Сәрсенбі, 8 тамыз 2012 7:53
Құт мекен Түлкібаста бір қызық жағдай болып тұр. Осы аудандағы Майтөбе елді мекені сонау Кеңес заманынан алма сатумен атағы шыққан ауыл болатын. Содан болар, түгін тартсаң май шығатын Майтөбенің төңірегінің бәрі мәуелі бау, бытысқан ағаш, қашан барсаң ауылдан алманың иісі аңқып тұрады. Әрине, кешегі жеміс-жидек кеңшары бүгінде жеке-жекеге бөлініп кеткен, бірақ біз әңгіме еткелі отырған Асқар Төлешовті осы аймақта сол кәсіпті жалғастырып, алма бағымен түбегейлі айналысып жүрген санаулы азаматтың бірі деп айтуға әбден болады.
Сәрсенбі, 8 тамыз 2012 7:53
Құт мекен Түлкібаста бір қызық жағдай болып тұр. Осы аудандағы Майтөбе елді мекені сонау Кеңес заманынан алма сатумен атағы шыққан ауыл болатын. Содан болар, түгін тартсаң май шығатын Майтөбенің төңірегінің бәрі мәуелі бау, бытысқан ағаш, қашан барсаң ауылдан алманың иісі аңқып тұрады. Әрине, кешегі жеміс-жидек кеңшары бүгінде жеке-жекеге бөлініп кеткен, бірақ біз әңгіме еткелі отырған Асқар Төлешовті осы аймақта сол кәсіпті жалғастырып, алма бағымен түбегейлі айналысып жүрген санаулы азаматтың бірі деп айтуға әбден болады.
Бақытын баудан іздеп, әр түп жеміс ағашын анасындай аялай білудің арқасында шаруасын өрістеткен бұл азамат 2003 жылы кеңшардың көзіндей болып тұрған алма сақтау қоймасын сатып алады. Шынын айту керек, бұл жеміс сақтау үшін бар жағдайы жасалған облыстағы жалғыз қойма еді. 2 мың тонна зат сыятын бұл нысан 1964 жылы салынған екен. Әрине, ескі, бірақ сыры кетсе де сыны кетпеген қоймаға қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде осы облыста жеміс-жидек саудасымен айналысатын жандардың көпшілігі тауарларын сақтауға осында әкелетін болды. Алла тағала нәсіпті алмадан бұйыртқанын о бастан-ақ түсінген Асқар Төлешов кәсібін кеңейту мақсатында 2006 жылы банктен несие алып, 210 гектар жерге бау отырғызады. Ол жылдары мұндай кәсіппен айналысқандарға мемлекет тарапынан қаржылай жәрдем бүгіндегідей ағыл-тегіл емес еді. Әйтсе де әр әкімге қарап, алақан жая бермей, жасаған жұмысын мемлекетке міндет етіп, жер тепкілемей-ақ, тып-тыныш шаруасын домалатып жүрген «Түлкібас жемістері» ауылдық тұтыну кооперативінің төрағасы А. Төлешовтің берекелі тірлігіне біреулер кедергі жасағысы келе ме, қалай өзі…– Ауылдан алысырақ орналасқан алма сақтау қоймасына апаратын жалғыз-жарым жол болатын, – дейді қайбір күні «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы тілшілер қосынына шағымданып келген Асқар Төлешов. – Құдайдың берген сол жолын біреулер жауып тастап, кәсіпкерлігіме кедергі келтіріп отыр. Әңгімені басынан бастасам былай… Қоймаға ауылдан баратын жалғыз жол бар. Жол ауылдан шыға берісте екі үйдің арасынан қысылып өтеді. Сол екі үйдің біреуінің қожайыны, нақтырақ айтқанда Алияр Шамшилов бүгінде жолды жауып, «бұл менің жерім» деп қора салып, көлік жүрмес үшін жолдың бәрін қазып тастады. Сөйтсек, «даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, оның бұлай етуіне Түлкібас аудандық сотының 2012 жылдың 30 қаңтары күнгі шешімі себеп болған сияқты. Неге екенін қайдам, сонау Кеңес заманынан қалған жолды Түлкібас аудандық сотының судьясы Қайрат Иманбеков өз шешімімен А.Шамшиловтың жекеменшігіне аударып бере салған. Сол-ақ екен, Шамшилов жолды жауып, мүлдем көлік өткізбей қойды. Жүк артқан көлікке қоймаға бару мұң болды. Әбден есіргені болар, енді Шамшилов әр жүк көлігі өту үшін 1000 теңге, жеңіл көлікке 500 теңге ақы төлеуді талап етті. «Жақсы бопты, жақын жерден бизнес тауып алыпсың ғой», десем, «Знаешь, что наше государство выбрало рыночную экономику? За все надо платить! Знаешь ты или нет? Ты в коммунизме витаешь!» деп өзімді мазақ қылады. Сәл қаттырақ сөйлесең, ұлты түрік Шамшилов «ұлттық наразылықты қоздырып жатыр» деп дереу құқық қорғау органдарына шағымданады. Күшке салып өтейін десең, құдай басқа бермесін, бала-шаға, қатын-қалашымен шуылдап, көліктің дөңгелегінің астына жатып алады. О заманда бұл заман, кешегі кеңшар кезінен ортақ пайдаланып келе жатқан жолды біреудің меншігіне бере салған біздің аудандық соттың да шалағай шешіміне таң қалмасқа шараң жоқ.Сонымен біз де сотқа арыздандық. Істі жете қараған Оңтүстік Қазақстан облыстық аппелляциялық сот алқасының судьясы Е.Сералиев дау болған жол іргесіндегі Шамшилов қорасының 22,195 шаршы метрі жер учаскесінен шығып салынғанын анықтап, үстіміздегі жылдың 27 сәуірінде Түлкібас аудандық сотының шешімін өзгертті. Бұған қанағаттанбаған Шамшилов облыстық кассациялық сот алқасына арызданып еді, іске төрағалық етуші Н.Шәріпов 27 сәуірде шыққан шешімді өзгертусіз қалдырды. Яғни, әділеттік жеңді. Бірақ, Шамшилов сот шешімдеріне пысқырған да жоқ. Сот орындаушыларға арыз жазып едік, әлі күнге жауап жоқ. Әлі күнге күші жойылған аудандық соттың шешімін арқаланған Шамшилов көшеден көлікті өткізбеудің амалын жасап, бәрін қазып тастады. Қазір амал жоқ, алманы контейнерге тиеп, шағын трактормен тасуға мәжбүрміз. Қазып тастаған жолмен осы техника ғана жүре алады. Алма бағы қоймадан 40 шақырым жерде орналасқан, сол жерден сағатына небәрі 15-20 шақырым ғана жүретін әрі небәрі 3 тонна ғана зат көтеретін трактормен сағаттап жүруге мәжбүрміз».Иә, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген, Асқар Төлешов жолдың дауымен алысып жүргенде былтырғы қыста 50 тонна алманы қоймадан шығара алмай, шірітіп алыпты. Міне, жергілікті соттың бір солақай шешімі кәсіпкерді қаншама шығынға батырды. 20 жұмысшының жалақысын уақтылы бере алмай отыр. Бұл қойма әсіресе қыс айларында базардағы жеміс-жидек бағасын тұрақтандыруға сеп болуы тиіс еді. Алайда, өз қызметін толық атқара алмауда. Өйткені, мұнда кіріп-шығу қиындағандықтан, көптеген бағбандар қойма қызметінен бас тартқан.Төлешовтің айтуына қарағанда, Шамшиловтың осы үйді сатып алуында да шикілік көп көрінеді. Оны да заңдастырып беріп отырған – осы аудандық сот. Бұл үйде 1994 жылға дейін Иван Васильевич Козлов деген шал тұрған екен. Көршілердің әңгімесіне қарағанда, шал үйін Әлібек деген жігітке сатып кеткен. Алайда, дәл қазір Шамшиловтың қолында қолхат бар. Онда 2000 жылдың 5 қазанында Козлов өз үйін Шамшиловқа сатқаны айтылып, куә ретінде екі көрші қол қойған. Осының негізінде аудандық сот үйді Шамшиловқа рәсімдеп берген. 2008 жылдың 28 ақпанында судья Қайрат Иманбековтің шешімінде «Арызға тіркелген облыстық мекен-жай анықтамасынан Козлов Иван Васильевичтің тіркеуден шығып, Ресей мемлекетіне кеткені анықталған» деп тайға таңба басқандай жазылыпты. Қалай айтсақ та, Козловтың осы қолхаты тым күмәнді. Өйткені, Төлешовтің адвокаты бүгінде Тараз қаласында тұратын Козловтың туған қызына жолыққанда, Любовь Ивановна әкесінің 2000 жылдың 26 қазанында өз қолында қайтыс болғанын, ешқашан да Ресейге көшпегенін нақты айтқан. Яғни, бір жылдың көлемінде ауыр науқастың салдарынан ешқайда шықпаған Козловтың 2000 жылдың 5 қазанында, қайтыс боларынан 21 күн бұрын Майтөбе ауылына барып Шамшиловқа қолхат беруі мүмкін бе? Л.Иванованың бұл сөздері бейнетаспаға басулы тұр. Сосын қолхаттағы куә көршінің бірі Г.Байрамова ешқандай қағазға қол қоймағанын айтып, түсініктеме берген. Ал ОҚО Көші-қон полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры С. Түгелбаев өзінің ресми хатында «И. Козловтың Тараз қаласында тіркеуде тұрғанын, ҚР аумағынан басқа мемлекетке тұрғылықты шығуға ешқандай өтініш білдірмегенін» жазыпты. Ендеше дәм-тұзы Таразда таусылған ақсақалды Түлкібас аудандық сотының «Ресейге көшіп кетті» деп жасырып-жабуының астарында қандай құпия жатыр? Оны дәлелдейтін қандай құжаттары бар? Түлкібас аудандық сотының төрағасы Қайрат Иманбеков осы бір істі екі мәрте (2008 жылдың 28 ақпаны мен 2012 жылдың 30 қаңтарында) қарап, екі мәрте шешім шығарған. Иманбековтің бұл істі үнемі назарда ұстап, қанша жыл өтсе де осыншама қызығушылық танытып отырғанын қалай түсінсек болады? Заңгерлердің айтуына қарағанда, бұл сот жүйесінде сыбайлас жемқорлық болып есептелетін көрінеді. Жалпы алғанда, сот шешімінде Шамшиловтың қорасының ортақ жерге шығып салынғаны анықталған, бірақ қора бұзылу керек пе, жоқ, жол ортақ пайдалануға қалу керек пе, осы жағы нақты айтылмаған. Содан болар, дау әлі күнге жалғасуда. Қалай айтсақ та, қоймаға баратын ортақ жолды жауып тастап, біреудің кәсібін қолдан тұншықтыру – Елбасымыз сәт сайын қадап айтып жүрген шағын кәсіпкерлікті қолдау, қорғау емес екені айдан анық.Оралхан ДӘУІТ,«Егемен Қазақстан».Оңтүстік Қазақстан облысы,Түлкібас ауданы.