• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Шілде, 2012

Қызмет сапасы басты көрсеткіш болуы керек

462 рет
көрсетілді

Қызмет сапасы басты көрсеткіш болуы керек

Сенбі, 7 шілде 2012 7:28

дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қостанай облысы бойынша басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңес төрағасы Асқар ШОМАНОВ

Мемлекет саясатын жүзеге асыратын алдымен мемлекеттік қызметшілер болуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына  жолдаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында басқарушылардың саяси-кәсіби біліктілігі жоғары легін дайындау – уақыт, заман талабы екенін айтқан болатын. Бұл орайда тұтас еліміздегі сияқты Қостанай облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес деп білеміз. Осы туралы  Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қостанай облысы бойынша басқармасының бастығы Асқар Шомановпен біздің тілшіміз сұхбаттасқан  еді.

 

Сенбі, 7 шілде 2012 7:28

дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қостанай облысы бойынша басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңес төрағасы Асқар ШОМАНОВ

Мемлекет саясатын жүзеге асыратын алдымен мемлекеттік қызметшілер болуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына  жолдаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында басқарушылардың саяси-кәсіби біліктілігі жоғары легін дайындау – уақыт, заман талабы екенін айтқан болатын. Бұл орайда тұтас еліміздегі сияқты Қостанай облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес деп білеміз. Осы туралы  Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қостанай облысы бойынша басқармасының бастығы Асқар Шомановпен біздің тілшіміз сұхбаттасқан  еді.

– Асқар Жұмабайұлы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасын елімізді  әр қырынан дамытудың басты  шар­ты деп білді. Бұл экономиканы, әлеу-меттік саланы жаңғыртудың негізгі кепілі болады.  Сондықтан бүгінде осы бағдар­ламаға үлкен маңыз беріліп, үміт артылып отыр. Осы іске мемлекеттік қызметшілердің қосар үлесі қалай болмақ деп білесіз?

– Мемлекеттік қызметшілердің бұл бағдар­ламаға ғана емес,  жалпы мемлекет мүддесі үшін  көтерілген қай іске де қосар үлесі қомақты. Олардың біліктілігі мен мәдениеті қандай болса, еліміздің, мемлекетіміздің алға басқан қадамы да солай болмақ. Өйткені оларға халық,  Елбасы сенді, сенім артып лауазымдық, жауапты қызметтер тізгінін ұстатты. Егер олар «алтын көрсе періште жолдан таядының» керін келтіріп, халықтан бұрын бас қамын, мемлекет  мүддесінен бұрын қалтасын  ойласа, тәуелсіздігіміздің ертеңі не болмақ? Сондықтан Қазақстан халқына биылғы Жолдауында Елбасы кадр саясатын және содан шығарып сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін нақтылап қойды. Жолдау осы тұрғыдағы атқарылар жұмыстарға  бағдар-бағыт берді.

– Кадр саясаты неге сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес мәселесімен қатар аталады?

– Бұл сұрақ елін, жерін жақсы көретін, өзін Отанының патриоты санайтын әр қазақстан­дыққа түсінікті деп ойлаймын. Рухани бай, парасатты, адал адам кісі ақысын жемейді. Мемлекет қаржысы сол қоғамда  өмір сүріп отырған, мемлекеттің алға дамуына тілектес, сол үшін еңбек етіп жүрген  миллиондардың табан ақы, маңдай тері емес пе? Мемлекет қаржысын қымқырған адамды  сол елдің патриоты дей аламыз ба?  Ал сондай  адамдар мемлекеттік қызметте отырса ше? Олар  адамдарға қандай  адал қызмет көрсете алады? Мұнда үлкен мағына ғана емес, адамдар тағдыры жатыр. Сыбайлас жемқорлық орын алған жерде адалдық та, әділеттілік те салтанат құрмайды. Онсыз  мемлекеттің дамуы мешеу­лейді. ХХІ ғасыр әлемдегі даму қарқынына ілесу үшін  жан-жақты міндет жүктеп отырған­да, етектен тартатын мұндай кеселге барлы­ғымыз да кіді қарауымыз керек.

Кадр саясаты дегенде алдымен  мемлекет­тік қызмет саласында жүрген қызметшілердің білім қарымы, біліктілігі алдыңғы қатарға шығады. Бұған әрине, олардың этикасы мен  мәдениеті қосылмай  мемлекеттік қызметшінің  нағыз келбеті қалыптаспайды. Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң сияқты, Ар-намыс  кодексі әр қызметшінің үстелінің үстінде жататын, жүрегінде жатталып қалатын құжат болуы керек. Қазір оны әр қызметші жатқа біледі деп ойлаймын.

Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес профилактикасына  баса мән береміз. Семинарларда, отырыстарда мемлекеттік қызмет­ші­лерге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу  жұмыстарын түсіндіреміз. Көбіне жауапты адамдар пара алып, қаржы қымқырмаса да, заңды бұрмалап,  сыбайлас жемқорлыққа  жағ­дай жасайды. Тексеру барысында  анықталған  мұндай  жағдайлар Тәртіптік кеңесте  қара­лады.

– Мемлекеттік қызмет саласын ширату үшін жергілікті жерлерде  негізінен қандай жұмыстар атқарылып отыр?

– Негізі мемлекеттік қызмет саласында атқарылатын жұмыстардың барлығы да оның сапасын көтеруді мақсат тұтады. Мысалы тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыс­тырғанда  бүгінде сала жұмысы тіпті өзге арнаға түскендей әсер қалдырады. Осы жылдар ішінде мемлекеттік қызметшілердің білікті­лігін көтеру, оларды қызметке іріктеу жұмыс­тарының жетілдіріле түскені аян. Елбасының биылғы Жолдауында кадрлар резервін жа­сақтау және мемлекеттік қызмет сапасын көтеру міндеттері қойылды. Облыста атқары­лып жатқан жұмыстар да осыған бағытталған. Мемлекеттік қызмет сапасын бағалау оны ширатудағы жақсы  қадам  деп білеміз. Мысалы, халыққа қызмет көрсету орталықта­рындағы ғана емес, әрбір  мемлекеттік меке­мелердегі, атқару органдарындағы қызметтер әр адамға қолжетімді  болуы керек. Сонымен қатар оның атқарылу уақыты да қысқаруы тиіс. Қарапайым адамдар бір анықтама үшін  сабылып, бірнеше күн немесе бірнеше сағат күтпеуі керек. Адамдарға көрсетілетін қызметке көлденең тұрар кедергілерден арылғанда ғана оның сапасы  артып, уақыты ықшамдалады.

Мемлекеттік қызмет сапасы  қайткенде көтеріледі?  Ол кадрлар біліктілігіне байланыс­ты екені сөзсіз. Сонымен қатар,  халыққа қызмет көрсету орталықтарының және атқару органдарының заманауи жабдықталуы және жұмыс жүйесінің жақсартылуы  тиімділікті арттыра түсетінін айтуымыз керек. Облыста  кадрларды оқытуға айырықша көңіл бөлінеді. Облыстағы мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттырудың аумақтық орталығында жыл басынан бері 595 адам оқыды, оның ішінде 529 қызметші біліктілігін арттырды, 66 адам қайта даярлау курстарынан өтті.

2012 жылдың бірінші жарты жылдығында аттестаттаудан өтетін 679 әкімшілік мемлекет­тік қызметшінің 650-і өзінің  атқаратын лауазымына сәйкес деген бағаға ие болды. 27 қызметшінің  осы сыннан қайта өтуі талап етіледі. Ал 2 қызметші атқаратын лауазымына сәйкес емес.

2012 жылғы есеп беру кезінде Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес профилактикасы мәселесі көтерілген облыстық және аймақтық 41 семинар-кеңес пен кездесу ұйымдас­тырылды.  Біздің басқармадағы мамандар аудандар мен қалаларға тексеруге  барғанның  өзінде  жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілермен бір семинар өткізіп келеді. Бұл біздің басқарма жұмысында  дәстүрге айналған.  Семинарларда  Қазақстан Республи­ка­сының  мемлекеттік қызметке қатысты заңдарын түсіндіріп, таратып айтып отырамыз. Мемлекеттік қызметшілер заңды білмеген­діктен де  кейбір заң бұзушылыққа орын беріп алады. Түрлі жағдайлар кездеседі. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының жер­гілікті жерлердегі филиалдарымен байланысымыз тығыз. Олармен қосылып,  дөңгелек үстел  отырыстарын, конференциялар өткізе­міз. Олар­дың  басым көпшілігі сыбайлас жемқор­лыққа жол бермеу, оған қарсы күрес профилактикасына арналады.

Соңғы кездері жастармен көп жұмыс жүргіземіз. Қостанайдағы жоғары оқу орын­дарының студенттері практикалық сабақтарын бізде өткізеді. Сонымен қатар, аудандар мен қалалардағы мемлекеттік қызметкерлер  басқармадан бір апталық тағылымдамадан өтіп кетеді. Онда оларға адамдармен  жұмыс істеу, мемлекеттік қызметшінің мәдениеті мәселе­леріне көңіл  бөлу тапсырылады.

– Кадрлардың орталық пен жергілікті жерлердегі ауыс-түйісінің қандай тиімділігі байқалып отыр?

– Ротация кадрлар біліктілігін арттыру ғана емес, жұмыстың жаңғыртылуына да тиімді шара деп ойлаймын.  Өткен жыл мен биыл облысқа орталықтан  бірнеше  лауазым иелері келді. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев, Арқалық қаласының әкімі Берік Әбдіғалиұлы орталықтан келді. Менің өзім де облысқа агенттіктен келдім. Әдетте, минис­трлікте отырғанда істі негізінен кең ауқымда, тіпті  стратегиялық тұрғыда ойлайсың. Ал жергілікті жерде  көптеген мәселелермен өзің бетпе-бет келесің. Кемшіліктер мен жетіс­тіктерді көзбе-көз көресің. Кейбір мәселелер орталықта отырып ойлағаннан әлдеқайда басқаша болып шығады. Оған өзің көз жеткізесің,  мемлекеттік қызмет деңгейін көте­ру­дегі  кедергілер мен проблемаларды  анық­тайсың. Мұның өзі  әркімнің  осы саладағы тәжірибесін молықтыра түседі.

Жергілікті жерлерде  білімі де жеткілікті, тәжірибесі де толысқан  талапты жастар  баршылық. Сондай жастардың қызметін өсіру үшін орталыққа жіберген дұрыс деп ойлаймын. Білікті, білімі қарымды жастар мемлекеттік басқару ісіне лайықты үлесін қосады. Алайда олардың жас отбасы бар, Астанада  баспанадан қиналады. Сондықтан олар жергілікті жерлерде отырып қалады. Қазір біздің елімізде ротация  жоспарлаусыз түрде жүріп жатыр. Бұл  еліміздің «Мемлекеттік қызмет туралы»  Заңынан көрініс тапса құба-құп болар еді. Сонда кадрларды тиімді пайдалану мәселесі жүйеленеді. Рас,  бұл заңда  ротация саяси қызметкерлерге тиісті айтылған. Олар көп емес қой. Ауыс-түйіс барлық мемлекеттік қызмет­шілерге қатысты болуы тиіс.  Бұл деңгейде тұжырымдалған жүйелік түрде жүргізілсе, ол  ұйымдастыру қабілеті мықты, білімді, ысылған жастарды сергітеді, олар білімін, тәжіри­бесімен мемлекет пайдасына жұмсар еді. Ал орталықтан облысқа, өңірлерге келетін мемле­кеттік қызметшілер мол білімін жергілікті жердегі істің  дұрыс жүруіне жұмсайды.

– Мемлекеттік қызмет кадрларының резерві қалай? Ол арқылы мемлекеттік қыз­метке білікті мамандар  әділ алынады ма?

– Кадрлар резервін жасаған өте дұрыс деп ойлаймын. Олардың резервте тұруының өзі мемлекеттік қызметке дайындығын арттырады. Үстіміздегі жылда облысымызда 186 адам резервке  енгізілген болатын. Олардың 95-і  қыз­метке орналастырылды. Қазір  резервте 174 адам тұр. Негізі маман іріктеуде  конкурстың  тиімділігі  жақсы. Жылдың бірінші жарты жыл­дығында облыстағы 78 мемлекеттік органдар­дағы  188 әкімшілік мемлекеттік лауа­зымға орналасу үшін конкурс жарияланған болатын. Оған 746 адам  қатысты. Конкурстық комис­сия­лар 164 адамды бос лауазымға ұсынды, ал  конкурстар барыс

ында  24 лауа­зымдық орынға лайықты екенін көрсете алмады. Осындай жолмен мемлекеттік қыз­метшілерді іріктеу олардың  сапасын арттыра түсері сөзсіз.

Асылы, қоғамдық сананың өсуіне, қоғам­ның дамуына байланысты мемлекеттік қыз­метшілер мәдениеті де артады. Рухани бай адам қоғам мүлкіне, мемлекеттің қазынасына  жанашырлықпен қарайды. Өйткені ол өзінің  халық қызметшісі екенін терең түсінеді. Мемлекеттік қызмет сапасын көтеретіндер де осындай адамдар болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».