­де қазақстандық жастардың тегін білім алуына мүмкіндік туды. Жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған болатын. Оның тәртібі «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағытында айқындалған. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даяр­лауды қаржыландыру жергілікті бюд­жет есебінен жүргізіледі. Кәсіптік-техни­калық білімді тегін алуға жол ашыл­ған алғашқы жылдың өзінде колледж табал­дырығын 200 мыңға жуық жас өрен аттаған болатын. Ал өткен жылы олар­дың саны жүзден асты. Елімізде, 2018-2019 оқу жылында колледждерге тегін білім алу үшін 98,5 мың адам қабылданған. Жалпы жоспар бойынша 2021 жылға дейін 718 мың адам кәсіптік-техникалық білімі бар маман атанбақ, яғни білікті жұмысшы кадр­ларды даярлаудың көлемі 40 пайызға ұлғая­ды. Тегін техникалық және кәсіптік біл­ім техникалық, технологиялық, ауыл­­шаруашылық, сервис және қызмет көрсе­ту мамандықтары бойынша бері­ле­ді.

Сонымен қатар медицина, білім, өнер мамандықтары бойынша даярлық мемлекеттік білім беру тапсырысы негі­зін­де жүзеге асырылады. Ал құқық, эконо­мика мамандықтары бойынша даяр­лық ақылы негізде жүргізіледі. Жобаға 9-11-сыныптарды бітірушілер, оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеп жүрген адамдар және тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері, сондай-ақ көп балалы отбасылардан шыққан балалар, жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, даму мүмкіндіктері шектеулі балалар, мүгедек балалар қатыса алады.

Жоба шеңберінде колледждердің оқу үдерісіне жаңа деңгейдегі білім беру бағдарламалары енгізілді. Бұл бағдарламалардың құрылымы жұмысшы мамандығын алу барысында бірнеше біліктілікті игеруге және қалауы бойынша орта буын мамандығын алуға мүмкіндік береді.

Жоба шеңберінде мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер үлесі 54%-ға дейін өсті. Бұл колледж контин­гентінің соңғы 5 жылда болған жыл сайын­ғы төмендеуін тоқтатуға мүмкін­дік берді. Сондай-ақ жобаға қаты­сушылар стипендиямен, бір реттік ыс­тық тағаммен, жолақымен қамтамасыз еті­леді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағыт­талған бағдарламада тек нарықта сұра­нысқа ие мамандықтарға басымдық беріл­ген. Жоба аясында жастар кейбір маман­дық бойынша колледждерге емтихансыз, сұхбаттасу қорытындылары бойынша қабылданады.

Еліміз бойынша, барлығы 821 кол­ледж жұмыс істейді, оның 479 кол­леджі – мемлекеттік, 342-і – жеке­мен­шік. Жұмыс­шы кадрларды даярлау 213 маман­дық және 693 біліктілік бойын­­ша жүргізіледі. Мемлекеттік коллед­ждердегі 488,7 мың білім алушы контин­генті­нің 275,5 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Жоба бас­тау алған жылы оқуға түскендер биыл колледжді тәмамдап, диплом алады. Яғни, өндіріске қосылмақ.

Осыдан үш жыл бұрын «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру» жоба­сы бойынша оқытуды бастаған оқу орын­да­рының бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис кол­леджі. Іргетасы сонау сексенінші жыл­дардың басында қаланған білім ордасы 9 мыңнан астам дайын маман дайын­дап шығарған. Бүгінгі таңда кол­лед­­ждің 911 контингенті бар. Студент­тер 3 мамандық, 11 біліктілік бойынша оқытылады. Барлығы бойынша жұмысшы мамандар дайындалады. Оқу бағдарламасының 40 пайызы теориялық, ал 60 пайызы практикалы білім беруге құрылған. Практикалық білімді студенттер әлеуметтік серіктестер базасында алады. Яғни, бірыңғай практикадан өтеді.

Зәуре ҚЫЛЫШБАЕВА,

Қоғам­дық тамақтандыру және сервис колледжі­нің директоры:

«Елордада сервис мамандықтарын дайындаймыз. Біздің негізгі әлеуметтік серіктестеріміз Астанадағы шетелдік қонақүйлер мен мейрамханалар. Кейін студенттер оқу бітіргенде сол жерлерге 100 пайыз жұмысқа орналасып кетеді. Бізде оқитын балалар 1 курстан бастап іс-тәжірибеден өтеді. Тегін білім алатын балалардың барлығына стипендия беріліп, тамақпен қамтамасыз етіледі. Тіпті жолдарына да ақша төленеді».

Биыл қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжін 205 түлек бітіріп шығады. Олардың барлығы қазірдің өзінде жұмысқа орналасып қойған. Оқу орны әлемнің 9 елімен ынтымақтастық орнатқан. Жыл сайын студенттер колледж есебінен түрлі халықаралық жарыс­­тар­ға қатысып тұрады. Өткен жылы колледж студенті Олжас Алда­на­зар Краснодар қаласында өткен «WorldSkills» байқауында екінші орын алды. Ол байқауға мейрамхана сервисі бойын­ша қатысқан болатын. Ал биыл Нұр-Сұлтан қаласында өтетін байқауға оқу орны­нан 6 бала қатыспақ. Қазірдің өзінде дайын­дық қарқынды жүріп жатыр дейді колледж директоры. Сондай-ақ кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орда­сының студенттері Краснодар қала­сына барып, халықаралық фестиваль­ден қанжығаларын майлап қайтты. Жерлес­те­рімізге бас жүлде бұйырған екен.

Аспаздық – бұл мамандық қана емес, өнер дейді студенттер. Өйткені аспаз­дық­ты таңдағандар бар жан-тәнімен тамақ дайындауды жақсы көре­тін­дер. Елордалық Қалымбек Атагелдиев үшінші сыныптан бастап аспаз болуды армандаған. Анасымен бірге асханада жағаласып өскен бала тамақ әзірлеуді ерте кезден меңгерген екен. Кейін мектеп оқушысы интернеттен колледж туралы бейнероликті көзі шалып қалады. Осылайша оның арманы жалғасын тауып, Нұр-Сұлтандағы тамақтану және сервис колледжінің студенті атанады.

«Мен грантқа түстім. 16 мың теңге стипендия аламын. Бұл – орташа көрсеткіш. Егер оқуыңды жақсы оқы­саң 20 мыңнан астам ақша ала аласың. Мен «Хилтон Астана» қонақ үйінде тәжіри­беден өтіп жатырмын. Маған дәл сон­дай жерлерде жұмыс істеген ұнайды. Өйткені тәжірибеден өту кезінде біз қазақстандық емес, шетелдік стандарттармен танысамыз. Біздің студенттердің көбі үшінші курста толық­ жұмыс істейді. Жұмыс істемей­тіндері бірен-саран болар. Тіпті олар жалақы да алады. Өйткені жұмыс берушілерге де білікті маман қажет. Ал біздің студент­тер өз ісінің шеберлері», дейді Қ.Атагелдиев.

Қалымбек жас болса да, үлкен іске бас болғысы келеді екен. Жай аспаз емес, Қазақстанның атын айдай әлемге танытпақ. Бозбала, тіпті «Мишлен жұлды­зын» иеленемін деп отыр.

«Әуелі Америка Құрама Штаттарына «Work and Travel» бағдарламасы бо­йынша барып, әрі қарай Еуропаға оқуға түскім келеді. Өйткені елімізде гастро­но­­­мия саласы дамымаған. ТМД елдері «Мишлен жұлдызын» әлі 50 жылдай ала алмай­тын шығар.

Қалымбектің айтуынша, дәмі жағы­нан италия­лық асхана керемет, ал техно­ло­гия жағынан қарайтын болсақ, фран­цуз мен жапон асханасына жетері жоқ екен. Қалымбек аспаздық өнерді мықты меңгерген студент қана емес, сон­дай-ақ белсенді жастардың бірі. Бос уақытында колледжде өтетін іс-шара­ларға жиі қатысып тұрады. Өзі секіл­ді студенттерді үнемі қасына жинап алады. Солардың бірі – Диана Олжа­бай. Қалымбекке қарағанда Диана колледж­ге не үшін түскенін білмеген екен. Бірақ кулинарлық өнердің қыр-сырын меңгерген бойжеткен енді бұл маман­дық­сыз келешек өмірін елестете алмайды. Оның да арманы асқақ, болашақта Нұр-Сұлтанда теңдесі жоқ кулинарлық тағамдарды әзірлейтін дүкен ашпақ.

Гүлназ САЙЛАУҚЫЗЫ