• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2012

Мақсат – заңнама сапасын жақсарту

324 рет
көрсетілді

Мақсат – заңнама сапасын жақсарту

Сәрсенбі, 16 мамыр 2012 8:45

Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған республикалық Заңгерлер съезінде қаралатын мәселелер және осы салада кейбір қордаланып қалған түйткілді жәйттер төңірегінде Қазақстан Рес­публикасы заң шығару институтының директоры Асылбек СМАҒҰЛОВПЕН тілдескен едік…

– Асылбек Айжарықұы, Заңгерлер съезінде қандай мәселелер қарал­мақ­шы?

 

Сәрсенбі, 16 мамыр 2012 8:45

Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған республикалық Заңгерлер съезінде қаралатын мәселелер және осы салада кейбір қордаланып қалған түйткілді жәйттер төңірегінде Қазақстан Рес­публикасы заң шығару институтының директоры Асылбек СМАҒҰЛОВПЕН тілдескен едік…

– Асылбек Айжарықұы, Заңгерлер съезінде қандай мәселелер қарал­мақ­шы?

– Заңгерлердiң съезiнде, біріншіден, мемлекетіміздің жиырма жылдық құқық­тық дамуы бойынша қорытындылар, ауқымды мәселелер талқыланса, екін­ші­ден, құқықтың насихатталуына және аза­маттардың құқықтық мәдениет деңгейiн жоғарылатуына мүмкiндiк туғызу жолдары қарастырылмақ. Сондай-ақ, құрамына республикамыздың құқық қорғау қызмет­кер­лерi және сот жүйесiнiң белгiлi ғалым­дары, құқық зерттеушiлері және құқық саласының ардагерлері енетін Қазақстан Республикасы заңгерлер одағын құру мә­се­лесі де талқыланбақшы. Басқосу қоры­тын­дылары бойынша, концептуалды жағ­дайда мемлекетіміздің құқықтық дамуына негiз болатын нысандағы құжаттар қабылданады.

– Сіз басқарып отырған институт­тың осы саладағы атқарып жатқан негізгі жұмыстары жайынан хабардар етсеңіз.

– Біздің тәуелсіз Қазақстанда жиырма жыл ішінде барлық реформалар құқық көмегімен жүзеге асырылып келеді. Со­лар­дың ішінде 1994 жылы Президент қау­лысымен бекітілген Қазақстан Республи­ка­сындағы құқықтық реформаның мем­лекеттiк бағдарламасын атауға болады. Сол бағдарламаны орындаудың басты нәтижесi қоғам мен мемлекет дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап берген, адам мен азаматтың негiзгi құқықта­ры мен бостандықтарын, сондай-ақ мем­лекеттiк институттардың жаңа жүйесiн бекiткен, мемлекетімізде Елбасы Н.На­зар­баевтың бастауымен 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қа­былданған ел Конституциясы болды.

Құқықтық мемлекетті құру жолын­да­ғы келесі жетістігіміз 2002 жылғы қабыл­данған Қазақстан Республикасының Құ­қық­тық саясат тұжырымдамасы болып та­былады. Құқықтық саясаттың негізгі мәселелері болып құқық жүйесiн дамы­тудың негiзгi бағыттарын, арқаулық те­тiк­терiн мемлекеттiк тұрғыда әзірлеу және құқық қолдану практикасы шараларын 2010 жылға дейін жетiлдiру көзделген.

– Бізде құқықтық мемлекет құру жолында қандай шаралар жүзеге асырылуда?

– Мемлекеттің мақсаты өз азамат­тары­ның құқықтарын қорғау деп айтуға болады.

Ұлттық құқықты дамытудың негізгі ба­ғыттары Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырым­да­ма­сында өз көрінісін тапты. Құқықтық саясат тұжырымдамасы ережелерін іске асыру құқықтық мемлекет құрудың жаңа кезеңінде Конституцияның негізгі идеялары мен қағидаларын іс жүзіне асыруға мүмкіндік береді.

Тұжырымдамада белгіленген мемле­кет­тің құқықтық саясатының негiзгi ба­ғыт­тарына сәйкес қазақстандық заңна­ма­ның кешендi дамуы мен оның тиiмдi қол­данылуы заңдылық режімнің одан әрі кү­шеюi­не, адам мен азаматтың конститу­ция­лық құқықтары мен бостандықтары­ның сақталуына, елдiң тұрақты әлеу­мет­тiк-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қазақстандық мемлекеттіліктің кү­шеюiне мүмкiндiк туғызады. Сонымен бірге, мемлекеттік билік инсти­тут­та­ры­ның тиімді қызмет етуі, биліктің заң шы­ғару және атқару салаларының сындарлы және серпінді өзара іс-қимылын жүзеге асыруы тек қана еліміздің заңдары ар­қы­лы қамтамасыз етілетін болады. Бұл рес­пуб­ликамыздың құқықтық мемлекет ре­тінде қалыптасуына және нығаюына жол ашады.

– Өзіңізді осы салада толғандырып жүр­ген өзге де мәселелер туралы айтып өтсеңіз?

– Қазіргі кезде мені де, қазақстандық қоғамды да ойландырып жүрген күрделі мәселенің бірі – заңдардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкес­сіз­дігі. Қоғамда қалыптасқан пікір бойынша ол – аудармашылар тарапынан жіберіліп жатқан қателер. Менің ойымша, бұл мә­селенің себебі мен түйіні кешенді сипатта. Барлық мәселені аудармашыларға артып қоюға болмайды. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарда аудармашылардың тиісті білімі мен көпжылдық қызметтік өтілі бар. Оның үстіне аударма жасаудың теориялық және әдістемелік негіздері де жасалған. Осы тұрғыдан заң жобасы мә­тін­дерінің тең түпнұсқалылығын қамта­ма­сыз ету оңай іс сияқты болып көрінеді. Бірақ ол үшін заң жобасы мәтініне ғы­лы­ми лингвистикалық сараптама жүргізу мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Өкінішке қарай, мұның әлі түбегейлі тұрғыда шешілмей келе жатқаны да шындық.

Заңды қоғамдық қатынастарды құ­қық­тық реттейтін құрал десек, бұл құ­рал­дың мінсіз болуының басты факторының бірі оның лексикасының дұрыстығына, анықтығына, дәлдігіне келіп саяды. Осы ретте лингвистикалық сараптаманы сауатты жүргізуге қойылатын талап өте жоғары болуы шарт. Бұл арада көп нәрсе филолог маманның да, заңгер маманның да біліктілік санатына байланысты.

Заң терминологиясын жетілдіру проблемасы да күн тәртібіндегі өткір мә­се­лелердің бірі. Сондықтан Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі жанындағы Мем­ле­кеттік терминология комиссиясының жұмысын одан әрі жетілдіру қажет деп пайымдаймыз.

Жалпы, заңгерлеріміз бар, лингвист, филолог мамандарымыз бар, көтерілген мәселелер төңірегінде ойласып, бірлесіп атқарар жұмысты түбегейлі жолға қоя білсек, ұлттық заңнаманың сапасын жақсартуға болады деген ойдамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,

«Егемен Қазақстан».