Сенбі, 1 қыркүйек 2012 7:23
Алматы қаласының экс-әкімі Виктор Храпуновқа Қаржы полициясы былтыр 20 қылмыстық іс қозғаған болатын. Храпунов лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, ірі мөлшерде пара алған. Заңсыз жолмен түсірген қаржыны және бөтеннің мүлкін заңдастырған. Тіпті мұнымен шектелмей, ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыруға дейін барған. Сондықтан да сот оны қамауға алуға санкция берді. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу де жарияланды.
Сенбі, 1 қыркүйек 2012 7:23
Алматы қаласының экс-әкімі Виктор Храпуновқа Қаржы полициясы былтыр 20 қылмыстық іс қозғаған болатын. Храпунов лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, ірі мөлшерде пара алған. Заңсыз жолмен түсірген қаржыны және бөтеннің мүлкін заңдастырған. Тіпті мұнымен шектелмей, ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыруға дейін барған. Сондықтан да сот оны қамауға алуға санкция берді. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу де жарияланды.
Ал шетелге қашып кеткен Виктор Храпунов Алматы энергетика институтын инженер-электрик ретінде бітірген соң, Алматы жоғары партия мектебін саясаттанушы мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол еңбек жолын Алматы жылу электр орталығының кезекші слесарі, жөндеу жөніндегі слесарі, шебер болудан бастаған. 1997 жылдан 2004 жылдың желтоқсанына дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды. Одан Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды. 2007 жылдың қаңтар айынан Төтенше жағдайлар министрі. Сол жылы қарашаның бірінде жер телімдерін үлестіруде жіберілген кемшіліктерге байланысты Виктор Храпунов Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі қызметінен босатылды.
Енді Виктор Храпуновты Қазақстан билігі іздестіріп жатқандығы туралы хабар маусым айында Интерпол халықаралық полиция ұйымының сайтында да жарияланды. Ал қашқын экс-әкім болса 2008 жылдан бері Швейцарияда тұрып келеді. 2009 жылдың желтоқсан айында француздық «Билан» журналы оны Швейцариядағы ең дәулетті 300 адамның санатына қосқан. Баспасөздегі мәліметтерге сенсек, 2009 жылы оның жеке дәулеті 300-400 миллион швейцар франкіне, яғни 360-480 миллиондай АҚШ долларына жеткен. Виктор Храпунов сол 2008 жылы Төтенше жағдайлар министрі лауазымынан алынғаннан кейін елден тып-тыныш қана шығып, Швейцарияға қоныс аударды. Ол онда белсенді оппозиционерге айналып, міне, бірнеше жылдан бері қазақстандық шенеуніктер туралы өсек-аяңды бұрқыратуда. Мәселен, оның өзінің бір сұхбатында Алматы қаласына жақын маңнан қымбат жер телімдері қалай үлестірілгені туралы әңгімелейді. Ол өзінің www.viktor-khrapunov.com сайтында әкім болып тұрған кезіндегі қылмыстарын жасырып, теріс іс-әрекеттерінің бәрін бүркемелеуге тырысады. Сөйтіп, Қазақстанда сөз бостандығы, адам құқығы бұзылады деп жар салады.
Әрине, әрбір адамның өз құқын қорғауы құрметті іс болып табылады. Осындай жағдайда Виктор Храпунов соншама байлықты қайдан иеленгені және аталған сайтты қай ақшасына ашқандығы сұрақ болып туындайды. Осы сұрақтың астарына үңілсек, ол өзін қуғынға ұшырағандай көрсетеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Виктор Храпунов еңбек жолын слесарь-жөндеушіліктен бастап, Алматыдағы жылу жүйелері кәсіпорындарында инженер болып жұмыс істеді. Сосын Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметіне, одан соң Алматы қалалық әкімдігі басшысының бірінші орынбасарына дейін көтеріліп, орта деңгейлі шенеуніктің қатарына енді. Посткеңестік кезеңде ол Энергетика және көмір өнеркәсібі министрі, сосын Энергетика және табиғи ресурстар министрі болып қызмет атқарды.
Виктор Храпунов ел есінде бәрінен бұрын Алматы қаласының әкімі ретінде қалып қойды. 1990 жылдардың аяғында Алматы экономикалық және инвестициялық дүмпу кезеңін бастан өткеріп жатты. Астана ауысқанымен Алматы Қазақстанның мәдени және қаржылық орталығы болып қалды. Алматының гүлденуі 2007 жылға дейін созылды. Одан кейін басталған дағдарыс көп адамдар қаржысын салған қаланың құрылыс саласына ауыр соққы болып тиді. Ал Виктор Храпунов ол уақытта өз жағдайын жасай берді.
2004 жылы ол Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды. 2007 жылы қаңтарда оны Астанаға ауыстырып, бір жыл Төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарды. Ол бұл қызметтен «Алматы қаласының су қорғау аймағындағы жер учаскелерін заңсыз түрде бөлгені» үшін алынды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов оның отставкаға кету туралы ұсынысын жариялады. Бірнеше күннен кейін Виктор Храпуновты министр қызметінен алу туралы Жарлыққа қол қойылды. Оның Алматының айналасындағы табиғат қорғау аумағына жататын жер телімдерін заңсыз сатуы белгілі болды. Храпуновтың жерді заңсыз сатуға қатысты былықтары ашылды. Оның әулеті өз аттарына 16 таңдаулы жер телімдерін жазып, иеленген. Соның ішінде аумағы 2489 шаршы метр болатын нысан «Шымбұлақ» курорты да бар көрінеді.
Храпунов жанға жайлы Швейцарияға эмиграцияға кеткенімен, онда ұзақ уақыт рахаттанып жата алмады. Осыдан бұрын Қазақстаннан Мұхтар Әбіләзов қашып кеткен болатын. Қазақстанда оны миллиардтаған долларға тең қаржылық алаяқтық жасады деп сырттай айыптады. Әбіләзов пен Храпунов – құдандалы адамдар. Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс бизнесмен Мұхтар Әбіләзовтың қызы Мәдинаға үйленген. Ақпарат құралдарының жазуынша, оның әйелі Ләйлә Бекетованың атына Алматыда тек соңғы жылдары ғана 32 жылжымайтын мүлік тіркелген екен. 2010 жылдың көктемінде Храпуновтың бұрынғы орынбасары – бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай Сабдалин 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Оған мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыруда қызмет бабын асыра пайдаланды және қаржы полициясының қызметкеріне пара берді деп айып тағылды.
2010 жылдың тамызында Қазақстанның қаржы полициясы Виктор Храпуновқа қарсы қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Храпуновқа қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Оның бірі Алматыдағы жаңа әуежайдың құрылысына қатысты. Журналист Геннадий Бендицкийдің жазғанына қарағанда, құрылыстың төңірегінде 10 миллион АҚШ доллары «теріс» мақсатқа пайдаланылып кеткен. Оның мәліметі бойынша, Алматы қаласы әкімдігінің сыртқы жарнамаларға арнап 54 жер телімін тегін бергеніне қатысты тағы екі қылмыстық іс қозғалған. Бұдан өзге, мақалада Виктор Храпунов құжат бойынша өзінің жиеніне, ал іс жүзінде әйеліне «Медеу» ұлттық паркінен бөліп берілген төрт гектар жерге орналасқан демалу аймағын арзан бағаға сатып жібергені айтылады.
Жоғарыда айтқанымыздай, өзінің сайтындағы материалдарын ортаға салған Виктор Храпунов өзін судан ақ, сүттен таза етіп көрсеткісі келеді. Алматының табиғат қорғау аймағында орналасқан жер телімдері қалай берілгеніне қатысты әңгімелерде Храпунов осы былықтардың бас кейіпкері ретінде анық көрінеді. Ол тіпті биліктің қудалауынан қашуға мәжбүр болған сияқты болады. Бірақ сайттың басқа бөлімінде Храпуновтың Швейцарияға көшу турасындағы шешімі басқалай сипатталады. «Шиеленіскен табысты саяси карьерасын аяқтап, 2008 жылы Виктор Храпунов зейнетке шығып, өзінің «екінші үйі» – Швейцарияға оралды» деп жазылады. Виктор Храпунов Швейцариямен көп жылдан бері қатынас қалыптастырып үлгерген.
Әрине, оның жазғандарына сенсек, бұрынғы экс-әкім өзінің елден қашқанын да жұрттан көретін секілді. Бұл жолы ол жұртқа енді нағыз өсек айта бастағандай. Ол бір сөзінде Өскемен халқын «Казцинктің» улы түтіндерінен сақтап қалғандығын айтады. Осы әңгімелерінде ол кәдімгі ертегінің батырларынша «жырлайды». Ол бейне бір аталған зауытты газды тазартатын қондырғы орнатуға көндірген-міс. Алайда, ол осылайша барды-жоқты айтқанымен, бұл сөздері бірде-бір дерекпен дәлелденбейді.
Храпуновтың өз сайтында жарияланған бір сұхбатынан байқағанымыз, ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі болмай тұрғанда «Казцинк» газды тазалаумен мүлде шұғылданбаған секілді. Тек Храпунов келген соң ғана жағдай түзеле бастаған көрінеді. Ол: «Мен әкім болып келгенде «Казцинк» басшылығымен бірге қаладағы жағдайды сараладық. Сонан соң ғана кәсіпорын басшылығы «Казцинктен» шығатын төменгі пайызды улы газдарды ұстайтын қондырғы орнатты. Осыдан кейін барып, біз тәулігіне жеті цистерна қойылтылған күкірт қышқылын жинайтын болдық. Ал осы қондырғы қондырылмастан бұрын барлық улы газ ауаны ластап, табиғатты бүлдіріп келді», – деп айтады. Бұл да болса Храпуновтың ойдан шығарылған өтіріктерінің бірі екендігі расталған жайт, деп жазады бұқаралық ақпарат құралдары.
Міне, бүгінде 63 жасқа келген қазақстандық экс-шенеунік 2003-2007 жылдары ғана заңсыз шетел асырып жіберген 48 миллион доллар мен 7,7 миллион еуроны қалтасына басып алып, ашу шақырып жатқан көрінеді.
Алмас БОЛАТОВ.