• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 15 Сәуір, 2019

Балуандар Қытайда белдеседі

1249 рет
көрсетілді

23-28 сәуір аралығында Қытайдың Сиань қаласында күрестің үш түрінен Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Осы жарыс қарсаңында біз өткен тарихқа қысқаша шолу жа­сай отырып, былтырғы жа­рыс­­­­­­тың нәтижесіне толығырақ тоқ­тала кетуді жөн көріп отырмыз. Бүгінгі мақаламызда грек-рим күре­сін тілге тиек етеміз. Ал газеттің алда­ғы нөмірлерінде еркін күрес пен әйел­дер күресі жайында кеңінен әңгіме қозғай­тын боламыз.

Қазақстанның ұлттық құрамасы Азия чемпионатында алғаш рет 1993 жылы бой көрсетті. Жапонияның Хиросима қаласында өткен жарыстан жерлестеріміз бес жүлдемен оралды. Жалғыз алтын Сергей Матвиенкоға (90 кило) бұйырса, Ахметолла Нұров (57 кило) пен Сергей Дупиков (100 кило) финалда сүрінді. Ал Марат Мәлтекбаев (62 кило) пен Бақтияр Байсейітов (82 кило) қола медальды иеленді. Ұзақ жылдар бойы сары құрлықта үстемдік құрып келген Оңтүстік Кореяның балуандары осы жарыста сарапқа салынған 10 бас жүлденің тең жартысын олжалап, командалық есепте бірінші орын алды.

1995 жылы Филиппиннің астанасы ­– Манилада ұйымдастырылған додада Қазақстан құрамасы жеңіп алған жүлделерінің жалпы саны бойынша Оңтүстік Кореядан озды. Біздің жігіттер арасынан Руслан Жұмабеков (74 кило), Бақтияр Байсейітов (82 кило), Дәулет Тұрлыханов (90 кило) және Сергей Матвиенко (100 кило) қарсылас шақ келтірмесе, Фанис Дәулетов (48 кило), Камил Муфти-заде (52 кило) және Ахметолла Нұров (57 кило) қолаға қол созды. Барлығы – 7 жүлде. Басты қарсыластарымыз 4 алтын мен 2 күмісті иеленді.

1996 жылы Қытайдың Сяошани қаласында Оңтүстік Корея мен Қазақстан құрамалары бас жүлдені тағы да төрттен еншіледі. Біздің балуандар арасынан Юрий Мельниченко (57 кило), Дәулет Тұрлыханов (82 кило), Сергей Матвиенко (90 кило) және Анатолий Федоренко (100 кило) теңдессіз деп танылса, Бақтияр Байсейітов (74 кило) қола медальды қанағат тұтты. Алайда қоржынында қос күмісі бар корейлер отандастарымыздың алдын орап кетті.

1997 жылы Теһранда басты қарсыластарымыз үш алтын алса, қазақстандықтар қос бас жүлдені иемденді. Біздің команда мүшелері қатарынан Юрий Мельниченко (57 кило) мен Мхитар Манукянның (63 кило) мерейі үстем болды. Нұрым Дүйсенов (57 кило) пен Роман Вель (97 кило) екінші орынға табан тіресе, Андрей Никифоров (69 кило) үшінші сатыға жайғасты.

1999 жылы Ташкентте Мхитар Манукян (63 кило) мен Сергей Матвиенко (97 кило) алдарына жан салмады. Юрий Мельниченко (58 кило) күмісті иеленсе, Рақымжан Әсембеков (54 кило) қолаға қол созды. Корейлер тағы да төрт рет өз елінің әнұранын шырқатып, алдымызды орады.

2000 жылы Сеулде жергілікті балуандар қос алтынды ғана қанағат тұтқанына қарамастан, осы нәтиженің өзі командалық сайыста озу үшін жеткілікті болды. Иран, Өзбекстан, Жапония, Қырғызстан және Қытаймен қоса қазақтар бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл жарыс­та Бақтияр Байсейітов (74 кило) дара шықса, Асқар Жүрсінбаев (54 кило) пен Сергей Матвиенко (97 кило) күміске қол жеткізді. Осы жолы Оңтүстік Кореядан бөлек, Иран құрамасы да отандастарымызды артқа тастап кетті.

2001 жылы Ұлан-Батырдағы Азия чемпионатына ұлттық құрама бапкерлері қосалқы құрамдағы балуандарды апаруды жөн көрді. Нәтижесінде қос жүлдені иеленіп, жалпы командалық есепте өзге елдің бірқатар командаларына есе жібердік.

2003 жылы Нью-Делидегі жарыста асығымыз алшысынан түсіп, сары құрлықтың ең үздік командасы атандық. Осы байрақты бәсекеде Әсет Иманбаев (55 кило), Абдолла Жабырайылов (84 кило) және Геор­гий Цурцумияның (120 кило) бақ жұлдыздары жанса, Рүстем Байсейітов (74 кило) пен Марғұлан Әсембеков (96 кило) үшінші орынды иеленді. Екі алтыны бар Оңтүстік Кореяның оғландары қазақтардан қалып қойды.

2004 жылғы сары құрлықтың басты додасын Қазақ елі қабылдады. Алатау баурайындағы әсем шаһарда өткен жарыста жасындай жарқыраған жерлестеріміз командалық айқаста өзге елдің өкілдерінің барлығына шаң қаптырды. Өз салмақ дәрежелерінде тағы да Әсет Иманбаев (55 кило), Абдолла Жабырайылов (84 кило) және Георгий Цурцумия (120 кило) ешкімді шыдатпады. Нұрбақыт Теңізбаев (60 кило), Роман Мелешин (66 кило) және Данил Халимов (74 кило) соңғы сында ұтылды.

2005 жылы Қытайдың Уханінде Оңтүстік Кореяны қатарынан үшінші мәрте тізерлеттік. Қазақстан құрамасының қоржыны 2 алтын, 1 күміс және 2 қоламен толықты. Басты бәсекелестеріміз алтын мен күмісті бізбен бірдей-ақ жиды. Олардың тек бір қоласы кем. Қытай елінде Марғұлан Әсембеков (96 кило) пен Георгий Цурцумия (120 кило) жеңімпаз атанса, Бақтияр Байсейітов (74 кило) шешуші тұста сүрінді. Нұрбақыт Теңізбаев (60 кило) пен Виталий Захарченко (84 кило) үшінші сатыға жайғасты.

2006 жылы апайтөстер қайта Қазақстанда бас қосты. Алматыда өткен додада да негізгі бәсекелестік сыралғы қарсыластар арасында өрбіді. Бұл жолы да жігіттеріміз жерге қаратқан жоқ. Нұрбақыт Теңізбаев (60 кило), Марғұлан Әсембеков (96 кило) және Георгий Цурцумияның (120 кило) қарқынына ешкім шыдамады. Виталий Захарченко (84 кило) – күміс, ал Бейбіт Нұғыманов (66 кило) пен Роман Мелешин (74 кило) қола медальдарды еншіледі.

2007 жылы Бішкекте білгенімізден жаңылдық. Қос Әсет – Әділов (74 кило) пен Мәмбетовтің (96 кило) иемденген қос күмісімен ғана шектеліп, қалың топтың арасында қалып қойдық. Корейлер де жарытып өнер көрсеткен жоқ. Бұл біріншілікте Иран мен Қырғызстан құрамаларының қарқыны күшті болды.

2008 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджуінде де бас жүлде бұйырмады. Марғұлан Әсембеков (96 кило) пен Георгий Цурцумия (120 кило) екінші орын алса, Ермек Көкетов (55 кило), Ербол Қоңыратов (60 кило) және Андрей Самохин (84 кило) үшінші сатыға тұрақтады. Командалық сайыста Иран балуандарының айдарынан жел есті.

2009 жылы Таиландтың Паттаясында Дархан Баяхметов (66 кило) алтын, Алмат Кебісбаев (60 кило), Андрей Самохин (84 кило), Марғұлан Әсембеков (96 кило) күміс, Асхат Құдайбергенов (55 кило) пен Роман Мелешин (74 кило) қоланы иемденді. Төрт алтынды қанжығаларына байлаған парсы елінің спортшылары жалпы есепте қайта озды.

2010 жылы Нью-Делиде көңіл көншітерлік көрсеткішке қол жеткізе алмадық. Айбек Еңсеханов (66 кило) екінші, Марат Ғаріпов (55 кило) пен Марғұлан Әсембеков (96 кило) үшінші орынды иеленді. Бұл жолы қайта «қаһарына мінген» Оңтүстік Корея құрамасы төрт алтынды олжалады.

2011 жылы Ташкентте Алмат Кебісбаев (60 кило) алтын тұғырға көтерілсе, Бейбіт Нұғыманов (66 кило) пен Асхат Ділмұхамедов (74 кило) қоланы еншіледі. Әрине, ондай көрсеткішпен командалық есепте үздіктер қатарынан көріне алмағанымыз анық. Бұл жолы Иранның апайтөстері ерледі.

2012 жылы Оңтүстік Кореяның Кумиінде де Иранның дүлдүлдері дара шықты. Жерлестеріміздің арасынан Ербол Қоңыратов (60 кило) бірінші, Әбдімәлік Сартбаев (120 кило) екінші, Елдар Қайратов (66 кило), Әсет Әділов (74 кило) және Мақсат Ережепов (84 кило) үшінші сатыға жайғасты.

2013 жылы Үндістанның бас шаһарына сапар шектік. Нұрмахан Тыналиев (120 кило) – алтын, Ерұлан Ысқақов (96 кило) – күміс, Ербол Қоңыратов (60 кило) пен Мақсат Ережепов (74 кило) қоланы иемденді. Жалпы есепте Оңтүстік Кореяның оғландары озды.

2014 жылғы Азия чемпионаты Қазақ­­станның астанасында ұйым­дастырылды. Нұрсұлтан Тұрсы­нов (85 кило) пен Ерұлан Ысқақовтың (98 кило) алтыны, Мақсат Ережеповтің (71 кило) күмісі және Айбек Еңсеханов (66 кило) пен Азамат Құстыбаевтың (80 кило) қоласының арқасында отандастарымыз қайта Азияның алды болды.

2015 жылы Қатардың Дохасында Иран құрамасының тегеурініне ешкім төтеп бере алмады. Сол елдің әнұраны айтулы додада үш мәрте шырқалды. Қазақстандықтардың қатарынан Нұрмахан Тыналиев (130 кило) қарсы келгендердің барлығын жықты. Нұрсұлтан Тұрсынов (85 кило) финалда ұтылды. Демеу Жадыраев (66 кило), Жасұлан Қашанов (80 кило) және Марғұлан Әсембеков (98 кило) үшінші орынға тұрақтады.

2016 жылы Бангкокте жалпы есептің бас жүлдесі парсы еліне бұйырды. Қазақтар арасынан Досжан Қартықов (75 кило) ­алтын, Асхат Жаңбыров (66 кило) күміс, Мейрамбек Айнағұлов (55 кило), Дархан Баяхметов (71 кило), Асхат Ділмұхамедов (80 кило) және Дамир Күзембаев (130 кило) қоланы олжалады.

2017 жылы Нью-Делиде төрт бірдей қандасымыз соңғы айқасқа жолдама алғанымен, олардың арасынан тек Мақсат Ережепов (75 кило) суырылып шықты. Мейрамбек Айнағұлов (59 кило), Алмат Кебісбаев (66 кило) және Дамир Күзембаев (130 кило) екінші орын­да қалып қойды. Үшінші сатыда ­– Ерұлан Ысқа­қов (98 кило). Бұл додада да Иранның асығы алшысынан түсті.

2018 жылы Бішкекте өткен сары құрлықтың бас­ты додасында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 4 қоланы иеленді. Қырғыз елінің астанасында Алмат Кебісбаев (67 кило) пен Асхат Ділмұхамедов (82 кило) алдарына жан салмады. Демеу Жадыраев (72 кило) екінші орында. Үшінші сатыда – Қорлан Жақанша (55 кило), Мейрамбек Айнағұлов (63 кило), Мақсат Ережепов (77 кило) және Ерұлан Ысқақов (97 кило).

Жоғарыдағы деректер жеңіспен өрілген бай дәстүрі бар отандық грек-рим күресінің әлі де әлеуеті зор екенін аңғартып тұр. Азия чем­­пио­­натының жалпы есебінде Қазақстан құра­масы бірнеше мәрте бас жүлдені олжалады. Жер­лестеріміздің жеңіп алған жүлделерінің саны да әжеп­тәуір. Бұл күндері ұлттық командамыздың сапында өнер көрсетіп жүрген жігіттердің арасында да азулылар аз емес. Олай болса, Қытай елінде өтетін байрақты бәсекеде біздің балуандар Азияның бас командасы атану үшін барын салады деген ойдамыз.

2018 жылғы Азия чемпиондары

55 кило ­– Сета Танакура (Жапония)

60 кило – Синобу Ота (Жапония)

63 кило ­– Елмұрат Тасмұратов (Өзбекстан)

67 кило – Алмат Кебісбаев (Қазақстан)

72 кило – Ақжол Махмұдов (Қырғызстан)

77 кило – Ян Бинь (Қытай)

82 кило – Асхат Ділмұхамедов (Қазақстан)

87 кило – Хуссейн Нури (Иран)

97 кило – Мұстафа Салехизаде (Иран)

130 кило – Бехнам Мехдизаде (Иран)