Жұма, 20 шілде 2012 7:32
Жалпы біз қызық халықпыз. Кейде жоқтан бар жасап, дабырайтып жібереміз, кейде сол барды елемей, ұмыта саламыз. Әйтпесе, белгілі журналист Әбдібек Нұрмағамбетовті ұмытпауымыз-ақ керек еді. Былтыр оның туғанына 100 жыл толды. Журналист қауымы да, туған жері де елеген жоқ. Ал оның туған жеріне жасаған жақсылығы ұмытылмастай еді. Ол жайында сөзімнің аяғында тоқталамын.
Жұма, 20 шілде 2012 7:32
Жалпы біз қызық халықпыз. Кейде жоқтан бар жасап, дабырайтып жібереміз, кейде сол барды елемей, ұмыта саламыз. Әйтпесе, белгілі журналист Әбдібек Нұрмағамбетовті ұмытпауымыз-ақ керек еді. Былтыр оның туғанына 100 жыл толды. Журналист қауымы да, туған жері де елеген жоқ. Ал оның туған жеріне жасаған жақсылығы ұмытылмастай еді. Ол жайында сөзімнің аяғында тоқталамын.
Әбдібек ағамыз журналистік жолды ерте бастады. Сонау қасіретті ашаршылықтан ел еңсесін әзер көтерген 1933 жылы бастауыш мектепте мұғалім болып жүрген бозбала аудандық газетке жауапты хатшылыққа тартылды. Содан 30-шы жылдардың аяғында Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінде бөлім меңгерушісі болып жүрген жерінен әскерге алынды.Біраз уақыт аяғына керзі етік киіп, қолына қару ұстап, алғы шепте қызмет атқарды. Сонан кейін оның журналистік қабілеті байқалған соң, майдандық газетке жіберілді. Әбекең сол соғыста, басқалардай алғашқы күннен бастап, соңғы күніне дейін емес-ау, әскерге соғыс басталардан екі жыл бұрын барып, соғыс біткен соң тағы бір жылдай болды.Ол кезде әскерде болған адамға құрмет те үлкен, сенім де зор. Әбекең бірден республиканың бас газеті «Социалистік Қазақстан» редакциясына орналасып, онда кейін зейнеткерлікке шыққанша, 30 жылдай қызмет істеді. Алғашында жай қызметкер болса, кейін ұзақ жылдар бөлімдерді басқарды. Құрметке бөленді. Ол кезде көп адамның қолы жете бермейтін «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағына ие болып, республикалық дәрежедегі зейнеткер атанды.Әрине, оның журналистік қызметін, жазғандарын онымен бірге істегендер менен жақсырақ біледі. Сол білгендерін жұртқа айтып жатса, жөн-ақ. Ал мен сырт көз адаммын, ол кісімен газетке жазғандары арқылы танысқан жанмын. Соның өзінде осы бір азамат-журналисті ұмыттырмайтындай бір-екі жағдайға кезіккенім бар. Соны айтуды өзіме парыз санаймын.Әбекеңнің мақалаларын сонау ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында мектепте оқып жүрген кезімде Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінен, Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейінгі жылдарда «Социалистік Қазақстаннан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») оқып, онымен таныс-бейтаныс болып алған едік. 1950 жылдың бас кезінде Амангелді аудандық «Социалистік шаруа» газеті редакциясында жауапты хатшылық қызмет атқарып жүрген кезімде мені облыстық газеттің редакторы Сапаржан Хайдаров аупарткомның бірінші хатшысы Түсіпхан Бодамбаевтан сұрап алды да, Амангелді, Торғай және Семиозер аудандарына меншікті тілшілікке тағайындады.Алғашқы іссапарым көршілес Торғай ауданымен танысудан басталды. Аудандық «Социалистік ауыл» газетінің редакциясында редактор Сапарғалиева Тайфамен әңгімелесіп отырғанымда, сол күндері «Социалистік Қазақстанда» жарияланған Әбекеңнің бір мақаласы көзге оттай басылып, бұдан әлденеше жыл бұрын оның «Социалистік ауылда» жарияланған «Қарсақбаев, Доғалов қазақшаны қойған доғарып» деген өткір сын мақаласы шу тудырғанын еске түсірді. Ана тіліміздің шын мағынасындағы мемлекеттік тіл мәртебесін алып, қоғамдық өмірдің барлық салаларында міндетті түрде жаппай қолданылуын қамтамасыз ету үшін табанды күрес жүргізіп жатқан бүгінгі таңда Әбекеңнің сол мақаласы осы айқастың бастамасындай көрінеді де тұрады.Ана тіліміздің күнделікті өмірінде дұрыс қолданылуы, замана талабына сай дамуы билік баспалдақтарының тиісті сатыларында тұрған азаматтардың ынта-жігеріне, жанашырлығына байланысты екені дау туғызбаса керек. Жоғарыда айтылған екі кісінің біріншісі аудандық тұтынушылар одағын басқаратын да, екіншісі тағы бір мекеменің тізгінін ұстаушы еді. Екеуі де Әбекеңе қарсы өре түрегеліп, сынды жоққа шығаруға жан сала кірісіп кетті. Бірақ аудандық партия комитеті газетті қолдады. Кінәлілерге лайықты әкімшілік жаза тарттырды. Бұл бүгінгі басшы атаулыға сабақ боларлық жәйт.Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринның қазақ хрестоматиясындағы ұлағатты әңгімелердің бірі «Қыпшақ Сейітқұл» деп аталатындығы белгілі. Ол кешегі кеңес заманында мектеп оқулықтарына енгізіліп, жалпақ жұртқа кең тарап кетті. Бір өкініштісі қыпшақ Сейітқұл дүниеден озғаннан кейін, ұзын аққан Торғайдың сол жағалауындағы Үрпек деген жерден бастау алатын Қабырға өзенінің бес қыпшақтың бірі – торылар мекендеген тұсындағы оң жағалауды жайқалтып тұрған бидай, тары, жүгері дақылдары бірте-бірте селдіреп, өнімділігі азая берді. Көп ұзамай бұрынғы егіншілер жан-жаққа көшіп кетті де, бір кезде халықты тойындырған құнарлы топырақты қурай басты.20-шы жылдардың соңына таман жиі қайталанған жаңбырсыз жаздар мен үлкенді-кішілі соғыстар елді қайта-қайта күйзеліске ұшыратты. 30-шы жылдардың басында осындағы Нұрманның Айсасы деген азамат елдің басты-басты адамдарын жинап алып, кешегі Сейітқұл бабасының бастаған ісін қайта жаңғыртып, толассыз ағып жатқан мол суды тиісінше пайдаланып, егін салуды қолға алуға шақырады. Ол үшін Қабырға өзеніне үлкен бөгет салу керек болады. Бұл ұсынысты алыс-жақын ағайындар қолдайды да іске кірісіп кетеді. Оның салынуын да ерекше инженерлік құрылыс деп айтуға әбден болады. Алдымен үй-үйді жағалап жүріп, қап жинаған. Ол аз болғандықтан алыс-жақын ауылдарға, аудан орталығына арнайы адамдар жіберіп, көптеген қапшық саттырып алдырған. Оларды топырақпен нығарылай толтырып, су келер жақ бетіне тастаған. Осылай өзеннің түбінен бастап, бірімен бірін тығыз қаластыра салып шыққанда, орта тұсы үшкүл екі қанатын кең жайып жатқан Албарбөгет пайда болған. Келесі көктемде екпіндей келген мол су албарланып тұрған сол бөгетке соғылған да екі жағалауға жайыла жөнелген.Жерлестері соның алдындағы күзде Айсаның жөн-жоба көрсетуімен ұзын-ұзын арықтар қазып, олардың бойын қуалай жер жыртып, келер көктемде суармалы егін салуға дайындап қойған болатын. Қар кетіп, күннің көзі жер бетіне мол нұрын төккен кезде, атшап атыздар қазу қызу қолға алынды. Жаз күшіне кіре жаңағы жерлерде тары, бидай жер бетін құлпыртып тұрды. Айсаның қуанышында шек жоқ. Ол егіншілерін аралап, құдай жарылқады, еңбегің жанды деп алғысын жаудырып жүрді.Жаз ортасы ауа аш-арық егіншілер шала піскен бидай, тарыны ата бастан қырқып алып, жүрегін жалғады. Күзді күні жарланып, тербеліп тұрған егінді орып алып, қабын да, қамбасын да дақылға толтырып, бұл маңдағы ағайындар ырыздыққа қарқ болып қалды. Бұдан бірер жыл бұрын нәпақа іздеп, бет ауған жаққа қаңғып кеткендер қайта орала бастады. Күні кеше ашаршылық азабын тартқан ауылдың бет-бейнесі өзгеріп сала берді. Айса бас арықты бұрынғыдан да ұзартып, тың жерлерді жыртып, жаңа атшап, атыздар соқтыруды қолға алды. Мұны көрген жақын маңдағы ауыл тұрғындары Айсаға келіп, қолғабыс тигізгісі келетін ниеттерін білдіріп жатты. Қыпшақ Сейітқұлдың мұрагері бұлардың ешқайсысының бетінен қақпай, қанатының астына алды. Жақсы бастама, жақсы нәтижелері жұрт аузына ілігіп, Торғай өңіріне тарап жатты.Осынша жақсы бастаманың арты Айсаға жамандық болып жабысып, жауапқа тарттырады деп кім ойлаған. 1937 жылы әлде біреулердің нақақ жаласы жабылған Нұрманның Айсасы «халық жауы» атанып, 10 жылға итжеккенге айдалып кете барды. Есіл ер содан қайтып елге оралған жоқ. Туған жерден топырақ бұйырмай, сүйегі сол жақта қалып қойды.Оқымаған инженер есебінде Қабырға өзеніне тамаша бөгет салдырып, мол суды кең далаға жайып жіберіп, мектеп көрмеген агроном атанып, сол өңірге жайқалтып егін өсірген, аш-арықтарды тойындырып, бақуатты күн кешуіне қолайлы жағдай жасаған сол Айсаның ерлік еңбегі Әбдібек Нұрмағамбетовтің баспасөз бетінде жарияланған мақалалары арқылы жалпақ жұртқа белгілі болды. Кейінірек Әбекең «Албарбөгет» деген кітап та жазды. Ауылдас ағайындары Айсаға ескерткіш белгі орнатты. Өзі салдырған тамаша бөгет қазір «Айсаның Албарбөгеті» деп аталады. Ол осылай бүгінгі және келер ұрпақтармен бірге өмір сүруде.Итжеккенге кеткен Айсаны елге қайта оралтқан Әбдібек ағамызға рахмет дейміз-ау. Бірақ «құрғақ қасық ауыз жыртады» деген бар. Айтарлықтай өзінің де еңбегі жетерлік Әбекеңдей ағамызға да жерлестері құрмет көрсетіп, ауылдарында көшеге атын беріп жатса, кәні!Сапабек ӘСІПҰЛЫ,жазушы, ғалым.Алматы.