• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2012

Шетел тәжірибесі ескеріле ме?

347 рет
көрсетілді

Шетел тәжірибесі ескеріле ме?

Сенбі, 12 мамыр 2012 8:01

Аттестаттау атүсті атқарылса не ұтамыз?

Елбасының Жарлығына сәйкес құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлері осы жылдың аяғына дейін кезектен тыс аттестаттаудан өтеді. Ал аттес­таттау дүйсенбі күні басталмақ. Онда қызметкерлердің кәсіби жарамдылығы ғана тексеріліп қоймай, сонымен қатар, адамгершілік қасиеті жағынан атқаратын қызметіне сәйкестігі және сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейім қызметкерлерден арылу таразыға тартылмақ.

Сенбі, 12 мамыр 2012 8:01

Аттестаттау атүсті атқарылса не ұтамыз?

Елбасының Жарлығына сәйкес құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлері осы жылдың аяғына дейін кезектен тыс аттестаттаудан өтеді. Ал аттес­таттау дүйсенбі күні басталмақ. Онда қызметкерлердің кәсіби жарамдылығы ғана тексеріліп қоймай, сонымен қатар, адамгершілік қасиеті жағынан атқаратын қызметіне сәйкестігі және сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейім қызметкерлерден арылу таразыға тартылмақ.

Әзірге таразының қай басы басатыны белгісіз. Осы орайда аттестаттаудан кейін жағдай қандай болмақ және құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау барысында қайта аттестаттаудан өткізуді болдырмайтын, іріктеудің жаңа, жоғары критерийлері бойынша талаптар бола ма, жоқ па деген секілді сауалдар туындайды. Соған байланысты Бас прокуратураның кадр жұмысы департаменті бастығының міндетін атқарушы, әділет аға кеңесшісі Роза Досымбековаға жолығып, бірқатар сұрақтар қойдық.

– Роза Шекербекқызы, «Құ­қық қорғау қызметі туралы» заңда құқық қорғау орган­да­ры­ның қызметкерлерін әрбір үш жыл сайын, олардың кәсіби даяр­лық деңгейін, құқықтық мәдениетін және азаматтармен жұмыс жасай білуін айқындау үшін аттестаттаудан өткізу қа­рас­тырылған. Ендеше, кезектен тыс аттестаттаудың қажет­тілігі неден туындады?

– Бұл шараны өткізуге әл­де­қашан қажеттілік пайда болған еді, сондықтан бұл мемлекеттік да­мудың міндеттеріне де әрі қа­зір­гі қоғамның талабына сәйкес келді, яғни көпшіліктің күткені іске асады деп айтуға болады. Құқық қорғау органдары­ның реформалары көптеген елдерде өт­кізіліп жатыр. Мысалы, грузин­дер­дің өз по­лицейлеріне қайта құру қадамын жаса­ға­нын көп мем­лекеттер қолдап отыр. Қазіргі таңда Грузия сыбайлас жемқор­лық­қа қар­сы тұруда және қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету жағынан Еуропа елдерінің ішінде ең жақ­сы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бар­лық реформалаудың ішінде ең нәтижелі болғаны осы қызмет­кер­лерді аттестаттау шарасы, оның қорытындысы бойынша барлық жеке құрамның, тіпті 90 пайызға жуығы қайта жаңартылды.

– Олар жеке құрамды түгел дерлік жаңарту арқылы ғана жақ­сы көрсет­кіштерге қол жет­кізді деп ойлайсыз ба?

– Бұл тұста грузиндер мына­ған аса көңіл бөлді: жұмысқа жаңадан қабылдан­ған полицейлер үшін іріктеудің ең басты шарты – арнайы білімі мен жұмыс тәжі­ри­бесін талап еткен жоқ, керісінше, бұларды қажет санамады. Қыз­мет­керлердің психо­ло­­гия­лық ор­нықты болуы және таң­даған ісіне адал қызмет ету талап етілді. Арнайы білімге келсек, оның жүйе­сін де түбегейлі өз­герт­ті, жеке құрам түгелдей дер­лік ке­зең-ке­зеңімен қайта даяр­лау­дан өткізілді.

Есептілік жұмыстың басты өл­шемі болудан қалды, ендігі жер­де полицейлер үшін қылмыс­ты жасырудың немесе арызды тіркемеудің ешқандай пайдасы жоқ. Қағаз түріндегі құжат айналымы барынша азайтылды. Бар­лық жұмыс электронды жүйемен жүргізіледі, соның ішінде, ха­лық­қа қызмет көрсету үшін де қатаң тәр­тіп орнатылған. Мысалы, ав­то­көлікті ке­ден­дік рәсімдеу, оны тех­никалық қараудан өткізу, құ­жат­тары мен нөмірін бере отырып, есепке қоюдың барлығына 20 минут қана уақытыңыз кетеді.

– Бұлардан басқа қандай іргелі ел құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерін аттестаттау арқылы жақсы же­тістікке жетті дей аласыз?

– Мәселен, Ресей де құқық қорғау органдарын реформалау жөнінде ауқымды шара өткізді. Онда өткен жылы ІІМ-нің қыз­мет­керлері кезектен тыс аттестаттаудан өту қорытындысы бойынша миллионға жуық бұрынғы милиционерлер жаңа полицей ата­ғы­на сәйкес деп танылды. Ал 227 мың қызметкер (жеке құрамның 22 пайызы) қайта аттестаттаудан өтпеді. Мәлімет­терге сәйкес жұ­мыс­тан шығарылғандар­дың ішін­де 143 генерал бар.

– Міне, аттестаттау деп осыны айтуға болады дейсіз ғой. Бізде Грузиядағы секілді емес, ең болмаса Ресейдегі секілді аттестаттау көрініс алар ма екен?

– Әрине, бәрін аттестаттау барысы көрсетеді. Дегенмен, Ресей­де­гі аттестаттау грузиндерге қара­ғанда басқаша талаптар бойынша өткізілді. Қызметкерлердің дені жасына және денсаулық жағ­дайы­на байланысты босады. Сөйтіп, Ресейдің ішкі істер органдарында тек өздерінің жеке және кәсіби қасиеттері бойынша лайықты адам­дардың ғана қызметте қа­луы­на мүмкіндік берілді. Сонымен бір мезгілде жоғары талап­тарға сәйкес келмейтін қызмет­кер­лерден де тазартылды.

– Комиссия жұмысына шағымдан­ған­дар болды ма?

– Аттестаттау аяқталғаннан кейін Ресей ІІМ-нің кадр депар­та­ментіне 1 мыңнан астам шағым­дар түскен, тағы да 349 адам өздерін қызметке қайта орналас­тыру туралы сотқа жүгінген. Сот­тармен 34 талап қанағат­тан­дырылып, көптеген адамның арызынан бас тартылған. Оны айтасыз, сонымен қатар, аттестаттауға даярлық және оны өткізу кезінде басшылық құрамның және бірін­ші рет арнайы атақты беруге ұсы­нылған адамдардың жоғары және орта кәсіби білімдеріне күмән келтіріліп 80 мыңнан астам дип­лом­ға тексеру жүр­гізіл­ген. Қол­дан жасау белгілері бар 603 құжат анықталған. Ақыры көптеген қыз­меткер жұмыстан шығарыл­ған, соның ішінде Ресей ІІМ-нің орталық аппаратының 24 қыз­мет­кері бар. Тіпті, 20 қылмыстық іс қоз­ға­лып, 1 қызметкер сотталған. Оған қоса, басшылық құрамның 141 үміткеріне арнайы атағын беруден бас тартылған.

– Әрине, құқық қорғау органдарын реформалаудың әлем­дік тәжірибесі түрлі тенденцияны көрсетеді, себебі, мақсат пен міндеттер бөлек дейміз. Ал енді біздің елде ол қалай жүргі­зілмек?

– Қазақстанның өз даму жолы бар, өйткені, қайта аттестаттау барлық құқық қорғау органдарын қамтып отыр, оның алғашқы нәтижесі шамамен осы жылдың екінші жарты жылдығында көрі­не­тін болады. Бұл жерде, өзіңіз айтқандай, аттестаттаудан кейінгі кезеңге ерекше назар аударуымыз қажет, осы кезеңде қайта аттес­таттауды өткізуді болдырмайтын, іріктеудің жаңа жоғары кри­терийлері бойынша құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау кезінде талаптарды күшейту қа­жет етіледі.

Жарлыққа сәйкес, бағалаудың негізгі өлшемдері – қызметкер­лер­дің өздеріне жүк­телген мін­дет­терді орындау қабілеті, сон­­дай-ақ, теориялық білімдері мен прак­тикалық дағдыларының дең­гейі болып табылады. Кезектен тыс аттестаттаудан бар­лығы 4 жарым мыңнан астам прокурорлар өткізіледі. Заңнаманы білу және логикалық ойлау қабілетіне ком­пьютерлік тестілеу арнайы бағ­дар­ламаны пайдалану арқылы жү­зеге асырылады, бұл бағдар­лама бойынша кездейсоқ сандарды іріктеу тәсілімен аттестаттаудан өтетін адамға жауаптардың төрт нұсқасы көрсетілген 100 сұрақ ұсынылады, олардың біреуі дұрыс жауап болып табылады, сонымен бірге ойлау қабілетін анық­тауға арналған 19 тапсырма беріледі.

Аттестаттау барысында қыз­меткерлер­дің жеке қасиеттеріне ерекше назар аударылады, нақты айтқанда, тіл табыса білу, азаматтармен жұмыс істеу қабілеті, пси­хологиялық орнықтылығы еске­ріледі. Қыз­мет­кердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын қатаң сақтауы, мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодекс талаптарын орындауы назарға алынады. Осы мақ­сатта, азамат­тар­дың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жоғары дең­гейде қамтамасыз ете алатын, өз елінің патриоты болып табылатын кадрлардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік бері­ліп отырғанын ескеру қажет. Аттестаттауды шынайы түрде жүр­гізе отырып, атқаратын қыз­ме­ті­не лайықты адамның құ­қығының бұзылуына нұқсан кел­тір­мей, әрбір қызметкерге та­лапқа сай қарау басшылыққа алы­нады.

– Бұл міндеттерді жүзеге асы­ру кезінде көзбояу­шы­лық­тар орын алуы мүмкін бе?

– Осы міндеттерді сәтті іске асыру мақсатында бірқатар ұйым­дас­тырушылық-практикалық шаралар қабылданды. Атап айтқан­да, тестілеу бағдарламасын жетіл­ді­ру, электронды-сандық қол қою­ды рұқсатсыз пайдаланудан қор­ғауға арналған көп сатылы сақтау жүйесі көзделген. Аттестаттаудан өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы жеке құрамға түсіндіру жұ­мыстары жүргізілді. Оның ашық­тығын қамтамасыз ету үшін, Бас прокуратураның www.prokuror.kzресми сайтында «Прокуратура ор­гандарының қызметкерлерін ке­зектен тыс аттестаттау» атты ар­найы бөлім де ашылды. Бұл бөлім аттестаттауды өткізу тәрті­бінің бұзылғаны, сондай-ақ про­ку­рорлардың сыбайлас жемқор­лық және басқа да құқық бұзушы­лықтарды жасаға­ны, қызметтік әдеп нормаларын сақтама­ғаны туралы деректер бойынша Бас Про­курорға тікелей өтініш беруге арналған. Әрбір өтініш қаралады, қажет жағдайда қызметтік тексеру жүргізіледі, ал өтініш­терді қараудың нәтижелері аттестаттау кезінде ескеріледі.

– Кезектен тыс аттестаттау қанша кезеңге бөлініп, қай кезде аяқталмақ?

– Кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі барлық жұмыс үш кезеңде жүргізіледі және осы жылдың соңында аяқталады. Заң­ға сәйкес, бұл жолы прокуратура қызметкерлері дене шынықтыру және жауынгерлік нормативтерді тапсырмайды. Яғни, республика­ның барлық прокурорлары бір мезгілде қайта аттестаттаудан өтк­і­зіледі. Демек, бұл шараның маңыз­дылығын атай отырып, құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру үшін прокуратура органдары Мемлекет басшысының тапсырмаларын дер кезінде және сапалы орындалуын қамтамасыз ету арқылы өздерінің біліктілігі мен кәсіби даярлығын дәлелдейді деп сенім білдіремін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».