• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Сәуір, 2019

Тұлға тағылымы

1243 рет
көрсетілді

Қаныш Сәтбаев еңбектерін бажайлай қарағанда, зерттеу аймақтарының табиғаты, жануарлар әлемі, денсаулық сақтау және білім саласына, салаларда қордаланған мәселелерге ерекше мән берілгендігіне көз жеткізе түсеміз.

Тарихи тамыры тереңге кететін қазақ даласының осынау иен байлығын дәріптеп, оның жаңалығын көрсетудегі тағылымды өмір жолы ғалымның туғанына 120 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейі, «Ғылым ордасы» ұйымдастырған «Қ.Сәтбаев: ҚҒА тұңғыш президенті, ғылымды ұйымдастырушы, кемеңгер ғалым және қоғам қайраткері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында кеңінен талқыланды.

Ғалымды еске алу шарасы Ұлттық ғылым академиясы ғимаратындағы бюсіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым білдірумен басталды. Әрі қарай Қ.Сәтбаев мемориалдық музейі және «Ғылым ордасы» РМК ғылыми кітапханасы қорынан алынған құнды мұрағатымен танысумен жалғасын тапты.

Алқалы жиынды Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов бастап беріп, ҰҒА вице-перзиденті аға ғылыми хатшысы Мақсат Қалимолдаев ҰҒА академигі М.Жұрыновтың құттықтау сөзін оқыды. 

Бүгінде ғалымның атымен аталатын мемориалдық музейі ҰҒА тұңғыш президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметі туралы зерттеу және осы бағыттағы ағартушылық жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Мемориалдық музей директоры, Мәдениет қайраткері  Бақытжамал Айтмұхамбетованың айтуынша, ғалымның ұлтқа қызмет етудегі жүріп өткен жолы жастарға үлгі-өнеге. Ұлттық ғылымның қалыптасуы мен дамуы жолындағы қиыншылығы мен өнегелі өмірі жас ғалымдар үшін тың тақырыптарға бастаған даңғыл жол іспетті. Жәдігерлермен үнемі толықтырылып отыратын музей Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік музейі,  ғылыми-зерттеу институттары, Жезқазғанның, сондай-ақ басқа да аймақтық мұрағаттармен байланыста және де мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында заманауи  жетістіктерді игеріп келеді.

Геологиялық барлау мамандығын игерген ғалымның бар өмірі қазақ даласының минералдық ресурстарын және кендер генеологиясын зерттеу­ге бағытталды. Ауыл молдасынан сауат ашқан болашақ ғалым  тау-кен саласы ғана емес, ұлттың мәдениетін, тарихын, әдебиетін де зерттеуге атсалысты. Қаныш Сатбаев Ұлыбритания сапарында премьер-министр У.Черчилльдің «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» дегеніне «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деген жауабының ұлт мүддесінен туындағанын білдірсе, «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекетіне үнемі қолдау білдіріп жүруі ел тәуелсіздігі жолындағы қайраткерлік ұстанымын аңғартады. 

Ал Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтінін араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясы негізіне бейімдеуі, Жезқазған–Ұлытаудан этнографиялық мұраларды жинақтап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» еңбегінің жазылуы, қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығы, А.Затаевичтің «Қазақтың 500 әні, күйі» жинағына қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беруі, т.б. ұлттық мұраларымызға бейжай қарамағандығын аңғартса керек-ті. 

Академиктің ғылым жолындағы ізгілікті мұрасы туралы Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, Президент архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Әлімғазиновтың баяндамасында  кеңінен айтылса,  академик Әзімхан Сатыбалдин ғалымның  Ұлыбританияға сапары хақында ой толғады. ҰҒА академигі Досмұхамед Кішібеков тұлғаның қамқорлығы мен адамгершілігі хақында әңгімелесе, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, академик Қайдар Алдажұманов Сәтбаевтың ғылымды ұйымдастырудағы ерен еңбегі ретінде  қазақ халқы үшін жасап кеткен үш жетістігіне тоқталды: біріншіден, қазақ халқының өзінің мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтіруі болса, екіншіден, қазақ халқының 100 пайыз сауатты ұлтқа айналуы және үшіншіден, әлемдік ғылыми мекемелердің деңгейіндегі Ұлттық ғылым академиясын құрғандығы. Ал профессор Сағындық Жауымбаевтың айтуынша, қазіргі отандық археология ғылымы жапон ғалымдарымен бірлесе отырып, қазақ даласындағы темір кен орындарының б.з.д. XIII-XIV ғасырларда болғанын дәлелдеді. Егер тағы да 2-3 рет кен орындары арқылы дәлелденсе, дүние жүзі бойынша қазақ даласында ең алғаш рет темір балқытылып, кен игерілгені мойындалады.

Конференцияда Қаныш Сәтбаевтың қазақ халқы үшін істеген баға жетпес байлығы –  сан қырлы қызметі,  ғылыми еңбектерін насихаттауға орай арнайы қарар қабылданды. 

АЛМАТЫ