• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2012

Өмірдің ғажайып сәттері

735 рет
көрсетілді

Өмірдің ғажайып сәттері

Сейсенбі, 29 мамыр 2012 7:47

Қуанышбай Құрманғали ағамызды әрқашан бір қа­лып­тан жазбас қарапайым да қағылез, сыпайы да шынайы күйінде көреміз. Сондай жайшылықта ол кісінің жанындағы қоңыр күздің күмбірі құлағ­ы­мыз­ға шалына бермесі де анық. Енді қайтеміз, бәріміз бірдей әр нәрсені аңғарымпаз Қадыр Мырза-Әлі емеспіз ғой. «Қуанышбай-ау, баяғыда мен балаларға тақпақ жазып жүргенімде сенің көл-көсір лирикалық өлеңдерің «Лениншіл жасқа» жиі жарияланып тұ­ратын еді ғой, соларды жинақтап неге шығар­май­сың?!»

Сейсенбі, 29 мамыр 2012 7:47

Қуанышбай Құрманғали ағамызды әрқашан бір қа­лып­тан жазбас қарапайым да қағылез, сыпайы да шынайы күйінде көреміз. Сондай жайшылықта ол кісінің жанындағы қоңыр күздің күмбірі құлағ­ы­мыз­ға шалына бермесі де анық. Енді қайтеміз, бәріміз бірдей әр нәрсені аңғарымпаз Қадыр Мырза-Әлі емеспіз ғой. «Қуанышбай-ау, баяғыда мен балаларға тақпақ жазып жүргенімде сенің көл-көсір лирикалық өлеңдерің «Лениншіл жасқа» жиі жарияланып тұ­ратын еді ғой, соларды жинақтап неге шығар­май­сың?!»  деп оның ақындығына ағалық жанашыр­лық­пен ден қойған Қадағаң болатын. Газет жұ­мысы­ның майын ішкен майталмандығына қазақ ру­ха­ния­тының құтты шаңырағы «Лениншіл жастың» басшылары Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов құрметпен қарады. Журналистік қарымы «Қазақ­стан коммунисі» (кейінгі «Ақиқат») журналында жауапты хатшы һәм бас редактордың орын­басар­лы­ғына дейін же­тіп ұзара түсті. Мұнда оның бесас­паптығын баға­лағандар баспасөз сардарлары Құр­манбек Сағындықов, Кәкімжан Қазыбаев, Камал Смайылов еді. Қуағаңның бипаз баспагерлігі мен білімдарлығы өзі бас редак­тор­­­лығына дейін жоға­рылаған «Жалын» баспасы мен Қазақ энциклопедиясында көрінді. Мұнда да оған сенім арт­­­қан­­дар осал емес, Қалдарбек Найманбаев пен Рымғали Нұрға­лиев секілді нарлардың өзі-тін. Одан кейін Ақселеу Сейдімбек досының оң жағынан шығысып Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының вице-пре­зиденті, сосын «Ғылым» баспа орталы­ғы­ның бас директоры болған жылдарда да қазақ руханиятына адал тер төгуден жазған емес. Соның бір айғағы – сол тұстағы Мемлекеттік хатшы Иман­ғали Тасмағамбетовтің қол­дауымен 200 жылдығы­на орай жедел шығарылған Ма­хам­беттің тамаша төрт томдығы. Әр жылдары «Арман аралы», «Қош, Қалқатай», «Қоңыр күз күмбірі» сынды жыр жинақтары шыққан айшықты ақын­ды­ғынан, жур­на­листік қаламгерлігінен басқа Қ.Құрман­ғали шы­ғармашылығының шырайлы бір саласы – тәр­жіме. Солардың ішінде төгілте қотарылып қазақ оқыр­манының көзайымына айналған орыс халық ерте­гілері мен Андерсен ертегілерін, Ирина Стрелко­ва­ның «Шоқанын», Флобердің «Бовари ханымын» айтар едік. Әлбетте, осы жіпке тізілгендердің бәрін біздің сұхбат­тас өмірінің өзіндік ғажап өрнектері, кейінгі толқынға ұсынар тағылымы демеске де әддіміз жоқ.

– Қуанышбай аға, сіз соғыс жылдары туғандар санатынансыз. Осыдан пеше­неңізге бұйырғаны не?

– Соғыстан пешенеме жазылғаны сол, жарық дүниеге келмей жатып әкемнен айырылыппын. 1941 жылдың күз айларында кіл қазақ жігіттерінен Ақмолада екі атты әскер дивизиясы жасақталған. Бұлар генерал Доватордың кавалерия бөлімдері құ­рамында 1942 жылдың қаңтар-ақпанында Москва тү­бін­дегі шайқастарға түсіп, қан қасаптың аранына жұтылып кеткен. Сол бейбақ­тардың ішінде әкем Серікбай да бар. Көрер көзге тірідей өлімге айдалған ғой. Әйтпесе, қарусыз, құр атпен зеңбірек пен танкке қарсы шауып қандай қауқар қыл­мақ? Бір таңғаларлығы, «зеңбірек же­міне» айнал­ған сол екі дивизияның тағдыр-тала­йы туралы архивтерде де ешбір мәлімет жоқ.

– Соғыстан кейінгі балалық шақ­тан есте қалған нелер бар?

– Мұңым көбірек болғасын ба, оқушы кезімнен өлең жаза бастадым. Үлкен бала­ларға, өз құралпыластарыма, қыздарға арна­ған махаббат хаттарын өлең­детіп жазып беремін. Ондай «ең­бек» үшін олардың үй­лерінен келген сары майды бөлісіп жейміз. Сегізінші сыныптан бастап интернаттамын. Қазіргі Әулиекөл. Ол кезде Семиозерск дейді. Қостанайдың үлкен бір ауданы ғой. Бір ғажап жағдай, сол уақыттарда Қасым Аманжоловтың үш томдығы шы­ғып, соның жалғыз данасы аудандық кітап­ха­наға түсті. Кезекке тұрып, жастанып оқыдық. Қасым жырлары сүреңсіздеу, кө­ңілсіздеу өмірімізге жарқ етіп ша­шылған бір жарық сәуле сияқты болды. Махаббат жайлы мұңдай өлеңдерді бұрын оқып көр­меген, тіпті, ынтық-зарды осынша тебіре­не толғап айту мүмкін деп білмеген біз Қасекең шумақ­тарынан қыздарға жаз­ған хаттарымызға қосып-қосып жіберуші едік. Одан соң сол кезде «Лениншіл жас» га­зе­тінде істеп жүрген Салық Молдахметов деген біздің ауылдың жігіті осының алдында ақталған Бейімбет, Сәкен, Ілиястың бір-бір том кітаптарын салып жіберді. Тағы жырлап, мейірім қанып, рахатқа баттым.

– Тамаша болған екен-ау!..

– Бәрі бірдей тамаша деп ойлама. 9-шы сыныпты бітіретін көктемде бір жайсыз­дыққа тап болдым. Екі сынып­тың 50-ден астам оқушысы 70 шақырым жердегі «Целинный» совхозында тұқым себу кезінде сеялкашы болып жүргенбіз. Күн суық. Жұмыс ауыр. Тамақ нашар. Қиын жағ­дайға шыдамай 20 бала жұ­мысты тастап қаштық. Содан педсоветте тәртібімізді қа­рап, 5 баланы оқудан шығарды. 6-шы етіп мені әрі оқудан шығарып, әрі сыныбымда қалдырыпты. Жай қорқытқаны болар деп жүрсек, олай емес. Шын. 1 қыркүйекте сыныбыма кіргізбеді. Мектеп директоры да, аудандық оқу бөлімінің бастығы да сөй­леспек түгілі, жолатпай қойды. Әйтеуір Оспанов деген сынып жетекшім жаны ашып, келесі сыныпқа көшті деген табель толтырып, завучтың туған күйеу баласы еді, мөрін соқтыртып берді. Сонымен, 10-шы сыныпты көршілес Таран ауданының Қоржынкөл ауылындағы қа­зақ орта мекте­бінен бітіруге тура келген.

– Хош. Аттестат алдыңыз. Алма­тыға келдіңіз?..

– Бұл 1959 жылдың жазы ғой. Қы­зығы, сол жылдан бастап КазМУ-дің журфагына 2 жыл стажсыз қабылда­май­тын тәртіп шы­ғыпты. Енді не істедім? Елге қайтсам, Ал­ма­тыға енді оралмайтынымды ойлап, қа­лай­да қалада қалуға бекіндім. Қапылып тұрғанда КазМУ-дің бас корпусы алдында «Қарғалы коопе­ративтік техникумына оқ­у­ға шақыра­мыз» деген хабарландыруға көзім түс­кені. Көзді жұмып, соған қойдым да кеттім. Жатақханасы бар, стипендиясы бар. Зауқым соқпаса да оқыдым.

Болашақ жездем Салық Молдахметов «Лениншіл жаста» хат бөлімінің меңгеру­ші­сі. Сол қолың жаттығып, тілің ұстара берсін деп, әрі тиын-тебен, АПН-ның қы­зықты материалдарын аударуға беріп тұра­ды. Өзім үйіне түскен, Жұма­ғали Ысма­ғұ­ловпен қатар құрбы Ертай Арысов деген бөле ағам радиожурналист. Кейін Қазақ радиосының директоры болды. Бір күні Салық айтты: «Бізде хат тіркеушінің орны бос. Ерекең редак­тордың орынбасары Рахметолла Ыды­рысовқа айтсын, сонда сол орынға сені алады», деді. Ерекең шыны­мен-ақ Рахметолла ағаға ойланбастан телефон шалды. Бірге оқыған достар екен. Сонымен, 1960 жылғы шілденің 20-сы күні редактор Саттар Бөлдекбаевтың бұйр­ы­ғы­мен «Лениншіл жас» газетіне хат тіркеуші болып жұмысқа қабылдандым.

– Сізді «Лениншіл жастың» «полк баласы» болған деген әңгімелерді естіп қаламыз.

– Бұл сөз де шындыққа саяды. Сол кездерде ұжымдағы достық рәуіш, пейіл мен мейір керемет еді. Хат тіркеуші ғана болып қаздиып отыруға мұрша бермеді. Редак­ция­ның қайнаған тірлігіне, газет жұмысы­ның қауырт қарбаласына мидай араластырып жіберді. Бұл маған үлкен тәрбие ортасы, кәдімгі бір университеттей болды. Тіл­алғышпын. Қолды-аяққа тұрмаймын. Қай­да жұмсаса, сонда барамын. Орысшадан аударамын. Жаңалық хабарлар жаздыртады. Көбіне-көп баспаханада жүремін. Баласы ауырып қалған жас корректор келін­шектерді ауыстырамын.

Сөйтіп жүргенде 1961 жылдың ақпан айында мені кіші әдеби қызметкер етіп өсірді. Төбем көкке жетті. Универси­теттің соңғы курсында оқитын Қалдар­бек Найманбаев, кейін «Жетісу» газе­тінің редакторы болған Баймолда Мусин және мен – үш адам қатар қабылдандық.

– Сол жылдардағы журналистік орта туралы айтыңызшы?

– Газетті халық сүйіп оқып, жақсы шығып жатқаны өз алдына. Сол тұстағы Сапар Байжанов, Камал Смайылов, Хайролла Тілемісов, Кәкімжан Қазыбаев, Ба­қытжан Мәдиев сияқты атақты жур­налис­тер жоғарырақ, басқа басылым­дарға ауысып, олардың орнына өңшең сен тұр, мен атайын жаңа толқын, жас жігіттер келіп, «Лениншіл жасты» одан сайын дүрілдетіп, дүркіретіп жатқан кез. Әбдісаттар Бөлдек­баев, Рахметолла Ыды­рысов, Әбілфайыз Ыдырысов, Тель­ман Жанұзақов. Үйлен­ген­дер осы төртеуі ғана. Ол уақытта сенбі жұмыс күні. «Ленжастың» қыз-жігіттері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып бірге жүреміз. Сейдахмет Бер­діқұлов бөлім меңгерушісі. Газетке алғаш жа­рияланған өлеңдеріме әдебиет бөлімінің бастығы Қалихан Ысқақов қол қойды.

Тельман мен Қалихан ағалардың дос­­тығына қызығатынбыз. Телағаң «Прав­да­ның» тілшісі кезінде Новоси­бирскіде жүре­гіне операция жасатқанда әйелі Фаридадан да бұрын барып жеткен осы Қалекең болатын. Достықтың кере­меті де, құдіреті де сондайда, басқа іс түскенде ғой. Достық пен достар шарапатын кейін өзіміз де талай көрдік те, сезіндік те.

– «Ленжастың» атақты «жеті же­тімінің» достығы да елге аңыз болып та­раған жоқ па?

– Айтқандай, осы арада бір қызығы бар. 1965 жылдың қарашасында әскер­ден оралсам, «Лениншіл жасқа» редактор болып Шер­хан Мұртазаев келіпті. Жігіттер мен туралы айтса: «Ондай журналисті мен біл­меймін», деп беттет­пепті. Ақыры, не керек, ол кісіге демалыста жүрген орын­­басары Тельман телефон соғып: «Ше­р­хан-ау, оның не? Ол жігітті сен білмесең, біз білеміз. Жазығы әскерге кеткені ме? Қыз­­­метіне алу керек» дейді. Осы қатал Шерхан арада аз жыл өткенде мені жауапты хатшылыққа ұсынып, бірақ комсомолдың Орталық Ко­ми­теті: «Университетті күндіз бітір­ген біреу таппадыңдар ма?» деп ол ұсы­нысты өткізбей тастаған-ды. Иә, Шер­ағаңдар тамыр-танысты емес, кәсіби бі­ліктілікті, қарым-қабілетті бірінші орын­ға қоятын.

Шерағаңның тұсында, 1967 жылдан шы­ғармашылық ұжым қайтадан жаңара бас­тады. «Лениншіл жасқа» Кәдірбек Се­гіз­баев, Ақселеу Сейдімбеков, Оралхан Бө­кеев, Кәрібай Ахметбеков, Ма­ғира Қожах­метова, Серік Әбдірайымов, Мұхтар Шаханов, Сәкен Иманасов, Кеңшілік Мырзабеков, Жомарт Әбді­халықов, Фариза Оң­ғар­сынова, Серік Тұрғынбеков, Мерғали Ыбыраев сияқты қуатты жаңа толқын келіп қосылды. Атауын Оралхан ұсынып, «Жеті жетім» деген «ұйым» құрып, бірге жүріп, бірге тұрып дәурендеген кезіміз осы жылдар болды. Бір-біріміздің жазға­нымызды оқып, пікірлесіп, сырласып, дуласып, ой­нап-күліп, шын мәнісінде бір үйдің баласындай болып, рахат ғұмыр кештік.

– Кімдер олар?

– Оралхан, Ақселеу, Кәрібай, Серік Әбдірайымов, Кәдірбек, комсомолдың Ор­та­­лық Комитетінің сектор меңгеру­шісі Бек­сұлтан Нұржекеев және мен. Әлі есімде, Оралхан келген күні кешке бізде хат тіркеуші болып істейтін келіншегі Үр­ниса Төлеген Айбергеновтің жылын берді. Сонда бірге бардық. Содан ауылдан келін­шегі Айманды алдыртып, пә­терге шыққан­ша біздің үйде тұрды. Сол күні түннің бір уағына дейін әңгі­ме­лес­тік. Осы күннен Оралхан екеуміз­дің дос­тығымыз басталды. Мен оны «достардың ішіндегі досым» дейтін­мін». Ауылына да талай бардық. Бірде қайғы, бірде қуа­ныш. Оралханның әдеби қызметкерлері Жарасқан Әбдірашев, Сағат Әшімбаев сияқты сайдың тасындай талантты жі­гіттер болды. Ұжымға Марат Қабанбаев, Жақау Дәуренбеков, Жанболат Аупбаев келіп қосылды. Осы жігіттердің қай-қайсысымен де тонның ішкі бауындай араластым. Жетімдіктен жетіліп, қазақ­тың осындай айтулы адамдарымен бірге жүруді нәсіп еткен Аллаға мың рахмет.

– Басыңызға қиындық түскен кездер де болған шығар?

– 1986 жыл ғой деймін, «Жалын» бас­пасынан шыққан Б.Нұржекеевтің «Өзен­­дер өрнектеген өлке», Ж.Шаш­тайұлының «Қызыл қар», т.б. тарихи кітаптарға қатты сындар айтылды. Бас редактор Нұрже­кеевті қызметінен босатты. Мені осы кі­таптарға қол қойған баспа бас­шыларының бірі ретінде біресе министр­лікке, біресе Орталық Коми­теттің насихат бөліміне шақырып, орнымды босатуымды талап етіп, қу­ғындай бастады. Осы тұстағы бұ­рын «Лениншіл жаста» әріп­тес болған аға досым Рымғали Нұр­ға­лиевтың ерекше жақсылығы жадымнан кетпейді. Ж­а­қында Қазақ совет энциклопедиясына бас редактор болып барған Рекең: «Бұ­лар енді сені бәрібір отыр­ғызбайды. Маған кел», деп қамқор болды. Айтайын дегенім, сеніскен, дос адамдар арасында осындай қолдасу, қолұшын беру болып тұрады.

– Шығармашылық ұстаным-мақ­сат жайында не айтар едіңіз?

– Біздің құралпас толқын шығарма­­шы­лығының шыңы «Лениншіл жас» таралы­мы­ның 70-80 мыңнан 350 мыңға жетуі деп есептеймін. Кезінде тиражымыз 100 мыңға жетсе деп арман­да­ған­быз. Ал өзіме келер болсақ, газет пен баспаның қара жұмы­сы­на көбірек же­гілдік. Үш жыл әскерде, одан Әбіш Кекілбаев ағамызбен бірге екі жыл офицерлік қызметте болу да әсер етпей қоймады. Дегенмен, жыр жинақтарым әдеби ортада өз бағасын алды. Елеулі деген туындыларым «Ана тілі» баспасында «Әулиекөл әуендері» деген атпен шығып жатыр. Соңғы жылдары белгілі ақында­рымыздың шығар­ма­шылық кел­беттерін кестелеп, әдеби тол­ғаулар жазу үстіндемін. Олардың бірсыпы­расы «Атамұра» баспасынан шыққан «Әде­­­биет әлеміне саяхат» кітабына топтастырылды. Бір қағидам, мен ешкімге сіл­теме жасамаймын, бір ақынды екінші­сімен салыстырмаймын. Бір сөз айтсам да өз сөзімді айтуды мұрат тұтып келе­мін. Кезінде «Лениншіл жаста» қалып­танған қазақтығыма шүкірлік етемін. Аңсарлы Азаттыққа жетуімізді басты арманның орындалуы деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».